Ертең Алмалы аудандық сотында судья Өтемісованың ісі қаралады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ертең Алматыда Алмалы аудандық сотында судья Күлпаш Өтемісованың ісі қаралады. Сот отырысы сағат 14:30-да жабық режімде өтеді. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің маманы Қуандық Ешімет айтты.

Қазіргі таңда қамауда отырған судья Күлпаш Өтемісова ҚР ҚК 350- бабының 2-тармағы бойынша (көрінеу әділетсіз сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін шығару) айыпталып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы 28 наурызда алматылық кәсіпкер А. Сутягинский қаруды заңсыз сақтап, адам өлтіруді ұйымдастырғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

2013 жылдың 12 тамызында айыпталушының жазасы 6 жыл шартты түрге жұмсартылған болатын. Осы істе апелляциялық соттың судьясы ретінде Күлпаш Өтемісова төрелік еткен. Кейіннен кассациялық сот алқасы апелляциялық алқаның шартты мерзім туралы қаулысының күшін жойып, бастапқы үкімді қалпына келтірді.

Көп ұзамай 2013 жылы 6 қыркүйекте істі жүргізген Өтемісова ұсталған еді.

Ендігі кезекте судья Күлпаш Өтемісова көрінеу әділетсіз сот үкімін шығарғаны үшін айыпталып отыр.

Соңғы жаңалықтар