Ермек Маржықпаев Шортандыдағы қайғылы оқиғаға қатысты түсінік берді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Шортанды кентінде газ баллонының жарылуы салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қандай көмек көрсетілетін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз осы қайғылы оқиға туралы естіген бойда Көкшетаудан Шортандыға жедел жеттік. Газ баллонының жарылуы орын алып, 13 адам зардап шекті. Өкінішке орай, бес адам көз жұмды, олардың ішінде үш бала бар. Зардап шеккендер Нұр-Сұлтан ауруханаларына жеткізілді. Бүгінде алты адам медициналық көмек алуда»,- деді Ермек Маржықпаев Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихаты барысында журналистердің қойған сұрақтарына жауап беру кезінде.

Өз сөзінде, аймақ басшысы жедел штаб құрылғанын еске салды.

«Біріншіден, зардап шеккендерді шұғыл Нұр-Сұлтандағы бірінші, екінші қалалық ауруханаларға жатқызу керек болды. Осы ретте, Денсаулық сақтау министрлігіне, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне үлкен рахмет. Олар біздің науқастарды жедел қабылдады. Жерлеу рәсіміне көмек ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бұл үйде үш пәтер болды. Олардың барлығы жарамсыз болып қалды, біз тұрғындарды жедел қоныстандырдық», - деді Е.Маржықпаев. - Аудандық ТЖ жарияланды. Біз бүгін пәтер сатып алу үшін 30 миллион теңге бөлдік. Шын мәнінде, баллон даладан жылыту үшін үйге әкелінген және осы сәтте жарылыс болды. Біз көрсетіп отырған көмектен бөлек, бүгін мешіт тарапынан қайырымдылық шоты ұйымдастырылып, 13 миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Бұл қаражат зардап шеккендердің емделуі, отбасыларына көмек көрсетуге жұмсалады», - деді аймақ басшысы.

Еске сала кетейік, 16 қарашада Ақмола облысының Шортанды кентінде Линейная көшесінде газ баллонының жарылуы орын алған болатын. Оқиға орнында үш адамның денесі табылды. Әр түрлі жарақатпен он адам орталық аудандық ауруханаға жатқызылды. Нұр-Сұлтанда 12 жасар бала оқиға салдарынан көз жұмды. Ал, 23 қарашада газ баллонының жарылысынан зардап шеккен қыз қайтыс болды. Ақмола облысында зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі штаб құрылды.


Соңғы жаңалықтар