Ермек Маржықпаев газ жарылысынан қаза тапқандардың отбасына барынша көмек көрсетуді тапсырды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Шортанды ауданының Шортанды ауылында газ жаралысынан қайтыс болғандардың отбасына барынша көмек көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі жарылыс бола саласымен оқиға орнына аттанған болатын.

«Менің тапсырмаммен төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штаб құрылды. Зардап шеккендерге психологиялық және материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Қаза тапқандарды жерлеу рәсіміне көмек көрсетіледі. Баспана мәселесі шешілгенше жарылыс болған үй иелеріне уақытша баспана беріледі. Ешкім де назардан тыс қалмайды»,-деді Ермек Маржықпаев.

Өңір әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс басшысы алдымен Шортанды аудандық ауруханасына барды. Онда жарылыстан зардап шеккен 6 адамды Нұр-Сұлтандағы күйік орталығына жеткізу мәселесін шешті. Зардап шеккен тағы 3 адамның жағдай тұрақты болғандықтан олар Шортанды аудандық ауруханасында қалды.

Ермек Маржықпаев сонымен қатар, өрттің шығу себебін мұқият анықтауды тапсырды. Оқиғаның себеп-салдарын анықтау мақсатында жедел-тергеу тобы мен өртті зерттеу лабораториясы жұмысын бастады.

Кешірек Ақмола облысы әкімінің төрағалығымен өкілетті орган өкілдерінің қатысуымен жедел штабтың отырысы өтті. Штаб жұмысының аясында зардап шеккендерге көмек көрсетілді.

Қазіргі таңда жарылыстан зардап шеккен отбасылар туыстарының үйлеріне орналастырылды. Сондай-ақ олардың кейбіреуіне уақытша баспана беріліп, қаза тапқандарды жерлеу рәсіміне көмек көрсетілді.

Облыстық мешіт жанындағы қайрымдылық қоры қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек ұйымдастырды. Шортанды ауылының әкімдігі зардап шеккендерге бірінші кезекте қажетті заттарды қабылдап жатыр.

Айта кетейік, 16 қараша күні Ақмола облысының Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, 3 адам көз жұмды, тағы он адам ауруханаға түсті.

Оқыс оқиға түнгі сағат 22:00 шамасында Шортанды кентінде Линейная көшесі 28 мекен-жайы бойынша орналасқан үш пәтерлі тұрғын үйде болды. Газ баллонының жарылуы салдарынан 3 пәтерлі жеке үй өртеніп, оның бір бөлігі құлады.


Оксана Матасова


Соңғы жаңалықтар