Ерұлан Жамаубаев салық мерзімін тағы шегеруге қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда бизнеске көмектесу үшін салық мерзімін шегеру ықтималдығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет қазір экономиканы қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстарды жүргізіп жатыр. Біз күн сайын онлайн режимде бизнестің, ШОБ пен қызмет саласындағы өкілдермен талқылау жүргіземіз. Аталмыш проблема бізге белгілі. Алайда бұған дейін салық жағынан шегеру жеңілдіктерін бергенбіз. Қазір экономика қайтадан қалпына келе бастады. Келесі жолы салықтық шегеру болмайды деп үміттенеміз», - деді ОКҚ алаңында тілшілердің сұрағына жауап берген Қаржы министрі.

Алайда министр кәсіпкерлер мұндай көмекті сұрап, жүгіне алатынын да жеткізді.

«Қандай жағдай болмасын әрбір кәсіпкердің мәселесін жеке қараймыз. Егер бизнес немесе нақты бір кәсіпкер қиындыққа тап болса, ол салықтық заңнама бойынша жергілікті мемлекеттік кірістер департаментіне жүгіне алады. Шынайы проблемаға көзіміз жетсе, алты айға дейін шегере аламыз», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Айта кетерлігі бұған дейін халық алдында есеп беру кезінде Ерұлан Жамаубаев салықтық бақылау үшін субъектілерді нүктелі іріктеуге мүмкіндік беретін тәуекелдерді басқару жүйесі жетілдіріліп жатқанын мәлім еткен еді. Бұл шаралар салық тексерулерін шамамен 30%-ға қысқартқан. Бұл ретте анықталған бұзушылықтардың сомасы 2 есе артып, 344 млрд теңгені құраған.


Соңғы жаңалықтар