«Ертіс» футбол клубының бас бапкері ауысты

None
None
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - «Ертіс» футбол клубының бас бапкері болып Ойрат Садуов тағайындалды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметкері Дархан Бекіш мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қазіргі кезде Алматыға келіп жайғасып жатырмыз. Шешім шығарылды. Бапкер ертеңгі ҚР кубогы аясында өтетін жартылай финалдық ойынға команданы жаттықтыратын болады», - деді Дархан Бекіш.  

57 жастағы Ойрат Садуов - жергілікті футболдың тәрбиеленушісі, әрі павлодарлық клуб сапында (Трактор, Ансат) ойындарға қатысу саны бойынша рекорд иесі. Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, капитан атанған. Садуов бұған дейін де «Ертіс» ФК-ны жаттықтырған (2014 жыл). Ол сондай-ақ петропавлдық «Есіл-Богатырь» ФК-ның және Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері болды. Соңғы уақыттарда «Ертістің» спорттық директоры міндетін атқарды.

Бапкерлік штабта бұрынғыдай Дмитрий Кузнецов, Виталий Варивончик және Данияр Мұқанов бар.

Сонымен қатар, дене шынықтыру бапкері болып Александр Шмарко бекітілді. 49 жастағы бапкер қорғаушы ретінде ресейлік чемпионаттың жоғарғы лигасында және Ресей құрамасының сапында 248 ойын өткізген. Жасөспірімдер құрамасының және тулалық «Арсеналдың» (РФ) бапкерлік штабында болған.

Айта кетейік, «Ертіс» ФК ертең сағат 19:00-де Алматының орталық стадионында «Қайратқа» қарсы ҚР кубогының финалдық жолдамасын сарапқа салады.

Соңғы жаңалықтар