«Ертіс синема» фестиваліне 20 елден кинотуындылар жолданды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат -  Павлодарда өтетін «Ертіс синема» халықаралық кинофестивальға 20 елдің режиссерлері жұмыстарын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен фильмдердің барлығын көріп шығу үшін бір ай немесе 50 сағаттан көп уақыт жұмсадым. Кейбір туындыларды екі рет көруге тура келді. Себебі әлденені жіберіп алдым деп ойлап, қайта компьютерге отырамын. Өте күрделі әрі қызықты процесс. Олардың жанрлары мен техникалары да әртүрлі - классикалық кинодан бастап, андеграундқа дейін. Тақырыптары да түрліше», - деді фестиваль авторларының бірі, кинорежиссер Людмила Лебедева.

Оның айтуынша, фестивальға өте жақсы және қызықты деректі фильмдер түсіп жатыр. Бірақ, кейбір кинотаспалар форматқа сай болмауына немесе әуесқойлармен түсірілген - сапасыз болуына байланысты фестивальға жіберілген жоқ.

Фестивальдың қазылар алқасының құрамында танымал кино қайраткерлері бар. Олардың арасында режиссёр, сценарийші, ақын және кинодраматург Ермек Тұрсынов, режиссер, педагог, көптеген фильмдердің авторы, Ресейдің халық әртісі Владимир Хотиненко, қытайлық продюсер және режиссер, Еуразия телеарна және радио академиясының вице-президенті У Цзян, режиссер, сценарийші, актер Сатыбалды Нарымбетов, Қазақ ұлттық өнер университеті «Театр, кино және ТВ» факультетінің деканы Талғат Тайшанов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Чехов атындағы Павлодар театрының шығармашылық жетекшісі Виктор Аввакумов және  тағы басқалар бар.

«20-дан астам мемлекеттен қатысушылар өтініш жіберді, олардың басым бөлігі ТМД елдерінің өкілдері: Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Беларусь, Грузия. Сондай-ақ, Франция, Испания, Англия, Үндістан, Аустралия, Болгария, Израиль, Сербия, Босния және Герцеговина, Мысыр, Иран және Ирак елдерінің авторларының жұмыстары да бар», - деп атап өтті Павлодар облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының бас маманы Исатай Хикметов БАҚ-пен кездесу кезінде.

Еске салайық, шілде айында Павлодарда «Ертіс синема» халықаралық кинофестиваліне қатысуға өтініштер қабылдау басталған болатын. «Ертіс синема» халықаралық кинофестивалі - «Рухани жаңғыру» жобаларының бірі және арнайы www.ertiscinema.kz сайты ашылған еді. Жеңімпаздар 5 номинация бойынша анықталады. 

Соңғы жаңалықтар