Ертіс өзенінде су деңгейі кенеттен көтеріліп кетті

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Ертіс өзенінде су деңгейі көтерілді. Осыған байланысты Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Семей ақпарат орталығына сілтеме жасап.

Семейде су тасқыны қаупі туындады, бірақ төтенше жағдай режимі жоқ. Бұл туралы брифингте қала әкімі Ермак Сәлімов айтты. Бүгінгі күні су деңгейі - 478 см, ал Семей үшін критикалық деңгей - 450 см.

Алайда мамандар бұл төтенше жағдай емес екеніне сендірді.

«12 қаңтарда таңертеңгі сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін су сағатына 5,3 см көтерілген. Әр сағат сайын су осы деңгейге көтеріліп отырды. 13 қаңтарда таңғы сегізден кешкі сегізге дейін су сағатына 1,6 см көтерілді. Бүгін таңғы 8:00-ден бастап су сағатына 1 см көтеріліп келеді. Яғни су азайып барады», - деді қала басшысы.


Сарапшылар түсіндіргендей, су деңгейінің көтерілуіне төменгі мұздың жиналуы себеп болған. Бұл - өзен түбінде мұз жиналуына, ағынның қозғалысына кедергі келтіріп, су деңгейінің көтерілуіне әкелетін табиғи құбылыс. Сонымен қатар, ол мұз су астында болғандықтан, мамандар оның орналасқан жерін бақылай алмайды.

Денгенмен, сарапшылар бұл процеске араласып, жарылыс жұмыстарын жүргізуге қарсы.

- Мұз су астында қалып, су ағысының еркін өтуіне мүмкіндік бермей жатыр. Сонымен қатар, астындағы мұздың қай жерде тұрғаны бізге көрінбейді. Су өздігінен ағып кетпейінше ол да кетпейді. Бұған біз араласпауымыз керек, - дейді Ертіс бассейн инспекциясының маманы Валентина Песчанникова.

Су басуы мүмкін аумақтар - Пристань, Бейбітшілік аралы, Восточный және Мирный кенттері. Осы аймақтарда қазіргі таңда 760 адам тұрады.

«Еш қауіп жоқ, бірақ біз кез келген жағдайға дайынбыз. Тұрғындарға ықтимал қауіп туралы ескертілген. Оларды оқыс жағдайда қайда орналастыратынымызды білеміз. Автобустар бөлінеді. Тұрғындарды «Семей» және «Турист» қонақүйлеріне жайғастырамыз, келісімдер бар», - деді Ермак Сәлімов.


Қазіргі уақытта азаматтық қорғаныс күштері жоғары дайындықта жұмыс істеп жатыр және нысандарда тәулік бойы кезекшілік етеді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен мамандар Ертіс жағдайын зерделеп, одан арғы әрекеттер туралы шешім қабылдау үшін өзеннің бойын тікұшақтан қарап шығады.




Соңғы жаңалықтар