Ержан Максим «Голос. Дети» арнайы шығарылымына қатысады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ержан Максим Ресейдегі «Голос. Дети» арнайы шығарылымына қатысады. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында жас дарынның анасы Гүлмира Әлібек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ержан бұл шараға қатысады. Осыдан басқа ештеңе айта алмаймын», - деді Г. Әлібек Мәдениет және спорт министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кеткен жөн, Ержан Максим Ресейдегі «Голос. Дети» жобасында екінші орын иеленген болатын.

«Қазіргі бұл конкурс немесе гала-концерт ретінде өтетіндігі анықталып жатыр. Бүгінде Ұйымдастырушылар өздері осыны пысықтауда. Бірақ Ержан нақты қатысады. Неге қатыспасқа? Ол үлкен телеарнада өз өнерін тағы бір мәрте паш етеді», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Е. Максим қатысқан «Голос.Дети» байқауының нәтижесі жоққа шығарылды.

«Голос. Дети» байқауының дауыс беру нәтижелеріне тексеру жүргізген Group-IB компаниясы қатысушылардың біріне автоматты түрде СМС-дауыстар жолданғанын бұған дейін тіркеген болатын.

«Аралық тексерулер дауыс беру процесіне сырттан ықпалдың болғанын растады. Соңғы есеп мамыр айының соңында белгілі болады. Алайда, Бірінші арна биылғы маусым нәтижелерін қазірден жоққа шығару жөнінде шешім қабылдады» - делінген ақпаратта. Аталмыш арна байқауға дауыс беру шараларының қауіпсіздігін келесі маусымға дейін жетілдіретінін мәлімдеп отыр.

Ал Алтыншы маусым нәтижелері жоққа шығарылғандықтан, 24 мамырда ақтық сынға қатысушылардың арнайы шығарылымы болады. Еске салсақ, 11 жастағы оралдық өнерпаз Ержан Максим аталмыш конкурста Валерий Меладзенің командасында өнер көрсетіп, екінші орын иеленген еді.

Бұл конкурста бірінші орын белгілі әнші Алсудың қызы Микела Абрамоваға бұйырған еді. Алайда бұдан кейін үлкен қоғамдық резонанс туындады. Танымал ресейлік сықақшы Максим Галкин мұндай нәтижемен келіспейтінін мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар