Ержан Максимнің анасы: «Балалар Eurovision» байқауына қатысуға бірден келіскен жоқпыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Junior Eurovision Song Contest 2019» халықаралық ән байқауына қатысу ұсынысына бірден келіскен жоқпыз. Танымал жас әнші Ержан Максимнің анасы Гүлмира Әлібек осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ержан Максим – Ресейдің ең танымал, ауқымды «Голос.Дети» жобасының жеңімпазы, талантты қазақстандық жас әнші. Аталмыш шоудың финалына жеткен жас өренге мыңдаған тыңдарман дауыс беріп, нәтижесінде ол асқан танымалдылыққа ие болды. Бойындағы талантымен тыңдарманды тәнті еткен 12 жасар Ержан 24 қарашада Польшаның Гливице қаласында өтетін «Junior Eurovision Song Contest 2019» халықаралық ән байқауында Қазақстанның намысын қорғайды. Бүгінде ол «Балалар Еуровижн» байқауына қызу дайындық үстінде. Бұл жолы біз Ержанның ең жақыны,ең алғаш тыңдарманы, қолдаушысы, көмекшісі, анасы Гүлмира Әлібекпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

- Армысыз, Гүлмира ханым. Онсыз да дайындықпен қауырт болып жатқан уақытыңызды бөліп, сұхбатымызға келіскеніңіз үшін көп рахмет. Ержанның жағдайы жақсы ма? Польшадасыздар ма? Гливице қалай?

- Сәлеметсіздер ме. Оқасы жоқ. Ержан балам шүкір жақсы, рахмет. Иә, Польшадамыз.Гливице аман есен.

- Әдеттен озбай, сұхбатымызды басынан бастасақ. Ержан Максим 3 жасынан ән айтып, көпшілік көзіне түсе бастағанын айтқан болатынсыз. Әншілік өнерге аяқ басуын есіңізге алыңызшы..

- Ержан 3 жасынан бастап есту қабілетімен көзге түсіп, кез келген әуенге, әнге ілесіп кететін. Бір күні әкесінің 40 жас мерей тойында,қонақтардың алдында екі әнін жанды дауыста айтты. Ешқандай қысылмастан, сонда бар туыстарымыз, достарымыз қолдап, мына баланы бір жерге апарыңыздар, дамытыңыздар талабын деп айтқаннан кейін, оған дейін де ойымызда болған, Орал қалалық мәдениет үйінің вокал үйірмесіне апардық. Дария Бақытова жетекшісі болды. Содан басталды. 7 жасынан бастап байқауларға қатысып. Жүлделі орындарға ие бола бастады. Қазіргі таңда алған марапаттары, жетістіктері көп,шүкір.

- Қателеспесем, Ержан, әкесі , өзіңіз Мәскеуде тұрып жатырсыздар..

- Иә, қай ата-ана болсын, қашан да баласының бақыты үшін күресуі – заңды. Дәл осы мақсатта, баламызды қолдап қазіргі кезде Мәскеу қаласында, Ресейде тұрып жатырмыз. Ержан ресейлік композитор Игорь Крутойдың академиясында білім алуда. Әзірге, жағдай солай.

- «Junior Eurovision Song Contest 2019» халықаралық ән байқауына өз елінің атынан қатысуға ұсыныс түскенде, Ержан бірден келісімін берді ме?

- Жоқ, Ержан бірден келісімін берген жоқ. Біраз ойланды. Себебі ондағы үлкен жауапкершіліктің жүгін сезді, білді.Ресейде болған «Голос Дети» жобасының соңында орын алған үлкен келіспеушіліктен, дау-дамайдан кейін бірден осындай ұсыныс түскен кезде, отбасымызбен ойландық, ақылдастық. Енді ұсыныс жасалған екен, бұл кезеңнен де өтіп көрейік деп шештік. Содан келісімімізді бердік.

- Өнер жолы – ауыр деп жатады. Сондықтан да болар, бір сәт Ержанның бала екенін ұмытып кетеміз бәріміз. Бала болып бір сәт ойнайды ма өзі? Уақыты бар ма оған?

- Дұрыс айтасыз, өнер жолы өте қатал,өте ауыр жол. Мінезіне де әсерін тигізіп жатады. Сондықтан әрдайым оның алдын алуға тырысып жатамыз. Әрине бала болып ойнағысы келеді. Әкесі екеуміз ойнатуға апарып та тұрамыз, қалаған заттарын алып беріп тұрамыз. Барлығына үлгеруге тырысып жүреміз. Рас бала болып ойнауға уақыты бола бермейді. Бірақ оның орнын толтыруға тырысамыз.

- Ержанның көпшілікке өте салмақты, сабырлы болып көрінетіні жасырын емес. Байқау алдындағы ішкі қобалжуы бар ма? Сізбен бөлісе ме?

- Ержан өте эмоцияға берік, өте сезімтал деп айтсам болады. Өзіне артылған жауапкершілікті түсініп жүр. Ол бұндай жауапкершілікті бұрыннан да түсінетін бала. Өйткені талай байқауларға қатысып жүр. Бірақ бұл жолғы бүкіл әлем көз тігіп отырған байқаудың жүгінің ерек екенін ұғынып жүр. Ішкі қобалжуы, толқынысымен менімен үнемі бөлісіп отырады. Өзімнің мамандығым психолог болғандықтан, ол жағынан баламмен үнемі ашық әңгімелер жүргізіп отыруға тырысамын.

- Ержан Максимнің анасы болу оңай ма?! Қазіргі оның сұранысқа ие әншілер қатарында болуына орай туындап отыр бұл сұрағым..

- Ержан Максимнің анасы болу – оңай деп айта алмаймын. Өйткені қиын жағдайлар да болып тұрады. Өйткені мен тек Ержан Максимнің анасы емес, сонымен қатар қазіргі таңда продюсерлік жұмыстарды да атқарып жүрмін. Баламның жағдайын жасау, оның графигін толтырып отыру, алдағы болатын шараларды жоспарлау - осының барлығы кейде қиындық туғызады. Мінеки, алдыда келе жатқан үлкен жауапкершілік тұр. Соған баланы психологиялық тұрғыда дайындау, осының барлығы менің мойнымда. Себебі мен тек қана Ержанның анасы емес, қолдаушысы да, жақыны да,жанашыры да, сырласы да, продюсері де болуға тырысамын.

- Ержан Максим қазір нені армандайды?

- Баламның қазіргі арманы - «Junior Eurovision Song Contest 2019» байқауынан жеңіспен оралу. Ал жалпы өмірде армандары көп, соның бірі – әлемдік жұлдыз болу, осы қазақ елінің атын дүние жүзіне паш ету. Болашақта үлкен музыкалық, продсюсерлік орталықтар ашу сияқты, тағысын тағы үлкен армандары бар.

- Ал анасының арманы қандай екен?

- Ал енді менің арманым – осы балам мақсатына жетсе екен деймін. Менің одан асқан арманым жоқ.Тіл-көзден аман болып, балам осылай қазақтың атын әлемде абыроймен қорғап жүрсе екен деймін. Әкесі екеуміз әрдайым өз баламызға сенеміз, үлкен сенім білдіреміз. Бұл байқауда да өз әнін жақсы орындап шығады деп ойлаймыз. Қазақстандықтар да, алыс-жақын шет елдердегі Ержантайымның тыңдармандары да қолдау білдіріп, белсенді түрде дауыс береді деп үміттенеміз. Өзгелер сынды біз де, баламыздан бірінші орынды, жеңісті күтеміз.

Айта кетерлігі, Қазақстан 2019 жылдың 24 қарашасында Гливице қаласы, Польшада өтетін халықаралық «Junior Eurovision Song Contest», ән байқауына екінші рет қатысады. 9 жастан бастап 14 жасқа дейінгі әншілер қатысатын «Eurovision» аналогында елімізді Ержан Максим таныстырады. Қазақстанның аумағында байқауды «Хабар» телеарнасы трансляциялайтын болады. «Хабар» Агенттігі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап іс-шараны ұйымдастыратын Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі, бұл мүшелік аталған байқауға қатысу үшін елден үміткер ұсынуға мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар