Есеп комитетінің қызметіне қатысты заң жобасы бақылау саласындағы жағдайды өзгерте алмайды - депутат В. Нехорошев

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Есеп комитетінің қызметіне қатысты заң жобасы бақылау саласындағы жағдайды өзгерте алмайды. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында депутат Владимир Нехорошев құжатқа байланысты  осындай пікір білдірді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Бүгінгі күні республикалық бюджеттің тек 10 пайызы ғана қаржылық бақылау жұмыстарымен қамтылады. Әрине, ұдайы түрде тиімділікті арттыру шаруаларымен айналысып келе жатқан Есеп комитетінің қызметіне ризашылығымды білдіре отырып, бүгінгі ұсынған заң жобасы бақылау саласындағы жағдайды өзгерте алмайтынын тіке айтқым келеді. Шындығында, заң жобасының осы түрі бюджеттік саланың көптеген проблемаларын шеше алмай, сол күйі қалдырады. Өйткені, ұсынылған жобада мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттары қамтылғанымен де, бюджеттің атқарылуын бақылауға қатысты ешқандай  жаңалық көзделмеген», деді В. Нехорошев.

Депутаттың айтуынша, бүгінгі күні республикалық бюджеттің жартысынан астамы бақылау шараларынан тыс қалып отыр. Сонымен бірге, В. Нехорошев Үкімет тарапынан Бюджет кодексіне өзгерістер енгізіліп жатқанын айта келе, аталған кодекс пен Есеп комитеті туралы заң жобасының нормалары сәйкес болуы қажеттігін атап өтті. «Жалпы, бізге шынымен де жергілікті бюджетті бақылауға қатысты өзара байланысты қамтитын тетіктерді қарастыру қажет. Әрине, Конституцияда тек республикалық бюджеттер ғана бақылауға жатады деп жазылған. Дегенмен де, ауқымды трансферттер жергілікті бюджетке бөлінетін болғандықтан, бұны қадағалайтын құрал болуы тиіс», деді В. Нехорошев.    

Соңғы жаңалықтар