Есеп комитетін қаржыландыру Үкіметтен тыс болуы тиіс - Азат Перуашев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетін қаржыландыру Үкіметтен тыс болуы қажет. Мұндай пікірді бүгін Есеп комитеті жанындағы консультативтік-сарапшылық кеңес аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мәжіліс депутаты Азат Перуашев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Консультативтік-сарапшылық кеңестің басты мақсаттарының бірі - Есеп комитетінің жұмысын жақсарту, дамыту. Қарап отырсақ, Есеп комитетінің жұмысын қаржыландыру Үкіметтің қолында екен. Ал, тәуелді орган қалай тексере алады? Бұл жерде қарама-қайшылықты байқап отырмыз. Есеп комитеті өзін қаржыландыратын органды тексерген кезде ұстанымы объективті бола алмайды. Халықаралық сарапшылардың ұсынысы - Есеп комитетін қаржыландыру Үкіметтен тыс болуы керек», - деді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар, Азат Перуашев Есеп комитеті көрсеткен кемшіліктерді мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің түзеуіне қатысты келеңсіз жайттардың орын алатынын атап өтті.

«Қазіргі уақытта Есеп комитеті кемшіліктерді түзету туралы ұсыныс берсе, уақыт өте келе Үкімет оны шешілді, орындалды деп ұйғарым жасай салады. Бұл дұрыс емес. Есеп комитеті табылған заңбұзушылық, қаржының тиімсіз мақсатқа жұмсалуы сынды кемшіліктердің жойылғаны туралы ұйғарымды өзі шығаруы тиіс», - дейді ол.

Айта кетейік, кеңес отырысына қатысушылар аудиторлық іс-шараларды жүргізу процесіне сарапшылар мен аудиторлық ұйымдардың қатысуын, сонымен қатар аудиторлық іріктемені айқындау кезінде кәсіби пайымды қолдану мәселелерін жан-жақты талқыға салды.

 

Соңғы жаңалықтар