Ертең Түркияда президент сайлауының шешуші кезеңі өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ертең Түркияда президент сайлауының екінші кезеңі өтеді. Осылайша елдің 13-президенті кім болатыны анықталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайлаудың 14 мамырда өткен алғашқы турында 4 кандидат бақ сынасқан болатын.

Олар: қазіргі президент Режеп Тайып Ердоған, оппозиционерлер Кемал Қылышдароғлы, Мұхаррем Инже жәна Синан Оған.

Дегенмен негізгі бәсеке билік партиясының атынан сынға түсіп жатқан Режеп Тайып Ердоған мен елдегі негізгі оппозициялық күш саналатын «Республикалық халық партиясының» төрағасы Кемал Қылышдароғлы арасында өтіп жатыр.

Билік жағындағы Халық коалициясына «Әділдік және даму партиясы», «Ұлтшыл қозғалыс партиясы» мен «Ұлы бірлік» партиясы біріккен.

Қазіргі президент Р. Ердоғанның кандидатурасын ұсынған осы коалиция.

Ал оппозициялық бағыттағы «Ұлттық альянс» құрамына Республикалық халық партиясынан бөлек «Жақсы» партиясы, «Бақыт» партиясы мен «Демократиялық партия» кіріп отыр.

Оппозициялық күштерге «Болашақ партиясы» мен «Демократия және прогерсс партиясы» да қолдау көрсетіп келеді.

Осылайша қазіргі президенттің басты қарсыласы К.Қылышдароғлы 6 партияның ұсынуымен сайлауға араласқан.

14 мамырдағы сайлау айқын жеңімпазды анықтай алмаған. Көш басындағы екі үміткер дауыс берушілердің 50 пайыздан астам дауысын жинай алмай қалған еді.

Ал қалған кандидаттар бұл екеудің қарқынына ілесе алмаған. Оның үстіне М.Инже 11 мамырда-ақ елдің тыныштығы үшін өз кандидатурасын кері қайтарып алатынын мәлімдеген болатын.

Бірінші кезеңде халықтың 5%-дан астам ғана даусын жинаған С.Оған сайлаушыларды екінші кезеңде Р. Ердоғанға қолдау көрсетуге шақырды.

Жалпы елдегі көптеген рейтинг жүргізетін компания қазіргі билікке оппозициялық бағыттағы «Ұлттық коалицияның» үміткері Кемал Қылышдароғлының жеңіске жетуге мүмкіндігі мол екенін айтып отыр.

Олардың мәліметі бойынша, сайлаушылардың шамамен 53% астамы ататүрікшілерді қолдауға, қалған бөлігі Р. Ердоғанды қолдауға дайын.

Ал 14 мамырдағы сайлаудың ресми қорытындысы халық сенімі қазіргі президентке деген сенімін жоғалтпағанын көрсетті.

Бірінші турда Р. Ердоған 49,34%, ал К. Қылышдароғлы 45% дауыс жинаған болатын.

14 мамырдан кейін елдегі сайлау науқаны тоқтаған жоқ. Қала көшелерінде екі кандидаттың үгіт-насихаты әлі жүріп жатыр.

Парақша таратып, даңғылдарда дауыс зорайтқышпен ұран тастаушылар жиі көзге шалынады.

Ертең, яғни, 28 мамырда Түркияның 13-ші президенті кім болатыны айқындалады.

Осылайша Түркия Республикасы өз тарихының екінші ғасырына кімнің басшылығымен қадам басатыны белгілі болмақ.


Соңғы жаңалықтар