Ержан Максим: Сабаққа үлгерімім нашарлап кетті...

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресейлік «Голос.Дети» жобасының финалисі Ержан Максим «Qazaqstan» арнасындағы «Түнгі студия» бағдарламасында қонақта болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол мектептегі сабақтарды өткізіп алатынын, бірақ оқып жүруге тырысатынын айтты.

Жас әнші жүргізуші Қайрат Әділгерейдің жиі сапарлар оқу үлгеріміне қалай әсер етіп жатқанына қатысты сұрағына жауап бере отырып: «Үлгерімім нашарлап кетті. Енді не істерімді білмеймін», - деп қалжыңдай сөйледі.

null
Сондай-ақ ол қазіргі уақытта жүрегін жаулап алған ханшайымның барын айтты.

«Мен қызға қарамаймын. Бірақ өзімнің қызым бар. Есімі құпия болсын. Менің жасым 11-де, оның жасы 10-да», - деп қысқа қайырды.

Е.Максим ресейлік шоуда жеңіске жетпегені үшін көңілі түспегенін жеткізді. «Керісінше, мен туралы бәрі жаза бастады, бұрынғыдан да танымал бола түстім. Себебі бұл жөнінде көптеген әншілер әлеуметтік желіде жазды. Бірінші орын алсам, бәрі құттықтап, кейін ұмытып кетер еді. Бірақ бұл жағдай есте қалды», - деді жас талант.

Бұдан бөлек, бағдарлама барысында Ержан мойнына үнемі тағып жүретін алқаны оған Ресейдің халық әртісі, әнші Алла Пугачева сыйлағаны белгілі болды. Кеш соңында ол телекөрермендерге ән айтып берді.

null
Еске сала кетсек, Батыс Қазақстан облысының дарынды тұрғыны Ресейдің бірінші арнасындағы «Голос. Дети» конкурсында екінші орын иеленген болатын. Кейін телеарна басшылығы байқаудың нәтижесін қайта қарап, жоққа шығарды. Нұр-Сұлтан қаласына гастрольдік сапармен келген РФ әншісі Валерий Меладзе Е.Максиммен бірге ән шырқап, оның жаздағы концертіне келуге уәде етті. В.Меладзе аталмыш жобада оның жетекшісі болған еді.

Ал Ресейдің халық әртісі, композитор Игорь Крутой оны өзінің музыкалық академиясына оқуға шақырды.

Сондай-ақ Ержанның «Голос. Дети» шоуының арнайы шығарылымына қатысатыны анықталды. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында анасы Гүлмира Әлібек мәлім етті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Ержан Максимнің жеке концерті алдағы 28 маусымда сағат 19:00-де «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді.

Соңғы жаңалықтар