Ермек Маржықпаев ауыл мектебінің жертөлесін жөндеуді тапсырды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Аршалы ауданына жұмыс сапары барысында Жібек жолы ауылында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектепке қажетті ағымдағы жөндеу жұмыстарына назар аударған. Шілде айының басында осы ауылға келгенде аймақ басшысы мектептің су жиналып қала беретін жертөлесін жөндеуді тапсырған еді. Жаздыгүні жер асты суы көтеріліп, 50 сантиметр деңгейге жетті. Осыған байланысты аудан әкімдігі мектептің жертөлесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірледі. Облыс әкімі оны келісу және бекіту бойынша шараларды тездетуді тапсырды. Осы арқылы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді.

Жібек жолы ауылының №4 мөлтек ауданында облыс әкімі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысының барысымен танысты. Осында Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы елді мекендерді дамыту бағдарламасы шеңберінде ұзындығы 35 шақырым көше салу бойынша екі жылдық жоба жүзеге асырылуда. Жөндеу жұмыстары маусымда басталды, 21 шақырым жолға асфальт төселуде. Бұл жұмыстарды қазанның 20-сына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Биыл ұзындығы 38 шақырымдық жолдың құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, 54 шақырым су құбыры желісі тартылуда.

Соңғы жаңалықтар