Ержан Максим «Junior Eurovision 2019» байқауына қатысады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық жас әнші Ержан Максим «Junior Eurovision 2019» халықаралық ән байқауына қатысады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық баду министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қымбатты достар! Қазақ баласы «Junior Eurovision 2019» халықаралық ән байқауына қатысатын болды. Дүниежүзі назар аударатын ән додасы 2019 жылдың 24 қарашасында Польшаның Гливице қаласында өтеді.
«Хабар» Агенттігінің Еуропалық хабар тарату Одағындағы мүшелігінің нәтижесінде Қазақстан өкілінің осы байқауға қатысу туралы берген өтініші қабылданғанын айта кету керек. Биылғы байқауда біздің елдің намысын дарынды баламыз Ержан Максим қорғайды», - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.
Қазақстан балалардың Eurovision байқауына осымен екінші рет қатысқалы отыр. Өткен жылы Минск қаласында өткен байқауда Данэлия Төлешова өнер көрсеткен еді.

Айта кетейік, дарынды әнші Ержан Максим Ресейдің «Бірінші» арнасындағы «Голос. Дети» байқауына қатысқаннан кейін, оның Қазақстанда және өзге елдерде танымалдылығы артты. Суперфинал нәтижесі бойынша ол екінші орын алған болатын. Бірақ кейін дауыс беру қорытындысына байланысты дау туындады. Телеарна басшылығы байқаудың алтыншы маусым нәтижесін қайта қарап, оны жоққа шығарды. Сөйтіп конкурстың арнайы шығарылымын өткізу жөнінде шешім қабылданып, Е.Максим оның жеңімпазы болып танылды.

Ал маусым айының соңында жас әнші Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы жеке концертін берді.

Соңғы жаңалықтар