Ермек Маржықпаев тікелей қарым-қатынас форматында «Инвестор сағатын» өткізді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының əкімі Ермек Маржықпаев тікелей қарым-қатынас форматында «Инвестор сағатын» өткізіп, кәсіпкерлерді қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Галстуксіз» кездесуде әлеуетті инвесторлар мен кәсіпкерлер аймақ басшысына өз жобаларын ұсынып, алдағы жоспарларымен бөлісті, сондай-ақ, толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды.

«Бұл жолғы кездесу бұрынғыдан өзгеше, билік пен бизнес өкілдері тікелей сөйлесе алды. Аудан әкімдері мен салалық басқармалардың басшылары кейбір сұрақтарды осы жерде шешті», дейді облыс әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.

Кездесуде Аршалы ауданында қуаты 100 Мвт құрайтын жел электр станциясын салу жобасы қолдау тапты. Бұл жобаны «Borey Energo» серіктестігі жүзеге асырады, қытайлық инвесторды тартуды жоспарлап отыр. Түркиялық инвестор – «Грин Валей» компаниясы Көкшетау қаласында тәулігіне 200 тонна зығыр өңдеу бойынша жобаны қолға алмақшы.

«Kusto Energy» компаниясы Макинск құс фабрикасы мен Бурабай ауданындағы «KazBeef» серіктестігі үшін биогаз зауытын салмақ ниетте. Компания энергетикамен байланысты жобалармен айналысады. Бүгінгі күні оның құрылыс технологиясы мен экологиялық таза электр энергиясын, жылу, газ жəне органикалық тыңайтқыш өндіретін зауыттары бар. Жалпы, жаңа диалог алаңында әр өңір мен саладан 20-дан астам жоба таныстырылды. Сонымен қатар, туризм, ауыл шаруашылығы, медицина саласындағы жобалар талқыланды.

«Мұндай кездесулерді алдағы уақытта жиі өткізіп тұруды жоспарлап отырмыз. Жаңа форматтағы кездесу билік пен бизнес өкілдерінің тікелей қарым-қатынас арқылы нақтылы мәселелерді көтеріп, жедел шешуге сондай-ақ, өңірдің инвестициялық климатын жақсартуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әрбір кәсіпорынның мәселесін жауапты мемлекеттік органды бекіту арқылы шешу үшін Жол картасын әзірлеу жөнінде келісімге келді.

«Аймақ басшысы әр ай сайын «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында «Business time» - «Бизнес уақыты» форматында осындай кездесулерді өткізуді ұсынды. Келер жолы агроөнеркәсіп кешенін дамыту тақырыбы қаузалатын болады. Облыс әкімінің бизнесмендермен осындай форматта кездесуі орын алған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік туғызады», - дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нахипбеков.

Кездесуде аймақ басшысына кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығы, коворкинг-аймақ, сондай-ақ, бизнеске қызмет көрсететін «ATAMEKEN SERVICES» сервисі таныстырылды.

Соңғы жаңалықтар