Есетжан Қосыбаев: Біздің кинематографқа революция емес, эволюция керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы жылдары елімізде отандық киноқоғамдастықтың проблемалары жиі көтеріліп жүргені белгілі. Сонымен қатар коронавирус пандемиясы да киноиндустрияға өзінің кері әсерін тигізіп келеді. Осы орайда қазақстандық киноны дамыту бағытындағы жоспарлар жайында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқармасының төрағасы Есетжан Қосыбаев баяндап берді.

- Есетжан Мұратұлы, бірінші кезекте, көріп отырғанымыздай, осындай ерекше жағдайда атқарылатын жұмыстарға қатысты ойыңызды білгіміз келеді.

- Жұмыс жасаймыз, сұрақ көп, күн сайын түрлі мәселелер туындайды, тіпті кейде болжам жасау да қиын. Нақты әрекеттер туындаған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Әріптестерімізді екі кемеге бөлмей үлкен кино қоғамының мүдделерін қалай теңестіреміз? Орын алған жағдайлар ұрпақтар қақтығысы ма, жоқ па? Барлығын толғандыратын, осы ауыр сұрақтарға қоғам біздің нақты жауабымызды күтеді.

Бірден айтайын, мұның бәрі ойдан шығарылған нәрселер. Әр адам өз әріптестеріне, қызмет ететін салаға құрметпен қарауы керек, сонда ғана бәрі ойдағыдай болады. Қаласақ та, қаламасақ та, кино қоғамы бірнеше буыннан тұрады – бұл біздің ақсақалдарымыз, орта буын және жастар. Бұрыннан солай қалыптасқан. Бұған дейін де түрлі себептермен дау-дамайлар туындайтын. Біз осындай революциялық қозғалыстардың бірқатарын басымыздан өткіздік, олардың соңы жақсылыққа апармады. Бірақ, қазір бізге революция емес, эволюция керек. Кино орталығы топтастырушы күш болуы қажет. Біз Кино орталығын алға жылжытып, оның провайдер, жаңа идеялардың негізгі таратушысына айналуына күш салуымыз керек. Кинематографистер мен мемлекеттің өзара жұмысының ашықтығы мен түсінікті ережелерін кәсіби түрде қамтамасыз етіп, оларға қолдау көрсетуге тиіспіз. Бар болғаны осы. Барлығымыз да Мәртебелі Кино өнеріне қызмет етеміз.

- Қандай басты бағыттарды атай аласыз? Өзгерістер болады ма?

- Бұған дейін жасалған жақсы нәрселерді сақтап қалуға тырысамыз. Бірақ біз қазіргі жұмыстың барлық қағидаттары мен механизмдерін мұқият талдауымыз керек. Атап айтқанда, «Кинематография туралы» Заңды өткен екі жыл ішінде қолданыста көрдік, кез келген механизм секілді ол жетілдіруді талап етеді. Келесі өзекті мәселе – кинокомиссияларды құру. Сондай-ақ, қаржылық қолдаудың жаңа тетіктерімен белсенді жұмыс істеу керек, кино түсіру процесіне бюджеттен тыс қаражат тартылуы керек. Киножобаларды іріктеуге келер болсақ, Сараптама кеңесінің әрбір мүшесінің жеке жауапкершілігіне баса назар аудару қажет. Оған қоса, Директорлар кеңесінің Орталықтың бас басқарушы органы ретіндегі рөлі іс жүзінде көрінуі керек. Бір сөзбен айтқанда, бүгін біз отандық кино саласын қолдаудың жаңа қағидаттарын қалыптастыру кезеңінен өтіп жатырмыз. Және олардың іске асырылуы біздің жұмысымызға байланысты.

- Кино орталығының ұжымынан өзіңіз не күтесіз?

- Әріптестеріме қоятын басты талабым – қаржы тәртібі, яғни бұл біздің жұмысымыздағы абсолюттік, міндетті, бұлжымас фактор. Екіншіден, ұйымда киноның не екенін түсінетін адамдар жұмыс істеуі керек. Біз өзіміздің кино қоғамымызға барынша тиімді қызмет етіп, идеялар генераторына айналуымыз тиіс. Ал жаңа ұжым келгенде «рақмет, сіздер сауатты, бір ізге салынған үдерістерді қалдырдыңыздар, жақсы жобалар жасап, қиын уақытта кинематографистерді қолдай білдіңіздер» дейтіндей болуы керек.

- Қазір кинотеатрлар жұмысында туындаған қиындықтарды байқап отырмыз. Бірақ, жиырма жыл бұрын бұл жұмыс сәтті басталған еді. Айта кетсек, бірінші кинотеатрды Алматы қаласындағы «Рамстор» сауда орталығында Сіз ашқан едіңіз. Содан кейін кинотеатрлар басқа сауда және ойын-сауық орталықтарында жаппай іске қосыла бастады. Енді не болмақ?

- Қазіргі таңда, айналамызда үздіксіз жаңа жүйелер пайда болуда және соларға ілесіп үлгеруіміз керек. Қолданылған, белгілі жұмыс тәсілдеріне сене бермей, кинопрокаттың өзекті мәселелеріне жан-жақты қараған жөн. Пандемия тағы бірнеше уақытқа созылатын болса, бір орында тоқтап қалмай, дайын өнімді көрерменге жеткізудің қосалқы шешімдері бізде дайын тұруы қажет. Бүкілресейлік Мемлекеттік теле-радио компаниясына қараңыз, жақында «Смотрим» деп аталатын жаңа медиа-платформаны іске қосты. Олар бүгінде кинотеатрлар халықтың сұранысын толық қамтамасыз ете алмайтынын түсініп, тағы бір қуатты стриминг алаңын құрды, оның ішінде онлайн кинотеатр, сандық қабылдағыш және ақпараттық портал да бар.

Ал классикалық кинопрокатқа келсек, бірнеше жыл бойы мүдделі құрылымдармен «Халыққа арналған 100 кинотеатр» жобасын іске асыру мәселесін талқылап келемін. Біз қамтымаған аудандар мен қалаларға жетуіміз керек. Бірақ, маған сенсеңіз, адамдар ана тілінде сөйлейтін жерде ұлттық кино міндетті түрде сұранысқа ие болады. Қырғызстан мен Якутияны қараңыз, олар көпшілікке қолжетімді кішкентай үш залды немесе көшпелі кинотеатрларды қамтамасыз еткен.

Егер өңірлер туралы сөз қозғалса, нақ осы өңірлерде үлкен шығармашылық ресурс бар, таланттар ордасы десек те артық етпейді. Кино орталығының тағы бір міндеті – дарынды жастарға арналған гранттар жүйесін құру. Соларды қолдаумен айналысуымыз керек, жас ұрпаққа мұқият қарауымыз керек, бұл өте маңызды.

- Өкінішке қарай, биыл киноиндустрияның тағы бір маңызды саласы әдеттегі офлайн форматтан жоғалып кетті – бұл фестивальдер. Бұл мәселе Сізге ерекше жақын болуы тиіс. Енді бұл саланы дамыту қалай іске асырылады?

- Біле білсеңіз, Кеңес одағынан кейінгі кеңістікте осы халықаралық кинофорумды жоғары деңгейде өткізген алғашқы мемлекет біз едік. Рустам Ибрагимбеков, Никита Михалков, Дүйсен Қасейінов, марқұм Ораз Рымжанов негізін қалаған фестиваль жыл өткен сайын өзінің рухы мен басты идеологиясын жоғалта бастады.

Енді «Еуразияны» сол деңгейге қайтару керек. Бірақ мұны кинофестивальдің жыл бойы жұмыс істейтін, тұрақты дирекциясын ашқан жағдайда ғана іске асыруға болады. Мұндай жобаны дайындау — фильмдер іздестіруді, іріктеу комиссиясының жұмысын, қазылар алқасын қалыптастыруды, әкімшілік-қаржылық және басқа да бірқатар мәселелерді қамтитын орасан зор жұмыс. Пандемияны ескере отырып, жобаны өткізудің жаңа тәсілдерін іздеуге тура келеді.

- Есетжан Мұратұлы, алда Жаңа жыл келе жатыр. Халыққа қандай тілегіңізді айтар едіңіз?

- Барлықтарыңызды келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын! Биыл тараған пандемия бізді көрермендерден алыстатты, алайда, Сіздермен байланыс орнату үшін жаңа құралдарды барынша қолдануға тырыстық. Әрине, болашақта да байланыстың үзілмеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. 2021 жыл көптен күткен кездесуді алып келетініне сенімдімін!

-Әңгімеңізге рақмет!


Соңғы жаңалықтар