Есен Елеукен жаңа арнаның басшысы болып тағайындалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан КВН одағының төрағасы Есен Елеукен 1 қыркүйектен бастап жұмысын бастайтын ойын-сауықтық «Tamasha tv» телеарнасының басшылығына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Tamasha tv» телеарнасы «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты төртінші телеарна болып отыр.

«2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ойын-сауықтық «Tamasha tv» телеарнасы эфирге жол тартады. Жаңа телеарна OtauTV және iDTV пакеттерінде HD форматында қолжетімді болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта басқа да кабельдік операторларда SD форматта таратылатын болады. Бүгінгі күні спутниктік ОТАУ ТВ операторының аудиториясы шамамен 900 мыңға жуық болса, ал ID TV-ді 413406-ға жуық абонент қолданады.      «Tamasha tv» телеарнасының эфирі «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ішкі телеөнімімен толықтырылтын болады», - делінген телерадиокорпорацияның хабарламасында.

Жаңа телеарна «Әзіл әлемі» «Жайдарман», « Хаха-шоу», «Әзіл man», «Көңілді тапқырлар алаңы», «Қызық екен», комедиялық телехикаялар және тағы басқа қызықты жобаларды ұсынбақ. Сондай-ақ, ол телерадиокорпорация мұрағатында жылдар бойы сақталған, кезінде көрерменнің көңілінен шыққан танымал ойын-сауықтық бағдарламалар эфирге қайтадан оралатын болады.

«Tamasha tv» телеарнасының орташа тәуліктік хабар тарату уақыты 22 сағатты құрайтын болады.

Соңғы жаңалықтар