Ержан Максим қолдау білдірген отандастарына алғыс айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Польшада өткен «Junior Eurovision-2019» ән байқауында екінші орын алған Ержан Максим қазақстандықтарға алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жас әнші Instagram-дағы парақшасында жанкүйерлерінің зор қошеметпен қарсы алып жатқаны түсірілген видеоны жариялады. Қазақстанның көк Туын жамылған әншіні жанкүйерлері «Ержан, Қазақстан» деп дауыстап, құшақ жая күтіп алған.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ержан Максимді ән байқауындағы жүлдесімен құттықтаған болатын.

Көк туды желбіреткен жас әншіні Димаш Құдайберген де құттықтап, Instagram-дағы парақшасында «Құлыншақ, жеңісің құтты болсын! Екінші орын емес мен үшін бірінші орын деп білемін!!! Жарайсың балапан!!!» деп жазды.

Өз кезегінде Ержан Максим қазақстандықтарға алғысын айтты.

«Құрметті достарым, апа-ағаларым, ата-әжелерім. Маған дауыс бергендеріңіз үшін көп-көп рахмет! Осы жеңіске сіздердің арқаларыңызда жетіп отырмын», - деп жазды әнші.

Еске сала кетсек, Польшада өткен «Junior Eurovision-2019» ән байқауында бақ сынаған қазақстандық Ержан Максим екінші орын алған болатын. Қазылардың берген бағасы бойынша Ержан Максим бірінші орын алды. Ал онлайн дауыс беру қорытындысымен 79 ұпай жинады. Осылайша қазақстандық әнші жалпы 227 ұпаймен екінші орын болды. Байқаудың бас жүлдесін 278 ұпай жинаған Польша өкілі Вики Габор жеңіп алды.

Ержан Максим 2007 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Төрт жасынан бастап ән сала бастаған. Алты жасынан бастап вокал сабағына барған. Ержан көптеген байқаудың жеңімпазы. 2016 жылы Ержан Максим Батумиде өткен Dolphin Fest фестивалінде бас жүлдені жеңіп алса, 2016 жылдың желтоқсанында Латвияда өткен осындай жарыстарға бірнеше санат бойынша бірден қатысып, екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алған. 2017 жылы Витебскіде өткен «Славян базары» халықаралық байқауында екінші орын иеленген.

2017 жылдың 3 мамырында ол Италиядағы Сан-Ремо жасөспірімдер фестивалінде өнер көрсетіп, симфониялық оркестрмен бірге ән шырқады. Италияда Ержан финалист атанған еді. Ал 2018 жылы күзде ол «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауының финалистерінің қатарына кірген. 2019 жылы «Голос.Дети. 6 сезон» шоуының жеңімпазы болды.

Соңғы жаңалықтар