Ерсұлтан Бектұрғанов: Әлеуметтік бастама - болашаққа деген талпыныс

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерсұлтан Бектұрғанов «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» экономикалық өсім арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы халықтың әл-ауқатын экономикалық жағынан жақсартуға бағытталған. Әлемдік дағдарыс дәуірінде тіпті Еуропаның дамыған елдері халқына мұндай мүмкіндік жасай бермейді. Атап айтқанда, «7-20-25» бағдарламасы әр жұмысшыға бүгінгідей 14-16 емес, 7 пайызбен қазіргі кездегідей 10-15 жылға емес, 25 жылға ипотекаға баспана ала алады.  Және бастапқы жарна баспа құнының 20 пайызынан аспауы керек. Бұл елімізде құрылыс алаңдарын көбейтіп, ондаған өзге салалардың дамуына серпін береді, бос жұмыс орнын көбейтеді.  Бұл бағдарлама халқымыздың демографиялық өсуіне жол ашып, халықтың көші-қонын азайтады. Қазақстанға көшіп келгісі келетіндердің қатарын арттырады», - деді Бектұрғанов.

Елбасы бес әлеуметтік бастамасында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшылардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынған болатын. Елбасы ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керектігін айтты.

«Елбасы жаңғырудың негізі болып саналатын адам капиталына қашанда ерекше мән беріп келеді. Келесі оқу жылынан бастап, 20 мың оқу грантын, оның 11-ін техникалық мамандықтарға бағыттау елімізде өндірістік цифрлы дәуірдің басталауына негіз болады. Студенттерге 2022 жылдың соңына дейін жатақханалар салу бастамасы мыңдаған студент пен оқушылардың қолдауына ие болды», - деді Е.Бектұрғанов.

Мәжіліс депутатының пікірінше, Елбасы бастамасындағы 5-ші бағыт бойынша Қазақстанның орталығын газбен қамту Жезқазған, Қарағанды облысы бойынша Теміртау және Астана қалаларының экологиялық мәселесін кешенді түрде шешуге жол ашады. Сондай-ақ, экономикамыздың бірнеше саласының дамуына серпін беріп, азық-түлік бағасының арзандауына, агроөндіріс кешенінің дмауына, оның ішінде жылыжай шаруашылығының өркендеуіне септігін тигізбек.

«Елбасы Үкіметке аталған мәселелерді бір жыл, ары кеткенде 1,5 жыл ішінде шешуге тапсырма берді. Әлбетте, Мемлекет басшысы көтерген бастамаларды орындауға заңнамалық тұғыр керек. Біздер, депутаттар Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру үшін жасалатын заң жобаларын талқылауға кірісеміз. Әлеуметтік бастамалар болашаққа деген талпыныс», - деді Мәжіліс депутаты. 

Соңғы жаңалықтар