Есеп комитетінің бақылау шараларын жүзеге асыру барысындағы тәуелсіздігі маңызды болып отыр - О. Өксікбаев

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -  Есеп комитетінің бақылау шараларын жүзеге асыру барысындағы тәуелсіздігі маңызды болып табылады.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Комитет төрағасы Омархан Өксікбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Конституция талаптарына сәйкес Есеп комитетімен ұсынылатын ақпараттар, олардың сипаты мен ауқымы секілді мәселелер Парламенттің Үкімет пен Есеп комитетінің есептерін бекіту барысында үлкен дау тудырып жүрген болатын. Осыған орай, жаңа заң жобасы бойынша Үкіметпен бірлесе ортырып, ортақ ұстанымға келдік. Бұдан басқа, жобада жоғары қаржылық бақылау органының қызметі барысындағы тәуелсіздігі де көрініс тапты. Бұл ең алдымен, жоспарлы бақылауды тәуелсіз ұйымдастыру (жоспардан тыс тексерулерді қоспағанда), сондай‑ақ  Есеп комитетінің өз ішіндегі бақылау тәртібін жүргізу шараларына қатысты болып табылады», деді О. Өксікбаев.

 Оның айтуынша, Есеп комитетінің өкілеттілігін жүзеге асыру мақсатында «Құнды қағаздар нарығы туралы» қолданыстағы заңға да өзгерістер енгізілетін болады. Мәселен, ол бойынша Есеп комитетінің бақылау шаралары барысындағы тексерулерінде мекемелер сұрау салуына байланысты коммерциялық құпиялар қамтылған ақпараттарды да ұсынуы тиіс. Тек осы шара Ұлттық банктің құнды қағаздар  операциялары туралы мәліметтерін қамти алмайды. Бұндай қадамның өзі Есеп комитетінің құзыреттілігін жүзеге асыру бойынша құқықтық тетікті құруға бағытталады.  

Соңғы жаңалықтар