Ермек Маржықбаев зеренділіктерге жаңа көпір салуға уәде етті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Зеренді ауданында болып, Заречный және Березняковка ауылдарының тұрғындарына Шағалалы өзені арқылы өтетін көпір салатындығы туралы уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі болғандай аталмыш көпір сонау 80 жылдары салынған. Оның ұзындығы 54 метрді құрайды. Қазіргі кезде нысан апатты жағдайда. Аймақ басшысымен кездесуге аталымш елді мекеннің тұрғындары мен ақсақалдары келді. Жұртшылықтың көпір салынады деп күтіп жүргеніне 27 жыл болыпты. Ауыл тұрғындарының көбі Көкшетау қаласы мен Зеренді ауылында жұмыс істейді. Сондықтан, автокөлік көпірінсіз жұмысқа қатынау қиын.

«Бұл көпірді қаржыландыруда біз халықтың санына қараймыз. Шынтуайтына келсек, екі елді мекенде барлығы 960 адам тұрады, сондықтан, бұл нысан болмауы керек еді. Облыс үлкен, бұдан басқа да түйіткілді мәселе жетерлік. Дегенмен, депутаттардың сауалдары мен тұрғындардың өтініштерін ескере келе, біз көпірді салуды бастайтын болып отырмыз», - деді Ермек Маржықпаев.

Аймақ басшысының сөзінше, конкурстық шараларды уақтылы өткізу жұмыстары ғана қалған. Биылғы жылы көпір құрылысы басталып, салынып бітеді. Жоба құны - 368, 2 миллион теңгеге бағаланып отыр. Темірбетон көпірдің ұзындығы - 76 метр, ені - 11 метр, ал көлік жүретін ені - 6 метр.

Зеренді ауданының әкімі Бауыржан Ғайса аталмыш ауылдардың келешегі барын атап өтті.

«Бұл ауылдар қалаға, Садовое және Заречное ауылдарына жақын орналасқан. Кетіп жатқандар жоқ, керісінше келіп жатқан адамдар көп», - деп атап өтті аудан әкімі.

Тұрғындардың айтуынша, осы көпір арқылы Қостанай тас жолынан Зеренді және одан әрі Атбасар жолына шығуға болады.


Соңғы жаңалықтар