Есеп комитеті үкіметке темір жол жолаушылар тасымалдарының шығыстарын мемлекеттік субсидиялаудың экономикалық орындылығын қарауды ұсынады

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Есеп комитеті үкіметке темір жол жолаушылар тасымалдарының шығыстарын мемлекеттік субсидиялаудың экономикалық орындылығын қарауды ұсынады.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын қадағалау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Есеп комитеті әлеуметтік маңызды қатынастар бойынша темір жол жолаушылар тасымалдарының шығындарын республикалық бюджеттен жабуға бөлінген субсидияларды пайдалану тиімділігінің төмен екендігін және тиісті адреспен жұмсалмайтынын атап өтті. Бұл жағдай субсидиялаудың атаулылығына, субсидия мөлшерін қалыптастыру әдістемесінің болмауына байланысты туындап отыр. Сонымен қатар, конкурсқа қойылған қатынас бағыттары бойынша билет бағаларының шекті деңгейі белгіленбеген. Республикалық және жергілікті бюджеттерден субсидияландырылатын жолаушылар тасымалдарының бағдарлары бойынша шығыстардың жеке есебі жүргізілмеген», делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Сонымен бірге, Есеп комитеті субсидия мөлшерін шығыстарға есептеу кезінде тасымалдаушының субсидиялануға жатпайтын 655,6 млн.теңге шығыны да енгізілгенін анықтаған. Аталған қаражат мәдени-ағарту, сауықтыру және өзге де іс-шараларды өткізуге, айыппұлдарды, өсімпұлдарды, тұрақсыздық айыптарын, сот шығындарын, сыйақыларды төлеуге және тасымалдаушылардың банк қарыздары бойынша негізгі қарызын өтеуге жұмсағаны белгілі болған.

Бұдан басқа, магистральдық темір жол желілерінің реттелетін қызметтерінің тарифтеріне  (бағаларына, ставкаларына, алымдарға) уақытша төмендету коэффициенттерінің келісу мәселесінің рәсімдері ұзаққа созылғаны байқалады. Сол себепті магистральдық темір жол желілерінің қызметтерін төмендету коэффициенті уақтылы қолданылмай, тасымалдаушылардың шығыстары өсуде. Мәселен, 2007-2008 жылдары тасымалдаушылардың нақты шығындары 2,8 млрд. теңгеге көбейген.

Ал субсидиялануға жататын бағдарларға шарт жасасу кезінде тасымалдаушылар вагондардың санын арттырып көрсетеді. Соның салдарынан, 2007-2008 жылдары министрлік «Сұңқар 1» ЖШС-ге және «Темір тұлпар KZ» ЖШС-ге 423,7 млн. теңгені артық төлеген. 2007-2008 жылдары локомотив қызметінің көлемі локомотивтердің нақтылай істеген  жұмыс уақытынан орта есеппен екі есеге асып кеткен, сөйтіп «Локомотив» АҚ-ына 5,2 млрд. теңге төленген.

«Осыған орай, Есеп комитеті Үкіметке темір жол жолаушылар тасымалдарының шығыстарын мемлекеттік субсидиялаудың экономикалық орындылығын қарауды ұсынды. Көлік және коммуникация министрлігіне әлеуметтік маңызды қатынас бағыттары бойынша темір жол жолаушылар тасымалдарының шығындарын республикалық бюджеттен жабуға бөлінген субсидиялардың мөлшерін қалыптастыру әдістемесін әзірлеуге, сондай-ақ мемлекет тарапынан субсидиялануға жататын әрбір бағдар бойынша жеке-жеке кірістер мен шығыстардың есебін жүргізу ұсынылды. Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне уакытша төмендету коэффициентін бекіту өтінімдерін қарау мерзімдерін қысқартудың қажеттілігі көрсетілді», делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Соңғы жаңалықтар