Ертіс өңірінде табысын жасырған 444 отбасына АӘК төлеу тоқтатылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында өздерінің нақты табысын жасыру арқылы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген 444 отбасына төлем тоқтатылды. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметітк қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Әлеуметтік көмек және әлеуметтік әріптестік бөлімінің басшысы Майгүл Рахымжанова Павлодар облысы тұрғындарының әлеуметтік қызметкерлерді алдау фактілері туралы хабарлады. Оның айтуынша, АӘК тағайындау кезінде ең көп таралған заңбұзушылық - нақты табысын жасыру.

«Мәселен, Май ауданы Қаратерек ауылында тұратын 6 адамнан тұратын отбасы 2019 жылдың сәуір айында АӘК тағайындауға өтініш берген. Отбасына 105 мың 843 теңге көлемінде АӘК тағайындалды. Қосымша тексеру кезінде басқарманың күшімен отбасының нақты табысын жасырғаны анықталды. Қайта есептеу нәтижесінде отбасына АӘК төленбейтін болды», – деді Майгүл Рахымжанова.

Естеріңізге сала кетейік, АӘК тағайындау мен төлеудің дұрыстығын бақылау нәтижесінде 72 мыңнан астам атаулы әлеуметтік көмек алушылар табысы туралы жалған ақпарат бергені анықталды.

Осыған байланысты министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып, әрбір анықталған факті бойынша, бұзушылықтарға жол бермеу және «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңын бұзуда заңсыз тағайындалған төлемдерді қайта қарау бойынша жекелеген жұмыс жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 15 тамыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 1,8 млн қазақстандық қамтылған. Жәрдемақы алушылардың ең көбі Түркістан облысында – 498,7 мың адам. Сондай-ақ, Алматы облысында – 225,4 мың адам, Шымкент қаласында – 216,3 мың адам аталмыш жәрдемақыны алып отыр. 1 тамыздағы жағдай бойынша 103 млрд теңге көлемінде АӘК төленді. Бір отбасына төленетін төлемнің орташа мөлшері - айына 86 мың теңге.


Соңғы жаңалықтар