Ертең - Ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық іс-қимыл күні

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ертең әлемдік жұртшылық ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық іс-қимыл күні жариялануының он бір жылдығын атап өтеді. 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында Қазақстан 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы Халықаралықі с-қимыл күні деп белгілеу туралы ұсыныс енгізді. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1991 жылдың 29 тамызында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Семей сынақ полигонындағы алғашқы ядролық жарылыс 1949 жылғы 29 тамызда, соңғысы 1989 жылғы 19 қазанда жүргізілген болатын.

Қазақстанның ұсынысы халықаралық қоғамдастықтың ядролық сынақтар жасауға деген алаңдаушылығының нақты көрінісі болып, бірауыздан қолдау тапты. БҰҰ-дағы қазақстандық бастамаға халықаралық қауымдастықтың толық қолдау білдіруімен қатар, бірқатар елдер қарардың тең авторлары атанды. Бұл қарардың қабылдануы біздің бастамамыздың әлемде кең қолдау тапқанын және жаһандық ядролық қауіпті азайтуға қосқан ортақ үлес ретінде қарастырылғанын көрсетті

Бас Ассамблеяның 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы 64/35 қарарын қабылдауы Қазақстанның рөлі мен Ұлт Көшбасшысының жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісіне қосқан үлесінің тағы бір танылуы болды. Қарардың кіріспесі «ядролық сынақтарды тоқтату үшін барлық күш-жігерді жұмсау және сол арқылы адамдардың өмірі мен денсаулығына жойқын және зиянды әсерлердің алдын алу» қажеттілігін баса көрсетеді. Сынақтарды толық тоқтату ядролық қарудан азат әлем құру мақсатына жетудің негізгі құралдарының бірі болып табылады«.

Н.Назарбаев атап өткендей: «... 450-ден астам сынақ жүргізілді, олардан бір жарым миллион адам зардап шекті. Сондықтан 1991 жылғы 29 тамызда мен Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлық шығарудан тартынбадым. Жылдар өткен соң дәл осы күн Қазақстанның бастамасымен Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні болып жарияланғаны терең символдық мәнге ие«. Бұл ядролық сынақтардың салдарын бастан кешірген Қазақстанның әлемді неғұрлым қауіпсіз етуге, ал атом қаруының таратылуын мүлдем тоқтауға бағытталған жігерлі әрекетін көрсетеді.

Қазақстанда Семей полигоны жабылғаннан кейін ядролық қаруды сынауға мораторий әлемнің басқа да ірі полигондарында - Жаңа жерде (Ресей), Невадада (АҚШ), Муруроа (Франция) және Лобнорда (ҚХР) жарияланғанын атап өткен жөн. Ең бастысы, Қазақстан мұны бірінші болып жасады.

Бұл істе белгілі ақын және саяси қайраткер Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей« халықаралық антиядролық қозғалыстың айрықша рөл атқарғаны ақиқат. «АТОМ «жобасы (Abolish Testing. Our Mission) мен оның құрметті елшісі Кәріпбек Күйіковтің де ядролық сынақтарға тыйым салуды насихаттауға қосқан үлесі ерекше атап өтуге тұрарлық.

(АТОМ жобасы-бұл дүниежүзілік ядролық қарусыздану және ядролық қаруды сынауды түпкілікті тоқтату туралы халықаралық пікірді біріктіру үшін ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев ұсынған жаһандық азаматтық бастама. Әлем бойынша 300 000-нан астам адам АТОМ жобасының интернет петициясына қол қойып, әлем үкіметтеріне ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы Шарттың күшіне енуін қамтамасыз етуге үндеді).

Ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық іс-қимыл күні бүкіл әлемде кеңінен атап өтіледі. Әлемдік қоғамдастық еліміздің жаһандық ядролық қарусызданудағы көшбасшылық рөлін жоғары бағалайды және ядролық сынақтардың ауыр зардаптарын әлі күнге тартып келе жатқандардың қайғысын терең түсінеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымында бұл күнге ерекше назар аударылады. БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерриш өз сөзінде 29 тамыз - Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні екенін, дәл осы күннің ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық іс- қимыл күні деп жариялануының өте орынды екенін атап өтті. «Бұл күннің айрықша маңызы мынада, біріншіден, ядролық сынақтардың құрбандарына құрмет көрсету, екіншіден, мұндай сынақтардың қоршаған орта мен халықаралық қауіпсіздікке тигізетін қауіп-қатері туралы толыққанды ақпарат тарату«. Ол ядролық сынақтарға және ядролық қаруға заңды түрде тыйым салуды қамтамасыз етуді моральдық міндеттеме деп атады.

Бұл бағыттағы ауқымды жұмысты ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымы (ЯСЖТШҰ) жүзеге асырады. Ұйымның осы атаулы күнге арналған жыл сайынғы шолулары мен іс-шаралары ядролық сынақтардың адам денсаулығы мен қоршаған орта үшін апатты зардаптары туралы әлемге жарқын ескерту болып табылады және тиісті шарттың тез арада күшіне енуіне шақырады. Олар сондай-ақ ядролық сынақтар проблемасының жаһандық күн тәртібіндегі алдыңғы қатарда қалуын қамтамасыз етудегі Қазақстанның рөлін атап өтеді.

Сонымен бірге, соңғы жылдары әлемдегі қақтығыстардың өсуіне байланысты халықаралық жағдай ушығып, қарулы қақтығыстардың саны артты. Ядролық қарудың стратегиялық және басқа да түрлерін шектеу жөніндегі уағдаластықтардан ядролық қаруға ие негізгі мемлекеттердің кетуі байқалады.

АҚШ 2002 жылы зымыранға қарсы қорғаныс туралы келісімнен шықты. 2019 жылы орта және қысқа қашықтықтағы зымырандар туралы келісім тоқтатылды. Ресей Федерациясы мен АҚШ арасындағы стратегиялық шабуыл қару-жарақтары туралы Болашақ Келісімге қатысты ешқандай түсінік жоқ, оның мерзімі 2021 жылдың ақпан айында аяқталады.

Ядролық сынақтарды қайта бастау туралы ақпарат оқтын-оқтын айтылып қалып жүр. Алайда, мұндай әрекеттердің әлем бойынша тегеурінді қарсылыққа ұшырап отырғандығы туралы жағымды жәйтті де айтып кеткеніміз жөн.

Мәселен, биылғы мамыр айында американдық баспасөзде АҚШ-тың үкіметтік топтарында ядролық сынақ жарылысын жасау туралы ақпарат пайда бола салысымен, ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы Шарт ұйымының он үш көрнекті қайраткері мәлімдеме жасады.

Бұл мәлімдемеде топ мүшелері жоғарыда аталған хабарламаның пайда болуы, ядролық сынақтарға жасалған Дүниежүзілік мораторийді бұзатынын, ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы Шартқа деген сенімге нұқсан келтіретінін көрсете отырып, мәселеге терең алаңдаушылық білдірді.

Барлық елдерге тағы да «кез келген қуаттағы ядролық жарылыстарды өткізуге қарсы дүниежүзілік режимге өз қолдауын білдіру, ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы Шарттың (ЯСЖТСШ) тез арада күшіне енуі үшін нақты іс-қимыл жасау, бейбіт, сенімді және қауіпсіз Халықаралық өмір сүру ортасын құру үшін қауіп төндірмей, дипломатияны пайдалану« туралы үндеу жарияланды.

Ядролық жарылыстарды, оның ішінде қуаты аз жарылыстарды өткізу және ЯСЖТШ-ны сақтау туралы барлық ықтимал қауіптерді шешудің ең тиімді әдісі-Шарттың күшіне енуі. Бұл үшін оны қалған сегіз ел - АҚШ, ҚХР, Солтүстік Корея, Египет, Үндістан, Иран, Израиль және Пәкістан ратификациялауы қажет.

Биыл Cavid-19 індетіне байланысты ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық іс-қимыл күні көптеген халықаралық алаңдарда, соның ішінде БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде онлайн режимде өтеді.

Осы күнге арналған іс-шараларды өткізудің маңызы ерекше, өйткені халықаралық күндер қалың жұртшылықты көп жайдан хабардар етеді және өткір халықаралық проблемаларды шешу үшін саяси ерік-жігер мен ресурстарды жұмылдыруға мүмкіндік жасайды.

Еске сала кетейік, халықаралық күндер БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімдері бойынша таңдалған тарихи оқиғалар мен адам өмірінің сан қырын көпшілікке таныту үшін атап өтіледі. Барлық елдер арнайы күнді жариялау туралы бастама көтере алады. Арнайы күннің жариялануы БҰҰ - ға мүше 193 мемлекеттің атынан халықаралық қоғамдастық әрбір нақты жаһандық проблемаға алаңдаушылық танытып, айрықша мән беретіндігін білдіреді.

Авторы: Сергей Савельев


Соңғы жаңалықтар