Ертең Көкшетауда 4 маусым - ҚР Мемлекеттік рәміздері күні авто-велошеруі өтеді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ертең Көкшетау қаласында 4 маусым - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу шеңберінде ақмолалықтардың бойында мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, жоғары азаматтық ұстаным және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізіледі, деп хабарлады облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметінен.

Алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының салтанатты шеруі өтеді. Онда оркестрдің сүйемелдеуімен 10х20 метр көлеміндегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін түрлі салаларда табысқа жеткен жастар алып жүреді. Шеру Абай көшесіндегі «Тәуелсіздік» алаңынан «Менің Қазақстаным!» стеласына дейін жалғасады.

Бұдан кейін облыс әкімі Сергей Кулагиннің, жастар мен еңбек ұжымдарының қатысуымен «Менің Елім!» патриоттық акциясы өтеді деп жоспарланған. Акция шеңберінде шеруге қатысушылардың мемлекеттік рәміздерді салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтеді. Сонымен бірге, түрлі салаларда жетістікке жеткен жастар өкілдеріне облыс әкімінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтары табыс етіледі. Қалыптасқан дәстүр бойынша оқу озаттары болып табылатын мектеп оқушыларын «Жас Ұлан» қатарына қабылдау, «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымы ашылады.

Сондай-ақ, қаланың орталық көшелері бойымен «Бұл - менің Туым!» авто-велошеруі өтетін болады.

Ал мерекелік шараның соңы облыс орталығындағы жас әншілер мен бишілердің, жастар шығармашылық ұйымдарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарламаға ұласады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар