Есеп комитетінің төрағасы «Сандж» зерттеу орталығының директорымен кездесті

None
None
АСТАНА. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев «Сандж» зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосовамен кездесіп, бюджет үдерісінің ашықтығы мәселесін  талқылады,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесу барысында бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатындағы ықтимал шаралар қаралып, Қазақстанның «2010-2012 жылдарға арналған Азаматтық бюджет» жобасы талқыланды. Дамыған елдерде бұндай жобалар арқылы бюджетке қатысты барынша маңызды мәліметтердің жұртшылыққа қысқа әрі нұсқа түсіндірілетіні жайында сөз болды.

Есеп комитеті төрағасының пікірінше, аталған жобада Үкімет республикалық және жергілікті бюджеттердің бірігуінен тұратын мемлекеттік бюджет жөнінде барынша толық мәлімет беріп отыруы қажет.  «Қазақстан - біртұтас мемлекет. Үкімет қоғамға республикалық бюджет қаражатын игеруге қатысты ғана есеп беріп қоймауы тиіс. Мемлекеттік бюджеттің атқарылуына есептілікті де тәжірибеге енгізуіміз қажет. Бүгінгі таңда орталық уәкілетті орган бюджетті жоспарлау кезінде тек республикалық бюджеттің мәліметтеріне сүйенумен шектелуде. Бюджеттің еркін жоспары жоқ. Осы кемшілік Үкіметтің қаржы саясатының тиімділігіне теріс әсерін тигізуде»,  деді О. Өксікбаев.

 Өз кезегінде, Ж. Жандосова Есеп комитеті басшысының мемлекеттік бюджеттің ашықтығын арттыруға бағытталған ұсынысын қолдайтындығын атап өтті. Естеріңізге сала кетейік,   «Сандж» зерттеу орталығы Халықаралық бюджет жобасының (International budget project, IBP) аясында Қазақстандағы бюджет үдерістерінің  ашықтығын зерттеумен, сондай-ақ «Азаматтық бюджет» жобасын әзірлеумен айналысады.

Соңғы жаңалықтар