Ермек Маржықпаев: Биыл өңірде 5 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев халыққа есеп беру кездесуінде тұрғын үй құрылысы саласындағы жобалардың жүзеге асырылуы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы атап өткендей, өңірде тұрғындарды баспанамен қатамасыз етуде тұрғын үй құрылысы бойынша бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда.

«2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Аталған бағдарлама бойынша біз көш басындамыз. Бағдарлама іске асырыла бастағалы барлығы 13 мыңнан астам отбасы баспана мәселесін шешті. 2019 жылы 4650 пәтер пайдалануға берілді. Бюджет қаражаты есебінен 9 жалдамалы және 11 несиелік үй салынды», - деді Е.Маржықпаев.

Осы жылы 5 мыңға жуық отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 19 жалға берілетін тұрғын үймен облыстың 10 өңірі қамтылатын болады. Бұл дегеніміз 867 пәтер.

«Тұрғын үй сатып алуға жаңа мүмкіндіктер мен сұраныс «7-20-25» тұрғын үй несиелеу бағдарламасы арқылы оң шешімін табуда. Бұл бағытта бүгінгі күні 574 өтінім мақұлданып отыр», - деп толықтырды Е.Маржықпаев.

Айта кету керек, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін бөлек кезек құрылған. Оларға 172 жалға берілетін пәтер бөлінген, бұл өткен жылға қарағанда екі есеге көп.


Соңғы жаңалықтар