Ертегідегідей өмір сүріп жатырмыз: Жетісайда балық аулауды кәсіп еткен келіншек тұрады

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны Эльмира Төлееваны жерлестері «балықшы келіншек» деп атайды. Себебі, ауыл мектебінде бастауыш сынып оқушыларына сабақ беретін ұстаз балық аулауды қосымша кәсіп еткен. Әрі балық етінен көптеген тамақ түрлерін жасап, табыс тауып жүр.

Эльмира Қанайқызы Жетісай ауданы Шаблан Ділдәбеков ауылдық округінде тұрады.

Күнделікті кешкісін жолдасымен бірге қайыққа мініп, қармақпен балық аулау үйреншікті ісі. Көлге әр барған сайын 5,6 балықтан алып келеді.

Ал, үйге келген соң, балықтан түрлі тамақ түрлерін дайындап, ас әзірлейді.

Салат жасап, кәуап пісіреді. Бала-шағадан артылғанын аудан аумағында саудаға шығарып, сатады.

Осылайша шағын кәсіпке айналған күнделікті шаруа үйдің шығынын жауып, мол табысқа кенелтіп отыр.

«Орамалды тағып, арнайы форманы киіп, қайықты көлікке артамыз. Ұзын етікте өзіме жараса кетеді. Содан көлге барып, балық аулаймыз. Кей күндері шелегіміздің бос қайтатын кездері де бар. Мұндай сәтте еш қамықпаймын. Қайта келесі күні көптеу балық түсіп жатады. Барлығы несібеміз ғой» - дейді ол.

Эльмираның ең үлкен олжасы жайын балығы болған. Оны жағадан байқаған жолдасы екеуі қуалап жүріп, қолмен ұстап алыпты.

Таразыға салып өлшегенде 44 келі шыққан. Ал, қармаққа ілінетіндері сазан, судак, қарас екен.

«Биыл Бақытжанмен отандасқаныма 14 жыл болды. Алғаш келін болып түскенде балық туралы мүлдем білмейтінмін, қызықпайтын да едім. Жолдасым жанына ертіп жүріп, балық аулауды үйретті. Ертегі кейіпкерлері секілді екеуіміз қармағымызды алып, күнде қайыққа мініп кететінбіз. Қазір балықтың аттарын жатқа білемін. Әрі оннан астам тамақтың түрін дайындай аламын» - дейді ол.

Эльмира әрдайым дастарханын балықтан жасалған тағамға толтырып қояды. Еттің орнына балық асып, кәуапқа дейін балықтан жасайды. Сорпасы мен салаты, самсасы да дайын.

Ал, артылғанын саудаға шығарады. Дүкендерге өткізеді. Той жасайтындардың тапсырысын орындап береді.

«Менен көбінесе балықтың сорпасын, «хе» деген салатын, бұқтырма тағамдарын сұрайды. Балықты тандырға, қазанға, жерошаққа пісіремін. Тиісінше, әрқайсысының дәмі әртүрлі болады», – дейді ол.

Балықшы келіншектің 2 ұл, 2 қызы бар. Олар да балық тағамдарына үйір. «Жалықтық, басқа тағам әзірле» деген әңгіме болмайды бұл үйде.

Тіпті, қылтанақтарын да өздері алып, қауіпсіз етіп жеуге дағдыланған.

Ал, үйдің қасындағы көрші болып тұратын ата-енесі де келіні дайындаған балықтан жасалған тағамдарды сүйсіне жейді.

«Ет те жейміз. Бірақ балықты көп тұтынамыз. Балықта дәрумендер көп. Білген адамға балықтың пайдасы жетерлік. Үнемі тұтынатындықтан болар балаларымның денсаулығы жақсы. Балық жегеннің арқасы шығар, құдайға шүкір балаларымның ешқайсысында дисплазия секілді аурулар болмаған. Мүлдем ауырмаған, өзім де ешқандай укол салдырмағанмын. «Жұрт балаң бар, сабағың бар, қалай үлгересің?» деп сұрап жатады. Әйел адам барлығына үлгеру керек. Себебі, ниет болса бәрін реттеуге болады»,- дейді ол.

Бүгінде Эльмира инстаграмм парақшасы арқылы балықтан жасалған тағамдарды дайындау бойынша мастер кластар өтіп жүр.

«Балықшының келіншегі» деп аталатын парақшасының да оқырманы көбейіп келеді.

Әлеуметтік желіден ақша таба бастағанын көрген жолдасы балық сатудан түскен қаражатты жинап, соңғы үлгідегі «iphone 13» маркалы телефон алып берген.

«Алғашқы кездегі телефоным қатып қала беретін еді. Ескі болғандықтан, ғаламторға кіріп шығуда қиындық тудыратын. Соны байқаған жолдасым мереке қарсаңында жаңа телефон сыйлады. Үлкен рахметімді айтамын. Сондай-ақ, Бақытжанды балықтан табыс табуға үйреткен ұстазым деп білемін. Бірге жүріп тынымсыз еңбек еттік. Үй салдық, алған несиелерімізді жаптық. Бүгін, міне, сол еңбектің жемісін көріп отырмыз», – дейді балықшы келіншек.


Соңғы жаңалықтар