Ертіс жағалауын тазарту бойынша халықаралық экологиялық акция басталды - ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында Ертіс жағалауын тазарту бойынша халықаралық экологиялық акция басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Игі істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында еріктілер «Бір-өзен, бір-тағдыр» халықаралық акциясын бастады. ШҚО жастар ресурстық орталығының қолдауымен акцияға облыс волонтерлерінің фронт-офисі, республикалық штаб және «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының өңірлік филиалы қатысты.

Еріктілердің айтуынша, бұл акцияның негізгі мақсаты – адамдарды Ертіс өзенінің бойындағы қалалар мен елді мекендердегі су арналарын тазартуға шақыру, экологияны жақсарту және жастарға табиғатты аялау керектігін көрсету.

Акция Зайсан ауданынан басталды. Алдағы күндері Күршім, Көкпекті, Катонқарағай, Ұлан, Глубокое, Шемонаиха, Бесқарағай, Алтай аудандары мен Өскемен, Семей, Курчатов қалаларында жалғасады. Кейіннен Павлодар облысына, ал сол жерден Ресей Федерациясына жетпек.

Зайсан ауданында акцияға 100-ден астам ерікті мен «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының өкілдері қатысты.

- Халықаралық акцияның нәтижесінде үш ел арқылы өтетін Ертіс өзенінің бойында орналасқан қалалар мен елді мекендер бір мезгілде тазалық іс-шараларын өткізіп, соның нәтижесінде өзендегі экологиялық жағдай жақсарады деп күтілуде. Біз осы шараны ұйымдастыру арқылы, халықаралық достықтың арта түсуін қалаймыз, - дейді Жастар ресурстық орталығының басшысы Арайлым Есімбекова.


Соңғы жаңалықтар