Ертең «Тобыл» UEFA Чемпиондар лигасында алғашқы матчын өткізеді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысындағы қазақстандық «Тобыл» мен Венгрияның «Ференцварош» кездесуінің 6 шілдеде қай уақытта басталатыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған кездесу елорда уақытымен 20:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ойын барысында хорватиялық Дарио Бел бас төреші қызметін атқарады. Оған отандастары Марьян Томас пен Круно Шарич көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де хорватиялық Тихомир Пеин.

Жұп бойынша жеңімпаз атанған команда екінші іріктеу сатысында «Слован» (Словакия) мен «Динамо» Батуми (Грузия) жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.

Жеңілгені Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында «Шкупи» (Македония) мен «Линкольн Ред Импс» (Гибралтар) жұбының жеңілген командамен ойнайды.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Қазақстан құрамасы FIFA рейтингісінде 11 cатыға жоғарылады.



Соңғы жаңалықтар