Ержан Максим: Димаш ағам мені құттықтап, қазақша сөйлеп жүруімді ескертті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ресейдегі «Голос. Дети» байқауының жеңімпазын қабылдап, тілшілер үшін баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде қазіргі кезде мақтанышпен айту керек - өнерпаз жастарымыз көбейіп келеді. Жақын арада АҚШ-тағы ең мықты «The World's Best» байқауында Данэлия Төлешова керемет өнер көрсетіп, Димаш Құдайберген финалға шығып, өз жолын Данэлияға берген болатын. Ондай жетістіктер көп. Соның жалғасы ретінде - біздің бауырымыз Ресейдегі «Голос. Дети» байқауында жоғары орын иеленді. Ол үлкен жетістік. Бізде - осыған дейін жастарымыз мұндай байқауларға шыққанымен, финалға жете бермейтін. Бірақ, біздің Ержан суперфиналға шығып, екінші орын иеленіп отыр», - деді министр.
null

Министр жиын барысында Ержанға сыйлық табыс етті. Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚХА концертінде өнер көрсететінін, Әлібек Дінішевтен кейін ән шырқайтынын хабарлады.

«Конкурстан кейін көп нәрсе өзгерді. Қазіргі уақытта Инстаграмдағы жазылушым көбейіп келеді. Қолдап жатқандарыңызға көп рахмет! Бірінші орын алмағаныма ренжімеймін», - дейді Ержанның өзі.
null

Ержанның атасының аты Мақсым болған екен. Алайда құжат бойынша Мақсым Максим болып өзгеріп кеткен.

«Димаш ағамдай болсам деймін. Димаш ағама рахмет айтамын. Алла Пугачева апамызбен кездесерде Димаш ағам видеоқоңыраумен маған хабарласып, құттықтауларын айтып жатыр. Ресейде «Спасибо» деп үйреніп қалыппын. Димаш ағам маған «Қазақша сөйле» деп ескертіп, күлді», - дейді Ержан Максим.
null

Еске сала кетсек, бірнеше күн бұрын Ресейдің бірінші арнасының «Голос. Дети» конкурсының суперфиналында Ержан Максим ән шырқап, екінші орын иеленген болатын.

Алайда көп өтпей «Голос. Дети» конкурсының қорытындысына байланысты дау туындады. РБК мәліметіне қарағанда, Ресейдің бірінші арнасы әнші Алсу мен банкир Ян Абрамовтың он жасар қызы Микелла Абрамова жеңімпаз деп танылған финалдағы дауыс беру қорытындысына байланысты тексеру жүргізбекші.

Дауыс беру қорытындысы шыққаннан кейін түрлі елдердің көптеген көрермендері наразылық білдіріп, қайта есептеуді талап етті. Атақты шоумен Максим Галкин де Инстаграмдағы парақшасына видео жүктеп, өз пікірін білдірді.

null null null

Соңғы жаңалықтар