Ермек Маржықпаев Ақкөл ауданының тұрғындарымен кездесті

None
Фото: Ақмола облысы әкімдігі
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс бабымен Ақкөл ауданында болып, аудан тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Новорыбинка ауылында өткен кездесуге жергілікті атқарушы және аумақтық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Аймақ басшысы тұрғындарды облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабардар етті.

2023 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыс экономикасының негізгі салалары оң серпінді сақтап отыр, көптеген көрсеткіш бойынша өсім қамтамасыз етілді.

Айта кетсек, Ақмола облысы соңғы 3 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша республикада көшбасында тұр.


Ақкөл ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне келетін болсақ, негізгі капиталға инвестициялар, тұрғын үйлерді пайдалануға беру және құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша үш индикатор орындалмады.

Осы ретте облыс әкімі аудан басшылығына осы нысаналы индикаторлардың орындалуына қол жеткізуді тапсырды.

Кездесу барысында тұрғындар Новорыбинка ауылындағы жолды жөндеу сапасына, «Сенім» ЖШС медицина қызметкерлеріне арналған емдеу-сауықтыру орталығының құрылысы» объектісіне жол төсемін жөндеу қажеттілігіне қатысты сауалдар қойды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысы Владимир Кулаковтың айтуынша, бұл мәселелер бақылауға алынды және мүмкіндігінше жақын арада шешілетін болады.

Жалпы, жол жөндеу сапасы мәселесі тұрақты бақылауда.

Облыс әкімі атап өткендей, биыл Кеңес, Новорыбинка ауылдарында, Урюпинка-Ерофеевка жол учаскесінде автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу, Ақкөл қаласында, Еңбек ауылында жолдарды орташа жөндеу, Ақкөл-Азат-Қайнар және Жаңа Колутон – Азат – Минское бағытындағы жол учаскесін жөндеу жоспарланған.

Кеңес ауылдық округінің Домбыралы ауылына кірме жолды орташа жөндеу» нысаны бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірлеуге, Ақкөл қаласындағы Иманов көшесіндегі жолды күрделі жөндеуге қаражат бөлінді.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындары дәріхана пунктін ашуға және жедел жәрдем машинасын сатып алуға көмек сұрады.

«Ақкөл ауданының әлеуеті жоғары. Медициналық пункт және жедел жәрдем мәселесін шешеміз. Дәріхана бойынша мәселе аудан әкімдігінің күшімен шешілетін болады», - деді Ермек Маржықпаев.

Кездесуде айтылғандай, денсаулық сақтау саласында облыстық бюджеттен орталық аудандық аурухана ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 31 млн теңге қарастырылған.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қына, Урюпинка және Новорыбинка ауылдарында амбулаториялық-емханалық ұйымдар салу жоспарланған.

Бұл нысандардың құрылысына арналған жер учаскелері қазірдің өзінде анықталған.

«Мен үнемі ауылдарды аралап, тұрғындарды толғандырған мәселелерін сұрап білемін. Көп жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ мәселе де жетерлік, оның барлығын бір уақытта шешу мүмкін емес, сондықтан біз оларды кезең-кезеңімен шешеміз. Менің ойымша, ауыл тұрғындары бұл мәселелерге түсіністікпен қарайды», - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс басшысы жергілікті бизнесті шетте қалмауға, ауылды дамыту үшін әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

«Ауданда халықты толғандыратын бірқатар мәселелер бар, олардың ішінде сумен жабдықтау, жолдарды жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік-еңбек саласы бойынша жұмыс істеу керек», - деп қорытындылады Ермек Маржықпаев.

Халықпен кездесуден кейін әкім жеке мәселесімен келген тұрғындарды қабылдады.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда жаңа студенттер сарайы салынып жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар