Есентай Қалиев Орал қалалық мәслихатының төрағасы болып сайланды

None
Фото: Орал қалалық мәслихатының баспасөз қызметі
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бүгін Орал қалалық мәслихаты сегізінші шақырылымының бірінші сессиясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сессияда Есентай Ғиниятұлы Қалиев қалалық мәслихаттың төрағасы болып сайланды.

Сондай-ақ қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамы мен төрағалары бекітілді.

Есентай Қалиев 1963 жылы 25 қазанда Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауданы Жалпақтал ауылында дүниеге келген.

Білімі – жоғары, Орал ауыл шаруашылығы техникумын агроном, Орал педагогикалық институтын география пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын №17 Фурманов орта кәсіптік-техникалық училищесінде бастап бастауыш комсомол комитетінің хатшысы, агрономия негіздері пәнінің мұғалімі, Фурманов ауданы комсомол комитетінің екінші, үшінші хатшысы, №17 Фурманов орта кәсіптік-техникалық училищесі директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі, Казталов ауданы әкімінің орынбасары, К.Меңдәлиев атындағы орта мектеп директоры, Казталов ауданы әкімі аппаратының басшысы, Казталов ауданының әкімі сияқты қызметтерді атқарды.

Сондай-ақ БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасында, облыстық мәслихат аппаратында жұмыс істеді.

2021 жылдың 15 қаңтарынан бері Орал қалалық мәслихатының хатшысы болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО стратегия және экономикалық даму басқармасына жаңа басшы тағайындалғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Мұрат Мұқаев БҚО мәслихатының төрағасы қызметіне сайланды.


Соңғы жаңалықтар