Ержан Бабақұмаров Алматы тұрғындарын МӘМС жүйесімен қамтуды кеңейтуді тапсырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ақтаевамен өңірлік штабтың онлайн-отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста Алматыда МӘМС-ті іске асыру барысы, халықтың сақтандыру мәртебесін және жұмыс берушілер мен бизнес субъектілері қызметкерлерінің деректерін айқындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс қаралды.

Қаланың денсаулық сақтау саласын қаржыландыру халықтың өсімін және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің қажеттілігін ескере отырып қалыптастырылған. Сақтандырылған халықтың үлесін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.

«Алматы бойынша жыл соңына дейін МӘМС төлеуден босатылған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 116 604-ті құрайды. Оның 59 799–ы немесе 51,3% - ы деректерді актуализациялады. 56 805 (48,7%) - тізімдерді актуализацияны жасамады. Бүгінгі таңда 137 ірі бизнес субъектісінің 129-ы тізімдерді актуализация жасады немесе аударымдар мен жарналарды төледі, ал тізімдерді өзектендірмеген 8 ірі бизнес субъектісі қалып отыр. Жұмыс берушілер ШОБ қызметкерлерінің сақтандырылу мәртебесі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын түсінуі қажет», - деп «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.

Ол өзектілендірілген деректердің болмауына байланысты бірқатар қала тұрғындарының жүйеден тыс қалуы мүмкін екенін атап өтті.

Өз қызметкерлерін сақтандыру үшін жыл соңына дейін жеңілдіктер берілген жұмыс берушілер жарналардың болмауына қарамастан, қызметкерлердің деректерін msb.fms.kz. сайтына енгізулері тиіс. Алдағы уақытта бұл қызметкерлер МӘМС жүйесіндегі барлық қызметтерді кедергісіз ала алады.

Сондай-ақ, диспансерлік есепте тұрған пациенттерді амбулаториялық дәрі-дәрімекпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Онлайн-отырыстың қорытындысы бойынша қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров аудан әкімдіктеріне Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармаларымен бірлесіп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жеңілдік санаттағы халықты өзектендіруді қамтамасыз етуді тапсырды. 2020 жылдың соңына дейін МӘМС үшін аударымдар мен жарналарды төлеуден босатылған ШОБ субъектілерімен жұмысты күшейтуді міндеттеді. Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың басшыларына алдағы 2021 жыл қарсаңында дәрілік заттардың қажетті көлемін сапалы жоспарлауды бақылауға алуды тапсырды.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ақтаева 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап пандемиядан көбірек зардап шеккен салаларда жұмыс істейтін ШОБ субъектілеріне МӘМС жарналарын төлеуден босатылған кезең аяқталатынын еске салды.


Соңғы жаңалықтар