Ермаxан Ыбырайымов допинг үшін жазаны күшейтуге қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат -Жақында Мәжіліс депутаттары допинг үшін спортшылардың жауапкершілігін күшейтуге арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Қазіргі кезде қосымша ұсыныстар даярланып жатыр. Соның бәрі екінші оқылымда қаралады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ол отырыста мен де болғанмын. Сол жерде таза спортты қалайтынымызды жеткіздім. Негізі, заң жобасында көрсетілген мәселелерді қолдаймын. Осы құжатты қабылдаса, спортшылар да, бапкерлер де, спорт жетекшілері де жазаны біліп, допингке жоламайды. Мәселен, Олимпиада ойындарынан келгеннен кейін сыйақыны береді ғой, Президент сен допинг қолдандың да, жоқ па, әзірше жартысын ала тұр деген әңгіме жоқ. Оны алады да, бере салады. Бірақ ұсталған жағдайда ол ақшаны қайтару керек болады. Енді, допинг қолданатын спорттың түрлері, ол - жеңіл атлетика, жүзу, велоспорт, шаңғы, ауыр атлетика. Күресте де қолданып жатады. Бірақ оның ешбір қажеті жоқ», - деді Е.Ыбырайымов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Айта кетейік, заң жобасы бойынша допинг қолданғандар ақшалай сыйақыны қайтаруға міндеттеледі. Бұдан бөлек, спортшылар, бапкерлер мен команда жетекшілерінің ай сайынғы төлемдері тоқтатылады. Тіпті, халықаралық жарыстарда жарақат алғаны үшін берілетін жәрдемақыдан да айыру жоспарланған. Ал сыйға берілген пәтерлерді бастапқыда тек жалға алуға ғана мүмкіндік болады. 10 жылдың ішінде WADA допинг анықтамаса, ол баспананы жекеменшікке аударуға болады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ольга Шишигинаның ойынша, Олимпиада чемпионы болған спортшылардың сыйақысын бөліп төлеуге болады.

«Енді, біз пәтер мәселесін реттедік. Баспана алдымен жалға беріледі, артынан жекеменшікке аударуға мүмкіндік бар. Ал ақшалай сыйақы қалай қайтарылады? Негізгі мәселе - осы. Сыйақыны толығымен қайтару қиын ғой. Меніңше, ақшалай сыйақыны бірден бермей, бөліп төлеуге болады. Әйтпесе, қыруар қаржыны беріп, артынан оны қайтаруды талап етсек, спортшыға үлкен салмақ түседі. Оны барлық титулдарын алып қояды, пәтерінен шығарып тастайды. Оның үстіне ақшалай сыйақыны қайтару қажет. Бұл - үлкен материалдық әрі психологиялық ауыртпалық. Мәселен, қазір бізде «спорттық зейнетақы» деген төлем бар. Мысалы, мен өзім Олимпиада алтыны үшін ай сайын 24 айлық есептік көрсеткіш (1АЕК - 2 525 тенге) көлемінде спорттық зейнетақы алып тұрамын. Бірақ оны алу үшін 20 жылдық еңбек өтілің де болуы шарт. Менің ойымша, спортшы Олимпиада чемпионы атанды ма, келесі айдан бастап ақшалай сыйақыны бөліп, спорттық зейнетақы сияқты беріп отыруға болады», - деп атап көрсетті О.Шишигина.

Соңғы жаңалықтар