Ерлікпен қаза тапқан қызметкердің баласына дарынды оқушыларға арналған мектептен грант беріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қайтыс болған полиция, өрт сөндіру саласы мен әскери қызметкерлердің балалары колледждер мен дарынды балаларға арналған мектептерде грантпен оқи алады. ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның аппарат жиналысында осындай өзгеріс әзірленіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, өз борышын өтеу кезінде қайтыс болған полиция, өрт сөндіру, әскер қызметкерлерінің отбасына білім беру саласы бойынша тиісті жеңілдіктер беру мәселесі шешімін тауып жатыр. Атап айтсақ, балабақшаларға олардың балаларын кезексіз алу мәселесі, жоғары оқу орындарына грант беру мәселесі шешімін тапқанын білесіздер. Ендігі кезекте осы балалардың біздің колледждерге грант алуы және мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептерге грант алып, түсу мәселесін шешіп жатырмыз. Жақын арада бұл мәселені толығымен шешіп бітіреміз деп айтқым келеді», - деді ведомтсво басшысы.

Асхат Аймағамбетовтің пайымынша, мұндай ерлік көрсеткен азаматтардың үлгісін тәрбие беру жұмысында міндетті түрде қарап, балалардың бәріне жеткізу керек.

«Өйткені бұл шын мәнінде үлкен ерлік. Ерлік көрсеткен азаматтардың есімі ел есінде болуы керек және осындай мысалдармен, осындай үлгілермен біз тәрбие жұмысын жүргізуіміз керек. Сондықтан осы жеңілдіктерді енгізу бойынша Президент тапсырмасын іске асырып жатырмыз. Жақында тиісті өзгерістер жүзеге асады деп ойлаймын», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар