Ертіс өзеніне әлемдік экологиялық апат қаупі төніп тұр - Ғ. Есім

None
None
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Жедел шаралар қабылданбаса Ертіс өзеніне әлемдік деңгейдегі алапат экологиялық қауіп төніп тұр.

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Ғарифолла Есім осылай мәлімдеді.

«Менің сауалым Ертіс өзеніне төніп тұрған экологиялық қауіпке байланысты. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында Семей қаласының шетінде орналасқан әскери аэродромның жанармай қоймасынан жер астына сіңген авиакеросиннен қордаланған керосин көлі алты мың тоннаға жетіп, Ертіс өзеніне жақындап келе жатқаны «Егемен Қазақстан» газетінде жазылған еді. 2002 жылы алматылық «Казгидек» фирмасы аталған проблеманы зерттеуді қолға алса, бір жылдан кейін астаналық мамандар аталған қауіпті залалсыздандыруға кірісіп, Үкімет тарапынан 36 миллион қаржы жұмсалған болатын. Алайда бұл арқылы жер бетіне 100 тоннадай ғана жарнармайды шығару мүмкіндігіне қол жеткізілген. 5900 тонна жанармай қалдығы жер астында қалып отыр. Қазір Ертіс өзеніне үлкен экологиялық қауіп төніп тұр», - деді сенатор.

Оның айтуынша, бұдан бөлек, Семей қаласындағы қоқыс, лай аралас ағатын құбырлардан аққан су Ертіске құйылып, бұл да бір жағынан экологиялық қауіп төндіріп отыр. Соған орай, Семей қаласынан төменірек жерден ұсталған балық еті адам ағзасына зиянын тигізіп, халық оны тұтынудан бас тартып жатқан көрінеді.

«Егер тез арада арнайы сараптама жасап, зерттеулер жүргізіп, алдын алу шараларын қолға алмаса, Ертіс өзеніне әлемдік экологиялық апат қаупі төніп тұр. Жер асты суларын ластап, Ертіске жақындап, 100 метрдей ғана қалған жер асты керосин көлінің үлкен экологиялық апатқа әкеліп соқтырмауы үшін аталмыш мәселені тексеріп,оң шешім қабылдаудың мүмкіндіктерін қарастыру қажет», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар