Ертіс өзенінің арнасынан асуына не себеп

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейдегі су тасқынына байланысты қала әкімінің азаматтық қорғаныс, мобильді дайындық және төтенше жағдайлар бойынша көмекшісі Берік Түсіпов  түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ертіс өзенінің тасуына Шүльбі ГЭС-інде су қорының нормадан артық жиналуы себеп болған. Яғни, секундына жіберілуі тиіс 500 текше метр судың мөлшерін 1800-ге дейін арттырған.  Ал Шүлбі су қоймасының мамандары жіберілетін су мөлшерінің нормадан артық екенін жергілікті атқарушы орган өкілдеріне ескертпеген. Салдарынан Ертіс өзені мен Семипалатинка тоғанындағы су деңгейі көтерілген.    

«Ертістегі судың деңгейі 4 метр, 84 см-ді құрап отыр.  4, 50 см-дің өзі қауіпті норма болып есептеледі. Күннің күрт жылынуының да әсері бар. Осының салдарынан барлық еріген су Ертіске жиналған. Мұндай жағдайда ГЭС өкілдері суды еріксіз босатуға мәжбүр. Өйткені өздеріне де қауіп төнді. Оларда қауіпті деңгейдің өз нормалары бар. Арнайы сараптама жасадық. Бұл 40 жылда болмаған құбылыс»,-деді Берік Түсіпов.

Қауіп төнген Түйемойнақ аралында 134 адам тұрады. Баспаналардың саны 32. Сол 134 адамның ішінде 103-ін эвакуациялаған.  Оның  25-і бала. Құтқарылған адамдар қаланың екі қонақүйіне орналастырылып, үш реттік тамақтанумен қамтамасыз етілді.  

Азаматтық қорғаныс пен ТЖ барлық қызметтері қала әкімі Ермак Сәлімовтің басшылығымен қауіп аумағында жұмыс істеуде. Аралға  инертті материалдар жеткізіліп, құм-топырақ себу жұмыстары жалғасуда.  Жұмысқа 16 техника мен 30-ға жуық адам  жұмылдырылды. 

Ал Ертіс өзенінде жару жұмыстарын жүргізуге «Востоквзрывпром» ЖШС қызметкерлері келді. 

Соңғы жаңалықтар