ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ. ҰОС басталғанына 75 жыл - шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Ұлы Отан соғысы басталғанына 75 жыл толды. 1941 жылдың 22 маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға, яғни 1 418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғынға елімізден аттанғандардың ішінен 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы - қазақтар.

Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды. Бұл соғысқа Қазақстан Кеңестер Одағының бір бөлігі ретінде қатысты. Қазақстан соғыс уақытында майдан қажетіне қарай бейімделді. Көптеген әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктері және дербес батальондар құрылды. Қазақстан жауынгерлері кеңес-герман майданының шешуші шайқастарына қатысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 1941 жылғы қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Мәскеуді қорғауда панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Амангелдиев ерлік көрсетті. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Батыс Қазақстандағы темір жол стансалары мен елді мекендер кеңінен тартылды. Курск шайқасында және басқа да майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер болды. Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақстандық жауынгерлер де қатысты. Қазақстандықтар партизан соғысына да белсене қатысты. Ленинград облысындағы шайқастарда - 220, Смоленск жерінде - 270-тен астам, Украина мен Белоруссияда - 3000-дай қазақстандық ерлік көрсетті. Бұлардың ішінде Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздары болды. Партизандар командирлері А.Егоровқа, Н.Зебницкийге және Ф.Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер Квантунь армиясына қарсы шайқасты. Қазақстанның табиғи байлығы Қызыл Армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. КСРО ХКК мен БК(б)П ОК-нің 1941 жылғы 16 тамыздағы қаулысы Қазақстанның 1941 жылдың 4 тоқсаны мен 1942 жылға арналған әскери-шаруашылық жоспарын белгіледі. Осы қаулыға сәйкес республика экономикасы соғыс мүддесіне бағытталды. Республика әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл, висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель, т.б. өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етті. Орал - Ембі мұнайлы аудандарының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39 пайызға арттырды. Электр қуатын өндіру 2 есе дерлік өсті. 1941-1945 жылдары барлығы 460 жаңа өндіріс орны салынды. Бұлардың қатарында соғыс жүріп жатқан аудандарда Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорын қысқа мерзім ішінде орналастырылып, іске қосылды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады. 1942 жылы мал басы 2 млн-ға, егіс көлемі 8 млн гектарға жуық арттырылды. Республика 1941-1945 жылдары 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа азық-түлік берді. Соғыс жылдары республика еңбекшілері майданға киім-кешек, азық-түлік жіберіп, жеке азаматтардың қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтар жасалды. Республика халқының майдан қажетіне ерікті жинаған қаржысы 4 700 млн сом болды. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс күні Қазақстан мен ТМД-да ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де кеңінен атап өтіледі. Бұл жыл сайынғы аталып өтетін мейрамның ерекше және құрметтi орны бар. Біздің болашағымыз үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске түсіру үшін, әрбір қазақстандық бұл мерекені Отанға деген сүйіспеншілігінің нышаны ретінде атап өтеді. Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 71 жылдығы құрметіне елімізде көптеген шаралар өткізілді. Бүгінде қатары сиреп қалған майдангерлерге деген құрмет ерекше. Республикамыздың түпкір-түпкірінде еске алу вахталары, әртүрлі акциялар, ардагерлермен кездесулер өтті.

Кешегі тарихын ұмытпаған елдің ғана болашағы жарқын болады. Бүгінгі бейбіт күнге жеткізген майдангерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.  «ҚазАқпарат» осы қайғылы дата қарсаңында ақпарат агенттігінің сайтында биылғы жылы жарық көрген ең қызықты материалдарына шолуды ұсынады.

***

Оралда 101 жастағы майдангерді Ұлттық ұлан күнімен құттықтады

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - ҚР Ұлттық ұланының күні қарсаңында Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың атынан оның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Мұхаметқали Сатов Орал қаласында тұратын 101 жастағы Ұлы Отан соғысы және ішкі істер органдарының ардагері, доғарыстағы полковник Семен Данилинді аталмыш мерекемен құттықтады.«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, полковник М.Сатов бас қолбасшының құттықтау хаты мен бағалы сыйлығын табыс етті. Майдангердің қызы Татьяна Семеновна бас қолбасшыға құттықтауы үшін шынайы ризашылығын білдірді. Ұлттық ұланның құрылған күніне орай осындай құттықтаулар ҚР  ішкі істер органдарының барлық ардагеріне жіберілген. Семен Акимович Данилин 101 жастан асса да, әлі тың, жігерлі. Осы жасқа жетуінің өзі жасынан әскери тәртіпке үйреніп, денсаулығын шыңдап, күткенінің арқасы деп біледі. Ол әскери қызметкерлерге сыйлықтары үшін алғысын айтып, өз өмірі туралы қысқаша әңгімелеп берді. Сырнайын қолына алып, ән де салды. Курск облысында 1914 жылы 30 қыркүйекте шаруа отбасында дүниеге келген С.Данилин әкесінен ерте айырылды. Өзі өмір есігін ашқан жылы бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан еді, әкесі содан оралмады. Анасы бұл қазаны көтере алмай, өмірден ерте кетті. Ағасы Андрей мен Семенді ата-әжесі тәрбиелеп өсірді. Жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін педтехникумда білім алған Семен Данилин соғысқа дейін тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасады. Үйленіп, 1939 жылы үлкен қызы Галина өмірге келді. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ дерлік қатысып, 1942 жылы Брянск әскери-саяси училищесінің курсанттығынан 143-гвардиялық миномет полкы батальон командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасарлығына дейінгі жолдан өтті. «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі Отан соғысы ордендері, көптеген медальдармен марапатталды. «Саяси жетекші ретінде жауынгерлерді талай рет шабуылға көтеруге тура келді. Ол үшін сөз таба білу де керек еді. Сталинград түбіндегі, содан кейін Курск иініндегі алапат шайқастар есімде. Тіпті Курск иініндегі ұрыста оқ кеудемдегі «Қызыл Жұлдызға» тиіп, орден мені бір ажалдан сақтап қалды», деп еске алады майдангер. Соғыстан кейін Семен Данилин Алматыда, кейін Қарағандыда ішкі әскерлер полкі командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары болып қызмет етті. Қызы Татьяна Оралда тұрғаннан кейін зайыбы Анна Павловна (қазір марқұм) екеуі осында көшіп келді. «Біз, ең бастысы, көп ұлтты Қазақстанда тату-тәтті өмір сүрудеміз. Еліміз қарқынды дамып келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтай Елбасымыз барда бәрі де жақсы болады», деді С.Данилин.           


Жамбыл облысының әкімі Ұлы Отан соғысы ардагерін құттықтады

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының басшысы Кәрім Көкрекбаев Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеген Бақтыбаевты Жаңа жылмен құттықтады. Бұл туралы Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.Аймақ басшысы ардагерге теледидар мен сыйлықтар салынған себетті,  ақсақалдың жары Рахима апаға гүл шоғын сыйлады. ҰОС ардагері Сталинград пен Курск маңындағы қанды шайқасқа қатысқандығын баяндап берді. «Красноярск қаласында тоғыз ай бойы госпитальда жатып, кейін 1944 жылы Жамбылға оралдым», - деп еске алды Төлеген ата. Соғыстан кейін ардагер тарих пәнінен сабақ беріп, 30 жыл мектеп директоры қызметін атқарған.  Мұғалімдік қызметтің бірінші жылында мектептегі оқуын аяқтағалы жатқан Рахиманы ұнатып, үйленген. Жары кейін мектепте кітапханашы болып қызмет етті.  Екеуі бес қыз бен алты ұл тәрбиеледі. Қазір оларда 35 немере мен 36 шөбере бар. Төлеген ата мен Рахима апа балалары мен немерелерін мақтан тұтады. Олардың арасында  экономика ғылымдарының докторы,    педагогика ғылымдарының кандидаты,  математик, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, заңгерлер, сәулетшілер бар. «Біз Қазақстанның патриотымыз, - дейді ардагердің қызы Раушан Мақұлова. - Әкемнің балалары мен немерелерінің бірі де жақсы өмір іздеп шетелге кеткен жоқ». Кәрім Көкірекбаев Бақтыбаевтар жанұясын Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, денсаулық пен елімізге бейбітшілік тіледі.   Ақсақал билік тарапынан көңіл бөлініп жатқанына алғыс айтты. «Саусақпен санарлықтай соғыс ардагерлері қалды. Бізді естен шығармай, бағалайтынына разымын, - деді Төлеген ата. - Биыл Астанада Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған шеруге қатысқанда бұған тағы бір рет көз жеткіздім».     



90 жастағы майдангер И. Ғалиуллин Т-72 танкісін жүргізді

 АСТАНА. ҚазАқпарат -  ҚР ҚК-нің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысы ардагерінің тілегін орындады. «Астана» өңірлік қолбасшылығында «Спасск» оқу-жаттығу орталығының базасында Ұлы Отан соғысының ардагері, танкіші  Исмагил Ғалиуллин жас әскери қызметшілерге шеберлік сыныбын өткізді.  Сексеннің сеңгірінен асып, тоқсан жасқа келгеніне қарамастан, жауынгерлік машинаны басқару дағдысын жоғалтпай ардагер Т-72 танкісінің иінтірегіне отырды,деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.  Қазіргі кезде армияның жарағында анағұрлым ауыр құрышты, қару-жарағы мен техникалық тұрғыда жабдықталған заманауи жауынгерлік машиналар бар екенін айта кетейік. Алайда, танкіші ардагер үшін жаңа техниканы меңгеру аса бір қиындық туғызған жоқ. 90 жастағы Исмагил Ғалиуллин Ұлы Отан соғысы жылдары танкіші болды және өзінің қызмет еткен жылдарын есіне түсіргісі келді.  «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері ардагерге бұл жайтты есіне алуға көмектесті. Ұлы Отан соғысы жылдарында Ғалиуллин аты шулы Т-44-те шайқасты. Бүкіл Еуропаны артқа тастап, майдан жолын Берлинде аяқтады.  Жақында ғана Ұлы Отан соғысының батыры өзінің 90 жылдығын атап өтті. «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Сұлтан Камалетдинов ардагерді құттықтап, бағалы сыйлық табыс етті. «Исмагил Нигматұлы, біз Сізге ұзақ ғұмыр тілейміз және әрқашан көмектесуге дайынбыз. Бүгінгі таңда Сіз сияқты Ұлы Отан соғысының батырлары өте аз. Біз ерлігіңізді ешқашан ұмытпаймыз»,  - деп атап өтті қолбасшы өз сөзінде.             

Петропавлда 314-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлерін еске алды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Жыл сайын 27 қаңтарда петропавлдықтар 314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ескерткішіне келіп Ленинградты блокадалау кезінде қаланы қорғаған сарбаздарды еске алып, құрмет білдіреді. Жиналғандардың арасында сол оқиғалардың куәгері болағндар да бар.«Анамыздың үш баласы болғанбыз, себебі біз қызы Ленинградта қайтыс болған. Сол кезде ол төрт жаста еді. Өте ауыр болды. 125 грамм наннан басқа ештеңе берілмеді. Біз тіпті анамызға да сенбейтінбіз. Өзіміздің нан карточкаларымызды сұрап алып, дүкенге баратынбыз», - деп бөлісті блокадалы Ленинградтың тұрғыны Любовь Яковлева. Петропавлда ленинградтық блокаданың тірі куәгерлерінен небәрі 11 адам қалған. Жиналғандар қаза тапқан сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды.            

Б.Момышұлының көптомдық шығармалар жинағының келесі 15 томы дайындалуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының көптомдық шығармалар жинағының келесі 15 томы дайындалуда. Бұған дейін оның 30 томы жарық көрген болатын. Аталған оқу орнының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеге қарағанда, көптомдықта қазақтың көрнекті жазушысы, даңқты қолбасшы туралы естеліктер, драмалық шығармалар, арнаулар, поэмалар мен балладалар топтастырылған. 31, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 38-ші томдарда Б. Момышұлы туралы есімі елге белгілі қаламгерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің естеліктері жинақталған. Олардың қатарында Мамытбек Қалдыбаев, Дмитрий Снегин, Әзілхан Нұршайықов, Тахауи Ахтанов, Тәкен Әлімқұлов, Тұрсын Жұртбай, Мырзатай Жолдасбеков, Бахытжан Момышұлы, Мекемтас Мырзахметұлы, Мұхтар Шаханов, Қасым Қайсенов, Шерхан Мұртаза, Ғабит Мүсірепов, Зейнеп Ахметова, Әкім Тарази сынды азаматтар бар. Ал 39-томға Мәлік Ғабдуллинның «Бауыржан Момышулы» атты орыс тіліндегі очеркі берілген. Батыр туралы драмалық шығармалар 40, 41-ші  томдарда. Онда Шерхан Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған», Жәркен Бөдештің «Жұлдызтас» және өзге де жазушылардың туындылары бар.  42, 43-ші томдарда жалпы саны 200 арнау өлең топтастырылған. 44-ші томда поэмалар, 45-ші томда жыр, балладалар жинақталған. «Бүгінгі күнде 15 том баспаға толықтай дайын деуге болады. Жалпы, дүние жүзінде Баукең туралы жазылған еңбектер өте көп. Солардың бәрін жинап, аудару қажет. Осыларды реттесек, батыр ағамыздың 100 томдығын шығаруға мүмкіндігіміз бар», - дейді «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарованың қолдауымен орталық бүгінде Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатындағы Бауыржан Момышұлымен қарым-қатынаста болған қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар басқа да өнер адамдарының жеке қорларындағы Баукеңе байланысты архивтік құжаттарды жинақтау үстінде. Айта кетейік, ғылыми орталық Б. Момышұлының мұраларын жинау, зерттеу және басып шығару бағытында жұмыс атқарады. Жуырда «Легендарный батыр» деген атпен естелік кітабы мен «Фотоқұжаттық альбомын» көпшілік назарына ұсынылған болатын.   


93 жастағы Ғ. Ергешов соғыс ардагері куәлігіне 70 жылдан кейін қол жеткізді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте қарт жауынгер соғыс ардагері куәлігіне 70 жылдан кейін қол жеткізді. Ғани Ергешов ақсақал осылайша қаладағы ресми тіркелген 158-соғыс ардагері атанып отыр. 93 жастағы қарттың Ұлы Отан соғысына қатысқанын дәлелдеу үшін осынша жыл қажет болды, деп жазады otyrar.kz. Енді қарияның көнетоз костюмінің төсінде соғыс ордендері мен медальдары жарқырап тұр. Бірақ, бұған дейін осы төсбелгілердің өзі соғыс ардагері мәртебесін бере алмаған. Себеп - әскери билеттің жоғалуы. Ардагер ұрыстың бірінде ауыр жараланып, госпитальға түскенін айтады. Есін жиса, әскери билеті жоқ. -Мені госпитальға жеткізген санитарлар әскери билетті алған. Ары қарай қайда қойғандарын ешкім білмейді, - деп еске алады Ғани ақсақал. -Кейін сол госпитальдан басқасына ауыстырды. Елге 1947 жылы оралдым. Келе сала құжатымды қалпына келтіру үшін әскери комиссариатқа барсам, ондағылар ресми сұраныс жіберу керек дейді. Сөйтіп, бір-екі барған соң ол жаққа мүлде аяқ баспай қойдым. Ал қарттың немересі атасы үшін іздеуге кіріседі. Ол әділеттілікті қалпына келтіруде көздеп, әскери комиссариатқа барған. Жауап 6 айдан кейін келді. - Біз Ресейдің Подольск қаласындағы орталық архиві мен Санкт-Петербордағы әскери-медициналық музейге сұраныс жібердік, - дейді Шымкент қалалық қорғаныс істері басқармасының ардагерлермен жұмыс істеу бөлімінің бас маманы Дариға Қожамұратова. - Ол жақтарда соғыста жарақат алған жауынгерлердің барлық құжаттары сақталады. Содан, 2016 жылдың қаңтар айында Ресейден мұрағат анықтамасы келді. Онда «Қызыл армия сарбазы Ғани Ергешов Ұлы Отан соғысында әскери ұрыстарға қатысты және жағына жарықшақ тиіп, жарақат алған» деп жазылған. Осы анықтама негізінде қарт жауынгер Ғани Ергешов ардагер куәлігіне қол жеткізді. Енді, Дариға Қожамұратованың айтуынша, қарияға соғыс ардагерлері қолданатын барлық жеңілдіктері тиесілі.      


Жоғары әскери оқу орындарының біріне тұңғыш генерал Ш.Жексенбаевтың есімі берілсе дейміз - Е.Айталиев

ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты жоғары әскери оқу орындарының біріне қазақтан шыққан тұңғыш техникалық әскерлердің генерал-майоры, көрнекті қайраткер Шәкір Жексенбаевтың есімі берілсе дейміз. Бұл туралы Орал қаласында тұратын генерал ұрпақтарының бірі, техника ғылымдарының докторы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті информатика кафедрасының меңгерушісі Ермек Айталиев мәлім етті.Оның айтуынша, биылғы 28 ақпанда генерал-майор Шәкір Жексенбаевтың (1901-1988) туғанына тура 115 жыл толмақ. Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөкей ордасы ауданы Қаракөл-Шоңай маңында өмір есігін ашқан генерал Ұлы Отан соғысынан кейін Мәскеуде тұрғанымен, туған жерімен байланысын үзген жоқ. Сол келген кездерінде өзі еске алғанындай, Адай руының кеңшалбар бөлімінен тарайтын Қолөткенов Жексенбайдан үш ұл, екі қыз өрбіген. Ұлдары Айталы, Орынбай, Шанабас. Шәкір мен Сәтбай Айталыдан туған. Шәкірді қарт анасы Айғаным бауырына басқандықтан, ол Жексенбаев, Жексенбайұлы болып жазылған. Нулы да сулы Шоңай көлін қазан төңкерісіне дейін хан тұқымдары Махамбет, Науша, Нәреш, Сұлтан, Ибраш, Сәлім (шын аты Сәлімгерей) Бөкейхановтар жайлаған. Осы маңдағы ең биік те сәнді ғимарат Махамбеттің қарағай үйі болған (Махамбет пен Науша Бөкейхановтардың атақты күйші екені де мәлім). Жалпы, Шоңай көлінде жиырмадан астам рудың екі жүздей шаңырағы түтін түтеткен. Шоңай көлінің шығыс бетіндегі 6-7 шақырым қашықтықта Тастөбе аталған жерде Жексенбайдың жазғы орны болған. Табиғаты ерекше, айнала көк шалғын. Жазда киіз үйлер тігілген. Соның бірінде 1901 жылы Шәкір шыр етіп жерге түскен. Алдымен Шоңай көліндегі бастауыш мектепке жаяу барып оқыған жасөспірім 1912-1917 жылдары Ордада білім алады. Тіпті осындағы педагогикалық училищенің 1 курсын тәмамдап үлгереді. Ағаларына ілесіп, Басқұншақ тұз өндірісінде жұмыс жасаған Шәкір 1919 жылы 20 маусымда дәл осы Шоңайдың көк шалғын жерінен атқа отырып, Ордаға біржола аттанады. Анасы Жәмила көз жасын көл қылып, қимай шығарып салады. Бұл Хан ордасында жаңа өкімет орнап, қазақтың тұңғыш атты әскер полкі ұйымдастырылып жатқан кез-тін. Шәкір Жексенбаевтың әскери өмірі осылайша басталған еді. Генералдың өз қолымен жазған өмірбаянына қарағанда, аталмыш полктің курсанты болып қабылданған жас жігіт кейін атты әскер эскадроны құрамында Орынборға ауысады. Борисоглебск атты әскер курсында оқып, 1920 жылы 30 маусымда командир атағын алып, І дербес қазақ атты әскер дивизионына оралады. Әуелі взвод командирі, кейін эскадрон командирінің көмекшісі болған Шәкір Жексенбаев арнайы жолдамамен Бас штаб академиясында төрт жыл оқып, 1924 жылы жоғары әскери білім алып шығады. Қызмет баспалдағымен өрлеген қазақ жігіті рота командирлігінен Қазақ АССР Орталық атқару комитеті атындағы біріккен әскери мектептің оқу бөлімінің бастығы, Қазақстан әскери комиссариаты саптық бөлімінің бастығы, Белорус әскери округі 37-атқыштар дивизиясы 110-атқыштар полкінің штаб бастығына дейін көтерілді. Ал 1930-1931 жылдары Жоғары химиялық академиялық курсында оқып шыққаннан кейін әскери өмірінің жаңа кезеңі басталды. Яғни химиялық қызметке ауысқан ол 1932 жылдан бастап осы қиын саланың ауыр жүгін қайыспай көтерді. Былайғы жұрт қыр-сырына қанық болмаса да, әскерде химиялық қорғаныстың маңызы зор еді. Ұлы Отан соғысына дейін-ақ біраз лауазымды қызметтің басын қайырып үлгерген Шәкір Жексенбаев бірнеше майданның химиялық қорғау саласын басқарысуға тікелей қатысып, ерекше көзге түседі. Химиялық қарудың аса қауіпті әрі зардабы зор екендігін түсінген әскери басшылар Бас қолбасшы И.В.Сталиннің 1941 жылғы 13 тамыздағы №0285 бұйрығы негізінде арнайы әскерлерді қайта құра бастады. Ұйымдастырушылық жұмыстардың басы-қасында жүрген полковник Ш.Жексенбаев 1941 жылғы 28 қазанда Брянск майданы химиялық қорғаныс бөлімінің бастығы болып тағайындалып, осы қызметті 1943 жылғы қазанға дейін абыроймен атқарды. Соның дәлеліндей қолбасшы тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін сол жылғы 11 наурызда Қызыл ту, 23 қыркүйекте бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталып, 16 қазанда техникалық әскерлердің генерал-майоры атағы беріледі. Ш.Жексенбаев осындай жоғары атақты иеленген тұңғыш қазақ еді. Қызыл ту - КСРО-да жоғары бағаланған алғашқы ордендердің бірі. Отан қорғауда ерекше батырлығы мен қайсарлық көрсеткені үшін берілетін осынау орденмен Шәкір Жексенбаев бір емес, төрт мәрте марапатталған. Тарих магистрі, батысқазақстандық өлкетанушы Айболат Құрымбаевтың анықтағанындай, оның алғашқысын алған кезде Брянск майданын генерал-лейтенант Мартиниш (Макс) Рейтер басқарған. Ал штаб бастығы, генерал-лейтенант Леонид Сандалов Ш.Жексенбаевқа: «...ерекше жігерлі және ынталы. Әскери тапсырмаларды орындауда майданның бүкіл химиялық әскерлері жақсы дайындықтан өткізілген. Жаудың химиялық шабуылына қарсы дайындық бойынша әскер арасында үлкен жұмыс жүргізілген. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Майданның әскери және арнайы химиялық бөлімшелері жауынгерлерінің химиялық білімдерін шыңдауға сауатты да батыл басшылық жасайды. Өз мамандығына адал, толық берілген білімді әскери қолбасшы. Неміс фашистеріне қарсы шайқастарға жеке өзі де тікелей қатысқан. Мемлекеттің Қызыл ту ордені марапатына лайық» деген мінездеме бере отырып, марапаттау қағазына қол қойған. Ұлы Отан соғысы кезінде химиялық әскерлер аз көзге түскен жоқ. Химиялық әскер бөлімшелері талай құрметті атаққа қол жеткізсе, 28 жауынгері Кеңес Одағының Батыры атанып, мыңнан астамы орден-медальдармен марапатталды. Бір ғана мысал, солардың бел ортасында жүрген Шәкір Жексенбаев дайындап, басшылық еткен фугасты отшашқыш роталар 1942 жылдың ақпанында 13-армия құрамында ерлік көрсетті. Сол жылдың жазында аталған роталар 13-інші және 38-армия құрамында жаудың 9 танкісі мен мыңға жуық солдат-офицерлерін жойған. Сондай-ақ Воронеж-Касторное операциясы (1943 жылғы 24 қаңтар - 2 ақпан) кезінде әскери химик Ш.Жексенбаев шабуыл барысында химиялық реакция нәтижесінде жаудан тасалану үшін қою түтінді 8 шақырым қашықтықта қолданып, кеңес әскерлері жаудың 12 дивизиядан тұратын 2-неміс армиясының қорғанысын шығынсыз бұзған. Бұл операцияға екі жақтан 125 мың адам, 2100-ден астам зеңбірек-минометтер, 65 танк қатынасқан. 17 мың дұшпан қаза болып, 82 мыңы тұтқынға түскен. Курск, Орел, Брянск қалалары азат етілгеннен кейін 2-Прибалтика майданы құрылып, оның да химиялық қорғаныс бөлімін Ш.Жексенбаев басқарады. Кеңес одағы қалалары мен селоларын, соның ішінде Рига қаласын жаудан босатқан әскерлер кейін Ленинград майданына қосылады. Ақыры 1945 жылғы 8 мамырда неміс фашистерінің «Курляндия» тобы да тізе бүгеді. 1944 жылғы қарашада тағы да Қызыл ту, 1945 жылғы 23 ақпанда Ленин орденімен марапатталған қазақ генералының мәртебесі биіктеп тұрған кез еді ол. Қанқұйлы соғыс біткен соң әскерлерді таратып, қайта бөлу, қару-жарақ пен техниканы қабылдаумен айналысқан Ш.Жексенбаевтың өңіріне 1945 жылғы 6 маусымда Лениград майданының қолбасшысы, маршал Л.А.Говоров тағы бір Қызыл ту орденін тағады. Тек Л.А.Говоров қана емес, Ұлы Отан соғысы барысында Кеңес Одағының маршалдары С.К.Тимошенко, Б.М.Шапошников, К.К.Рокоссовский сынды әскери қолбасшылармен қызметтес болып, талай жауапты міндеттерді орындаған қазақ генералы ешкімнен кем емес еді. Соғыстан кейін химиялық қорғаныс саласындағы қызметін жалғастырған Шәкір Жексенбаев білімін жетілдіре түсіп, 1949 жылдан В.В.Куйбышев атындағы әскери академияда дәріс береді. 1950 жылғы мамырда төртінші Қызыл ту орденімен марапатталған генерал-майор әскери кадрларды даярлауға да айрықша еңбек сіңірді. Генералдың жары Нина Ивановна фармацевт болса, ұлы Олег медицина ғылымдарының докторы, микробиолог атанып, жары, дәрігер-окулист Вера Александровнамен осы салада өмірден өткенше талмай еңбек етті. Қазіргі таңда Шәкірден қалған немересі Марина ғана, ол Мәскеу қаласында тұрады. Ал інісі, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жыл Бөкей ордасы ауданында ұстаздық еткен Сәтбай Айталиевтен тараған ұрпақтар, шүкір, баршылық. Осы аудандағы Ұялы ауылындағы мектеп Ш.Жексенбаевтың есімімен аталса, Орал қаласындағы бір көшеге генералдың аты берілген. Биыл қазақ тарихында ерекше орны бар бірегей тұлғаның туғанына 115 жыл толып отыр. Ендеше, халықтың қаһарман ұлына қандай құрмет те артық емес.        


«Біз миллиондаған панфиловшылармыз»: Алматы естелік штандартын Екатеринбургқа табыстады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Біз  миллиондаған Панфиловшылармыз» халықаралық естелік штандартын Екатеринбург қаласына салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.Жиынға қала тұрғындары, құрметті қарауыл жасағы, Ұлттық Гвардия, аэроұтқыр әскери жасағы, әскери-үрлемелі аспап оркестрі, генерал Панфилов атындағы №54 мектеп оқушылары қатысты. Жиналғандар 28-Панфиловшылар паркіндегі Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. «Бұл тек Алматы үшін ғана емес, Қазақстан үшін де мерейлі оқиға. Соңғы уақытта түрлі қауесет тарап жатыр. Оның ерлігі тарихта болмаған деп. Ресей мен Қазақстан тарихшылары жаппай ерлікті қазақстандықтар жасағанын дәлелдеді. Ешкім Мәлік Ғабдуллиннің, Төлеген Тоқтаровтың ерлігін жоққа шығара алмайды. 17 танк жойғыш, 11 сапер туралы да тарихта жазылған. Сондықтан, қазақстандықтардың бойында жеңімпаздың қаны ағып жатыр», - деді генералдың немересі Алуа Байқадамова. Ресми бөлімнен соң жиылған қауым Офицерлер үйінде Панфилов дивизиясының ерлігіне арналған фильмді, концертті тамашалады. Айта кету керек, акция Орынборда басталды.  Төртінші қала ретінде Алматы штандартты Новосібірден қабылдап алған болатын. Бүгін Екатеринбург қаласы алып жатыр. Одан әрі естелік штандарты Қырғыз Республикасы, Тәжікстанға сапар шегеді. Бұл акция қараша, желтоқсанда Волоколамск қаласында аяқталады. 20 ақпанда аталған оқиғаға орай Алматы әкімдігінің, қалалық қорғаныс ісі бойынша департаментінің бастамасымен жауынгерлер шеруі өтеді.       


Қалмақ жерінде 13 қазақстандық майдангердің мәйіті табылды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Қалмақ Республикасындағы Хуто ауылынан «Сармат» астрахандық іздеу жасағы Ұлы Отан соғысында мерт болған 13 қазақстандық майдангердің мәйітін тапты.Сарбаздардың есімдері табылған медальондар бойынша анықталды. Барлығы 152-ші қорғаныс-атқыштар бригадасыншың жауынгерлері болған.  Олардың ішінде үш павлодарлық бар. Бұл Яковенко Иван Трофимович, 1922 жылы туған, снаряд тасушы, Беляков Иван Григорьевич, 1922 жылы туған, қатардағы нысанашы және Сакин Николай Трофимович, 1922 жылы туған, қатардағы нысанашы. Барлығы майданға Павлодар облысы Цурюпин ауданынан шақыртылған. Бұл туралы павлодарлық «Майдан жолы» іздеу жасағының командирі Александр Шитов №11 Павлодар мектебіндегі «Ерлік сабағында» айтты. Неміс әскері Қалмақ жерінің 8 ұлысын 1942 жылы шілдеде басып алған.  Мұнда Қызыл әскер  олардың басқыншылығын тоқтатты. А.Шитовтың сөзіне қарағанда, павлодарлық іздеушілер осы жерде қаза тапқан ержүрек жауынгерлердің туыстарын тауып, олардың ерлігі жайлы баяндайды.   «Майдан жолы» командирі  Қалмақ жерінде табылған қазақстандық жауынгерлердің тізімін атады: 1. Лопатин Александр Моисеевич, 1922 жылы туған, нысанашы, Алматы облысы. Гайницкий АӘК шақыртылған, мекен-жайы: Талдықорған облысы Сарыөзек стансасы, 5-ші аудан, №5 пәтер. 2.Кішімбаев Мәлік, 1915 жылы туған, Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Қармақшы АӘК шақыртылған. 3.Романюк Иван Макарович, 1922 жылы туған, сержант, бөлімше командирі, Алматы облысы Қоғалы ауданы Қоғалы АӘК шақыртылған. 4. Поляков Дмитрий Григорьевич, атқыш, Архангельск облысы. 5.Яковенко Иван Трофимович, 1922 жылы туған, қатардағы жауынгер, снаряд тасушы, Павлодар облысы, Цурюпин ауданы, Кузьминка ауылы. 6.Аурамбетов Ахмут, 1922 жылы туған, қатардағы жауынгер, оқ тасымалдаушы, Қызылорда облысы Тереңөзен ауданы, Тереңөзен стансасы. 7. Исабеков Қайпек, 1922 жылы туған, қатардағы жауынгер, оқ тасушы, Қызылорда облысы Сырдария ауданы, 1 май колхозы. 8. Михайлов Илья Иванович, 1915 жылы туған, бөлімше командирі, Шымкент, Привокзальная слободка №2а. 9. Гаврилов Петр Николаевич, 1922 жылы туған, қатардағы жауынгер, нысанашы, Алматы облысы Қоғалы ауданы, Сарыөзек стансасы. 10. Беляков Иван Григорьевич, 1922 жылы туған, қатардағы жауынгер, нысанашы, Павлодар облысы Шарбақты ауданы (Цурюпин), Сергеевка кенті. 11.Сакин Николай Трофимович, 1922 жылы туған, қатардағы жауынгер, нысанашы, Павлодар облысы Цурюпин ауданы. 12. Иванов Александр Георгиевич, 1922 жылы туған, қатардағы жауынгер, оқ тасушы, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданы. 13. Барышников Михаил Макарович, 1922 жылы туған, қатардағы жауынгер, снаряд тасушы. Жамбыл облысы Мерке ауданы Кузминка ауылы (қазіргі Сарымолдаев ауданы, Сарымолдаевка ауылы).     


Екатеринборда «Біз миллиондаған панфиловшылармыз» еске алу шарасы өтті

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Бүгін Екатеринборда кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков ескерткішінің маңында «Біз миллиондаған панфиловшылармыз» еске алу вахтасын тапсыру рәсімі өтті. Бұл туралы Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Елшілігінен хабарлады. Халықаралық еске алу вахтасы 2015 жылдың қазанында Орынборда басталды.  Кейін Челябі, Новосібір  және Алматыға жол тартты. Алматыда туды Екатеринборға  атақты 316-шы атқыштар дивизиясының командирі  Иван Васильевич Панфиловтың немерелері тапсырды.  Екатеринбор - вахтаға қатысып отырған бесінші қала. Ол 2016 жылдың күзінде Мәскеуде аяқталады.   Шара аясында «Ресейдің іздеу қозғалысы» жалпыресейлік қозғалысының Свердлов өңірлік бөлімшесінің басшысы Татьяна Хардина 1919 жылы туған Петр Ябековтың сарбаздық  медальоны мен мұрағат құжаттарын туыстарына тапсырды.  Оның мәйітін Тверь облысы  Ржев ауданы Соломино ауылында «Победа» іздеу жасағы тапты.            


Мәскеуде Әлия Молдағұлованы еске түсірді

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеуде ұлттар үйінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 90 жыл толуына арналған кеш өтті.Кешті «Қазақ диаспорасы» Мәскеу қоры мен мәскеулік «Мұрагер» қазақ мәдениеті қоғамы ұйымдастырды. Бұл шара Мәскеу қаласының «Әлия Молдағұлова атындағы №402 гимназия» мемлекеттік бюджеттік білім мекемесімен бірлесіп өткізілді. Кеш қонақтары Мәскеу қаласының орта мектептері оқушылары, астана тұрғындары, мәскеулік жоғары оқу орындарының, қоғамдық ұйымдардың, қазақ диаспорасының өкілдері, сондай-ақ қазақстандық студенттер болды. «Әлия Молдағұлова - қазақ халқынының даңқын көтерген шығыс шынары. Батырдың образы жастарымызға әскери-патриоттық тәрбие беруде өте маңызды. Біздің жас ұрпақ осындай батырларымызды еске сақтап, оларды мақтаныш етуі тиіс», деді мәскеулік «Мұрагер» қазақ мәдениеті қоғамының президенті Ерназар Нұриев.  «Мұрагер» қоғамының жетекшісі біздің аңызға айналған отандасымызды мәскеуліктер құрмет тұтатынын мақтанышпен атап өтті. «Қала көшелерінің бірі оның есімімен аталған. Біз оны мақтан тұтамыз», - деді Е.Нұриев.       


Алматыда «Біз миллиондаған панфиловшылармыз» шеруіне мыңнан аса әскери қызметші қатысты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат-Бүгін Алматыда жауынгер-панфиловшылардың Мәскеуді қорғау барысында көрсеткен ерліктеріне 75 жыл толуына орай өткізілген «Біз миллиондаған панфиловшылармыз» акциясы аясында қала көшелерімен мыңнан аса әскери қызметші жүріп өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараны өткізудегі басты мақсат - жас қазақстандықтарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу. «Алматыда жергілікті атқарушы органдар және Алматы қаласын қорғау істері жөніндегі департаменттің қолдауымен «Біз миллиондаған панфиловшылармыз» атты акция бірнеше күннен бері жүргізіліп келеді. Бұдан 75 жыл бұрын Алматы қаласында құрылған 316-шы атқыштар дивизиясы Мәскеу қаласын неміс басқыншыларынан ерлікпен қорғап, жауды кейін шегіндірген болатын. Біз бұл ерліктерді ерекше мақтанышпен еске аламыз», - деді Алматы қаласы қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, полковник Ермұхан Аспамбетов.     Шеру Бөгенбай батыр мен Қонаев көшесі қиылысындағы ескерткіштен басталып, 28 панфиловшылар атындағы саябақта аяқталды. Мәңгілік алау алдында бүгінгі шараға қатысушылар Мәскеуді қорғау барысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.   «Көпұлтты Қазақстан халқы Ұлы Жеңіске айтарлықтай үлес қосты. Соғыс жылдары елімізден әскер қатарына - 1 196 164 жауынгер, ал еңбек армиясына - 700 мыңнан астам адам шақырылды. Қазақстанда 21 атқыштар, 4 квалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге тарта жекелеген полктік батальондар жасақталды. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз 4 жылға созылған сұрапыл соғыста ерліктің талай тамаша үлгілерін көрсетті.   Мәскеу үшін болған шайқастарды талай тарихшы зерттеді. Бірақ, әлі күнге дейін сол кездегі оқиғаларға қатысты көптеген құжаттар  ашылған жоқ. Бірақ қолда бар мәліметтердің өзінен-ақ, шайқастардың қалай өрбігенін білуге болады», - деді өз сөзінде «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, отставкадағы генерал-майор Рүстем Қайдаров.  Айта кетелік, Алматыда осыдан бір апта бұрын «Біз миллиондаған панфиловшылармыз» атты Халықаралық еске алу вахтасының байрағы Екатеринбург қаласына берілген болатын. Бұл байрақ кейін ТМД елдерінің басқа да қалаларына жеткізіледі.                


Павлодарда Бауыржан Момышұлының жаңа суреттері табылды

 АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, жазушы Бауыржан Момышұлының шипажайда түскен суреттері табылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz."Анам Несібелді Әбдікәрімова 1975 жылы «Сарыағаш» шипажайына демалуға барғанда Бауыржан Момышұлын кездестірген. Баукең суретке түсуді ұната қоймайтын. Сондықтан демалушылар ол кісіге жақындай алмай жүр екен. Дегенмен, анам өзінің пысықтығы мен тапқырлығының арқасында аңыз адаммен суретке түсіпті. Тіпті, бір суретте екеуінің әңгімелесіп келе жатқанын көруге болады, бірақ не жайлы сөйлескендері біздің есімізде қалмағаны өкінішті", - деді Несібелді Әбдікәрімованың қызы Сайрам Аяшинова. Несібелді Әбдікәрімова 2007 жылы 21 наурызда дүние салған. Ол жұбайы Мұкәрам Аяшиновпен 1969 жылы отау құрған. Бүгінде ақсақал Кенжекөл ауылында тұрады.     


Панфилов дивизиясының ерлігі - жаңа қазақстандық патриотизмнің негізі - генерал -майор Қ.Қайдаров

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда "Генералдар кеңесі" қоғамдық бірлестігі "Панфиловшылардың жаппай ерлігі - жаңа қазақстандық патриотизмнің негізі" əскери-тарихи конференция өткізді. Отырыс барысында панфиловшы жауынгерлердің Мəскеуді қорғау жолындағы шайқасы туралы талқыланды. Мұрағат жəне музей қызметкерлері, академиялық жəне зерттеу институттарының мамандары  зерттеу жұмыстарын қорытындылады. Ғалымдар əскери тарихтың негізгі бағыттары бойынша дау туғызатын тұстарды тілге тиек етіп, Ұлы Отан соғысының тарихын одан əрі терең зерттеуді қолға алу керектігін жеткізді. "Біз тарихты білуіміз керек. Біздің отандастарымыз 75 жыл бұрын Мəскеуді ерлікпен қорғады. Қазіргі жастар, тіпті офицерлер де Панфилов дивизиясын біле бермейді. Жастардың тарихтан қол үзбеуі үшін үнемі ағарту жұмыстарын жүргізу керек. Біздің қазіргі алға қойған мақсатымыз - Армия үйін "Мəңгілік ел" патриоттық жұмыс орталығына айналдыру",- деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Лəйла Ахметова. Жаңа қазақстандық "Мəңгілік ел" патриоттық қозғалысы туралы əділет генерал-майоры, профессор Рүстем Қайдаров айтты. "Мəңгілік ел" патриоттық қозғалысы жастарға Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт жоспарын жүзеге асырудың 5 институционалды реформасы мен "Нұрлы жол - болашаққа бастар жол" жолдауын, Алматы қаласының даму бағдарламасын жүзеге асыруға көмектеседі. Жаңа қазақстандық патриотизм - біздің мемлекеттілігіміздің, бірлігіміз бен қауіпсіздігіміздің кепілі",- деді ол. Конференцияға билік өкілдері, "Нұр Отан" партиясының мүшелері,  ҰОС ардагерлері, əскери оқу орындарының оқытушылары мен студенттер қатысты.       


Жасотандықтар ардагерлерге көмек көрсетуде - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында «Жас Отан» ЖҚ Ақмола облыстық филиалының белсенділері тұрақты негізде ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне, мүмкіндігі шектеулі адамдарға тұрмыстық және атаулы көмек ұйымдастыруда.Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметінен хабарлады. Жуырда жастар Ұлы Отан соғысының ардагері Леонид Дмитриевич Синельниковтің үйіне барды. Өз кезегінде ақсақал Кеңес Одағының халқы Жеңіске жету үшін қандай батырлық пен ерліктің үлгілерін көрсеткенін айтты. Сонымен қатар қария жастардың қойған сұрақтарына, яғни өз жауынгерлік ерліктері туралы айтып берді. Майданға қалай аттанғанын, тұтқынға түскен сәтін еске алды. Леонид Дмитриевич 1921 жылдың 21 сәуірінде Көкшетау қаласында туған. Жақында 95 жас мерейтойын атап өтпек. Ұлы Отан соғысының басталғанға дейін мұғалім болып жұмыс істеді. Кейін кеңес әскері қатарына шақырылып, борышын Белоруссияда өтеді, бұл жерден майданға аттанды. Соғыста жаралы болып, үш рет тұтқынға түсті, бірақ та концлагерьден қашып кетуге тырысты. Көптен күткен Жеңіс күнін Леонид Дмитриевич Минскіде қарсы алды. Бұдан кейін ол Қиыр Шығысқа әскери қызмет етуге жіберілді. Туған жері Көкшетауға тек 1948 жылы ғана оралды. Өмір бойы жүргізуші ретінде жұмыс істеп, тың жерлерді игеруге қатысып, Қазақстанның үздік жүргізушісі болып танылған, бірнеше рет еңбекшілер депутаттар қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды. Леонид Дмитриевич көптеген медальдармен марапатталған. Ол үш баланы тәрбиелеп өсіріп, одан жеті немере  мен тоғыз шөбере сүйіп отыр. Сол күнде азаматтық қорғаныс көпсалалы колледжінің «Жас Отан» ЖҚ белсенділері тыл еңбеккері, бірінші топтағы мүгедек Рудоба Джусупбаеваның отбасына көмек көрсетті. Рудоба апа Көкшетауда 1925 жылы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Кезінде татар мектебін бітірген. Соғыс жылдарында сол кездегі 16-жасар қыз әскери зауытта қиын да ауыр жұмыс атқарды. 1948 жылы Махмұд Джусупбаевпен отбасын құрып, Зубайра мен Сагида есімді қыздарын дүниеге әкелді. Жастар айтқандай, бұндай жылы кездесулерді мен сұхбаттарды ұмытуға болмайды - ол дегеніміз бейбітшілікті сақтаудың маңыздылығы ретінде өскелең ұрпаққа ғибрат пен естелік. Айта кететін жайт, «Жас Отан» ЖҚ Ақмола облыстық филиалының маңызды бағыты аға буын ұрпақ өкілдеріне көмек көрсету болып табылады: бүгінде аймақта тұратын барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлері қамқорлыққа алынды. Белсенділер тұрғын үй мәселелері, бос уақыт өткізу, сапалы медициналық қамтамасыз ету, тұрмыстағы күнделікті жәрдем көрсету сияқты көптеген маңызды сұрақтарды көтерді. Әрбір сұрақтың шешілуі жүйелі партиялық бақылауда тұруда.      


Қазақстанда соғыста із-түссіз кеткен жауынгерлерді еске алу үшін жаңа сайт іске қосылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда Ұлы Отан соғысында із-түссіз кеткен жауынгерлердің бірыңғай виртуалды зираты ашылады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен мәдени шара барысында белгілі болды.Жаңа медиаресурста хабарсыз кеткен майдангерлер туралы мұрағаттан, концлагерь тұтқындары тізімінен, бауырластар зираты мен қазба жұмыстары барысында анықталған соңғы деректер жарияланатын болады. Еске сала кетейік, былтыр күзде «путькпобеде.кз» сайтында «Есімдерін еске алайық» бөлімі ашылған болатын. Ондағы «Біртұтас сап» айдарында қазақстандық жауынгердің әрқайсысына арналған жеке парақша ашылған. Мұндағы деректердің барлығы жаңадан ашылатын «Пантеон.kz» сайтына 1 ай көлемінде толық көшірілетін болады. Мамандардың айтуынша, Қазақстаннан шақырылған солдаттардың ерлігі туралы бірыңғай медиаресурс даңқты ата-бабаларымыздың ерлігін мадақтайтын фильмдердің түсірілуіне, кітаптар мен мақалалардың жазылуына себепші болады. Айта кету керек, Республикалық «Генералдар кеңесі» бірлестігі майданға қатысқан қазақстандықтардың ерлігі еске алу мақсатында жеңіспен оралған, өлген, хабарсыз кеткен, жырақта жерленген, белгісіз солдат ретінде атаусыз қалғандардың «Есімдерін еске алайық» ұзақ мерзімді бағдарлама науқанын бастады. «Қазақстаннан Ұлы Отан соғысына 1 млн 200 мың адам қатысқан. Соғыс басталмай тұрғанда 200 мың қазақстандық қызыл әскер қатарында болған. 1 млн 400 қазақстандықтан 12 атқыштар дивизиясы, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50-дей арнайы полк құрылған. Солардың жартысы қайтып келді. Жартысы қаза болды. 93 мың адам із-түссіз жоғалып кетті. Олардың артында миллиондаған ұрпақ қалды», - деді ҚР Әділет генерал-майоры, генералдар кеңеінің төрағасы Рүстем Қайдаров.Оның айтуынша, тарихи құжаттарды ашу жағынан Ресейде жұыс белсенді жүріп жатыр. Бұл жұмыстың барлығы қаржыға келіп тіреледі. «Ресей үкіметімен қоян-қолтық жұмыс жасай келе біз де 100-ге тарта адамды таптық. Бүгін 27 жауынгердің туысқанынан арнайы сертификат беріп жатырмыз. Бұның барлығы келер ұрпаққа үлкен патриоттық тәрбие береді. Өз отанын, халқын қорғауға дайын болу, берген анттарына адал болуы тиіс. Осы мәселені көтереміз», - деді Р.Қайдаров. 


Рейхстагқа атын жазып қалдырған майдангер Шымкентте тұрады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Жастық шағы қан майданда өткен соғыс ардагері Алексей Воронкин биыл 90 жасқа толды. Елін жаудан азат етіп, тыныштығын күзетуде 7 жылын сарп еткен ардагерді Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясов арнайы құттықтай барып, тарту-таралғы жасады.Берлинді жаудан азат етуге атсалысып, Рейхстагқа өз есімін жазып қалдырған соғыс ардагері қонақтарын өзі күтіп алды. Ғасырға жуық ғұмыр кешсе де, әлі тың. Жүрісі ширақы. Ойын да анық жеткізеді. Өзін мерейтойымен құттықтап келген топқа  қатты қуанып қалды, деп хабарлайды otyrar.kz. Отан үшін от кешіп, жеңісті жақындатқан батырдың естеліктерін тыңдауға осы аумақтан сыннан өткен депутат және ардагерлер кеңесінің төрағасы да келді. Майдангердің айтқан естеліктерін тыңдап, соғыстан кейінгі жылдары өңірдің өркендеуі жолында сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін айтқан олар, өздерінің, өскелең ұрпақтың тілегін жеткізді. 1943 жылы әскерге шақырылған Алексей Воронкин бірден Хвалинск қаласына №7 оқу автополкіне жіберіледі. 1944 жылы №396 жеке жаяу артиллериялық полкінің құрамында майдан шебін бұзуға қатысады. Маршал Жуковтың басқаруымен Белорусия майданында болғанын еске алды қария. Варшавадағы бөгеттерді бұзып өтіп, Берлинмен шекаралас Одер қаласын жаудан азат еткен күндері ұмытылмақ емес. «Бұл бір қырғын соғыс болды. Қорғаныс мықты еді. Артиллериялық күш те осал емес. Аса көп қиыншылықпен шепті бұзып, Берлинге қарай жылжыдық. Немістер соңына дейін шайқасты. Біз де беріспедік. Ішер тамақ, киер киім болмады. Жалғыз шинельмен соғысқан сәттер болды. Сөйтіп жүріп, 2 мамыр күні, 1945 жылы жауды тізе бүктірдік. Жауынгерлердің барлығы Рейхстагқа лап берді. Мен де тек алға жылжып, «Мұнда шымкенттік Воронкин болған» деп жазу қалдырдым», декп еске алады ҰОС ардагері Алексей Воронкин. Сол жылы 9 мамырда атап өткен Жеңіс күнінің де әрбір сәті қарт жауынгердің жадынан шыққан емес. Ең жас жауынгер қанды, қаралы күндер аяқталса да еліне бірден қайтпай, 1950 жылға дейін Германияда әскери салада қызмет етеді. «Отан соғысының ардагері», «Варшаваны жаудан азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдерімен марапатталады. Өткен күндер естелігі көкірегінде сайрап тұрған ардагер бүгінгі бейбіт заман мен тоқшылық өмірге тәуба етеді. Шаңырағына келген қонақтарға «Бүгінгі ұрпақ бақытты балалығынан, жалындаған жастық шағынан айрылмасын» деген тілегін айтып, батасын берді.       


Маңғыстаулық ҰОС ардагерлері Жеңіс күніне орай 212 мың теңгеден алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында 9 мамыр қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленеді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі филиалының брифингінде Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Гүлмира Қалмұратова мәлім етті, деп хабарлайды  lada.kz. - Маңғыстау облысында ҰОС 52 ардагері бар. Өткен жылғы сәуірде 60 болатын. Биыл мерейтойлы жыл болмаса да, сол көлемде жәрдемақы төлейміз, 2015 жылы да осы көлемде берілген. Бұл ақша жергілікті бюджеттен бөлінеді. Әр ардагер 212 мың 100 теңге алады», - деп мәлімдеді Қалмұратова. Қаражат Жеңіс күні қарсаңында аударылады.     


15 мыңға жуық соғыс ардагеріне 52 млн. теңгенің дәрі-дәрмегі тегін берілді - Т.Дүйсенова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 15 мыңға жуық Ұлы Отан соғысы ардагеріне 52 млн. теңгенің дәрі-дәрмегі тегін берілді. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.«Өздеріңізге белгілі, мемлекет тарапынан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне барлық уақытта да ерекше қамқорлық көрсетіледі. Әлеуметтік қолдау жағынан айтар болсақ, биыл біз барлық ардагерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік міндеттемелерді Елбасы берген тапсырмаға сәйкес орындадық. Яғни, әлеуметтік төлемдердің барлығы көтерілді», - деді Т.Дүйсенова. Оның айтуынша, Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтар екі санатқа бөлінеді. Біріншісі - Ұлы Отан соғысына қатысушылар. Олардың мемлекеттік бюджеттен алып отырған зейнетақылары мен әлеуметтік төлемақылары ай сайын 106 мың теңге көлемінде болып отыр. Ал, екіншісі - Ұлы Отан соғысы мүгедектерінікі - 109 мың теңге. «Біз ай сайын осы қаражаттарды  ардагерлерге уақтылы аударып отырмыз. Екінші үлкен көмек - бұл медициналық көмек.  Алдағы үш айдың көлемінде 3300-ге жуық Ұлы Отан соғысына қатысушыларды және оларға теңестірілген азаматтарды медициналық тексеруден өткізіп, диспансерлік көмек көрсетуді бастадық. Бұған қоса, 15 мыңға жуық ардагерге 52 млн. теңгенің дәрі-дәрмектерін тегін жеткізіп бердік. 700-ге жуық ардагерді шипажайлық емдеуге жібердік. Сонымен бірге 200-ге жуық ардагердің тістерін протездеуді бастадық. Бұл жұмыстар одан ары да жалғасады», - деді министр. Айта кетейік, бүгінде елімізде 3886 соғысқа қатысушы мен соғыс мүгедектері, 22 мыңнан астам соғысқа қатысушыларға теңестірілген азаматтар бар.     


Жеңістің 71 жылдығына орай ардагерлерге 2,6 млрд. теңгенің материалдық көмегі көрсетіледі - Т.Дүйсенова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеңістің 71 жылдығына орай ардагерлерге 2,6 млрд. теңгенің материалдық көмегі көрсетіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.«Жергілікті атқарушы органдар да өз тараптарынан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көмек көрсетуде. Облыс әкімдерінің ақпаратына сүйенер болсақ, жыл басынан 540 млн. теңгеден астам қаражат осы кісілерге жұмсалды. Оның ішінде 141 млн. теңге коммуналдық төлемдерге жұмсалса, 320 млн. теңгеге жуық қаржы бір реттік жәрдемақы ретінде берілді. Сонымен бірге 15 мыңға жуық азаматтың көлікпен тегін жүру мәселесі де қарастырылған», - деді Т.Дүйсенова. Министрдің атап өтуінше, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлерін күрделі жөндеу жұмыстары да қолға алынды. Бүгінгі күні 15 ардагердің үйі жөнделуде. «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдық мерекесі де жақындап қалды. Облыс әкімдерінің деректеріне сәйкес жергілікті бюджеттерден 2,6  млрд. теңге қаржыны Ұлы Отан соғысына қатысушылар  мен мүгедектерге бөлу көзделген. Бұл қаржының барлығы сол кісілердің әлеуметтік, материалдық жағдайын жақсартуға жұмсалады», - деді ол.     


Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерге «Тұлпар-Тальго» билетіне жеңілдік беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеңіс күні құрметіне ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге «Қазақстан темір жолы» АҚ «Тұлпар-Тальго» пойызымен жүруге жеңілдіктер береді.«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлауынша,  Жеңіс күні құрметіне «Тұлпар-Тальго» пойызымен жүруге жеңілдіктер беретін жаңа дисконтты карталар шығарылады. «Ардагер» дисконтты картасы бойынша  Ұлы Отан соғысына қатысқандарға, Ұлы Отан соғысының   I, II, III топтағы мүгедектеріне арналған 99% жеңілдік жасалады. Дисконттық карта тегін және мерзімі шектеусіз.   «Ардагер+» дисконтты картасы бойынша Ұлы Отан соғысына қатысқандарға теңестірілген барлық топтардың өкілдеріне (оның ішінде аумақтық соғыстарға қатысқандар, Чернобыль апатын жоюға қатысқандар және т.б. бар) 50% көлемінеде жеңілдік жасалады. Қазіргі уақытта «Тұлпар-Тальго» пойыздарына билетті сатып алу мерзіміне (пойыздың жүруіне қанша күн қалғанына) байланысты қосымша 40 пайызға дейін жеңілдіктер жасалады. Ендеше «Ардагер+» дисконтты картасы бар жолаушы билетті күні бұрын алса 70 пайызға дейін жеңілдік ұсынылады. Жеңілдіктер жүйесі «Тулпар-Тальго» пойыздарының төмендегі бағыттарында қарастырылған: №1/2 «Алматы-Астана», №19/20 «Астана-Атырау», №49/50 «Алматы-Ақтөбе», №67/68 «Астана-Защита», №69/70 «Алматы-Защита», №79/80 «Астана-Шымкент», №87/88 «Астана-Ақтөбе», №89/90 «Астана-Қызылорда», №701/702 «Алматы-Петропавл. Дисконттық картаны алу үшін вокзалдағы  «Жолаушылар тасымалы» АҚ темір жол кассаларына келіп, жеке куәлік пен бірге аталған мәртебені растайтын құжаттар ұсынылуы тиіс. Еске сала кетсек, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше 2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде 3 917 Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектері, сондай-ақ 41 729 Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар бар.       


Ұлы Жеңіс қарсаңында соғыс ардагеріне жаңа баспананың кілті тапсырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында Жамбыл ауданы Қастек ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері 105 жасар Мұсахан Тулақов Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Дабалаевтың қолынан жаңа баспананың кілтін алды, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Ардагерге Қарасай ауданындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер берілді. Оны сатып алуға аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Мұсахан Тулақов соғыстан кейінгі жылдарда туған жерін түлетуге үлес қосты. Отбасында 10 бала өсіріп, қазір немере-шөберелерін тәрбиелеуде.       



Австрияда 30 кеңес сарбазы жерленген белгісіз зират табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Австриялық іздеушілер осы ел аумағында Ұлы Отан соғысының соңғы күндері қаза тапқан Қызыл әскердің 30 әскери қызметшісінің қабірін тапты, деп хабарлады  Ren.tv.Іздеуді жүргізген топ басшысының айтуынша, ол Венгриямен шекараға жақын жерде орналасқан Вельтен ауылының маңындағы орманнан табылған, жүргізілген эксгумация барысында сарбаздардың Ресей, Молдавия, Беларусь, Қазақстаннан екендігін куәландыратын құжаттар табылды.     


Елордалық жоғары сынып оқушылары патриоттық конкурсқа белсенді қатысуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында жасөспірімдердің вокалдық ұжымдары арасындағы «Жеңіс деген ұлы сөз» қалалық конкурсы өтіп жатыр. Шығармашылық сайыс Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған «Көктемнің ізгі күндері 2016» патриоттық акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлады astana.gov.kz. Конкурстың ашылуына М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының вокалдық және хореографиялық ұжымдары қатысты. Шараның мақсаты жастардың бойында патриоттық сезімін қалыптастыру, белсенді азаматтық позициясын тәрбиелеу, жоғары сынып оқушыларының арасында вокалдық өнерді кеңінен тарату болып табылады. Конкурс барысында ұжымдар тақырып бойынша вокалдық номерлер мен 1941-1945 жылдары орын алған атаулы оқиғаларға және тарихта өшпес із қалдырған тұлғаларға арналған аса көркем шығармаларды көпшілік назарына ұсынатын болады. Конкурс 24 сәуірге дейін жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша №30 орта мектептің, №47, 67 мектеп-гимназияларының, №48, 28, 64, 55, 58 мектеп-лицейлерінің және №1 математикалық-экономикалық лицейдің жасөспірімдер вокалдық ұжымдары ақтық сында бағын сынамақ.     


С.Кулагин ҰОС ардагерінің 90 жылдық мерейтойына орай жаңа пәтердің кілтін тапсырды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Целиноград ауданында тұратын ҰОС ардагері, танымал журналист, «Алеф» еврей мәдени орталығының төрағасы Моисей Гольдбергті 90 жасқа толған мерейтойымен құттықтап,  2 бөлмелі жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде тапсырды,  деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.Ақмол аулында жаңа пәтерге ие болған ардагерді облыс әкімі құттықтап,  ізгі тілектерін арнады. «Елбасы атап өткендей, біз бүгінгі болашағымыз үшін от кешкен майдангерлерімізді ешқашан ұмытпаймыз. Оларға әрдайым көмек қолын созып,  көмектесе беретін боламыз.  Біздің оларға деген алғысымыз шексіз», деді С.Кулагин. Өз кезегінде ардагерде қарап қалмады,  осындай қамқорлық жасап жатқан аймақ басшысына алғысын білдірді. Еске сала кетейік,  Моисей Михайлович Гольдбергтің отбасы ҰОС  алдында Украинаның Мелитополь қаласынан Павлодар облысына көшірілген. Кейін осы жақтан 1943 жылы Моисей Гольдберг әскер қатарына шақырылады. Одессадағы ұшқыштар даярлайтын мектептің курсанты болып жүргенде жарақат алып, Павлодарға қайта  оралады. «Большевистский путь» атты облыстық газетте журналистік жолын бастап, 1955 жылы ТАСС-тың Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі болады. Одан кейін Целиноград облыстық радиосын 15 жыл басқарады. Ұзын-ырғасы 70 жыл бойына Қазақстан журналистикасына адал қызмет еткен ол қазақстандық әскерлердің майдан жолындағы даңқ-шежіресін жасады. 1975 жылдың мамыр айында ҚазКСР Жоғары кеңесі төралқасы жарлығымен ҚазКСР-ге еңбегі сіңген мәдениет қызметкері атағы беріледі.      


Автошерушілер 15 мың шақырым жол жүріп ҰОС шайқасы болған жерлерді аралайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Жеңімпаздардың даңқы артсын!» автошеруі басталады. Оған қатысушылар Ресей, Балтық жағалауы және Батыс Еуропа елдері арқылы 15 мың шақырымнан астам жол жүріп, ҰОС жылдарында шайқас болған жерлерді аралайды.   «Жобаның басты мақсаты - жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, жақын және алыс шет елдердің жұртшылығын бұрынғы Кеңес Одағы халықтарының ерлікке толы тарихымен таныстыру», - деді бүгінгі өткізілген баспасөз мәслихаты барысында ұйымдастырушылардың бірі Әлібек Бегалинов. Бұл жобаны «Almaty Nomad» Саяхатшылар клубы» қоғамдық бірлестігі «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, «Газпром-нефть» ЖШС-ның қолдауымен жүзеге асырмақ ниетте.  «Автошерудің қатысушылары Волгоград, Мәскеу, Курск секілді  қаhарман-қалаларда болып, ардагерлік қауымдастықтар мен жергілікті қазақ диаспорасы өкілдерімен кездеседі. ҰОС жылдарында қызыл армия құрамына 1,2 млн қазақстандық азамат шақырылды. Ал 200 мың отандасымыз соғыс басталғанда әскер қатарында болған. Сондықтан, бізді әкелеріміз, аталарымыз барлық шайқасқа қатысқан.    Саяхаттың қорытындысы бойынша деректі фильм түсіріледі. Бізге ҚР Ішкі істер министрлігі және Ресейдің Қазақстандағы елшілігі мен консулдығы қолдау көрсетіп жатыр», - деді «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төралқасының төрағасы Рүстем Қайдаров. Автошеру алдағы 16 сәуірде Алматыда басталып, 9 мамырда Берлин қаласында аяқталады. Оның қатысушылары - блогерлер мен операторлар екі машинамен 15 мың шақырымнан астам жолды жүріп өтеді. Күн сайын әзірленетін фото очеректер мен жазбалар әлеуметтік желілерде жарияланатын болады. Өйткені, ұйымдастырушылардың тағы бір көздеген мақсаты - автокөлік туризмін дәріптеу. «Бұл жоба, Панфилов дивизиясы ерлігінің 75 жылдығына орайластырылды. Сондықтан, осы игі шараға үлес қосқанымыз біз үшін зор құрмет. Оның үстіне менің атам осы дивизия құрамында соғысқан», - деді «Газпром нефть-Қазақстан» ЖШС-ның бас директоры Марат Малатаев.      


Елордада ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне бір миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорда әкімдігі ғимаратында алтыншы шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттарының екінші кезектен тыс сессиясы өткізілді. Отырысқа Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин, қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов, сессия төрағасы Мирас Шекенов, сондай-ақ, елордалық басқармалардың басшылары қатысты, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.Күн тәртібінде ең алдымен Астана қаласы тұрғындарының жекелеген санаттарына атаулы және мереке күндері қосымша әлеуметтік көмек көрсету мәселесі қаралды. - 2016 жылы жергілікті бюджет есебінен азаматтардың кейбір жекелеген санаттарына 192 миллион 650 мың теңге көлемінде қосымша әлеуметтік көмек көрсету көзделген: 26 сәуір - Чернобыль атом электр станциясындағы апат күні - Чернобыль АЭС апат салдарын жоюға қатысқан 580 тұлғаға 80 мың теңге, жесір қалған әйелге 50 мың теңге мөлшерінде. Жеңіс күніне орай ҰОС қатысушылар мен мүгедектеріне (172 адам) 850 мың теңгеден берілмек. Сонымен қатар, Астана қаласында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына сәйкес, 9 мамыр мерекесіне орай ҰОС ардагерлеріне 150 мың теңгеден ақшалай төлем жасалады. Яғни, үстіміздегі жылы Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне жалпы есепте бір миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі, - деді Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов. Алтыншы шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан мақұлдады. Отырыс барысында депутаттар кіреберістер мен аулаларда ардагерлерге қолайлы жағдайлар жасап, абаттандыру мәселесін көтерді. Тұрғындар хабарсыз болғандықтан, соғысқа қатысушылар тұратын үйлерге «Мұнда ҰОС ардагері тұрады» деген жазуларды ілу туралы ұсыныс жасалды. Мұнымен қоса, депутаттар мемлекеттік сатып алулар саласында отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету бойынша ведомствоаралық комиссия құрамын қарады. Астана қаласы Коммуналдық мүлік және мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы Ерсін Өтебаевтың хабарлауынша, аталған мекеме Астана қаласының кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп мемлекеттік сатып алулар саласында отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету бойынша ведомствоаралық комиссия құрды. Комиссияның негізгі міндеттері мемлекеттік сатып алулар саласында қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруды қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алулар процестерінің айқындылығы, ашықтығы, заңдылығы қағидаттары негізінде мемлекеттік органдар мен отандық тауар өндірушілердің жергілікті мазмұнды қамтамасыз ету бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асыру болып табылады. Комиссия құрамы бірауыздан бекітілді, оған жергілікті атқарушы органдардың, Астана қаласы прокуратурасының, қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің, «Нұр Отан» партиясының, қалалық мәслихат пен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері енді.     


Ұлттық ұлан Астанада ардагерлерге құрмет көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорда маңында орналасқан 5573 әскери бөлімінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен еңбек ардагерлерін құрметтеу кеші өтті. Салтанатты шараны Ұлттық ұланның астаналық бригадасы мен «Нұр Отан» партиясы Есіл аудандық филиалы алда келе жатқан Жеңіс күніне орай ұйымдастырып отыр.  ҚР Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Батырлар мәңгі есімізде!» атты ақпараттық-насихаттық акциясы және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасының аясында өткізілген бұл шараға ұландық жауынгерлер, әскери-патриоттық клубтар, сондай-ақ елорда мектептерінің жоғары сынып оқушылары қатысты. Ал соғыс және тыл ардагерлері, Астана қалалық мәслихатының депутаттары арнайы қонақ ретінде шақырылды. «Батырлар мәңгі есімізде» акциясы тәжік-ауған шекарасында қаза болған Ішкі әскердің 17 жауынгерінің рухына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған. Аталмыш акция шеңберінде Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде сәуір-мамыр айларында түрлі іс-шаралар өткізіледі. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы «Нұр Отан» партиясы көшбасшысының тапсырмасымен дүниеге келген. Бұл жобаның негізінде еліміздің барлық өңірлерінде ардагерлер мен қарттарға қолдау көрсету, жастарды атриоттық рухта тәрбиелеу бағытында бірнеше жыл қатарынан кешенді жұмыстар атқарылып келеді. «Екінші дүниежүзілік соғыста біздің ержүрек отандастарымыз жауынгер бабаларымыздың даңқты жолын лайықты жалғастыра білді. Арын - байрақ, намысын - найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Соғысқа елімізден 1 млн 200 мыңдай адам аттанып, олардың 620 мыңға жуығы майданнан оралмады. 500-ден астам жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Жер бетінде бейбітшілік орнату үшін жасалған ерлікті ешқандай шекара, кедендік кедергілер мен қиындықтар, әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірдің қарама-қайшылықтары көлеңкеде қалдыра алмайды» - деді бөлім командирінің орынбасары полковник Болат Смағұлов. Салтанатты кеш Ұлттық ұлан жауынгерлері мен Ән-би ансамблінің шығармашылық ұжымы әзірлеген концерттік-театрландырылған бағдарламаға ұласты. Қонақтарға әскери жылдардан сыр шертетін бейнероликтер көрсетіліп, қару-жарақ, инженерлік қызмет құралдары, әскери және арнайы киім үлгілерінен көрме ұйымдастырылды. Шара соңында ұйымдастырушылар ардагерлерге арнайы әзірлеген сый-сияпаттарын табыс етті.      


Жамбыл облысында Жеңіс күніне ардагерлерге 150 мың теңгеден беріледі

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында Ұлы Жеңістің 71  жылдығын өткізуге әзірлік аяқталып келеді.Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі істер басқармасынан хабарлағандай, Жеңіс күні 9 мамырда Таразда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналып, «Жеңіс» саябағында дастарқан жайылмақ, онда дәстүрлі «солдат ботқасымен» далалық асхана жұмыс істейді. Жамбыл облысының барлық аудандарында облыстық филармония мен «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығы әртістерінің мерекелік концерттері өтеді. Бүгінде Жамбыл облысында Ұлы Отан соғысының 174, Таразда - 91 ардагері мен мүгедегі тұрады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден жалпы көлемі 150 мың теңгеден беріледі, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасынан. 2015 жылы аймақта 237 соғыс ардагері, 2 326 оларға теңестірілген адамдар және 7 067 тыл ардагері тұрды.       


Майданнан келген өлең-хаттар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соғыс жылдарындағы өлеңмен жазылған хаттар...  Сол бір ел басына күн туған қатерлі шақта еліне деген сағынышын баяндайтын, тума-туыс, туған жерге деген махабат пен жауды ертерек жеңіп елге оралсақ деген армандардан сыр шертетін хаттар толастамаған, деп жазады «Сыр бойы» Қызылорда облыстық газеті.Майданнан келген хат - бір отбасының жәдігері. Кескілескен шайқастың ортасында жүріп ұрыс арасында қолы қалт еткенде жанын шүберекке түйіп отырып жазған осы хаттар майдангердің елге деген шексіз сағынышын білдірер еді. «Жалағаш ауданы Жаңаталап ауылынан Отанын қорғау үшін майданға аттанған жауынгер ағаларымыздың ұрыста жүріп, шалғайда қалған туған-туысқандарына жазған хаттары туралы айтпақпын», деп жазады мақала авторы Шайзада Әшімов. Бұл жырларды мен қазіргі күні домбырамен термелетіп айтып отырамын. Бір сәтке көз алдымнан өткен күндер легі өтеді. Кешегі сұрапыл соғыс жылдарында менің анам Қоңырша Мұсаева (1924-1997 ж.ж.) майдандағы туысқан ағаларымен үнемі хат алысып тұрған. Ол кезде ауылда сауатты адам аз болыпты. Ол майданнан келген хаттарды ауылдастарына оқып беріп, ағаларына уақытылы жауап қайтарып отырған. «От ішінен келген әрбір хаттың жолдарынан соғыстың демі, ұрыс даласындағы қиыншылыққа толы күндер, солдаттың Жеңіске деген сенімділігі сезілер еді. Сол кездегі адамдар әрбір келген хат-хабарды «қара қағаз» болмаса екен деген қорқынышпен ашатын», - деуші еді анам марқұм. Ол кісі кешеге дейін сол өлеңмен жазылған хаттарды ыңылдап жатқа айтып отыратын. Енді есімде қалған жырларға кезек берейін. Жауынгер ақын Әдис Ахетов ағамыз өлеңмен жазылған хатын ауылда тұратын барша туған-туысқа арнапты: «...Ал, дұғай жаздым сәлем, өскен елге, Аңсаған аты қымбат туған жерге. Тамыры тастан қатты болса-дағы, Ерімес жүрек бар ма ел дегенде? Ұлыңа риза бол, Ұлы Отаным, Қан түгіл, жанды қиям сен дегенде! Қамқоршы ғаріп ана қарияларға, Ізәтіл бастас өскен жеңгелерге. Қатары қариялардың азайыпты, Болмаса қалғандары шенде-шенде. Күте біл қолыңдағы күмісіңді, Басқаның алтынына басыңды име! Бүркітің бөрі алмасын, қоян алсын, Өзің біл, сырт дұшпанға сыр білдірме! Қатары қариялардың азайыпты, Әшет, Уәли, Жүсіп, Жәли және Жахия - Шалдардан соң шығар төрге».   Ал, майдангер Әлібек Құлмышов ағаның хаты былай басталатын: «Хат жаздым қалам алып, жан Балайым, Қиялдың кең жеріне қол салайын. Осындай қиыншылық еске түсіп, Сөз құрап, жаным, саған хат жазайын! «Көкемді сағындым» деп хат жазыпсың, Туысқан бауырласым, айналайын! Жаным-ау, мен де өзіңдей көкше көз боп, Алыстан аңсап жүрген мен ағайың. Алыстан арып-ашып келгенімде, Алдымнан қайнаушы еді-ау, ыстық шайың! Жиналып қатар-құрбы, домбыра алып, О, дәуір, кеттің қайда, бізден тайып?»   Енді Асқар Қожахметов ағаның өлеңмен жазылған хатына келейік: «Атадан тумақ рас, өлмек мирас, Бұл екеу бұрынғыдан қалған рас. Бұйрықсыз демің тынбас, шамың сынбас, Адамзат жазылғанды көрмек рас. Ер жігіт туған жерін сағынады, Опасыз айтқан серттен жаңылады. Сағыну жан біткеннің қасиеті, Жамандық оңай нәрсе табылады. Тәуекел кеме суға кетірмейді, Қайрамай пышақ жүзі жетілмейді». Бұл қан майданға Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылынан аттанған жауынгер ағаларымыздың өлеңмен жазған хаттарының жадымда қалған бір бөлшегі ғана. Айта кетерлігі, бұл хаттар бұрын-соңды баспа бетін көрген емес. Анамның айтуынан есімде қалғаны, сол хаттардың көбі: «Жүз көріп жолыққанша есен боп тұр, осымен менің сөзім болды тамам!» деп аяқталатын. 


Майданнан оралмаған қазақстандықтар: Ахмаджан Мадыбековтың аты бауырластар зиратында жазылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Майданнан оралмаған қазақстандық сарбаз Ахмаджан Мадыбековтың аты Ресейдің Хвастовичи ауылындағы бауырластар зиратының көк тасында жазылған.Өзінің майдангер туысқанының тағдыры туралы Жанар Жексенова айтып берді. Ахмаджан Мадыбеков Жанардың әжесі Кәмиләнің туған жездесі болып келеді. Кәмилә апаның көзі тірі, ол 90 жасқа таяп қалды. Қарияның әңгімесінен белгілі болғандай, Ахмаджан 1912 жылы Алматы облысы Бидаш ауылында дүниеге келген. 1941 жылы соғысқа аттанып, содан қайтып оралмады. «Соғысқа дейін Ахмаджан кеңшарда есепші болып қызмет атқарған. Майданнан үнемі сағынышқа толы хат жазып тұрған. Оның ішінде балдызы - менің әжеме де: «Қымбатты бағалы едің ақсұңқардай. Аңқыған жүрген жолың бір бұлттанбай. Томпиып ақыл ойды көп ойлауш ең, икемді бол, қоғамшыл бол, қарап тұрмай. Лебізің сары алтыннан болады артық. Ақылың жаман-жақсы жүрген жолдай»,  деп өлеңдетіп хат жіберетін», - деді Ж.Жексенова. Кәмилә әженің айтуынша, атаның жіберген хаттарын сақтау мүмкін болмай қалған. -Оның барлығы көрші келіншек алып, газетке жариялаймын деп жоғалтты, - дейді ол. Кәмилә әженің өзі соғыс басталған жылы 14 жаста болған екен. «Еңбекпенен ерте есейдік. Тылда қалғанның барлығы тайлы-тұяғы қалмай еңбек ететін, бидай ектік. Әр жыл сайын әр түтіннен 40 келі ет, 90 жұмыртқа, 2 ұсақ мал терісін, сүт өткізу керек болатын. Осының бәрін орындадық. Өзіміз аш болсақ та», - деді қария. «Мен ол кісі туралы деректерді Ресейдің «Мемориал» мәліметтер банкінен іздедім. Онда «1943 жылы 19 шілдеде Орлов облысында Хвастовичский ауданы Теребень ауылында өлген деген дерек шықты. Тіпті әйелі  Зағира деген де ақпарат бар екен. Одан кейін аталған ауданның басшылығына хат жаздым. А.Мадыбековтың атын тасқа жазсыншы деп. Өз кезегінде олар «Мемориал» банкіне запрос жіберді. 1 ай өтпестен тас тұғырда «Мадыбеков Ахмаджан» деген жазуы бар сурет келіпті. Көзіме жас алдым. Теребень ауылының әкімшілігіне мың алғыс. Ауыл мектебінде Ахмаджанның суреті ілініп тұр екен», - деді Ж.Жексенова.       


Жамбыл облысында Жеңіс күніне орай «Мәңгілік полк» шеруі өтеді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат -  Жамбыл облысында Ұлы Жеңістің 71 жылдығына қызу дайындық өтіп жатыр. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде әкім орынбасары Ерқанат Манжуов хабарлады.«Жан-жақты дайындалып жатырмыз, - деді журналистерге спикер. - Биыл шеру болмайды. Жеке құрам «қорабы» өтеді. Сценарий дайындалу үстінде.  Таразда «Мәңгілік полк» шеруі жоспарланды. Қазір қозғалыс бағыты пысықталуда. Ол Орталық алаңнан басталып, «Мәңгілік алау» маңында аяқталуы мүмкін». Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының деректеріне сәйкес 9 мамыр Жеңіс күні Таразда «Жеңіс» саябағында ҰОС ардагерлеріне арналған мерекелік дастарқан жайылады. Далалық асхана ұйымдастырылады. Аудандарда да облыстық филармония «Оңтүстік» ӨҚ әртістерінің концерті өтеді. «71 жыл бұрын еліміз Ұлы жеңісті тойлағанын ұмытпаймыз. Әкеміз, атамыз бейбіт өмір үшін жандарын қиды. Өкіншке орай, ҰОС ардагерлері жыл санап азаюда. Олардың әр қайсысын ерекше бағалай білгеніміз абзал. Мереке аясында ардагерлерге құрмет көрсетіледі. Бұл күндері бірде-бір майдангер, тыл еңбеккері елеусіз қалмағанын қалаймыз», - деді ол. Бүгін Жамбыл облысында ҰОС 174 арадгері мен мүгедегі бар. Таразда - 91. Олардың барлығына республикалық, облыстық, аудандық бюджеттерден 150 мың теңгеден сыйлықақы төленеді. 2015 жылы өңірде 237 соғыс ардагері, 2 326 олармен теңестірілген тұлғалар, 7 067 тыл еңбеккерлері болды.   


Алматы аймақтық онкологиялық диспансері ҰОС ардагерлеріне арнап ашық есік күнін өткізді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы аймақтық онкологиялық диспансері Жеңіс күніне орай ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға арнап ашық есік күнін өткізді.Бүгін таңғы 9-дан онкохирург, онкомаммолог, онкогинеколог мамандар Ұлы Отан соғысына, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан, саяси қуғын сүргін құрбандарының туыстары мен 65 жастан асқан 60-қа жуық адамды қабылдап, қызмет көрсетті. Сондай-ақ, келушілер ультрадыбыстық зерттеу аппаратынан тегін профилактикалық тексеруден өтті. Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінің емхана меңгерушісі Жүнісова Меруерттің айтуынша, мұндай акциялар аталған емдеу мекемесінде биыл 4-рет өткізіліп отыр. «2016 жылы Дүниежүзілік қатерлі ісік күніне, Алғыс айту күніне, әйелдер мерекесі қарсаңында үш рет ашық есік күнін өткіздік. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырмасы мен ҚР ДСӘҚ 2014 жылғы 65 жастан асқан адамдарды профилактикалық тексеруден өткізу туралы тапсырмасына сәйкес бүгін де 60-қа жуық адамды қабылдадық. Олардың ішінде 15 адамда қатерлі ісік белгілері анықталып, тереңірек тексеруге жіберілді. Оның ішінде жатыр мойны ісігі, сүт безі ісігі, қуықасты безі мен қалқанша безі ісігінің белгілері анықталды», - деді Меруерт Жүнісова. Оның айтуынша ҚР онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасына сәйкес , диагноз расталған жағдайда аталған тұлғалар диспансерлік тізімге алынып, тегін емдеуге алынады. Айта кету керек, жыл сайын әлемде 10 млн адам онкологиялық ауруға ұшырайды. Олардың 6 млн-ы қатерлі дерттен көз жұмады. Онкологиялық аурулардың қатары жыл сайын әлемде 5 пайызға артып келеді. 2015 жылғы деректерге сүйенсек, елімізде 100 мың адамның 213,9-ы онкоауруға шалдығады. Қатерлі ісік дертін ерте бастан анықтаса одан болатын өлім-жітімді 30 пайызға азайтуға болады дейді мамандар. «Осыған байланысты облыстық Денсаулық сақтау басқармасы ауруды ерте анықтауға бағытталған шараларды тұрақты түрде өткізіп тұрмақ», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ақниет Балтанова.         


Оралдағы М.Мәметова музей-үйінің экспонаттары Астанада көрсетілмек

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова музей-үйінің экспозициясы алғаш рет 5-15 мамыр күндері Астанадағы Әскери-тарихи музейде көрсетілмек.М.Мәметова музей-үйінің кіші ғылыми қызметкері Гүлнәр Базарованың сөзіне қарағанда, астаналықтар батыр қыздың жеке заттарымен, майданнан жазған хаттарымен, сондай-ақ өзі мен ата-анасының фотосуреттерімен, басқа да құнды жәдігерлермен таныса алады. Шараға Мәншүктің майдандасы Сұлтан Жиенбаев, басқа да соғыс ардагерлері, патриоттық клуб мүшелері, жас сарбаздар және оқушылар қатыспақшы. Айта кетейік, Мәншүк Мәметова 1922 жылы Бөкей ордасы ауданында Жеңсікәлі мен Тойылшаның отбасында дүниеге келген. Көп ұзамай оны кішкентай кезінде әкесінің туыстары Ахмет пен Әмина асырап алады. Батыс Алашорда қайраткері, ағартушы, дәрігер, ақын әрі журналист Ахмет Мәметов кеңес өкіметі орнағаннан кейін әр түрлі жауапты қызметтер атқарады. Соның ішінде өткен ғасырдың отызыншы жылдары Орал қаласында облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған кезінде қазіргі музей-үйде отбасымен тұрған. Оралдағы мектепте, кейін Алматы мединститутында оқыған Мәншүк 1937 жылы әкесі «халық жауы» атанып, атылып кеткеннен кейін біраз қиындық көреді. Ақыры әкемді қайтсем де ақтап аламын деп, майданға аттанады. Аға сержант, пулеметші М.Мәметованың 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласы үшін болған шайқаста жаудың жетпістей солдаты мен офицерін жер жастандырып, асқан қаһармандықпен қаза тапқаны белгілі. М.Мәметованың мемориалдық музей-үйі 1982 жылы ашылып, содан бері халыққа қызмет етіп келеді.           


Ақтөбелік ізшілдер Новгород облысына Еске алу вахтасына аттанды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік ізшілдер Ұлы Отан соғысы кезіндегі шайқастар өткен жерлерде іздестіру жұмыстарын жүргізеді және халықаралық еске алу вахтасына қатысады.Ізшілдерді 1941-1942 жылдары фашистік шапқыншылармен қиян-кескі ұрыстарға Ақтөбеде құрылған 74-ші теңіздік атқыштар бригадасының жауынгерлері қатысқан Новгород облысының Парфин ауданына салтанатты шығарып салу дәстүр бойынша «Мәңгілік алау» мемориалдық кешені жанында өтті. «Біз осы кезде жыл сайын іздестіру жұмыстарына шығамыз. Биылғы сапарымызды ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, сондай-ақ 312-ші атқыштар дивизиясының құрылғанына 75 жыл толуына арнаймыз», - деді «Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық қорының құрылтайшысы Гумер Галеев. Ол 1988 жылдан бері ізшілдер бірде-бір рет олжасыз қайтқан жоқ, олар музейдің бағалы экспонаттарына айналды, деп атап өтті.   Новгород облысына 10 тәжірибелі ізшілдер аттанды. Дәстүр бойынша олармен бірге жастар өкілдері де жүріп кетті. Бұл жолы олардың ішінде қалалық және аудандық мектептердің үш оқушысы және Қ.Жұбанов атындағы университеттің бір студенті бар. Ізшілдерді шығарып салуға қала тұрғындары, ҮЕҰ өкілдері, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың музейі қызметкерлері, №19 орта мектеп пен әскери-техникалық мектептің оқушылары келді. Ізшілдер Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.          


Жеңіс күні қарсаңында Ақсу энергетиктері «Жауынгерлік қорым» атты шара өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына орай Ақсу энергетиктері «Жауынгерлік қорым» атты науқан өткізді, деп хъабарлады «ЕЭК» АҚ ЭС корпоративтік байланыстар бойынша қызметінен.Жеңіс күні қарсаңында Еуразиялық Топ құрамына кіретін «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ Ақсу электр станциясының Жастар кеңесі қараусыз қалған мазарда сенбілік ұйымдастырды. «Жауынгерлік қорым» атты дәстүрлі науқан аясында жастар ескі зираттарды тазартып, қалпына келтірді. Патриоттық сенбілікке 70-ке жуық адам қатысты. Энергетиктер ескі молаларды жаңартып, айналасын қалпына келтіруді өздерінің борышы санаған. Қала тұрғындарының айтуынша, бұл бейіт 70-жылдардың ортасынан жабық. Осында жерленген адамдардың туыстары не қаладан кеткен, не егде тартып бұл жерді таразартуға шамасы жоқ. Сол себепті қараусыз қалған молалар ластанған. Алайда, бұл жерде Отанды қорғаған жауынгерлердің жерленгені белгілі.- Жеңіс күні әрбір қазақстандық үшін ерекше мереке. Біз ардагерлерді, соғыс қаһармандары мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін мақтан тұтамыз. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігі өлшеусіз. Бүгін қолға алған бастамамыз - оларға деген шексіз құрметіміздің бір белгісі, - деді «ЕЭК» АҚ Жастар кеңесінің мүшесі Антон Ибраев. «Жауынгерлік қорым» атты бұл науқанды жас энергетиктер биыл осымен бесінші жыл қатарынан ұйымдастырып отыр.   


СҚО-да ҰОС ардагерлеріне Жеңіс күніне орай 106 мың теңгеден төленеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында Ұлы Отан соғысының 203 ардагері тұрып жатыр, соның ішінде 53-і - соғыс мүгедектері.Әлеуметтік көмек бөлімшелері соғысқа қатысқан 24 жалғызбасты қатысушы мен мүгедек адамдарға үйлерінде қызмет көрсетеді. Медициналық-әлеуметтік мекемелерде 2 ардагер және 54 тыл еңбеккері тұрып жатыр. Бұл туралы СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады. «2016 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына арналған бірқатар шаралар жоспарланып отыр, соның ішінде облыс әкімдігінің 2013 жылғы 24 қазандағы № 356 қаулысымен әлеуметтік көмектің бірыңғай көлемі қарастырылған. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері үшін 9 мамыр мерекесіне орай 50 АЕК, немесе 106.050 теңге; тұлғалардың басқа категорияларына - 5 АЕК, немесе 10 605 теңге төлеу қарастырылған. Аудан және Петропавл қаласының бюджеттерінен барлығы 39 млн. теңге қарастырылды», - делінген хабарламада.  Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, сондай-ақ жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестірілген тұлғалардың тіс протездеуі үшін әлеуметтік көмек көрсету жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 136 адам көмек алды. Сондай-ақ соғыс мүгедектері сурдо және тифло техника, шипажайда емдеу, протез-ортопедиялық көмек, қозғалыс құралдарымен жабдықталады. Бұдан басқа, жоғарыда аталған азаматтардың барлық категориялары арнайы мемлекеттік жәрдемақылар алып жатыр. Соғыстың қатысушылары мен мүгедектері - 31 815 теңге, тыл еңбеккерлері - 4 242 теңге көлемінде жәрдемақы алуда.   


ҰОС ардагерлері ТМД аумағында тегін сапарлайды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай 2015 жылдың 1 мамырынан 31 желтоқсанына дейін Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері үшін жолаушылар пойыздарында дәстүрлі тегін жол жүру мүмкіндігін ұсынып отыр. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.  Мерекелік шара аясында майдангерлер Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері аумағында темір жол көліктерінің барлық санаттары мен бағыттарында (баратын елді мекенге дейін және кері қарай) тегін жүре алады.  Атап айтқанда, ардагерлер қала маңы пойыздарымен қатар «Тұлпар-Тальго» пойыздарының        «Турист» вагондары мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған купелерде де тегін жүреді.    ТМД елдеріне сапарлау үшін билеттер Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан темір жол кассаларында ресімделеді.   Ол үшін өзімен бірге жеке куәлігі, сонымен қатар, ҰОС ардагері немесе мүгедегі туралы куәлігінің түпнұсқасы мен көшірмесі болуы қажет.         Жуырда майдангерлерге «Тұлпар-Тальго» пойыздарында жүруге 99 пайызға дейін жеңілдік беретін арнайы «Ардагер» дисконттық карта шыққанын естеріңізге сала  кетейік.  Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше 2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде 3 917 Ұлы Отан соғысына қатысушылар бар.    Бұл туралы қосымша ақпаратты  8-(7172) 600-205, 600-163 телефондары бойынша алуға болады.     

Ақмола облысында С.Нұрмағамбетовтің құрметіне орай қазақ күресінен 3-ші республикалық турнир өтті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Ақкөл қаласында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің құрметіне орай 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен дәстүрлі 3-ші республикалық турнир өтті.Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылған додаға Астана қаласы және Солтүстік Қазақстан,  Ақтөбе,  Қарағанды, Шығыс Қазақстан,  Қызылорда, Жамбыл,  Павлодар және жергілікті Ақмола облысынан келген 217 адам 19 команда қатысып, тоғыз салмақ бойынша сынға түсті. Оның ішінде 29 келі салмақта ақкөлдік Дияр Жүсіпов бірінші орын алса,  32 келі салмақта Жамбыл облысынан келген Әділет Ахметқали,  35 келі салмақта Әділет Пойызбаев, 38 келі салмақта ерейментаулық Олжас Еренғайыпов, 42 салмақта павлодарлық Алмас Әбдуәлиев, 46 келі салмақта қызылордалық Ернар Есенгелді, 51 келі салмақта қорғалжындық Мақсат Ғалымов,  57 келі салмақта тараздық Райыс Бейбарыс және одан жоғары салмақта ерейментаулық Жандос Тлеубердинов жеңімпаз атанды. Еске сала кетейік,  Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында (бұрынғы Алексеев ауданы) өмірге келген. 1942 жылы мектептен Қызыл Армия қатарына шақырылып, Түркіменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеге жіберілді. Оқуын бітірген соң 1943 жылдың сәуір айында майданға аттанды. Осыдан кейінгі екі жыл бойы пулемет взводының, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі лауазымында жауға қарсы шайқасты. 1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап, көрсеткен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осыдан соң майор Сағадат Нұрмағамбетовтің батальоны рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысып, қаһарман қазақ ұланы соғысты Берлинде аяқтады. Ол 1946-1949 жылдар аралығында Мәскеудегі М.И.Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдап, Орта Азиядағы Түркістан әскери округіне полк басқаруға жіберілді. Содан соң әртүрлі штабтық, командалық лауазымдарда, оның ішінде Қазақ ССР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары (Венгрия) қызметін атқарды. КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясындағы курстарда оқыды. Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1989 жылдан бастап Қазақ ССР соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіндегі Ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері комитеті төрағасы қызметтерін атқарды.   1991 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы 7 мамырда республика Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1994 жылғы 23 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағы мен № 1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілді. 1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкаға шығып, ел Президентінің кеңесшісі болды. Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1971-1994 жылдары республика Жоғарғы Кеңесіне бірнеше мәрте депутат болып сайланды. Үкімет Қаулысымен Астана қаласындағы «Жас ұлан» мектебіне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді. Оның жауынгерлік және қайраткерлік өмір жолындағы ерліктері мен еселі еңбектері жоғары бағаланып, көптеген КСРО наградаларымен, Қазақстанның және шетелдердің ордендерімен марапатталды. 2013 жылғы 24 қыркүйекте 90 жасқа қараған шағында өмірден озды.         


БҚО-да майдангерлерге 150 мың теңгеден әлеуметтік көмек берілмек

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Ұлы Жеңістің 71 жылдығы мерекесіне орай биыл алдын ала мәліметтер бойынша жергілікті бюджеттен 10810 адамға 143,0 млн. теңге бір жолғы әлеуметтік көмек көрсетілмек.БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан хабарлағанындай, өткен жылы 11169 адамға 152,7 млн. теңге төленген болатын. Биыл Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушылары 150 мың теңгеден алмақшы. Сондай-ақ Ленинград құрсауында болғандарға, фашистік концлагерьлер мен геттолардың кәмелетке толмаған тұтқындарына, кеңес әскерінде болған жалдамалы қызметкерлерге 20 мың теңгеден (Орал қаласында 60 мың теңгеден), соғыста қаза тапқан жауынгерлердің  қайтадан некеге тұрмаған жесірлеріне 20 мың теңгеден (Оралда 15 мың теңгеден), қайтыс болған соғыс мүгедектерінің жұбайларына 15 мың теңгеден, соғыс кезінде тылда еңбек еткендерге 10 мың теңгеден (марапаты барларға 15 мың теңгеден) берілмекші. Сондай-ақ соғысқа қатысушылар мен соларға теңестірілген тұлғаларды (фашистік лагерьде тұтқында болғандар, Ленинград құрсауы тұрғындары) коммуналдық қызмет ақысынан толықтай босату үшін оларға ай сайын 5 АЕК көлемінде (10605 теңге) әлеуметтік көмек көрсетіледі.     


Павлодарда Жеңіс күніне орай төлемақыға 64 миллион теңге қарастырылған

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат -  Павлодарда Жеңіс күніне орай төлемақыға қалалық бюджеттен 64 миллион теңге қарастырылған. Бұл туралы бүгін Мамыр мерекелеріне арналған брифинг барысында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ардагерлер мен тыл еңбеккерлері және оларға теңестірілгендермен жұмыс істеу бойынша сектор меңгерушісі Ляззат Ахметжанова мәлім етті."Жеңіс күніне орай 131 ҰОС ардагеріне 150 мың теңгеден табыс етіледі. Сондай-ақ, шамамен 700-ден аса ҰОС мүгедектері мен ардагерлер қатарына теңестірілгендер, олардың ішінде тоғыз еріктілер құрамы мен әскери міндеттілер, 11 қоршауда болған жауынгер, 31 концлагерь тұтқыны, қаза тапқан жеті жауынгердің жесір қалған әйелдері, «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде аянбай еңбек еткені үшін» медалімен мараптталған 327 тыл еңбеккері, бейбітшілік кезінде қайтыс болған жауынгерлердің 376 жұбайы 21210 теңгеден алады. Бұдан басқа, ҰОС кезінде алты айдан көп жұмыс істеген 4180 тыл еңбеккеріне 10605 теңгеден беріледі, - деді Л.Ахметжанова. Естеріңізге сала кетсек, Павлодар облысында Жеңістің 71 жылдығын 183 майдангер қарсы алады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.    

«Мәңгілік даңқ» шеруіне дайындық басталды - ОҚО

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Жеңіс күніне орай «Мәңгілік даңқ» шеруі биыл да жалғаспақ. «Отырар» медиахолдингінің бастамасын облыс, қала әкімдігі қолдап отыр. 9 мамыр күні ұйымдастырылатын шеру таңғы сағат 8:00-де орталық стадион алдындағы алаңшадан басталып, Даңқ мемориялында аяқталады. Шараға соғыс жылдары қаза тапқан жауынгерлердің ұрпақтары мен майдан даласынан аман оралған ардагерлер, сондай-ақ, тылда еңбек еткен қариялар, тұтқында болған боздақтардың ұл-қыздары да қатыса алады. Ерлікке тағзым етушілер ардагерлердің портреттерін алып шығады, деп хабарлайды otyrar.kz.       


Шымкент көшелерінің біріне майдангер Абдолла Сейдановтың есімі берілді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі Қатын-көпір шағынауданындағы көшелердің біріне Ұлы Отан соғысының ардагері Абдолла Седановтың есімі берілді. Мұнда оның құрметіне мемориалдық тақта ашылды.Майдангер Ұлы Отан соғысы Орденінің кавалері болды. Жауынгерлік жолын 1937 жылы бастаған, ал Ұлы Отан соғысы жылдарында түрлі майдандарда соғысқан. Туыстарының айтуынша, Абдолла Сейданов Отанға адал қызмет атқарғаны үшін көптеген наградалар және алғыстар алған. Соғыстан кейін ардагер ұзақ жылдар бойы құқық қорғау органдарында жұмыс істеді. «Менің әкем  құрметті адам болған. Ол елі үшін көп еңбек атқарды. Біз көшеге оның есімі берілгенін мақтан тұтамыз. Соғыс қаһармандарын есте сақтау өте маңызды, балаларымызды дәл осылай тәрбиелеуге тырысып жүрмыз. Отансүйгіштік осыдан басталады», - деп баяндады ардагердің баласы Марс Сейданов. Бұл - Шымкенттің Абай ауданында Ұлы Отан соғысы ардагерінің құрметіне аталған бесінші көше, деп ақпараттандырды әкімдікте. Ереже бойынша, көшеге майдангер есімін соғыс қатысушысы қайтыс болғаннан 10 жыл өткен соң беруге болады. Шымкенттің Абай аудандық әкімдігінің қызметкерлері елордаға қаладағы 10 көшеге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін беру ұсыныстарын жіберген. Бесеуі жаңа атауға ие болды.   


Павлодарда Жеңіс күні қарсаңында ардагерлер 150 мың теңгеден алады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда Жеңіс күні қарсаңында  ҰОС ардагерлеріне 150 мың теңгеден беріледі, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.«Бұдан басқа, бізде ардагерлерге теңестірілген адамдарға жәрдемақы көзделген», - деп атап өтті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар секторының меңгерушісі Ләззат Ахметжанова. - Концлагерь тұтқындары, қоршаудағы Ленинград тұрғындары, соғысқа қатысушылардың жесірлері, марапатталған тыл еңбеккерлері, өз еркімен қатысқан тұлғалар 10 АЕК жәрдемақы алады. Соғыс жылдары кемінде алты ай жұмыс істеген тыл еңбеккерлері 5 АЕК сыйақы алады». Облыс орталығында 2016 жылғы 26 сәуірдегі жағдай бойынша 131 майдангер тұрып жатыр. Қазір Жеңіс күніне арналған мерекелік шараларға қатысатын ардагерлердің тізімі жасалуда. Қалалық ардагерлер кеңесінің деректеріне сүйенсек, 53 майдангер Даңқ мемориалының жанында өтетін мерекені қарсы алуға тілегін білдірді. Павлодар облысында барлығы 185 ардагер, ҰОС мүгедектері тұрады. Олардың көпшілігі Павлодарда. Екібастұзда 24, Ақсуда алты ардагер қалды.   Бесеуі Шарбақты ауданында, үш-үштен Қашыр, Успенский, екі-екіден Ертіс, Ақтоғай, Лебяжинск, Железин, Баянауыл аудандарында, ал Павлодар ауданында 1 адам тұрады.   


Елордада Еске алу аллеясы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығы қарсаңында № 60 мектеп-лицейі аумағында Еске алу аллеясының салтанатты ашылуы өтті. Мектеп оқушылары ардагерлермен бірге жас қарағайлар отырғызып, әр ардагер туралы ақпараттық тақтайшалар орнатты.  Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарлады.Салтанатты шараға Сарыарқа ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері Сиқымбай Мамыров, Жапаш Кашеков, Василий Макаров, Сейітжан Есілов, Алексей Фролов, Михаил Кочетков, Екатерина Плужникова қатысты. Оқушылар Жеңіс күніне арналған әндер орындады. Ардагерлер балалармен бірге жас көшеттер отырғызып, соғыс ардагерлері туралы ақпараттық тақтайшалар орнатты. Әр ағашты бағып күтетін оқушылар белгіленді.    


Бельгиядағы «Шталаг» концлагерінде болған тұтқындардың ішіндегі қазақстандықтар тізімі

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысы жеңісінің 71-жылдығын мерекелеу қарсаңында «ҚазАқпарат» ХАА «Мемориал» деректерінің жинақталған банк мәліметтері мен басқа да мұрағаттық мәліметтер негізінде ҰОС жылдары қаза тапқан және Бельгия аумағында жерленген қазақстандықтар жайлы материалдар жариялайды.Бар құжаттарды және Бельгия аумағында Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан кеңес әскері тұтқындары мен партизандардың жерленген орындарын зерделеу қорытындысы бойынша неміс лагерінде болған қазақстандық алты тұтқын жайлы белгілі болды.1941-1942 жылдары біздің отандастарымыз гитлершілерге тұтқынға түскен. Олар мыңдаған кеңес тұтқындарымен бірге Бельгия көмір өнеркәсібі нысандарында мәжбүрлі жұмыстарға жегіліп, Ұлы Жеңісті көрмей кетті.Олардың барлығы немістердің Кеңес Одағына шабуылдау алдында құрылған «Шталаг» (нем. Stammlager (негізгі лагерь)) түріндегі концлагердің сорақы жүйесіне тап болды. БИСЕНОВ Нұрдадым Бисенұлы, 1908 жылы туылған, Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы, 974 атқыштар полкінің әскері, Ростов қаласының маңында 1942 жылы 27 шілдеде тұтқынға түсті, «Шталаг» IV-B концлагеріне жіберіліп, 1944 жылғы 30 мамырда қаза тапты. Лимбург провинциясы, Генк қаласында зиратта жерленген.ЛЯХОВСКИЙ Василий Тарасович, 1907 жылы туылған, ОҚО Леңгір ауданы (Төле би ауданы) Егорьевка ауылының тумасы, 519 атқыштар полкінің әскері, Старобельск қаласы ауданында 1942 жылы 12 шілдеде тұтқынға түсіп, «Шталаг» IV-B концлагеріне жіберілді, 1944 жылғы 9 қаңтарда қайтыс болды, Лимбург провинциясының Курсель қаласындағы зиратқа жерленді.НАЛИВАЙКО Николай Васильевич, 1922 жылы туған, Алматы облысының тумасы, Харьков қаласы жағында 1942 жылғы 24 мамырда тұтқынға түсіп, «Шталаг» IV-B концлагеріне жіберілді, 1942 жылғы 8 желтоқсанда қаза тапты, Лимбург провинциясының Ланклаар зиратында жерленген.  СКРИННИКОВ Дмитрий Васильевич, 1907 жылы туылған, Алматы облысы Андреевка ауылының (бұрынғы Қабанбай) тумасы, 467 атқыштар полкінің сержанты, 1942 жылғы 28 маусымда тұтқынға түсіп, «Шталаг» IV-B концлагеріне жіберілді, 1943 жылғы 10 мамырда қаза тапты, Лимбург провинциясының Ланклаар зиратында жерленген. УӘЛИЕВ Тоғай-Бай Уәлиұлы, 1905 жылы туылған, Семей тумасы, 795 атқыштар полкінің қызыл әскері, Шахты қаласы (Ростов облысы) ауданында 1942 жылы 21 шілдеде тұтқынға түсіп, «Шталаг» IV-B концлагеріне жіберілді, 1944 жылғы 20 сәуірде қаза болды. Лимбург провинциясының Генк зиратына жерленді. ЯНКОВ Дмитрий Павлович, 1931 жылы туылған, ШҚО тумасы, 81 атқыштар полкінің қызыл әскері, Лубны қаласының (Полтавский облысы) маңында 1941 жылы 22 қыркүйекте тұтқынға түсіп, «Шталаг» VI-К концлагеріне жіберілді, 1943 жылғы 22 қаңтарда көз жұмды, Эно провинциясының Флерус зиратында жерленді. 


«Мәңгілік полк» елорда көшелерімен жүріп өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына орай Астана қаласы ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Мәңгілік полк» кең ауқымды акциясы өткізіледі. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарлады.Шеруге әскер мен флот ардагерлерінің, партизандардың, астыртын жұмыс істегендердің, тойтарысқа қатысқандардың, тыл еңбеккерлерінің, концлагерь тұтқындарының, қоршауда болғандардың және «соғыс балаларының» туыстары қатысады. Қатысушылар 9 мамырда сағат 12:00 «Astanamall» СОО жанына жиналады. Шеру сағат 13:00 Тәуелсіздік даңғылының бойынан басталып, «Отан Қорғаушылар» монументіне дейін жалғасады. Сондай-ақ, монументке гүл қою салтанаты өтеді. Маршруттың жалпы ұзындығы 1,8 км құрамақ. 2012 жылы тарих факуьтетінің студенті Аида Баймақова Астана қаласы мен Ақмола облысы кәсіподағының бұрынғы төрағасы Анна Шевчукпен бірге елордада да осындай шеру ұйымдастыруды қолға алды. Бір жылдан кейін Астана қаласы «Мәңгілік полкі» кеңесін құру туралы шешім қабылданды. «Бұл коммерциялық емес, саяси емес, мемлекеттік емес бастама, бұл аталары мен әкелеріне тағзым етпек болған соғысқа қатысушылардың ұрпақтарының ұсынысы. Өткен жылы акцияға 1,5-2 мың адам қатысса, биыл бұл көрсеткіш 3-5 мыңға жетед деп күтілуде», - деді А. Баймақова. Қажетті транспаранттар мен суреттерді әр отбасы өзі дайындайды, шеруге кез келген адам қатыса алады, портреттің қажетті өлшемдері белгіленген. Полктің Астанадағы Үйлестіру кеңесі маршты ұйымдастырумен айналысады, сондай-ақ, кеңес арқылы ардагерлермен байланысып, оларға қандай да болмасын көмек пен қолдау көрсетуге болады. Айта кетейік, алғаш рет акция Астанада былтыр 8 мамырда ұйымдастырылды. «Мәңгілік полк» акиясы әлемнің 620 қаласында өткізіледі, оған 10 астам мемлекет қатысады, соның ішінде Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Израиль, Украина, Моңғолия, Эстония, жақында бұл тізімге Канада мен Оңтүстік Корея қосылды. Акцияға қатысу бойынша қосымша ақпарат алу үшін +77016832383 телефонына хабарласуға болады.   


Алматыда мемлекет қайраткері, майдангер-жазушы Т.Жангелдиннің өмірі туралы деректі фильм көрерменге жол тартты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -  Алматыда мемлекет қайраткері, ғалым, майдангер-жазушы Тоқтағали Жангелдиннің туғанына 100 жыл толуына «Ғылым ордасы» РМК ғылыми конференция өтті. Жиын барысында майдангердің өмірі туралы деректі фильм көрерменге жол тартты.Конференцияға қатысушылар белгілі қоғам қайраткерінің өмірі мен мен қызметін отан қорғауға қосқан үлесін, Беларусь майданындағы партизандық қозғалыстың көшбасшысы ретіндегі рөлі талқылады. «Мен үшін Беларусь елінің азаматы ретінде осы шараға қатысып жатқаным үлкен мәртебе. Қазақтың батыр ұлы тау-тасты паналап жүріп менің отанымды азат етуге барын салды. Әр мемлекет өзінің осындай ерен туған ұлдарының ерлігін есте сақтауы керек», - деді Қазақстандағы Беларусь елшілігінің Алматы бөлімшесінің кеңесшісі Сергей Жартун. ҚР БҒМ ҒК Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжановтың айтуынша, Беларусь майданында 3000-ға жуық қазақстандық партизан жасағында соғысқан. «Тоқтағали Жангелдин Беларусь жерінде өзінің өмірін бәске тіккенімен қоймай, отанының зияткерлік, ғылыми, шығармашылық потенциалын арттыруға мол үлес қосты», - деді Х.Әбжанов. Жангелдин Тоқтағали 1916 жылы Семей облысында туған. 1938 жылы Қазақ педагогикалық институтын аяқтаған соң, педагогтық қызметпен айналысқан.  1940 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, ҰОС-қа қатысып, артилерриялық взвод командирі болады. Кескілескен шайқаста Жангелдин ауыр жарақат алып, Беларусь қозғалысына партизандар қатарына кіреді. 1944 жылға дейін Борисов қаласы түбінде «Коля атай» бригадасы қатарында болады. Партизандар оны бригада комиссарының орынбасары етіп тағайындады. Соғыстағы қайтпас қайсарлығы мен батылдығы үшін көптеген орден және медаль иеленді. Соғыс аяқталған соң Тоқтағалиды Қазақстанның Орталық комитетіне жіберді, Алматыда хатшылық қызмет атқарды. Орталық комитет оны Мәскеуге Жоғары партиялық мектепке оқуға жібереді. Оқуы аяқталған соң, Қазақстанның Жоғары партиялық мектебіне оқытушы болып орналасады. 1954 жылы Қоғамдық ғылымдар Академиясын аяқтап, Мәскеуде философиядан диссертация қорғайды. Партия басқармасында бөлім меңгерушісі, кейін Институт директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Оның жазған монографиясы Шоқан Уәлиханов атындағы жүлдеге ие болды. Сонымен бірге, Беларусь қозғалысы жөнінде повестер мен әңгімелер жинағын жарыққа шығарды. Отан алдындағы адал қызметі үшін Т.Жангелдин «Қызыл Еңбек Жұлдызы» орденімен екі мәрте, «Құрмет белгісімен», «Партизандық жұлдыз» чехословакиялық орденімен марапатталды. Майдангер жазушы 1973 жылы көз жұмып, Алматы қаласына жерленді. 


Қостанайлық соғыс ардагерлері Жеңіс күніне орай 150 мың теңгеден сыйақы алды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімі Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне бір уақытта 150 мың теңгеден сыйақы беру шарасын ұйымдастырды.Қостанай қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Сағындық Омаровтың айтуынша, ақша облыстық бюджеттен бөлінді. Бұдан бөлек жергілікті билік соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген жандарға және тыл еңбеккерлеріне 5 АЕК (10 мың теңгеден астам) көлемінде ақша бөлді. Осылардың барлығына облыс бюджетінен 50 млн. теңге жұмсалды. Қостанайда 99 соғыс ардагері мен 3 мыңнан астам соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген жан бар.      


Қызылордада ҰОС ардагерлеріне 170 мың теңгеден әлеуметтік көмек көрсетіледі

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеуге дайындық және оны өткізу жөніндегі іс-шаралары» жоспарына  сәйкес дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.Қала бойынша бүгінгі күнде Ұлы Отан соғысына қатысушы 30 ардагер болса, оның ішінде Ұлы Отан соғысының мүгедегі 11 ардагер бар. Ардагерлердің жас құрамы 90-97 жас (1919-1926 жылдар) аралығын құрайды  Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ұлықтау, олардың ерлігін өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында бөлімде 30 ардагердің фотосуреттері жаңаланып, бөлім тарапынан бекітілген қызметкерлер  олардың тұрғылықты мекенжайларына барып әлеуметтік карта дайындалды. Әрбір ардагердің  тұрған үйіне «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады» делінген  арнайы тақтайшалар ілінді. ҰОС-ның  қатысушылары мен мүгедектерін  әлеуметтік қолдауға облыстық бюджеттен 84840 теңге (40 АЕК), жергілікті бюджеттен 84840 теңге (40 АЕК), барлығы 169 680 теңге беріледі. Тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған 55 ардагерге облыстық бюджеттен 42 420,0 теңгеден (20 АЕК),   жергілікті бюджеттен 63 630 теңге (30 АЕК), барлығы 106 050 теңге қарастырылған. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдары тылда  кезінде кемінде  6 ай еңбек еткен  2204 ардагерге 63 630 теңгеден (30 АЕК), бір жолғы материалдық көмектер осы сәуір айында төленуде.    Осыған қосымша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне мерейтой аясында жан-жақты әлеуметтік қолдау мақсатында бизнес құрылымдарының өкілдерін меншік нысанына қарамастан қаладағы барлық мекеме мен кәсіпорындар кеңінен тартылуда.     


Ардагерлерді қолдау мақсатында жергілікті атқару органдары іс-шаралар жоспарын жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып ҰОС ардагерлеріне белсенді әлеуметтік көмек шараларын көрсетіп келеді.«Мәселен, 1 сәуірдегі жағдай бойынша ағымдағы жылдың басынан бері жергілікті бюджеттер қаражатынан 14,9 мың ардагерге (ҰОС қатысушыларына, мүгедектеріне, оларға теңестірілген тұлғаларға, тыл еңбеккерлеріне) 320,8 млн. теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетілді; 19 ҰОС ардагері (3 қатысушы,біреуі  ҰОС мүгедегі және ҰОС қатысушыларына теңестірілген 15 тұлға) баспана алды; 15 ардагердің тұрғын үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді; 636 ардагер 43 млн. теңгеге шипажай-дауажайда емделуге жолдама алды»,-деп атап өтілген ведомство мәліметінде.  ҰОС 71 жылдық мерекесі қарсаңында ардагерлерді қолдау шаралары мен оларды құттықтау мақсатында жергілікті атқару органдары іс-шаралар жоспарын жасады. Әкімдіктердің мәліметі бойынша, ардагерлерге бір реттік материалдық көмек көрсету мақсатында жергілікті бюджеттен 2,6 млрд.теңге қарастырылған.   Сонымен бірге, ҰОС мүгедектері шипажай-дауажайда емделуге, протездеу медициналық құралдарымен, протездік-ортопедиялық жабдықтармен қамтамасыз етуге, сурдожабдықтар мен өзге де компенсаторлық жәрдемші құралдармен, тісті протездеумен, міндетті гигиеналық заттармен, кресло-арбамен, дәрілік заттармен бірінші кезекте қамтамасыз етілетін болады. 2016 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, Қазақстанда 3668 - Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектер, 176342 - ҰОС жылдарында тылда жұмыс істегендер; 220 - қоршауда болған Ленинград тұрғындары; 548 - кәмелетке толмаған кездерінде концлагерьлерде, гетто және басқа да мәжбүрлі орындарда болғандар; 110 - ҰОС кезіндегі әскери қызметкерлер, партизандар, астыртын жұмыс істегендер, қайтыс болғандардың (із-түссіз жоғалып кеткендер) қайта үйленбеген жұбайлары; 9386 - қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдері бар.     


Астана қалалық сотының ұжымы қарт майдангер Александр Торкинге құрмет көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық сотының ұжымы Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін сот жүйесінде қызмет атқарған Александр Торкинді туған күнімен және  алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 71 жылдығымен құттықтады.Бүгінгі құрмет қан майданнан оралып, соғыстан кейінгі жылдарда сот саласында қызмет атқарған, өз халқының бақытты өмірін көріп келе жатқан ардагеріміз Александр Торкин жайында айтпақпыз. Біз мақтан тұтатын ардагерлеріміздің ардақтысы майдангер судья Александр Петрович Торкин. Александр Петрович соғыс басталған 1941 жылдың 7 қарашасында әскери шеруге қатысып, қан майданға аттанған. Берлинге басып кірген тұста, Рейхстагқа ту тіккен батырларымыздың ерлігін көрген, жеңісті алғашқылардың бірі болып қарсы алған майдангеріміз. Соғыс аяқталғаннан кейін туған елге аман-сау оралып, сот жүйесінде еңбек етіп, мемлекетіміздің өркендеуіне үлесін қосты. Атап айтқанда, ҰОС ардагері Александр Петрович 97 жасқа толды. Ол 1919 жылы 29 сәуірде Пензен облысы Каменск ауданы Владыкино селосында көпбалалы жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1935-1939 жылдары өзінің 20 жасқа толуына дейін екі арнайы білім алып, оқытушы болып жұмыс істеп үлгерген. 1939 жылдан 1945 жылғы тамыз аралығында Қарулы Күштер қатарында болды. Яғни 1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысы жылдары Мәскеуден Кенигсбергке дейінгі майданнан өтті. 1945 жылдың қыркүйегінен ҚазКСР Әділет министрлігінде түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеді, ал 1956-62 жылдары - Ақмола облыстық сотының төрағасы  болды. Өз мансабының соңғы 20 жылында - «Целинэлектросетьстрой»  тресті басшысының орынбасары қызметін атқарған. Александр Торкиннің әскери ерліктері мен еңбектегі жетістіктері мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Кенигсбергті алғаны үшін», «Польшаны азат еткені үшін», «Ерлігі үшін», «Мәскеудің қорғағаны үшін» медальдарымен, 1-ші және 2-ші деңгейлі «Ұлы Отан соғысының» екі орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, ҚазКСР Әділет министрлігінің төс белгілерімен марапатталды. Александр Петровичтің Қазақстан Республикасы Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісімен марапатталғанын атап өткен жөн. Бұл марапат судьяның жоғары деңгейлі кәсібилігін сипаттайтын белгі болып табылады, сот төрелігін жүзеге асырудағы табыстары, көп жылдық еңбегі, мінсіз беделі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін беріледі.  «Ардагерлеріміздің қанымен зарықтырып жеткен бейбіт күннің қадірі біздер үшін тым қымбат. Біздің ендігі парызымыз бейбіт өмір үшін от кешкен ардақты ардагеріміздің ерлігіне құрмет көрсету»,-дейді судьялар. Өз кезегінде соғыс ардагері судьялар корпусына қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, олардың еңбектеріне табыс тіледі.     


Атырау облысында ардагерлерге 100 мың теңгеден әлеуметтік көмек берілмек

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері  100 мың теңгеден әлеуметтік көмек алады.«Бұндай көмекті мемлекеттен барлық ардагерлер алады. Өкінішке орай, облысымызда олардың саны  59 адам ғана. Олардың ең жасы 90 жаста. Бұдан басқа да көмектер көрестіледі. Мұнай компанияларының бірі  әр арадагерге 150 мың теңгеге азық-түлік алатын купондар сыйлады. Басқа да компаниялар, қоғамдық бірлестіктер ардагерлерімізге өз қамқорлықтарын жасап жатыр», - деді аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов.         


Ұлы Жеңіс: Майданнан жеткен соңғы хат!

АСТАНА. ҚазАқпарат - Адамзат тарихындағы ең сұрапыл кезең - Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақстан халқы майдан даласындағы ұрыстарға ерлікпен араласып, тылда да тынымсыз еңбекпен жеңіс жолын барынша жақындатты. Сол тұстағы Қазақ даласындағы әрбір отбасы соғыс ауыртпалығынан тыс қалған емес. Шартарапты шарпыған соғыс әрбір ауылдағы әрбір шаңыраққа қаралы ізін қалдырды. Солардың арасында бүгінгі Алматы облысы Панфилов ауданындағы шағын ғана Ақжазық ауылы да бар болатын.1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысына Ақжазық ауылынан 111 адам аттанды. Ұлы қырғыннан сол есіл ерлердің тек 67-ісі ғана аман-есен ауылға оралды. Бірақ, осы алпыс жетінің ішінде он екі мүшесі сау, денсаулығында зақымы болмай қайтқаны шамалы еді. Қанды қырғынның ортасынан елмен амандықта көріскендерінің өзіне тәуба. Көбісі ауру, еңбекке жарамсыз, ең бастысы, жойқын соғысты көзімен көріп, жүректері жаралы болып, жан күйзелісімен оралғандар болатын.   Ұлы Отан соғысы ел басынан күркіреп өткеніне біраз жыл өтсе де, оның жарасы мен жаңғырығы әлі күнге жанымызды ауыртып, жадымызда тұрады. Сол қанды қырғынның куәсіндей, төмендегі жазылған хатта - жауынгер-азаматтың елге-жерге деген сүйіспеншілігі, аманат-мұрасы тұр. Онда майдан мен тылдың, соғыста жаумен шайқасқан ерлер мен елдегі үлкен-кішінің жанқиярлық еңбегі, сұрапыл кезеңнің көп сыры шертіледі. Хат авторы - жас әрі жалынды, жігерлі ақынжанды азамат - Қабілда (Қабыжан) Ысқақов. Қабілда Ысқақов - қазіргі Алматы облысының Жәркент өңіріндегі Ақжазық ауылында туып өскен. Ел басына күн туған қиын кезеңде бір әкеден тараған ағайынды төрт жігіттің ересек екеуі - Айтақын мен Қабілда ел қорғау үшін қан майданға аттанады, буыны қатпаған жас бауырлары Әбілда мен Әлімқожа елде қалады. Ол кезде Қабілда бар-жоғы он сегіз жаста болған. Ағайынды екі жігіт те Кавказ майданына тап болып, онда әр бағытта өрбіген бөлек-бөлек соғысқа кіреді. Қабілда Ысқақов гвардия минометты взводында соғысқа араласып, жігерлілігінің, қайсарлығының арқасында гвардия лейтенанты шенін иеленді. Қабілда Ысқақов сол майданда жүріп ағасы Айтақынның ерлікпен қаза тапқанын естиді. Елге жазылған хатта осы бастан өткерген қиын оқиғалар баян етіледі, онда 18 жастағы жігіттің өзінің басындағы ауыр қазаға қарамай бауырларды, ағайын-туғанды жігерлендіру, елді рухтандыру, береке-бірлікке шақыру бар. Өлеңде аты аталатын Әбілда, Әлімқожа оның елде қалған бауырлары болса, Пашан мен Мәрия майданда мерт болған ағасы Айтақынның балалары. Амал не, 18 жасынан соғыстың көп сұрапылын көріп, сол жолда бауырынан да айырылған асыл азамат 1944 жылы өзі де қаза табады. Туған жерге ылғи да сәлем хатын өлеңмен арнайтын жауынгердің бұл соңғы хаты екен. Қабілда Ысқақов 1944 жылы Солтүстік Кавказдағы сұрапыл соғыста қаза тауып, ерлігі мен батырлығы үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.   Майданнан жеткен соңғы хат   Әбілда, Әлімқожа інілерім, Миятым артымдағы кішілерім. Сағынып, әке-шеше, туғандармен, Ақ жүзді беттеріңді сүйер ме едім?!   Болса да інілерім бастарың жас, Ел-жұртпен кемпір-шалға болыңдар бас. Заманшы, ел иесі сендерсіңдер, Болмаса жассыңдар ғой, ұйқыға мас.   Зар жылап сендер үшін қайғы тарттым, Күніне сансыз тілек құдайға айттым. Әке-шеше, сендерді көрсеткін деп, Алладан ұйықтасам да тілей жаттым.   Қартайды, әкем болса жасы жетті, Көз көрмей уайыммен күші кетті. Қартайып енді дәулет көрер кезде, Қайғы мен бейнет көрді, соры да өсті.   Қайтадан болған істі санамаймын, Сендерге құс боп ұшып бара алмаймын. Білмеймін, арамыз алыс, халдеріңді, Қол қысқа ешбір көмек бере алмаймын.   Білмеймін жаным түгел күйзелген бе? Өз жолын ағаларым түзеген бе? Жыртылған, жағаны естіп кемпір-шал деп, Жан бар ма, көмектесер біздің елде...   Білемін кемпір-шалдың соры барын, Жаратқан маңдайына жазған қалың. Айырылып мият қылған Айтақыннан, Демесін уайымым басқан қалың.   Ел құсап, елге барсам бақпас еді, Қарт әкем қайғы-мұңсыз жатпас па еді. «Шүкір» деп бір Құдайға жалбарынып, Тәубасын кемпір-шешем айтпас па еді?!   Мәрияны, Пашанменен жетім дейді-ау, Қасына жан жоламай кетті, дейді-ау. Кешегі алақанда өскен Пашан, «Әке!», деп енді кімге өрмелейді-ау!   Олардың маңдайынан кім сипайды, Мәпелеп, шешесі оны баға алмайды. Киімсіз алма-жұлма жүргеннен соң, Сүйкімсіз, сорлы жетім деп санайды.   Айтайын, көп арманның несін санап, Сұраймын бір Құдайдан, жалғыз талап. Егерде тілеуімді берсе, Құдай, Жол тартсам, аман-есен елге қарап.   Өсиет, Әлімқожа, саған айтар. Жыласа жас балалар саған батар. Қайрат қып, ақылменен айла тауып, Бақсаңыз жаратқаным нәсіп қосар.   Көрсең жастан бейнетті қиналмасаң, Ықыласпен кемпір-шалдан бата алсаң. Кемпір-шал әлде болса қор болмас ед, Ауылда, Жапарғали сен сау болсаң.   Жасы-жас, жан серігің Әбілданы, Үйретіп әрбір іске ақыл салғын. Егерде санаң болса, жаным Әлтай, Зекіріп жас баланы қинамағын.   Білдіртпе, Пашан, Мәрия жетімдігін, Кемітпе, бұрынғыдан киім түрін. Жоқтығын Айтақынның білдіртпегін, Ақылым сол, саған айтар жаным менің!   Хат жазған: Қабыжан Ысқақов. Чечен АССР-ы. Кавказ таңы. 1944 жыл.   *                             *                                   *                        *   Осы сұрапыл соғыс жылдарында Ақжазықтан әскер қатарына алынған Көшербаев Шыны ақсақал 1942 жылы қан майданның ортасында жүріп, ауылына, ел жұртына деген сағынышын қағазға түсіріп, ағайын туысқа мынадай хат жолдаған екен:   Ауылға арнау Ауылда Қалау қария, Сен едің Ысқақ дәрия. Ақтайлақ қартым аман бол, Бұл да бір фәни дүния.   Ақсақалым Имәди, Бізге түсті мұндай күй, Сындыбек жездем аман бол, Көрсетіп едің талай сый.   Мұхамеджан қартыма, Сәлем жаздым артыма. Қосылар күн болар ма? Аман есен халқыма.   Құлмұхамбет ағамыз, Қап тауындай панамыз. Сағынған соң елді ойлап, Күн сайын хат саламыз.   Мақытбек пен Үмбетпек, Артық туған қара көк. Балаларға ақыл айт, Ел басқарған асыл тек.   Ешмұхамбет, Сегізбай, Ақылың еді теңіздей. Бар жастарға көзің сал, Әкесі жоқ дегізбей.   Бұл өлеңінде Шыны атамыз ауылда қалған кемпір-шалдың, ақсақалдардың, қариялардың жақсылығын айта келіп, сол кездегі елде қалған жұртқа, Ақжазық ауылының төрағасы Көдеков Үмбетбекке және басқаларына арттан еріп келе жатқан кейінгі жеткіншектерге адамшылықпен қарап, қамқор болуды сұрап, ауылдың береке-бірлікте болуын тілеген. Шыны атамыздың хатпен келген осы өлеңін сол уақытта бүкіл ауылдың кәрі-жасы жаттап, ауыздан ауызға айтып жүрген екен.    


Оқушылар әскерилердің жауынгерлік жетістіктерімен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қарулы күштерінде Отан қорғаушылар күні қарсаңында өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру үшін «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 41433 әскери бөлімінің базасында ашық есік күні өтті.Әскери бөлімде заманауи армияны көрсететін мерекелік көңіл-күй орнады. 200-ге жуық мектеп оқушысы мен колледж студентіне техника мен қару-жарақтың  түрлері таныстырылды. Жауынгерлер АРД кедергілер жолағынан қалай өту керек екендігін, сондай-ақ қоян-қолтық ұрыс көрсетті. Спорт қалашығының аумағында әскерилер белтемірде тартылу және қоссырықтарда қолды бүгу және жазуды көрсетті. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскерилері оқушыларды жауынгерлік және спорттық даярлықтағы жетістіктерімен таңғалдырып қана қойған жоқ. Балалар алғаш рет әскери қызметшілерге арналған киімдердің бірнеше үлгілерін, лаңкестікке қарсы оқу-жаттығуларда қолданылатын қысқы киім нысаны, бүркемелеу халаттары, арнайы киім үлгісі, сондай-ақ техниканы, яғни, «Кобра» броньдалған дөңгелекті машинасын көрді. Оқушылар әскери қызметшілердің жаттығуы қалай өтетінін өз көздерімен көргілері келіп, қызығушылық танытты. «Отан қорғаушылар мен Ұлы Жеңіс күні алдында біз армияның тыныс-тіршілігіне білек сыбана кірісіп кетеміз. Армиядағы қызметтің қалай өтіп жатқанын көреміз, ардагерлерімізді құттықтап, алғыс білдіреміз», - деп атап өтті жеткіншектер. Отан қорғаушылар күні қарсаңында Қарулы күштер қатарында көптеген іс-шаралар өтеді. Оның қатарында мереке концерті, ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді марапаттау, спорттық сайыстар бар.                 


Алматыда ҰОС ардагерлері мен зейнеткерлер арасында бильярд спортынан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Бастау» бильярд клубында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен зейнеткерлер арасында бильярд спортынан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Оған Алматы, Астана, Шымкент, Талдықорған, Өскемен, Көкшетау қалаларынан барлығы 89 спортшы қатысуда. Бұл жарыс Ұлы Жеңіс күні - 9 мамырға арналды.«Биыл қатысушылар саны өте көп. Былтыр 74 адам қатысқан болатын. Ал биыл, 100 адам тіркелді. Бірақ, денсаулықтарына байланысты 89 ардагер ғана ойнап жатыр. Олардың ішінде тыл майданының еңбеккерлері және коньки, велоспорт және бокс бойынша спорт ардагерлері де бар. Екі топ бойынша жүлделі орындарға қол жеткізген ардагерлерге  кубоктар мен медальдар және сыйақы табыс етіледі», - деді өз сөзінде Қазақстан бильярд спорты федерациясының менеджері Виктория Назарова. Турнирдегі ең жасы үлкен қатысушы алматылық Евгений Кодяйкиннің жасы - 88-де. Ал ең жас қатысушының жасы - 63-те. Жарысқа қатысушылар жас мөлшері бойынша екі топқа бөлінген: 1) 63-74 жас және 2) 75 және одан жоғары. Жарыс 5 мамыр күні аяқталады.      


Алматыда ҰОС-қа қатысқан қызметтік иттердің ерлігі еске алынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Жеңіс Фестивалі» өтті. Шара аясында ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің «Кинологиялық орталық» РММ мамандары  ҰОС-қа қатысқан иттердің ерлігін еске алды.Тарихи деректерге сүйенсек, соғыс жылдары 68 мыңға жуық ит майданда қызмет еткен. 6 мыңға жуық иттің көмегімен 4 млн мина зарасыздандырылды. Байланысшы иттер 20 мыңға жуық хат жеткізген. Адал жануарлар жаудың 300-ге жуық танкін жарып жіберген. Санитар иттер 15 мыңға жуық шанамен 700 мыңдай жаралы сарбазды госпитальге жеткізген. Әскери бөлімдерге 3500 тонна ұрыс затын жеткізген. Барлаушы иттер бұқпантайлап жатқан жаудың ошағын ашуда, тіл ұстауда көмек көрсеткен. Бүгінгі шара барысында кинолог мамандар әскери жылдары  иттердің қалай әрекет еткендігін, қазіргі төрт аяқты көмекшілердің іздестіру жұмыстарындағы қызметін іс жүзінде көрсетті. Шараға ҰОС ардагерлері, Түрксіб ауданының әкімдігі, «Аэроұтқыр әскер», «Нұр Отан» партиясының өкілдері, Б.Момышұлы атындағы респубикалық әскери мектептің оқушылары қатысты. 


Астана әкімдігі 7-9 мамырға арналған мерекелік шаралардың кестесін жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігі 7-9 мамыр күндеріндегі мерекелік шаралардың кестесін жариялады.Отан қорғаушы күні мен 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне  арналған шаралар жоспары 6-7 мамыр   Шара Өтетін орны 6 мамыр 11.00 1941-1945 жж. ҰОС Жеңістің 71 жылдығына арналған шара  (ағаш отырғызу, концерттік бағдарлама Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме 7 мамыр 8.00 Әскери қызметкерлердің спорттық жүгіруі «Отан қорғаушылар» монументінен Бейбітшілік және келісім сарайына дейін 7 мамыр 11.00 Техника көрмесі мен «Солдатская каша» шарасы Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің әскери-тарихи музейі 7 мамыр 10.00-22.00 Отан қорғаушы күніне арналған концерт  «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаң 18.00 Дж. Верди «Аида» /4 бөлімді опера/ Қалалық алаң 19.00 В.Ежов «Тыраулап ұшқан тырналар» /лирикалық драма/ М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры 18.30  «Чем дальше мы уходим от войны...» музыкалық-поэтикалық композиция М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры 8 мамыр   Шара Өтетін орны 10.00 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы жылдары алған жарақаттардан көз жұмған жауынгерлер зиратына гүл себеттері мен «Даңқ гирляндасын» қою салтанаты   Орталық қалалық зират 11.00 Л.Браусевич, И.Карнаухова «Аленький цветочек», ертегі М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры 15.00  «Отан деп соққан жүрегі...»мерекелік концерті Бейбітшілік және келісім сарайы 18.00 «Astana Piano Passion 2015»  ІІІ халықаралық классикалық музыка фестивалі және жас пианисттер байқауының лауреаты Илья Ломтатидзенің концерті  «Астана Опера» МОБТ 18.00 К.Людвиг «Примадонны», комедия М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры 9 мамыр   Шара Өтетін орны 10.00 Мерекелік концерт және халықтық серуен  «Студенттік» парк Қалалық алаң,  «Бәйтерек» алаңы 11.00 «Даңқ гирляндасын» қою салтанаты «Отан қорғаушылар» монументі жанындағы алаң 12.30 «Жаужүрек полк» шеруі,  «Отан қорғаушылар» монументіне гүл қою салтанаты «Отан қорғаушылар» монументі Тәуелсіздік даңғылының бойында («Astana Mall» СОО жанында жиналып, осы жерден басталады) 15.00  «Синий платочек» мерекелік концерті  «Астана Опера» МОБТ 18.00 А. Хачатурян «Спартак» /3 бөлімді балет/  «Астана Опера» МОБТ    


Қармақшыда Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы самбодан халықаралық мемориал өтеді - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - 7-8 мамыр күндері Қызылорда облысының Қармақшы ауданында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына арналған Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы самбодан халықаралық мемориал өтеді. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Осымен 21 жыл қатарынан жалғасып келе жатқан дүбірлі бәсекеге Әзербайжан, Грузия, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан елдерінен самбошылар 9 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салады.  Турнир соңында қазақ күресінен «Түйе палуан» сайысы өткізіледі. Бас жүлде - 10 мың АҚШ доллар.      


Қызылордада Еңбек ардагері Абдолла Дәулетұлына құрмет көрсетілді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін оқу-ағарту, партия және атқару органдарында қажырлы еңбек етіп елге танылған, Қызылорда облысының құрметті азаматы Абдолла Дәулетұлының 85 жасқа толуына байланысты аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев құттықтап, құрмет көрсетті. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.Абдолла Дәулетұлы еңбек жолын 1952 жылы ұстаздықтан бастап, Одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққанға дейін түрлі лауазымдық қызметтер атқарды. 1995 жылға дейін облыстық Кеңесте, атқару комитетінде жауапты лауазымдарда болды. Партия ұйымының іс-тәжірибелері туралы зерттеп жазған еңбектері одақтық, республикалық баспаларда арнайы жинақтарда жарық көрді. «Өмір өрнектері», «Ыбырай тағылымдары», «Мәуелі әулет», «Сыр саңлақтары», «Нұрлы жол» және басқа да көптеген кітаптардың авторы. А.Тәжутовтың «Курманы, половцы, кипчаки, казахи», М. Аджидің «Кипчаки. История Великой степи и древних тюрков» атты тарихи кітаптарын аударған. Елге жасаған еселі еңбегінің нәтижесімен көптеген медаль, Құрмет грамоталарымен марапатталып, «Облыстың Құрметті азаматы» атанды.  «Ізіңізден ерген ізбасарларыңызға өмірлік тәжрибеңізді үйретуден жалықпай, өнегелі істеріңізбен өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулып, патриоттық тәлім-тәрбие беріп келесіз. Бұның өзі - адамгершілік ілтипатыңыз бен үлкендік ізгілігіңіздің белгісі. Сіздің осындай өнегелі өмір жолыңыз  - жастарға үлгі-өнеге. Халық үшін жасаған игілікті ісіңіздің жемісін молынан көріп, ұзақ жасаңыз», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев. Шара барысында еңбек ардагеріне Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табыстап, иығына шапан жапты.   


Семейде өткен тарихи эстафеталық жарысқа 1000-ға жуық тұрғын қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Семейде жеңіл атлетикадан дәстүрлі эстафеталық жарыс өтті. Бұл шара 75-рет ұйымдастырылды. Оған мыңға жуық тұрғын қатысты, деп хабарлайды 24.kz. Мектеп оқушылары, студенттер, тіпті зейнеткерлерге дейін әртүрлі қашықтыққа жүгірді. Биыл қаладан өзге Бесқарағай, Бородулиха сияқты аудандардан да арнайы командалар қатысты. Ең ұзақ қашықтық - 3 шақырымдық жарыс. Топ жарғандарға грамоталар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Бұл жарыс ТМД көлеміндегі тарихы терең эстафеталардың бірі саналады. Ең алғашқы дода 1941 жылы өткен. «Отан соғысында қан төгіп, болашақ ұрпаққа елімізді, жерімізді, егемендігімізді сақтап қалған ата-бабаларымыз, соларға арналған шара. Мақсаты - салауатты өмір салтын жастар, қала тұрғындары арасында насихаттап, күнделікті спортқа бейімдеу»,- дейді қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің жетекшісі Мұрат Құржықаев.       


С.Нұрмағамбетов отырғызған шырша бүгіндері биік ағашқа айналған - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Ақкөл қаласында осыдан 12 жыл бұрын Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов отырғызған шырша бүгіндері биік ағашқа айналған.Аталған ағаш орталық алаңдағы ҰОС қатысушыларына арналған ескерткіштің маңына 2004 жылдың мамырында Жеңіс күні қарсаңында отырғызылған екен.  Жақында осы маңнан Чернобыль АЭС апатының зардаптарын жоюшыларға арналып ескерткіш стелла ашылған болатын. Бүгіндері мәуелі шыршаны көргенде қазақтың бағына біткен батыр ағамыз Сағадат Нұрмағамбетов бірден еске оралады.  Зәулім ағаш батырды еске салып қана қоймай,  сол маңда орналасқан дәмханаға келушілерге де сая болуда.       


Алматылық ардагерлерге «Соғыс, Халық, Жеңіс» ауызша журналы ұйымдастырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық ардагерлерге «Соғыс, Халық, Жеңіс» ауызша журналы өтті.«Соғыс, Халық, Жеңіс» тақырыбында үш бөлімнен тұратын ауызша журналы Ұлы Отан соғысының басталғанына 75 жыл және Мәскеу түбіндегі шайқасқа 75 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Қалалық Антон Чехов атындағы кітапханада өткен жиынға соғысқа қатысқан және тыл да еңбек еткен 50 қазақстандық ардагер қатысты. Кеш барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне Алматы қаржы-құқық колледжінің студенттері гүл шоқтарын ұсынды. Алмалы аудандық ардагерлер кеңесінің Отан атты вокалды хор ансамблінің соғыс жайлы өлендер мен әндер композициясы тындалып, ерлік кітап көрмесі өтті. «Көздеген басты мақсатымыз - 1941-1945 жылы Ұлы Отан соғысында неміс басқыншыларын талқандауда Қазақстан халқының майданда және тылда көрсеткен ерен ерлігін паш ету, жас ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу», - деді Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері.          



Г.Әбдіқалықова әскери білім алып жатқан жасөспірімдермен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова елордадағы ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында болып, «Жас ұлан» республикалық мектебінің, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілерімен кездесті.«Біздің бүгінгі кездесуміз еліміздегі қастерлі мерекелер - Отан қорғаушы күні  мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдық мерекесі қарсаңында өтіп отыр. Баршаңызды  алда келе жатқан мерекелермен шын жүректен құттықтаймын! Жас ұрпақтың аға буынның ерлік жолын үлгі тұтып, Отанын қорғау деген қасиетті борышты бойына сіңіруі мемлекеттіліктің негізін қалыптастырып, Қазақстанның қуатты мемлекет болуына негіз қалайды»,-  деді кездесуді ашқан Мемлекеттік хатшы. Сонымен қатар ол өз сөзінде Ұлы Отан соғысы жылдарында 1 млн 300 мыңнан астам қазақстандықтар соғысқа аттанып, оның 500-600 мыңы жер жастанғанын, қазіргі кезде елімізде 3662 ғана соғыс ардагері қалғанын еске салып өтті. «Жақында,  26 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-ші сессиясында Мәңгілік ел патриоттық актісі қабылданды. Бұл тарихи құжаттың жастарды отаншылдыққа шақыратыны сөзсіз», - деді Г.Әбдіқалықова. Кездесу барысында Қазақстанның одан ары дамуы мен гүлденуіне бағытталған «Мәңгілік ел» патриоттық актісін іске асыру аясында өскелең ұппақты әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеудің өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жиынға қатысушылар Қорғаны министрлігінің ардагерлер қауымдастығымен, өскелең ұрпақпен және жаңа қазақстандық патриотизмге тәрибелеу жөніндегі құзырлы мемлекеттік органдармен тиімді қарым-қатынасты орнықтыруды қамтамасыз ету аясында пікір алмасты. Кездесу қорытындысында Г.Әбдіқалықоа жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдірудің басымдықтарын белгілеп берді.         


Чехия аумағында ҰОС кезінде мерт болған қазақстандық жауынгерлердің сүйектері анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Чехия аумағында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің сүйектері табылды. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов мәлім етті.«Алдағы 9 мамырдағы мереке аясында біз чех үкіметімен, ТМД елдері елшіліктерімен бірлесе Прагадағы Ольшан бейітінде гүлдестелер қоямыз. Ол жерде Қазақстанның бес жауынгері жерленген, оның ішінде біреуі Кеңес Одағының Батыры»,-деп тоқталды Елші. Оның сөзіне қарағанда, жақында Прагадан 300 шақырым жерде, яғни Австриямен шекара жағындағы аумақта қазақстандық жауынгерлердің сүйектері табылғандығы туралы ақпарат түскен. «Олар біздің өтінішіміз бойынша барлық қажетті ақпаратты жинастырып жатыр. 14 мамырда сол жерге баруды жоспарлап отырмын. Атап айтқанда, сол жердегі естелік шараларына қатысатын боламын. Анықталған деректердің барлығын ҚР Қорғаныс министрлігіне бағыттаймыз. Осы ретте ел азаматтарының сол жердегі туысқандарын, әкелерін, аталарын тауып алуы үшін мүмкіндік жасалады»,-деді С. Әбдікәрімов.      


Алматыда ҰОС ардагерлеріне азық-түлік себеттері таратылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 9 мамыр - Жеңіс күніне арналған «Мәңгілік есімізде» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Оған Ұлы Отан соғысы мен тыл майданы ардагерлері, Ленинград қоршауында болғандар, сондай-ақ балалық шағы соғыс жылдарында өткен ардагерлер - барлығы 50-ден астам адам қатысты.   «Бүгінгі шараның басты мақсаты - Ұлы отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзып етіп, бүгінде арамызда жүрген ардагерлерімізге құрмет көрсету. Сол арқылы жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеу. Ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру. Салт-дәстүрлерімізді, мәдениетімізді, «үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету» деген секілді асыл қасиеттерімізді ұмытпау», - деді өө сөзінде бүгінгі шараны ұйымдастырушы ұйым - «Reliance» Қоғамдық қорының директоры Сәуле Алпысова. Шара барысында Кәмшат Жолдыбаева, Нұрлан Абдуллин, Жан Ахмадиев секілді қазақ эстрадасының жұлдыздары, сондай-ақ, Алматы іргесінде орналасқан №38-ші мектеп-гимназиясының кадет сыныбының оқушыларының қатысуымен мерекелік концерт қойылды.   Шара соңында бүгінгі шараға қатысқан ардагерлерге арнап түскі ас беріліп, оларға азық-түлік себеттері және 5 000 теңге көлемінде сертификаттар табыс етілді. Айта кетелік, «Reliance» Қоғамдық қоры «Мәңгілік есімізде» қайырымдылық жобасын 7 жыл көлемінде жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда қордың еріктілері 150 ҰОС ардагерін өз қамқорлықтарына алған.      



«Мен соғысқа 17 жасымда аттандым. Ол өте үрейлі заман еді» - ҰОС ардагері В.Сонин

АСТАНА. ҚазАқпарат - 9 мамыр күнін мерекелеу қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ерекше құрмет пен көңіл бөлінетіні анық. Осы күні біз олардың адамзат алдындағы, Отан алдындағы өшпес ерліктерін еске аламыз.Соғыс ардагерлері мен ІІМ жүйесінде көп жылдар қызмет істеген арда қариялардың шаңырағына ІІД басшылығы арнайы барып қайтатын әдемі дәстүр бар. Биыл да, Жеңіс күніне орай, Астана қалалық ІІД елордада ерекше мейірімді шараны өткізді. Ардагерлердің үйіне офицерлер ғана емес, білікті дәрігерлер де келіп, олардың денсаулықтарын қарап қайтты. Солардың бірі - ҰОС ардагері, 30 жыл ІІМ жүйесінде қызмет істеген Василий Сонин. «Олар мейрамды сезінсе екен деген тілекпен біз бүгін кәделерімізді алып, ардақты ардагерлерімізге бас сұқтық. Мейрам уақыттарында біз қарияларымызға көп көңіл бөлуге тырысамыз. Жыл сайын олардың қатары сиреп келеді, біз олардың батырлықтарын ұмыт қалдырмай, еске алып отыруымыз керек. Василий Сонин ішкі істер жүйесінде ширек ғасыр жұмыс істеген, саланың дамуына өз үлесін қосқан адам. Біз оның құқықтық тәртіпті сақтау ісіне қосқан еңбегіне рахметімізді айтып, оған саулық, береке мен мықты денсаулық тілейміз!» - деді шараға қатысқан Астана қаласы Есіл аудандық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Қанат Алтаев. В.Сонин 1926 жылы дүниеге келген. Манчжурде алғаш ұрысқа кіріскен. 18 жасқа толар-толмас шағында соғысқа шақырылып, 1943 жылы 17 қарашада Примор аймағына аттанады. Дәл сол жылдары бұл тұста нағыз кескілескен ұрыстар жүріп жатқан болатын, әрбір жауынгер бағалы еді. Дегенмен оны майданға жолаттырмады, себебі әскери дайындықтан өту керек болатын. «Мені соғысқа 17 жаста шақырып алды. Ол өте үрейлі заман еді», - деп еске алады В.Сонин. 1943 жылдың желтоқсанынан бастап, соғыстың соңына дейін В.Сонин атқыштар әскерінде дайындық курсынан өтті. Кейін 1945 жылдың 9 тамызында Жапониямен арадағы шекараға келді. Онда Қызыл әскер қатарында ол Манчжурия елінде орын алған ұрыстарға қатысты. Ол полк штабында байланыс орнатушы қызметін атқарды. «Біз жаяу, кескілескен ұрыстармен барлық Манчжурияны ғана емес, Жапонияны да жүріп өттік. Солтүстік Кореяға дейін жетіп, ондағы ауылдарды жапон солдаттарынан тазарттық. Ол жерде біздің штабымыз үш жылға бекітілді. Кейін бізді елге шақыртып алды», - дейді В.Сонин. Соғыстан соң, 1951 жылдан бастап, Целиноград қаласында ішкі істер органдарында қызмет істеді. Кейін ІІБ ведомствоаралық күзетте көп жыл жұмыс атқарды. В.Сонин Ұлы Отан Соғысының 2-дәрежелі ордендерімен, Қызыл Жұлдыз және Георгий Жуков медальдарымен марапатталған. Соңғы деректерге қарасақ, Қазақстанда Ұлы Отан Соғысының небәрі 3 668 ардагері қалған. Былтыр олардың саны 4 715 болатын. 9 мамыр қарсаңында оларға біржолғы ақшалай сыйақылар беріледі. Астана әкімдігі әр ардагерге 1 миллион теңгеден беруді жоспарлауда.            


Бауыржан Момышұлының өмірінен тың деректер жаңа кітапта жарық көрді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында Жеңіс күніне орай «Өнегелі өмір» сериясынан «Бауыржан Момышұлы» туралы жаңа кітаптың тұсауы кесілді.Жаңа басылым «Бауыржан Момышұлының мұрасы» қоғамдық қоры мен әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ықпалымен басылып шықты. Ғылыми еңбекте батырдың ғылыми айналымға енгізілген өмірбаяны, мұрағат құжаттары, «Ұшқан ұя» ғұмырбаяндық романынан жас ұрпаққа тағылым  боларлық үзінді, алуан түрлі таныс та бейтаныс фотосуреттер, ең бастысы бұрын еш жерде жарияланбаған естеліктер мен жазбалар топтастырылып отыр. «Ғалымдар айтады, сөнген жұлдыздың жарығы миллион жылдарға жетеді деп. 30 жыл өтсе де атамыздың аты аталмаған күн жоқ. Себебі, ол халықтың жүрегінде, зердесінде болды. Бүгінгі тұсауы кесіліп отырған кітап атаға деген ілтипаттың бір бөлігі деп ойлаймын. Мен өзім оқыған, ұлым Ержан оқыған университет қабырғасында жасалып жатқан игілікті іс ұзағынан болсын. Оқырманы көп болсын. Мен жазушы, ақын емеспін. Жай қарапайым келінмін. Бір жағынан кімге кім келін болмай жатыр. Бір жерде апа, бір жерде Зәке деп құрметтесе, осының барлығы атаның құрметінің арқасы. Атасының кебісіне аяқ сұқпайтын, енесінің төсегіне отырмайтын келін болдым. Жаратқан ием Атамның қолына су құйып, шай қайнатып беруге мүмкіндік туғызды. Мені атақ-даңқ, марапаттан құдай сақтапты. Тек маңдайыма жазылған атақ  Баукеңнің келіні деген сөз. Атама қызмет еткен аз ғана ғұмыр мен үшін үлкен академия болды», - деді Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметова. Отырыс барысында жиналған зиялы қауым өкілдері өздерінің өмірлерінде Бауыржан Момышұлымен бір сәттік кездесулерін естелік ретінде айтып берді.     


Ардагерлер жастарға шынайы патриоттық рухтағы тәрбие жайын әңгімелеп берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Отан қорғаушы күнін және Ұлы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеу аясында «Ұрпақтар сұхбаты» атты акциясы өтіп жатыр.Атап айтқанда, бүгін елордадағы  «Астана» ұлттық сурет галереясы аталған акция барысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл ардагерлері және интернационалист жауынгерлермен  кездесу ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге  шақырылған соғыс ардагерлері Абдурахмет Сафаров, Бақтыбай Алмабеков және Тұрсынбай Момынқұлов, сондай-ақ тыл ардагері Орынтай Шамренова әжей нәубетті соғыс жылдарында бастарынан өткен оқиғаларды жастарға айтып берді. Іс-шара ардагерлерге құрмет көрсету, ҚР Қарулы Күштерінің беделін көтеру  және өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Осы ретте бүгін өткізіліп жатқан «дөңгелек үстелге» ҰОС ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, сондай-ақ Ауған соғысы ардагерлері, «Жас Ұлан» республикалық мектебінің және № 73  мектеп-гимназиясының оқушылары қатысуда. Жиын барысында  ардагерлерімізге ерекше құрмет пен қошемет танытуға бағытталған шаралар пысықталды.  Мұнымен қоса, шара барысында өз туындыларын Ұлы Отан соғысы тақырыбына арнаған Астана суретшілері Виктор Кель және Аманжол Мусалимовтың еңбектері көпшілік назарына ұсынылды.      


ҚР Елшілігі Прагада әскери-тарихи көрмеге қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнін мерекелеу қарсаңында, 2016 жылдың 4 мамыр күні Қазақстанның Чехиядағы Елшілігі «Әлемді кеңес сарбазы құтқарды» атты әскери-тарихи көрменің ашылуына қатысты.ҚР-дың Чехиядағы Елшілігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, көрменің басты мақсаты - Ұлы Отан соғысына қатысқан елдердің әлемді фашизмнен құтқарудағы рөлі туралы тарихи шындықты сақтау. Көрменің экспозициясы ұлтшылдық қылмыстары мен Кеңес Әскерінің Еуропадағы азат ету миссиясы туралы баяндайды. Қонақтардың назарына 9 тақырыптық композиция ұсынылды: «Фашистердің билікке келуі», «Жаппай қуғын-сүргін. Концлагерь», «Фашизмнің адамзатқа қарсы қылмыстары», «Кескілескен айқас пен Жеңістің бағасы». Көрме біздің елдеріміздің Жеңісті қандай қиындықпен алғанын көрсетті. ҚР-дың Чехия Республикасындағы Елшілігінің баспасөз қызметі, сондай-ақ 2016 жылдың 9 мамырында қалалық «Ольшаны» қорымында Кеңес сарбазы мен Чехословакиялық жауынгерлер ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтетінін хабарлады. ҚР Елшілігі де одан бөлек қазақ сарбаздары: Кеңес Одағының Батыры, старшина М.Жүнісов, кіші сержант Т.Зайнуллин, қатардағы сарбаздар М.Әжімов, Б.Нұржанов, М.Сапарбаев, А.Баевтың қабірлеріне гүл шоқтарын қояды.       


Алматы ардагерлеріне жаңа «Экипаж» фильмі көрсетілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда кинотеатрда Ардагерлер үйінде тұратын ҰОС ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және басқа да ардагерлерге жаңа «Экипаж» фильмі көрсетілді.   «Бүгінде қарт адамдарға кинотеатрға барып кино көру оңай емес. Біз ардагерлерді келе жатқан Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, оларға деген құрметімізді осылайша білдіргіміз келді. Бұл фильм бекерге таңдап алынған жоқ. Өйткені, бұл сонау 80-ші жылдары осындай атпен жарық көрген фильмнің жаңа нұсқасы», - деді бүгінгі акцияны ұйымдастырушылардың бірі - «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ басқарушы директоры Жансұлтан Сапарбаев.     Өз кезегінде «ADM Capital» (Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісінің негізгі акционері) ЖШС басқарушы директоры Әділ Өсжігіт кинотеатр - мәдениетті дамытуға бағытталған әлеуметтік жоба екендігін атап өтті. «Біз бұл акцияны бір жағы ардагерлерге заманауи кинотеатрлардың мүмкіндіктерін көрсету үшін ұйымдастырдық. Меніңше, олар кеңестік және заманауи фильмді лайықты бағалайды деп ойлаймын», - деді Ә. Өсжігіт.     Ұлы Отан соғысының ардагері, 95 жастағы Иван Щербининнің айтуынша, оның қазір киноға баруға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан бүгінгі акция үшін ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. «Қазіргі заманауи техникалар шынында да таң қалдырады. Біздің заманымызда мұндай болған жоқ. Қазір, біз әлеуметтік тұрақтылық, ұлтаралық татулық орнаған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Бізге жастар құрметпен қарайды. Халық тарихты, сол бір сұм соғысты  ұмытпауы керек. Ол бүгінгі ұрпақ үшін үлкен сабақ», - деді соғыс ардагері.      


ШҚО-да Жеңіс күні қарсаңында әрбір ардагерге жарты миллион теңгеден беріледі

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Бүгін облыстық бюджеттен Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 500 мың 438 теңге көлемінде біржолғы төлемдер беріле бастады.Облыс әкімдігінен хабарлағандай, аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес төлемдердің көлемі Жеңістің 70 жылдығы деңгейінде сақталды. Бұдан басқа, бұл сома қала және аудан бюджеттерінен толықтырылады. Аймақтағы 11 соғыс қатысушысы мен мүгедектерінің үйлері жөндеуден өткізіледі. Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген азаматтар да назардан тыс қалмайды. Облыста мұндай адамдардың саны - 1535 және 26 946 тыл еңбеккері бар.      


Батысқазақстандық қос майдангер жастарға жүрекжарды сөзін арнады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 71 жылдығы қарсаңында Орал қаласында тұратын Ұлы Отан соғысы және ішкі әскер ардагерлері, доғарыстағы полковник Семен Данилин мен медицина қызметінің капитаны Екатерина Крылова Ұлттық ұлан жауынгерлеріне, барша жастарға жүрекжарды лебізін арнады.  «Біз көп ұлтты Қазақстанда тұрып жатырмыз. Біздің елдегі халықтар достығының тамыры тереңде. Ол сан түрлі шайқастар мен қажырлы еңбекпен шыңдалған достық дер едік. Бұдан 75 жыл бұрын гитлерлік Германия елімізге басып кіргенде, біз осы Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді, ғасырлар бойғы достығымыз бен ата-баба қанымен берілген батырлығымызды қарсы қоя білдік. Біз, майдангерлер, жастарға Отанымызды сүюді, қиын-қыстау шақ туа қалса, қорғауды аманат етеміз. Ең бастысы, Отан біреу екенін ұмытпаңыздар. Бейбітшілікті қадірлей біліңіздер. Біз ұдайы қамқорлығы үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, сондай-ақ ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовқа, «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтановқа, БҚО әкімі Алтай Көлгіновке және 5517-әскери бөлім командирі, подполковник Асылбек Шайкамаловқа шынайы ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Елбасымыздың бастауымен еліміз алдағы уақытта да жаңа жеңістерге қол жеткізе берері сөзсіз», - дейді С.Данилин мен Е.Крылова. Айта кетейік, Семен Акимович Данилин биылғы күзде 102 жасқа толады.      


Волоколамскідегі мемориалдық әскери қорымда панфиловшы-жауынгерлерге ескерткіш орнатылды

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Еуразиялық топтың (ERG) «Батырлар жолымен» халықаралық патриоттық жобасы аясында Волоколамск қаласының (РФ, Мәскеу облысы) мемориалдық әскери қорымында И.В.Панфилов атындағы атақты дивизия жауынгерлеріне ескерткіш орнатылды. Маңызды шараны ұйымдастыру жөніндегі бастаманы Еуразиялық топ кәсіпорындары - «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және «Қазақстан Алюминий» АҚ қызметкерлері көтерді. Биылғы ERG жобасының миссиясы 1941 жылғы Мәскеу түбіндегі шайқастың 75 жылдығына орайластырылды. Онда  316-атқыштар дивизиясы шайқасқан. Ескерткіш ашылуының салтанатты шарасында Мәскеу облысы үкіметі төрағасының орынбасары Эльмира Хаймурзина Волоколамск шебі ең қиян кесі әрі қантөгісі көп шайқас болған жер екенін айтты. «Бұл біз үшін маңызды, өйткені әскери тарихтағы негізгі жыл болды - бұл Мәскеу үшін шайқастың 75 жылдығы, бірінші жеңіс жылы», - деді ол. Э.Хаймурзина атап өткендей, панфиловшы-жауынгерлердің тарихи ерлігіне еш күмән жоқ. «Қазір кейбіреулер Ұлы Жеңіс тарихына қатысты дау тудырып жатыр. Менің ойымша, жаудың жүзіне қараудан қорықпаған, окопта болғандар және осы жерде болып Мәскеуді қорғағандар - нағыз батырлар», - деді ол. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің әскери атташесінің көмекшісі Нұржан Омаров Волоколамскі мен Мәскеу облысының әкімшілігінің қабылдағаны үшін алғыс айтып, Мәскеу түбінде болған тарихи оқиғалардың ұмыт болмайтынын, мәңгі сақталатынын атап өтті. ERG атынан сөз сөйлеген «Қазақстан Алюминий» АҚ қызметкерлер мен әлеуметтік мәселелер бойынша вице-президенті  Бегзия Ысқақова Еуразиялық топтың басқарма төрағасының құттықтау сөзін оқыды. Ескерткіш түбіне павлодарлық іздеушілер қазақ жерінің топырағы салынған капсула қойды.      


Павлодарда Кеңес Одағының Батырлары мен «Даңқ» орденінің толық иегерлеріне арналған аллея орнатылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда Ұлы Жеңіс күні Кеңес Одағының Батырлары мен «Даңқ» орденінің толық иегерлеріне арналған аллея орнатылмақ.Бұл туралы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ардақ Райымбеков мәлім етті деп хабарлайды pavlodarnews.kz. «Мерекелік шара әскери даңқ алаңында гүл шоқтарын қоюдан басталады. Орталық алаңда бес блоктан тұратын театрландырылған көрініс қойылады. Оған 1000-ға жуық адам қатысады. Сондай-ақ, «Мәңгілік полк» шеруіне 1500-дей тұрғын қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұл күні эстрада жұлдыздарынан Медеу Арынбаев пен Юрий Копнов келеді», - деді А. Райымбеков. Сондай-ақ бөлім басшысының айтуынша, «Құлагер» ипподромында «Павлодар барысы» турнирі мен бәйге ұйымдастырылады. Бұдан басқа, ауқымды іс-шаралар келесі алаңдарда өтеді: «Достық» үйі, Гагарин саябағы, қалалық саябақ, «Әскери даңқ» мұражайының алаңы, Конституция алаңы және «Речной вокзал». Кеңес Одағының 24 батыры мен «Даңқ» орденінің сегіз толық иегеріне арналған аллея Қайырбаев көшесінде бой көтереді. Шараның соңында сағат 22.30-да павлодарлықтар мерекелік отшашуды тамашалай алады.    


Жасұландықтар Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Шымкент қаласының С.Рахымов атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектеп-интернатының тәрбиеленушілері Ұлы Отан соғысының ардагерлерін аралап, оларды осынау айтулы мерекелерімен құттықтады, сондай-ақ олардың тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс етті.ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Харьков пен Ворошилов, Польша, Литва мен Латвиядағы соғысты басынан кешірген, тіпті сонау Германияның өзіне дейін барған ардагер Абылай Қазыбаев болашақ әскери қызметшілерге әскери қызметі туралы тарихпен және баға жетпес білімімен бөлісті. Абылай ата жас ұрпаққа өзінің майдан тарихын әңгімелеп, ұзақ жылғы қызметіндегі жауынгерлік даналығынан сыр шертті. Ардагер қарт майдандас достарын, олармен бірге өткізген сұрапыл соғыс жылдарындағы қайғы-қасіретті еске алды. Өздеріне кезек келгенде курсанттар ардагерге майдан және халық әндерін орындап, өздері шығарған өлеңдерді оқып берді. Балалар әр ардагерге арнап өз қолдарымен ашық хаттар әзірлеп, оларды Шымкент қаласынан Ұлы Отан соғысына қатысқан бүкіл ардагерлерге тарту етті. «Жас ұлан» республикалық мектебінің курсанттары соғысардагерлерімен ұдайы кездесулер өткізіп, олардың шаруашылықтарына көмек көрсететінін айта кеткен жөн. Бұл құндылықтар жасөспірім кезден берілетін қасиеттер. Өйткені болашақ әскери қызметшілер соғыс батырларын, олардың жасаған ерліктерін есте сақтап, біліп жүруі тиіс.                   


Алматылықтар Ұлы Жеңістің тарихи құжаттарын тамашалады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар Ұлы Жеңістің тарихи құжаттарын тамашалады.Тарихи-құжаттық көрмені Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Ұлы Отан соғысының басталғанына 75 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Президентінің архиві ұйымдастырды. Көрмеге эвакуацияланған өндірістік кәсіпорындарды, эвакуацияланған тұрғындарды жайғастыру, республиканың өндірістік салалары мен ауыл шаруашылығын әскери қалыпқа көшіру кезеңдері көрініс тапқан. Сондай-ақ, Мәдениет істері жөнінде басқарманың соғыс кезіндегі қызметі, көркем-әдеби, бұқаралық-саяси және мерзімдік басылымдарды жеткізу туралы қаулылар, хаттамалар, анықтамалар, тізімдер қойылды. Құжаттық экспонаттар арасында 1941 жылғы 30 маусымдағы КСРО Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы және БК (б) П ОК Хатшысы И.Сталин мен КСРО Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары В. Молотовтың майдан шебі жанындағы обкомдар мен облыстық атқару комитеттерге фашистер басып алған өңірлерде астыртын ұйымдар мен партизандық жасақтар құру туралы жеделхаты, Ж. Бозжанов туралы (8-Гвардиялық дивизияның партиялық ұйымдастырушысы) Б. Момышұлы қол қойған қазанама, зеңбірек нысанашысы Г. Куропатовтың (Алматы қаласында туған) оқпен тесілген жазба кітапшасы, «Колхозник Казахстана» танк колоннасын құру үшін қаражаттың түсуі туралы құжаттар, Қорғаныс қорына Қазақ КСР тұрғындарынан ақша мен бағалы заттардың түсуі туралы мәлімет, Қазақстан халқы майданға жіберген киім-кешек, жарақ, азық-түлік, жем-шөп көлемі туралы мәліметтер бар.         


ҚР Тұңғыш Президенті Қорында ардагерлерге құрмет көрсетілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті Қорында Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік шара өтті. Онда ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері, сондай-ақ әскери мектептердің курсанттарына Лермонтов атындағы драма театрының артистері мен эстрада артистерінің орындауында «Отгремев, закончились бои» деп аталатын театрландырылған музыкалық композиция қойылды. «1945 жыл бізден алыстаған сайын, кеңес жауынгерлерінің ерліктері де айбынды бола түседі. Бұл күні біз соғыста жауға қарсы шайқасқандарға, тылда еңбек еткендерге, қирап жатқан елді қалпына келтіруге күш салғандарға тағзым етеміз. Бүгін бізге сол жеңімпаз аға ұрпақтың балалары мен немерелері де қонаққа келді. Олар бүгінде ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді. Біз ата-бабаларымыздың ерліктерін ешқашан да ұмытпауымыз керек», - деді Қордың атқарушы директоры Сағындық Нұраханов.   Сонымен қатар, Елбасы Қорының қаржылық қолдауы арқасында ҰОС ардагері Леонид Гриштің үш томдық «Жеңіс жалыны» кітабы қайтадан басып шығарылды. Онда қазақстандықтардың ерліктері баяндалған. «Мұндай шаралар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу үшін өте қажет. Мінеки, соғыстың аяқталғанына да 71 жыл өтті. Біз қазір болашағы кемел, тәуелсіз елімізде өмір сүріп жатырмыз. Бұл жайт мені - Ржев түбіндегі сұрапыл шайқастарға қатысқан ардагерді ерекше қуантады. Мен кезінде 100-інші қазақ бригадасының құрамында шайқастым. Мәншүк Мәметова біздің бригадада жауға қарсы соғысты. Біздің бригада соғыста ерліктің тамаша үлгілерін танытты. Сондықтан, жастарға айтарым, ел игілігі үшін жан аямай еңбек етіңіздер. Сонда болашағымыз да жарқын бола түседі», - деді соғыс ардагері Сұлтан Жиенбаев.            


ЕР ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ: Майдангер Сиғуат Мамырбеков туралы естелік

 АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ халқы Кеңес Одағының басқа ұлттарымен бірге Отанын басқыншылықтан қорғап қалды. Қазақтың қайсар ұлдары Брест қамалынан бастап Берлинге дейінгі аралықта қанқұйлы соғыстың бел ортасынан көрінді. Біздің аталарымыз Сталинград түбіндегі, Днепр өткелінде, Мәскеу мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерлік көрсетті. Украинаны, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етіп, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Осылай жан беріп, жан алысқан шайқастарда майдангер Сиғуат Мамырбеков та болды.Мамырбеков Сиғуат 1921 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданына қарасты Теректі-Бұлақ ауылында дүниеге келген. Жасынан білімге құмар ол ерте хат танып, білім алып, оң мен солын тани бастағанда әскер қатарына шақырту алды. 1941 жылы соғыс басталғанда ол алғашқылардың бірі болып соғысқа аттанды. С. Мамырбеков соғыстың алдыңғы шебінде Ленинград үшін шайқаста ерекше көзге түсті. Елді фашистердің басқыншылығынан азат етуде, Сталинград түбіндегі, Мәскеу мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерлік  көрсетті.  Ол соғыста қатардағы жауынгерден бастап байланыс батальонының телефонист-радист қызметтері деңгейлерінен өтті. Өзінің ісін өте тиянақты атқарған атамыз 1945 жылы жеңісті Берлин қаласында қарсы алды. Сиғуат Мамырбеков «Ерлігі үшін»,  «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «ҰОС Жеңісіне 20 жыл», «ҰОС Жеңісіне 30 жыл» т.б. көптеген медальдар және ордендермен марапатталған. Елге жеңіспен оралған соң туған аулында зайыбы Қайникамалмен отау құрып, одан 6 қыз және 2 ұл сүйіп тәрбиелеп өсірді. Атамыз Сиғуат пен апамыз Қайникамал екеуі 50 жыл тату-тәтті отасып, алтын тойларын туған-туыстарының, бала-шағасының, немерелерінің арасында ерекше атап өткен болатын.  Соғыстан кейін мектепте мұғалім қызметін, кейін түрлі салада жемісті еңбек етті. Сиғуат Мамырбековтің көзін көрген қариялардың айтуына қарағанда, ол өте сабырлы және қайсар, бір сөзді, еңбекқор адам болған екен. «Ерлік пен отаншылдықты, азаматтық пен еңбек сүйгіштік қасиеттерді бәрінен жоғары қоятын және оны кейінгі ұрпақтарына үлгі ететін атам 78 жасында дүниеден озды. Мен ес білмеген кезде атам о дүниелік болып кеткен. Алайда оның ерліктері мен еңбек жолын біліп  өстім. Отбасымызда қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын 9 мамыр Жеңіс күні атамыздың зиратына барып аруағына құран бағыштаймыз. Оның ғибратты өмірі туралы апамыз да бізге жиі әңгімелеп айтып береді. Сондықтан да біз үшін  батыр атамның өткен ерлік жолы - ұрпақтары үшін жазылмаған батырлық дастаны іспетті», - дейді Сиғуат Мамырбековтің немересі Ақбөкен Мамырбекова. Бүгінде Сиғуат Мамырбековтің ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда еңбек етіп өсіп-өнуде. Батыр атамыздан тараған ұл мен қыз Сиғуат әулетінің шамшырағын өшірмей келеді. Атамыздың ұрпақтары мен туған-туыстары оның батырлық пен қайсарлыққа толы ерлік жолын әрқашан мақтан тұтады. Ер есімі ел есінде мәңгі сақталады!          


Елорда тұрғындарына Жеңіс ленталары таратылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 7 мамырда сағат 10.00-да «Жеңіс лентасы» азаматтық акциясы бастау алады. Үш күн бойы «Бәйтерек», «Отан қорғаушылар» монументтерінің алдында, «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының жанында және қала әкімдігінің алдында ленталар таратылады, деп хабарлады қала әкімінің ресми сайты.Шара барысында 20 мың лента тарату жоспарланып отыр. Оларды елорда тұрғындары мен қонақтарына әскери киім стилінде костюмдер киген еріктілер табыстайды. Сонымен қатар, тақырыптық баспасөз қабырғаларымен шатырлар орнатылады, Еске алу қабырғасы жасалады, онда әр адам Ұлы Отан соғысына қатысқандардың, жақындарының суреттерін, өз қолымен салған суреттерді, тілектері мен жазу қалдыра алады. Шараның басты мақсаты - ел игілігі мен болашақ ұрпақтың бостандығы үшін өз өмірін қиған жандарды, соғыс жылдарын және олардың ерліктерін есте сақтап қалу. Айта кетейік, елімізде Жеңіс күнін мерекелеу символының ҚР мемлекеттік туы реңімен әдемі үйлесім тапқан қазақстандық нұсқасы жасалған. Жеңіс лентасы - ұзындығы 30 см, ені 3 см аспан көк реңді және ортасында алтын түсті ұлттық өрнек элементтері пайдаланып жасалған жібек маталы лента. Лентаның шеттерінде Отан соғысы Орденінің (дәрежесі көрсетілмеген) бейнесі орналасқан, бұл Ұлы Отан соғысында халқымыздың батырлығы мен ерлігін көрсетеді.     


Қызылорда облысында майдангерлерге құрмет көрсетілді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен, Жеңіс күні меркесіне орай, Ұлы Отан соғысына қатысқан медицина саласының ардагерлері Қалиев Кеңесбай, Колесник Любовь Сергеевна, Шырынкүл Ахметова, Ж.Лепесовтерге және 91 еңбек ардагергеріне құрмет көрсетілді.Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлады. Ардагерлер «тағзым» алаңында болып, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шарада басқарма басшысы Ақмарал Әлназарова, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов құттықтау сөз сөйледі.     


Павлодар облысының әкімі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінде қонақта болды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Жеңіс күні қарсаңында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтап, ақсақалдардың үйлеріне кіріп шықты, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.Аймақ басшысы соғыс ардагері Степан Швецтің үйінде қонақ болды. Соғыс жылдарында Степан Артемович 135-ші Гвардиялық артиллериялық полктің 66-шы Гвардиялық Полтава дивизиясының құрамында фашистермен соғысқан. Оған майдангердің ордендері мен медальдары куә. Әкім сондай-ақ ардагерлер Валентин Араповты, Ғабдолла Мұсиновты, Төкен Жақыповты құттықтап шықты. Ғабдолла Мұсинов Қызыл Әскер қатарына 18 жастағы бозбала кезінде шақырылды. 3-ші Беларусь майданы құрамында соғысқан. Отан соғысының І-ші дәрежелі орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталды. Төкен Жақыпов 1942 жылдан бастап соғысқа қатысқан, Ленинградты қорғады, бөлім командирі оны «Киров» крейсерімен іссапарға жіберді. Отан соғысының ІІ-ші дәрежелі орденімен», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін» медальдарімен марапатталды.     


М.Мәметова атындағы мұражай Астанаға келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың майдандағы ерлігі мен сұрапыл соғысқа дейінгі жастық шағынан сыр шертетін жәдігерлер көшпелі мұражай экспозициялық жобасы аясында Астанаға келді, деп хабарлады. www.24.kz.100-ге жуық құнды жәдігер мен естелік суреттер батыр қыздың туған қаласы Оралдан, 1932-1934 жылдары отбасымен бірге Мәншүктің өзі тұрған мұражай-үйден әкелінген. Бүгін астаналық оқушылар мен Ұлы Жеңістің жәдігерлерін көруге қызыққан меймандар Мәншүк Мәметова жайлы естеліктерге қанық болды. - «Мәншүк рухына тағзым» деген ұранмен жылжымалы көрмемізді Астанаға алып келдік. Көрмеде батырдың қамшысы, кітаптары, жеке өз қолымен жазған 6 хат бар. Соңғы хатында Мәншүк анасына «Мен өліп кетсем, сіздер үшін, Отан үшін жанымды пида етемін» деген. Хат жазып отырған Невель қаласын қорғау жолындағы ерлігімен ол күллі халқымызға үлгі боларын қайдан білген», - дейді Орал қаласындағы М.Мәметова мұражайының директоры Светлана Бектенова. Жылжымалы мұражай көп аялдамай, қаһарман қыз жүріп өткен жолмен Ресейдің Самара, Мәскеу, Ржев, Невель қалаларына сапарлап бармақ. Әскери мұражайға мұнымен қоса, Алматыдағы ҚР Президенті мұражайында зерттелген бірқатар тарихи құжат әкелінген. «1 млн 200 мыңнан астам адам қызыл әскерге шақырылып, соның 600 мыңнан астамы қан майданда қаза тапқан. Еңбек армиясына 700 мыңнан астам қазақстандық шақырылған. Әскер қатарына алу қазақстандықтар арасында 22 пайыздан жоғары болған. Бұл - дүниедегі ең үлкен көрсеткіштердің бірі. Өйткені Германияның өзінде мобилизациялау деңгейі 12 пайыз төңірегінде болған», - деген деректерді алға тартты  Алматы қаласындағы ҚР Президенті мұражайының директоры, профессор Борис Жапаров.   



Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болғандарға құрмет көрсетілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облыстық ІІД-де Отан қорғаушылар күніне және Жеңіс мерекесіне орай қызметтік міндетін өтеу кезінде қаза тапқан полиция мамандарының есімдері жазылған мемориалды стеланың ашылу салтанаты өтті. Шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, тақтаға аты жазылған қызметкерлердің отбасыларының мүшелері қатысты.Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Қатысушылар ерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алып, қарудан аспанға оқ атылды. Шараның ашылу салтанатында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтау сөз сөйледі. ІІД ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтаған облыс басшысы ерен ерлік иелерінің есімі көпшіліктің жүрегінде қалатынын айтып өтті. - Біз өзіміздің қаһармандарымызды ұмтыпаймыз. Олардың есімдері тарихта алтын әріптермен жазылып қалады және жадымызда ұзақ сақталады. Алдымызда Ұлы Жеңістің 71 жылдығы. Осы мерейлі мерекеде ерлік істері ғасырдан ғасырға жеткен ардагерлерімізге құрмет көрсетеміз. Олардың қажыр-қайраты, табандылығы, Отанына деген шексіз махаббаты - бізге жарқын үлгі. Біздің басты мақсатымыз - оларды құрметтеп, жан-жақты қолдау көрсету. Аталарымыз бен әкелеріміздің даңқы жолын жалғастырып, Отан қорғау шебінде, тыныштық пен бейбітшілік күзетінде тұрған бүгінгі жас буын сарбаздарға да айтар алғысымыз зор. Бүгінгі салтанатты шараны пайдалана отырып, баршаларыңызды алда келе жатқан мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге мықты денсаулық, молшылық, бақ-береке тілеймін, - деді А. Баталов. Салтанатты жиын облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрымхановтың сөзімен жалғасты. Қатысушыларды құттықтаған М. Ұрымханов үздік қызметкерлерге түрлі деңгейдегі наградалар тапсырды. Қызметтік міндетін мүлтіксіз атқарған полиция мамандары медальдармен, төсбелгілермен, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды. Олардың спорттағы жетістіктері де аталып өтілді. ҰОС ардагері, Алматы облысының Құрметті азаматы, милиция генерал-майоры Әбдіқадыр Болсамбековтің құрметіне мини футболдан жыл сайынғы өткізілетін турнирдің жүлдесі берілді. Сондай-ақ қызметтік міндетін атқару барысында қаза болған қызметкерлер отбасыларының мүшелеріне бағалы және ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Жиынның соңында көпшілік ІІД-нің өткен жылы ашылған мұражайын аралады.      


Талдықорғанда ардагерлер мен тыл еңбеккерлері «Қара жорға» биледі

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қабылдады.«Ұлы Отан соғысы адамзат тарихына миллиондаған өмірді қиған үлкен трагедия болып енді. Фашистік идеология жалыны көптеген қалалар, ауылдар мен кенттердің күл-талқанын шығарды.  Жақсы қаруланған жау бар күшін біздің Отанымызды басып алуға бағыттады. Аталарымыз бен әжелеріміз Отанды қорғау жолында ерлігін көрсетті. Қазір әр жанұя аспанға қара бұлт төнген кезде туған жерді қорғаған туыстарын мақтан тұтады.  Соғыс әр отбасыға әсер еткендіктен, Жеңісті тойлау біз үшін маңызды», - деді Бағдат Қарасаев.  Мерекелік шарада «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әртістері өнер көрсетті.  Ансамбльдің би тобы «Қара жорға» биін биледі, оларға ардагерлер мен тыл еңбеккерлері де қосылды.  Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңге көлемінде сыйақы мен азық-түлік салынған себет табыстады.                 


Өскемендегі көрмеге соғыс жылдарындағы түпнұсқа құжаттар қойылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат -  Ұлы Жеңістің 71-жылдығы қарсаңында облыстық қорық-мұражайда «Бізге естелік пен даңқ мұраға қалды» көрмесі салтанатты түрде  ашылды. Экспозицияға соғыс жылдарындағы құжат түпнұсқалары (майданнан хат, қызыл әскер кітапшалары, майдан суреттері, сарбаздар мен матростардың жарақаттанғаны, кім-кешегі, жарақтары, қарулары, орден-медальдары  және т.б. туралы анықтамалар) ұсынылды. Сарғайған суреттер өз Отанын жаудан қорғаған батырлар жайлы сыр шертеді. Аты аңызға айналған қолбасшы  Г. Жуковтың жеке жүргізушісі 1911 жылы туылған  Федор Спириннің  (ұрпақтары Өскеменде, Қасым Қайсенов кентінде тұрады) құжатқа арналған суреті.     Ф. Спирин Алтай өлкесінің Гилево ауылында дүниеге келген.    Басқа да  19451-1945 жылдары ҰОС  қатысушылар туралы бірқатар қызықты деректер көрсетілді. Мысалы, Виктор Сенкевичтің «полк ұлы» құжаты мен суреттері. Жас жігіт 17 жасында ерлік көрсетіп жауынгерлік орденмен марапатталды. Көрмеде жаңа мұражай фотогалерияның таныстырылымы өтті. Онда Өскеменде тұратын ҰОС аман оралған қатысушылардың портреттері ұсынылды. Мұражай директорының орынбасары Тамара Быкова өз суреттерін жүзден аса майдангер табыс еткенін айтты.                        


Көкшетауда Ұлы Жеңіс күні қарсаңында жолға шыққан «Жеңіс автобусы» қала тұрғындарын қуантты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Ұлы Жеңіс күні қарсаңында бірнеше «Жеңіс автобусы» қала тұрғындарын тасымалдады. Автобус қабырғалары Жеңіс күнін арналған плакаттар және 1945 жылдың 10 мамырында шыққан Ұлы Жеңіске арналған газет беттерімен безендірілді.Автобус жүргізушісі мен кондукторы да әскери киім киіп қызмет көрсетті. Бұған қоса, соғыс және жеңіс туралы өлеңдердің шырқалуы мен бір топ сарбаздардың ҰОС жылдарындағы әскери киім киіп жолаушы болып отыруы тұрғындарға майдан жылдарын елестеткендей әсер қалдырды.  Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ақпараттық-кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Әбішеваның айтуынша, шараның мақсаты - соғыс жылдарындағы «Эх, дороги», «Синий платочек», «Катюша», «Огонек», «Три танкиста», «В землянке», «Смуглянка», «Ақ көгершін», «День Победы» тәрізді лирикалық өлеңдер арқылы көкшетаулықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлау болып табылады.  Айта кетейік, шараға жолаушылар тасымалымен айналысатын «Сейнұр» және «Автобус паркі» фирмалары қолдау көрсетті.         


Тамара Дүйсенова Ұлы Отан соғысы ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Астанадағы қарттар үйінде болып, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін келе жатқан  Жеңіс күнімен құттықтады.«1945 жылдың 9 мамыры біздің елдің жылнамасында мәңгі жазылып қалмақ. Сіздердің батылдықтарыңыз бен ерліктеріңіздің, үлкен еңбектеріңіздің арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткіздік. Туған жерінің еркіндігі үшін жанын пида еткен абзал жандардың есімі мәңгі ел есінде қалады. Соғыстан кейін сіздер өз күш-жігерлеріңізді елді көтеруге жұмсадыңыздар. Сіздердің майдандағы ерліктеріңіз бен ел дамуына қосқан еңбектеріңіз өскелең ұрпақ үшін үлгі», - деді министр Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіске мың тағзым!» атты жиында. Шараға ҚР Парламентінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен ардагерлер ұйымының мүшелері қатысты. Митинг кезінде ардагерлер алдында С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» Республикалық мектебінің оқушылары салтанатты сап түзеп өтті. Тамара Дүйсенова шара барысында ҰОС ардагерлерімен бірге мекеме аумағында ағаш отырғызу шарасына қатысып, мерекелік концертті тамашалады.  Кездесуден соң Т.Дүйсенова ардагерлерге денсаулық пен ұзақ өмір тілеп, естелік сыйлықтар табыс етті. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметтері бойынша, Астана қаласы қарттар және мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде 304 адам тұрып жатыр. Олардың ішінде 4 ҰОС ардагері, 16- оларға теңестірілген тұлғалар мен 34 тыл еңбеккері бар.             


Қызылордалық полицей Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін «7 мамыр - Отан қорғаушылар күні» мен «9 мамыр - Ұлы Жеңіс» мерекесі қарсаңында, ардагерлерді еске алып, ерліктерін ұлықтау, Ішкі істер органдарында абыройлы қызмет еткен ардагерлерге, оның ішінде соғыс ардагерлеріне зор құрметін таныту мақсатында «Мәңгілік тағзым» атты салтанатты жиын болып өтті.Шараға Ішкі істер органдарының Ұлы Отан соғысы ардагерлері, соғыс ардагерлерінің туыстары, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, департамент басшылығы және жеке құрам қатыстырылды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады. Салтанатты шарада ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың құттықтауы оқылды. Департамент басшысы Ж.Сүлейменов соғыс ардагерлерін, жалпы ішкі істер органдары ардагерлерін Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, бұл соғыста ерлікпен қаза тапқан батыр аталарымыздың тарих төрінен орын алатыны және ұрпақтары жеңіс алауын сөндірмей, Отан үшін от кешкендерді жүрек түкпірінде ұстайтынын ерекше атап өтті. Жиын барысында адам өмірін қорғау кезінде асқан қырағылық пен жанқиярлық танытып, Отан алдындағы антына берік болып, қызметтік міндетін адал орындағаны үшін Қызылорда қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция батальонінің полицейі, аға сержант Нұртаев Нұрлыбек Амангелдіұлы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, шара барысында Ішкі істер министрінің марапаттау жайлы бұйрығы оқылып, министр бұйрығымен 12 қызметкер марапатталды. Қызылорда ОІІД бастығы полиция полковнигі Ж.Сүлейменовтің бұйрығымен департаменттің 10 ардагері, сондай-ақ, өз қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен департаменттің  100-ге жуық қызметкері марапатталды. Одан әрі мерекелік іс-шара жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсіміне ұласты. Әскери өмірге аяқ басқан жас буынды айтулы күндерімен ішкі істер органы ардагерлерінің атынан Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Пейсов те құттықтап, азаматтық борыштарын абыроймен атқаруларына тілектестік білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді. Іс-шара ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен қорытындыланып, шара соңында келген қонақтар естелік суретке түсті. Сонымен қатар, ардагерлердің құрметіне мерекелік дастарқан жайылып, концерттік бағдарлама қойылды.              


Ұлы Жеңіс күні қарсаңында елорда студенттері арнайы көрме ұйымдастырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған студенттердің шығармашылық көрмесі ашылды.Бұл шараны Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Сәулет және құрылыс факультетінің студенттері ұйымдастырып отыр. Олар соғыс кезіндегі танымал суреттердің көшірмелерінен жинақталған бейнелерден, әскери тақырыптағы плакаттарды және түрлі инсталляциялардан тұратын ондаған еңбектерін жұртшылық назарына ұсынды. Бұл ретте Бауыржан Момышұлының,  Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлованың портреттері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің суреттерін көруге болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің мазмұны фашизмге қарсы күресте халықтардың бірлігін барынша ашып көрсетуге негізделген. «Қасық қаны қалғанша соғысқан қарапайым сарбаздың өнегелі күш-жігері біз үшін мәңгі және шексіз тақырыптар болып табылады. Осы ретте атажұрт, соғыс, халық тағдыры, өлім мен мәңгілік, жеңіс арманы, соғыстағы адам тағдыры секілді тақырыптарды қамтып отырмыз. Сондықтан бұл еңбектерден әлемдегі бейбітшілікке деген үндеуді бірден байқауға болады»,-дейді студенттер. Өз кезегінде ЕҰУ факультетінің деканы Серіктай Баймұханов нәубетті соғыс жылдарындағы оқиғаларды ұмытпас үшін, бұл фактілерді үнемі жастардың есіне салып отыру керек екенін атап өтті. «Бұл жұмыстардың барлығын студенттер өздері жасап шықты. Олар осы еңбектерін бізге көрсеткеннен кейін, бұл көрмені ұйымдастыру идеясын жүзеге асырып отырмыз», - деді ол.              


Қарағанды облысының әкімі ардагерлерге арнап ән шырқады (ФОТО, ВИДЕО)

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков ардагерлер үшін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына арналған салтанатты қабылдау өткізді. Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.Қабылдауға облыс қалалары мен аудандарынан 45 ардагер қатысты. «Жерлестеріміздің майдандағы ерлігі қазақстандықтардың жүректерінде мәңгі сақталады. Соғыстағы жеңіс - әрбір жауынгердің батырлығы мен ерлігінің нәтижесі. Біздің қасиетті парызымыз - Жеңісті әкелген әрбір ардагердің мұқтаждарын ұмытпау. Бұл талап жергілікті билік органдары үшін іс-қимыл бағдарламасы болып табылады», - деп атап өтті Н.Әбдібеков. Қабылдау қатысушылары үшін концерт ұйымдастырылды, әрқайсысына сыйлықтар табыс етілді. Облыс әкімі ардагерлер үшін «Землянка» әнін орындады. Қарағанды облысынан майданға 45 мыңға жуық адам аттанды, 18 мың жауынгер үйлеріне оралмады. 6587 қарағандылық Ұлы Отан соғысының майдандарында ерлік көрсеткені үшін ордендермен және медальдармен марапатталды, 18-і Кеңес Одағының Батыры атанды. Бүгінде облыста Ұлы Отан соғысының 246 қатысушысы мен мүгедегі, 15 мыңнан астам тыл еңбеккері тұрып жатыр.       


Ақмолалық полицейлер Жеңіс күні қарсаңында ҰОС ардагерлері мен олардың жесірлеріне сый-сияпат жасады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының полицейлері Жеңіс күні қарсаңында ішкі істер департаментінде қызмет істеген ҰОС ардагерлері мен олардың жесірлерін үйлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтады.Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады. Бұл жолы Ақмола облысы бойынша жергілікті әкімшілік полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Мұратбек  Мұстафин бастаған полицейлер ҰОС ардагерлері мен олардың жесірлерін үйлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Кездесуде ардагерлердің атына жылы лебіздер айтылып, азық-түлік салынған себет пен ақшалай сыйлық тапсырылды. Ең басты салтанатты шара Ақмола облыстық ІІД кадрлық жұмыс басқармасы, Ұлттық гвардия және ІІБ ардагерлер кеңесі ұйымдастырған мерекелік дастарқан болды. Облыстық ІІД басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Бейбіт Әділханов жиналғандарды мерекемен құттықтап, ардагерлер мен олардың жесірлеріне 50 мың көлемінде ақшалай сыйлық тапсырды. Салтанатты шара ІІД шығармашылық ұжымының концерттік бағдарламасына ұласты.        


Н. Назарбаев: Қазақстанда ҰОС ардагерлерінің жауынгерлік ерліктері ешқашан ұмытылмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы - ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Отан соғысы ардагерлерін алдағы Жеңіс күнімен құттықтады.«Аталар мен әкелердің жауынгерлік наградалары барша қазақстандық отбасылар үшін баға жетпес жәдігер. Біздің мерекелік күнтізбеде Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні бірінен соң бірі жалғасуы символдық мәнге ие. Бұл өз кезегінде біздің халқымыздың барлық ұрпақтарының жауынгерлік дәстүрлер даңқының сабақтастығын көрсетеді»,-деді Президент Астанадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында өтіп жатқан мерекелік концерттің алдында сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысы ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері ерекше құрметке лайық екенін қадап айтты. Осы ретте Елбасы соғыстың нәубетті жылдарында өздерін құрбан қылғаны үшін бүгінде ардагерлердің жағдайына қамқорлық жасауға қазіргі ұрпақ ерекше мән беруі тиіс екенін атап өтті. «Сіздердің жауынгерлік ерліктеріңіз Қазақстан жерінде ешқашан ұмытылмайды. Батырлық пен Ұлы Жеңіс үшін барлық ардагерлерге алғысымыз шексіз және тағзым етеміз! Бұл жеңістің нәтижесінде біз, яғни сіздердің ұрпақтарыңыз бейбіт заманда өмір сүрудеміз!» - деді Н. Назарбаев.      


«Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-да генерал А.Айымбетовты құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-да Отан Қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік шара болып өтті.Ұлттық компананияның қызметкерлері «Мәңгі полк» акциясына қосылып, әкелері мен аталарының жауынгерлік ерліктері туралы баяндап берді. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қатысушыларын үнсіздік минутымен еске алды. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның ұжымында ер адамдардың саны әйелдерге қарағанда екі есе көп. Бұл ретте, қызметкерлердің көбі әскер қатарында болған, көбі запастағы кадрлық офицерлер. Статистика бойынша, мұнда запастағы 20-дан астам кадрлық офицер қызмет атқарып жатыр, олардың арасында 11 полковник, 6 подполковник, 2 майор, аға лейтенант және прапорщик бар. Бүгін «Қазақстан Ғарыш Сапарының» офицерлік құрамы ең жоғары шенмен толықты. ҚР Президентінің Жарлығымен ұшқыш-ғарышкер, ҚР Халық Қаһарманы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның вице-президенті Айдын Айымбетов ҚР авиациясының генерал-майоры атағын алды. «Бұл қуанышпен бірінші болып туған ұжымыммен бөліскім келді», - деді Ақордадағы салтанатты марапаттаудан кейін Ұлттық ғарыш орталығына келген Айдын Айымбетов. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президентінің м.а. Марат Нұрғожин бүкіл ұжымның атынан ғарыш технологиялары жөніндегі вице-президент Айдын Айымбетовті ҚР авиациясының генерал-майоры әскери атағымен құттықтады.        


Н.Назарбаев: Ұлттық армияны құру - егемен Қазақстан шежіресіндегі маңызды белестің бірі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан» Орталық концерт залында болған Отан қорғаушы күніне арналған концертке барды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы жиналғандарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады.- Ежелден-ақ Отан қорғаушылар намыс пен айбардың, ерлік пен батылдықтың, патриотизм мен өз халқына қалтқысыз қызмет етудің үлгісі болған. Қазақстандықтар өз өмірін бостандық пен тәуелсіздік үшін қиған қаһармандардың барлығының ерлігін жадында сақтап келеді. Аталар мен әкелердің жауынгерлік наградалары - қазақстандық отбасылар үшін баға жетпес жәдігер. Біздің күнтізбемізде Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы  Жеңіс күні мерекесінің қатар келуінің символдық мәні бар. Бұл біздің халқымыздың барлық буынының даңқты жауынгерлік дәстүрі сабақтастығын көрсетеді, - деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне айрықша алғыс айтты. - Ұлы Жеңіс - біздің қаһармандық тарихымыз бен гитлерлік фашизмді тізе қосып еңсерген және талқандаған халықтар достығының символы. Сіздердің амандықтарыңыз үшін жасалып отырған қамқорлық - соғыстың ауыр жылдарында өздеріңізді құрбан еткендіктеріңіз үшін қазіргі ұрпақтың көрсеткен құрметінің бір бөлшегі ғана. Сіздердің жауынгерлік ерліктеріңізді Қазақстан жері ешқашан ұмытпайды. Жемісін бүгінде біздер, сіздердің балаларыңыз, көріп отырған Ұлы Жеңіс үшін, қаһармандықтарыңыз үшін барлық ардагерлерге басымызды иіп, рахмет айтамыз, - деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Отан қорғаушы күні - еліміздің Қарулы Күштерінің құрылған күні екенін атап өтті. - Биыл біз осы айтулы күнді Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына дайындық аясында атап өтеміз. Ұлттық армия, әскери-әуе күштерін және әскери-теңіз флотын  құру - егемен Қазақстан шежіресіндегі маңызды белестің бірі. Алғашқы әскери бөлімдерді қалыптастырудан бастап, ұлттық қорғаныс пен қауіпсіздіктің қазіргі заманауи жүйесіне дейінгі үлкен жолды жүріп өттік. Ең заманауи қарумен және техникамен жабдықталу, командирлердің кәсібилігі, жеке құрамның жоғары жауынгерлік дайындығы мен машығы - осының бәрі біздің Қарулы күштерімізге тән, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы елімізде жоғары деңгейдегі қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету үшін қажетті нәрсенің бәрі жасалып жатқанына назар аударды. - Қорғаныс шығыстары қиындықтарға қарамастан басым тәртіп бойынша қаржыландырылады. Жауынгерлік кезекшілікке қайта жарақтандыру бағдарламасына толық сай келетін жаңа әскери техника түрлері шығады. Таяу жылдарда қару мен техниканың барлық түрінің 70 пайызы, ал жекелеген санаттар бойынша 100 пайызға дейіні жаңартылатын болады. Жыл сайын жүзден аса шұғыл тексеру және әскери оқу-жаттығулар қазіргі заманғы ықтимал соғыс жағдайына барынша бейімделіп өткізіледі, - деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар әскери кешенді жаңғырту аясында отандық қорғаныс өнеркәсібінде технология трансферті мен ғылыми ауқымды өндірістерді дамыту тұрғысынан бірқатар міндеттерді орындау мәселесі тұр. Қазақстан Президенті еліміз шет елдермен әскери-техникалық ынтымақтастығы белсенді түрде дамытылып, ал Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери шеберлігі ҰҚШҰ және ШЫҰ аясындағы бірлескен жаттығуларда, НАТО-мен серіктестік бағдарламасы бойынша өзара іс-қимылдар барысында шыңдалып келе жатқанын айтты. Мемлекет басшысы Отанды қорғау ең құрметті кәсіп екенін атап өтті. - Ұлттық қорғаныс пен қауіпсіздікті нығайту көп жағдайда әскери білім беру саласын дамытумен, әскерлердің моральдық-саяси рухын күшейтумен байланысты. Бүгінде Қарулы Күштердің жеке құрамымен жұмысты Қазақстан халқы Ассамблеясы қабылдаған Мәңгілік Ел патриоттық актісі негізінде құру маңызды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті еліміздің Қарулы Күштері әрқашанда Тәуелсіздіктің, қоғамдағы татулық пен келісімнің  мызғымас тірегі болатынына сенім білдірді. - Әскери қызметшілерге және қорғаныс кешенінде жұмыс істейтін азаматтық тұлғаларға, барша қазақстандықтарға жоғары патриоттық жауапкершіліктері мен Отанымызды қорғауды қамтамасыз етуге тікелей қатыстылығы үшін алғыс білдіремін, - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жаһандық ахуалдың күрделі жағдайында әлем жасампаз константа болып табылатынын атап өтті. - Жалпыға ортақ әлем халықтар мен елдердің берік және сенімді қорғаны бола алады. Сондықтан мен халықаралық қоғамдастыққа «Әлем. XXI ғасыр» атты манифест арқылы үндеу тастадым. Бұл - жаһандық соғысқа қарсы күш жұмылдырып, адамзатты өзін-өзі жою қатерінен сақтайтын шаралар қабылдауға үндеу. Ол бірнеше айдан соң біз салтанатты түрде атап өтетін Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығы қарсаңында ерекше өзекті болып отыр. Ядролық қарудан, халыққа төнген әскери қатерден ада, сенім және барлық ұлттың ынтымақтастығы қағидаларына негізделген әділетті әлем құрылымын қалыптастыру - біздің сыртқы саясатымыздың негізі. Оны әр қадам сайын жақындата отырып, біз туған жеріміздің қорғалуын берік әрі сенімді ете түсеміз, - деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен және келе жатқан Жеңіс күнімен тағы да құттықтады. *** Концерттік бағдарламада Қорғаныс министрлігінің әскери ансамблі мен эстрадалық-симфониялық оркестрі солистерінің, сондай-ақ еліміздің танымал әртістерінің орындауында Отан туралы, оның батыр ұлдары мен жауынгерлері туралы отандық композиторлардың патриоттық әндері, музыкалық композициялары шырқалды. Музыкалық нөмірлердің бәрі Қорғаныс министрлігі ансамблінің балет труппасы әзірлеген би қойылымдар арқылы сүйемелденіп, әскери өмір мен жауынгерлік жаттығулардың бейнекөріністерімен айшықталып отырды.        


Цеснабанк «Ардагерлерге қолдау көрсету!» акциясын бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Цеснабанк «Ардагерлерге қолдау көрсету!» акциясын бастады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.«Мемлекетіміздің тарихындағы ең маңызды күндердің бірі - 9 мамыр мерекесі жақындап келеді! 71 жыл бұрын біздің аталарымыз бен әкелеріміз Ұлы Отан соғысында жеңіске жетті. Олар ерліктерінің арқасында Отанымызды қорғап, бізге бейбіт өмір мен ашық аспан сыйлады. Цеснабанк ардагерлердің күнделікті өмірінде тұрақты негізде көмек көрсетуге үндейтін «Ардагерлерге қолдау көрсету!» акциясының бастады», - делінген хабарламада. Цеснабанк жыл сайын Жеңіс күнін мерекелеуге қатысады. 2016 жылдан бастап Цеснабанк ай сайынғы материалдық көмек көрсету арқылы Қазақстан қалаларындағы 23 ардагерге қамқорлық таныту құрметіне ие болып келеді. Жеңіс жауынгерлерінің болашақ үшін жасаған ерен ерліктері, баға жетпес мақтанышымыз! Олар келешек ұрпақ, біздің еркіндігіміз үшін күресті! Ұлы Отан соғысының адамзат баласының жанына салған жан жарасын жадында сақтаған барлық азаматтарды акцияны қолдауға және ардагерлерге үнемі қамқорлық таныту міндетін алуға шақырамыз. Ұлы Жеңіс жасасын! Айбынды жауынгерлер жасасын! Акция жайлы толығырақ банктің www.tsb.kz ресми сайтынан білуге болады.      


А.Мұхамедиұлы елорданың веломаусымын ашты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістың 71 жылдығына арналған веломарафон өтіп, спорттық шараға 2 мыңнан астам адам қатысты.Марафонға қатысушылар «Салтанат сарайы» алдындағы алаңнан бастап «Сарыарқа» республикалық велотрегіне дейінгі 4600 метрлік қашықтықты жүріп өтті. Спорттық шараға қатысушылар үшін велосипедті жалға беретін арнайы пунктер ұйымдастырылып, қала тұрғындарының басым бөлігі Astana Bike велосипедтерін мінді. Мәре төрінде шараның салтанатты бөлігі өтіп, онда белсенді қатысушылар мен жеңімпаздарға велосипед сыйға тартылды. «Осындай ұлық мереке қарсаңында сіздер мен біздер спорттық қозғалыстың қатысушысы болдық. Қазақстанда бұқаралық спорттың даму деңгейі қуантады. Өйткені, спорт, білім және рухани даму ғана біздің болашағымызды қамтамасыз ете алады. Мен бүгінгі спорттық шараның дәстүрлі  игі іске айналарына сенімім мол», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.       


Алматылық полицейлер ҰОС ардагерлерін үйіне барып құттықтады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық полицейлер ҰОС ардагерлерін үйіне барып құттықтап, сый-сыяпат табыстады.Департамент басқармасының штаб қызметкерлері ҰОС-тан кейін құқық қорғау саласында қызмет еткен 2 ардагердің үйіне бас сұқты. Олардың бірі подполковник Иван Базыгин 1924 жылы Пенза облысында туған. Украин майданының оңтүстік-батысында соғысқан. 119-пулемет взводының командирі болған. Кейін Алматыдағы полиция гарнизонында қызмет еткен. Сондай-ақ, отставкадағы милиция майоры Байсерке Мамырбаев  Мәскеу түбінде Волоколамск тас жолында соғысқан. Польшаны азат етіп, Германияны алуға қатысқан. 1956-72 жылдары Жамбыл облысы, сол кездегі Луговое ауданы милициясының бастығы болған.  Екі қарияға да құқық қорғаушылар қажетті азық-түлік, алғысхаттарын табыстады.       


Елордалықтар жауынгер ботқасынан дәм татты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы ҚР Қарулы күштері әскери-патриоттық орталығы алаңында «Жауынгер ботқасы» атты патриоттық акциясы өтті.Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған шараға әскери қызметшілер мен олардың отбасылары, әскери-патриоттық клубтардың мүшелері, мектеп оқушылары, Астана балалар үйі мен  «SOS» балалар ауылының жеткіншектері қатысты. Жалпы, 1800-ге жуық қонақ жиналды. ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінде акцияға қатысушыларға арнайы экскурция ұйымдастырылды. Ал музей алдына шатырдан қалашық тігіліп, келушілер жауынгер ботқасынан дәм татты. Елордалықтар мен қала қонақтары музейдегі әскери қару-жарақтармен, техникамен суретке түсіп, Қарулы күштердің орталық ансамблінің өнерін тамашалады. Шара барысында қатысушыларға «Жеңіс лентасы», жалаушалары және басқа да мерекелік атрибуттар таратылды.                  


Ұлттық ұлан сарбаздары ардагерлерге құрмет көрсетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында Отан қорғаушылар күні мерекесі мен Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!» салтанатты мерекелік іс-шара өтті.Іс-шараны құттықтау сөздерімен ашқан Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен Тыл майдангерлерін және барша жеке құрамды Жеңістің 71 жылдығымен, сонымен қатар Отан қорғаушылар күні мерекесімен құттықтады.  «Ұлы Жеңіс мейрамы  Қазақстан халқының ерлігін, батылдығын, абыройын асқақтатумен қатар, бейбіт өмір мен Отан үшін жанын қиған жауынгерлерді еске алатын ерекше маңызды мереке. Осындай мерекенің жалғасып келе жатқанына биыл 71 жыл, және оның тойлануының Тәуелсіздігіміздің 25 жыл толуымен тұспа-тұс келіп жатқаны  біз үшін және қуаныш», - деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, полковник Нұрбай Бектұрсынов. Н.Бектұрсынов Ұлттық ұланның қазіргі заманғы әскери қызметшілерінің ерлігін де атап өтті. «Әсіресе күні кеше ғана Елбасының Жарлығымен өз өмірін қатерге тігіп, жас сарбазды өлімнен арашалап қалған полковник Қайрат Үмбетовтің Қазақстандағы ең үлкен награда «Халық қаһарманы» атағына қол жеткізуі лайықты зор мақтаныш болды. Бұл - нағыз ерліктің үлгісі», - деді ол. Ұдайы жас сарбаздарға патриоттық тәлім-тәрбие беріп келе жатқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Фалеев пен Ішкі әскерлер ардагері Василий Мезин де барша әскери қызметшілерді төл мерекелерімен құттықтап, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен Тыл майдангерлеріне жүрекжарды сөздерін арнады. Ресми бөлімнен соң Ішкі істер министрінің және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиев қызметтік міндеттерін адал атқарып, үздік жетістіктерге қол жеткізген офицерлер мен келісімшарт әскери қызметшілерін көтермелеу туралы Ішкі істер министрінің, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бұйрықтарын оқып, үздік әскери қызметшілерге медальдар, грамоталар және бағалы сыйлықтар табыс етті. Іс-шара соңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен Тыл майдангерлеріне арналып дастархан жайылды.       


Павлодар облысының әкімі ардагерлерге құрмет көрсетті

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовты Ұлы Отан соғысының 90 жастағы ардагері Бекболат Хазыровтың үйінде жылы шыраймен қарсы алды, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.Б.Хазыров - аймақтағы танымал тұлға, майдангер павлодарлықтарды, олардың ерліктерін еске алуға арналған екі ондаған кітаптың авторы, облыстық үштомдық «Боздақтар» Естелік кітабының және Ауғанстанда қаза тапқан жерлестер, интернационалист жауынгерлерге арналған «Қара қызғалдақ» кітабының авторларының бірі. Ол әскер қатарына 1944 жылдың ақпан айында 17 жасар бозбала кезінде шақырылды. Әскери дайындықтан Алтай өлкесінің Бийск қаласындағы 129-шы запастағы атқыштар полкінде өткен. 1944 жылдың мамыр айында 53-ші Қызылтулы Даурия шекара жасағына ауыстырылды. Жауынгерлік және еңбектегі ерліктері үшін Бекболат Хазыров 27 орден және медальмен марапатталды. «Бүгінгі жас ұрпақ сол кездегі оқиғаларды ешқашан көрмеуін, бомбалардың жарылғанын ешқашан естімеуін тілеймін», - деді ардагер әкіммен әңгімелесу барысында. Облыс әкімі раушан гүлдері және сыйлықтарымен сондай-ақ ардагерлер Гавриил Сальников пен Сембай Темешевтің үйлеріне барды. Гавриил Сальниковты жедел әскери қызметке 1941 жылы Павлодар аудандық әскери комиссариаты шақырды. Ол танкист оқуына жіберіліп, Украинада соғысты. Ұрыс кезінде ол соғысқан танктің экипажы толық қаза тапты, ол ауыр жарақаттанды. 1944 жылы демобилизацияланды, ауруханада көп уақыт жатқан соң Павлодарға оралды. Сембай Темешев 1942 жылдың ақпан айында Қызыл әскер қатарына шақырылды. Украина майданында кавалерист болды. 1944 жылдың сәуірінде екі аяғы жарақаттанып, демобилизацияланды, бейбіт өмірді жалғастыру үшін, үйіне оралды. Бүгінде соғыс жеңімпаздары өз жақындары, болашақ ұрпақтар үшін бейбіт өмір тілейді.      


Астанада Жеңіс күні құрметіне веложарыс болып өтті (ВИДЕО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат назарларыңызға Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің құрметіне өткізілген веложарыстың бейнеролигін ұсынып отыр.ҚазАқпарат әкім студиясымен және «Көркем» студиясымен бірлесіп Астанадағы веложарыс видеосын түсірді. Еске сала кетейік, Астанада Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған мерекелік веломарафонға екі мыңнан астам адам қатысты.           


Награда өз иесін тапты: ақтөбелік Мінәш Сәдуовқа жауынгерлік орден Жеңістің 71 жылдығында тапсырылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Мінәш Сәдуов соғысқа 1942 жылы 18 жасында шақырылды. Майданға әкесімен бірге аттанды. Олар Свердловск қаласына дейін бір әскери эшелонмен жетіп, одан кейін жолдары мәңгілікке бөлініп кетті. Мінәшты сержанттар мектебінде қалдырса, әкесі майданға аттанып, ұрыс даласында қаза тапты.Аға сержант Мінәш Сәдуов Беларусь майданының 963-ші атқыштар дивизиясының 995-ші атқыштар полкінің бөлімшесін басқарды. Шығыс Пруссия орталығы Кенигсберг қаласын шабуылдау кезінде аға сержант Мінәш Сәдуов басқарған бөлімше қала ғимараттарына баса кіріп, жаумен қоян-қолтық шайқасқа түсті. Көшедегі ұрыстардың үш күнінде ол 11 фашистің көзін жойып, жаудың 10 сарбазын тұтқынға алды, екі пулемет пен бір зеңбіректі басып алды. Бұл ерлігі үшін дивизияның командованиесі аға сержант Сәдуовты Қызыл жұлдыз орденіне ұсынды. Ұсыныс жоғарыға жеткенше, аға сержант әскерден босап,  еліне оралды. Бұл ерлігі үшін наградадан әлдеқайда маңызды болды. Осылайша, сол кезден бері 71 жылдай уақыт өтті. Ардагер немерелерінің бірі және үлкен ұлы Фауатдиннің іздеуінсіз бұл оқиғаның немен аяқталатыны белгісіз еді. «Оқиғаның егжей-тегжейлерін анықтау үшін мен Подольскінің әскери мұрағатына жүгіндім. Ол жерден маған 1945 жылдың 15 мамырында Мінәш Сәдуовты командование орденге ұсынғаны туралы анықтама келді. Мен бірден Қазақстан Қорғаныс министрлігіне хат жаздым. Кейінірек менімен Ресейдің Қазақстандағы Елшілігінен хабарласып, әкеме орденді өздері табыстайтынын хабарлады», - дейді Фауатдин. Ардагерге Қызыл Жұлдыз орденін, гүл мен сыйлықтарды салтанатты жағдайда Орал қаласындағы Ресейдің бас консулдығының үшінші хатшысы Артем Максимов табыстады. Қала әкімдігінің атынан ақсақалға сондай-ақ естелік сыйлық берілді.   Айта кетейік, 9 мамырда соғыс ардагері Мінәш Сәдуовтың  туған күні. 91 жасқа толу мерейтойын ол үлкен отбасының ортасында қарсы алады. Ақсақалдың 6 баласы, 8 немересі және 17 шөбересі бар.      


Облыс әкімі Ұлы Отан соғысы ардагерін мерекемен құттықтады-Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Ұлы Отан соғысының ардагері Мақсұт Сырғалиевтің шаңырағында болып, мерекемен құттықтады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.Қарт майдангердің соғыстағы ерліктері мен бейбіт жылдардағы еңбектері, сондай-ақ ел Тәуелсіздігін нығайтуға қосқан үлесі шын мәнінде елге - мұра, ұрпаққа - өнеге. Аймақ басшысы Сыр өңірінде Елбасының сындарлы саясаты нәтижесінде атқарылып жатқан шаралар жөнінде кеңінен айтып берді. Облыс әкімі Мақсұт Сырғаливке Ұлы Отан соғысы ардагеріне арналған естелік төсбелгісін табыстап, сый-сияпатын көрсетті. - Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары адам төзгісіз қиыншылықтарды қайыспай көтеріп, елдің қорғаны болғандарыңыз үшін Сіздерге бас иеміз. Еліміздің бүгінгідей бейбіт заманда жеткен барлық жетістіктерінің артында Сіздердің еңбектеріңіз бен ерліктеріңіз тұр. Біз мұны мәңгі есте сақтаймыз және мақтан тұтамыз, - деп жылы лебізін жеткізді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Өз кезегінде ардагер ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.     


Петропавлда Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалына гүл шоқтары қойылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда Отан қорғаушы күні Театр алаңында Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалына гүл шоқтары мен гүлдестелер қою салтанатты рәсімі болды. Оған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов қатысты. Алғашқы гүл шоқтары салынған себет өңір басшысынан қойылды.Сондай-ақ салтанатқа жүздеген солтүстікқазақстандықтар - Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ҚР Ұлттық ұланы Әскери институтының офицерлері, мектеп оқушылары, Петропавл қаласы еңбек ұжымдарының және мемлекеттік мекемелерінің өкілдері қатысты. Олардың әрқайсысы қолдарына жеңіс пен ерліктің символы - қызыл қалампыр ұстаған. Әсіресе Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Еске сала кетейік, Қарасай мен Ағынтай - XVII ғасырдың ортасында өмір сүрген қазақ батырлары. Айнымас серіктер болған олар Солтүстік Қазақстан облысы аудандарының бірі аумағында қатар жерленген. Қарасай мен Ағынтай батырлар жоңғарлармен көптеген шайқастарда елді жаудан ерлікпен қорғаған.         


Жамбыл облыстық орыс драма театрында «Жеңіс салюті» атты қайырымдылық акциясы өткізілді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығы қарсаңында Жамбыл облыстық орыс драма театрының әртістері Жеңіс салюті» атты қайырымдылық акциясын өткізді.«Біз рухани дамыту орталығы, жастар саясаты мәселелері бойынша облыстық басқарма, «Қоғамдық келісім» КММ-мен  Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін «Жеңіс салюті» акциясын өткіздік. Бұл шара Жеңіс күні және Отан қорғаушы күніне арналған. Біз спектакльді емес, әскери тақырыптағы спектакльдердің үзінділерін көрсетпек болдық, театрымыздың әртістері соғыс жылдарындағы әндер мен өлеңдерді орындады», - деп әңгімеледі «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісіне театр басшысының орынбасары Валерия Сон. Театр қойылымына қалалық соғыс және тыл ардагерлері кеңесі, қалалық интернационалист жауынгерлер кеңесі, «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, мектеп оқушылары және студенттер қатысты. Көрермендер жамбылдық актерлердің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қаһармандық бейнесін сомдауын жылы қабылдады.          

Павлодарлық полицейлер қызмет барысында қаза тапқан әріптестерін еске алды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар полицейлері Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әріптестеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды, деп хабарлады ІІД баспасөз қызметі.Мереке қарсаңында өткен митингте  жастай өмірлері қиылған павлодарлық 8 полицейдің есімі  аталды, алайда олардың ерлік істері  жолдастарының жүрегінде мәңгі қалды. Екі үлкен мерекеге арналған салтанатты жиында  соғыс ардагерлеріне ерекше мән берілді. Жеңіс күнін  әріптестерімен бірге ардагерлер  Құдайберген Капсалямов, Павел Василевский. Михаил Криворотенко, Андрей Лялюк пен Петр Кунгуров атап өтті. Салтанатты шара департамент ққызметкерлерінің үздік көзге түскен қызметкерлеріне медаль, грамота, алғыс хаттар тапсырумен жалғасты. Салтанатты шара полиция қызметкерлері мен олардың балалары дайындаған мерекелік концертке ұласты. Соғыс жылдары жұртшылық сүйіп тыңдаған әндер орындалды.       


Жеңісті жақындатуға үлес қосқан ақмолалықтар майданға 120 вагон азық-түлік жөнелткен - Г.Салық

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалықтар майданға 120 вагон азық-түлік жөнелткен.Бұл туралы Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағатының директоры Гүлбаршын Салық мәлім етті.Оның айтуынша, Ұлы Отан соғысында республиканың басқа облыстары секілді Ақмола өңірі де жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан. Бұған облыстың мемлекеттік мұрағатында сақталған көптеген құжаттар айқын дәлел. Майдан шегіндегі ақмолалықтарды айтпағанда,  тылдағы жерлестеріміздің ерліктері баяндалған құжаттар көп жайтты аңғартады. «Соғыс басталысымен облыстың жұмысы күрт басқа арнаға ауысты, өзге жерлерден көшірілген кәсіпорындарды орналастыру, тұрғындарды Отан қорғау ісіне жұмылдыру, үкімет пен партия тарапынан қойылған әскери-шаруашылық тапсырмаларды орындау шаралары жедел түрде басталып кетті. 1941 жылы Мелитопольск танк құрастыру зауытының жабдықтары әкелінді. Негізгі цехтар педагогикалық училищенің алаңдарына орналастырылды. Ол №317 зауыт болып белгіленді. Зауыттың барлық жабдықтарын, соның ішінде жүзден астам станокты өте аз уақытта, бір аптаның ішінде құрастыру керек болды. Әрбір жұмысшы өз станогы үшін өзі жер қазды. 1941 жылы 20 қарашада белгіленген уақыттан 20 күн бұрын алғашқы өнім -снарядтар шығарылды. Кейіннен миналар мен гранаталар шығару жолға қойылды. Зауыттың алғашқы директоры Николай Муравьев, құралдар цехының бастығы Леонид Соколов, цех бастығы Михаил Носань, инженер Семен Петлицкий және тағы басқалары зауытты қайта жаңғыртуға атсалысты. 1943 жылдың 1 мамырында зауытқа «Еңбек майданының гвардияшылары» жоғары атағы берілді. Сондай-ақ, Көкшетауда Мәскеу түбінен көшірілген Подольск тігін машиналар зауыты орналастырылды. Макинка бекетінде Ленин атындағы зауыт қарқынды жұмыс істеді. Олардың барлығы өндірісті қайта құрып, қорғаныс мақсатындағы өнімдерді шығаруды қолға алды. Степняк қаласында орналасқан «Қазалтын» тресі де алты мың жұмысшының басын біріктіріп, алтын өндірді. Ақмолалықтар тек майданда ғана емес, тылда да ерекше ерлік көрсетті. Олар Жеңісті жақындату үшін барын салды. Тыл еңбеккерлерінің майдандағыларға көрсеткен қамқорлығы мол болды. «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!» ұранын көтеріп, бар күш жігерлерін жұмылдырды. 1944-1945 жылдары Ақмола облысы майданға көмек беру және халық арасында көпшілік қорғаныс жұмыстарын ұйымдастыру бойынша республикада бірінші орында болды. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, біздегі тыл еңбеккерлерінен шамамен 70 миллион рубльге жуық ақша және мемлекеттік әскери қарыздарды төлеуге 187 миллион рубль қаражат түскен екен. Тұрғындар қорғаныс қорына өздерінің бар жиған-терген ақшаларын, еңбекақыларын құйды. 1943 жылы ақмолалықтардың қаражаты есебінен құрастырылған «Осоавиахимшылар» танк колонналары Кеңес әскерінің қатарын толықтырды», деді г.Салық Сонымен қатар мұражай директоры Ақмола өңірінен майдан даласында  қару-жарақпен қатар, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар да үзбей жіберіліп отырғанын атап өтті. «Мерекелерге орай тылдағы ұжымдардан, жекелеген адамдардан сәлемдемелер жөнелтілді. Жауынгерлер 6346 тон, 26060 жұп пима, 17809 жұп төсек жабдықтары, 19667 құлақшынмен қамтамасыз етілді. Соғыстың басынан аяғына дейін азық-түлікке толы 120-ға жуық вагон майданға жөнелтілді. Мәселен, 1942 жылдың ақпанында Ақмола бекетінен Волхов майданының жауынгерлеріне сәлемдеме жіберілсе, ал, сәуірде азық-түлік пен киім-кешек Ленинград, келесі жылы Оңтүстік-Батыс майданындағыларға да жетті. Кадрлардың жаппай ауысуына, біраз адамдардың соғысқа кетуіне қарамастан, Отан қорғауға аттанған сарбаздарға демеу боламыз деген мақсатпен облыстың кәсіпорындары жұмыс жоспарын 200-300 пайызға артық орындап отырды. Жетпеген жұмысшыларды кәсіпорындар қайта оқытып, соғыс аяқталғаннан кейін олар жоғары білікті мамандарға айналды. Мал шаруашылығының мамандары мемлекетке 594426 тонна сүт, 24459 тонна ет тапсырып, соғысқа дейінгі ет өндірісінің көлемін екі есеге арттырды. Ақмола теміржолшылары да соғыс кезінде қажырлы еңбек етіп, майдан қажетін өтеп отырды. Олар 76 паравоз бригадаларына бірігіп, республика және одақ көлемінде майданға және шаруашылыққа қажетті құралдарды және заттарды тасымалдады. Ақмола теміржолшылары «ФД» және «СО» сияқты жаңа паровоздар алды. Соғыс жылдары өндіріс пен транспортта жалпы өнім 4 есе өсті. Мұнымен қоса, өңірдің соғыстан жарақатпен оралған жауынгерлерді емдеуге қосқан үлесі мол. Дәрігерлер мен мейірбикелер әр сарбазға ерекше қамқорлықпен қарады. Осының арқасында Ақмолада емделген мыңдаған адам өлімнен аман қалды. Осы қиын-қыстау кезеңде облыс аумағында, нақтырақ айтсақ, Ақмола, Көкшетау, Атбасар қалалары мен Ақкөл, Бурабай аудандарында жеті госпиталь жұмыс істеді. Бурабай курортты өлкесінде Гамалея, Ильинский, Баранников, Вернадский, Зелинский, Мандельштам секілді құрметті академиктер ғылыммен айналысты», деп сөзін түйіндеді Г.Салық.     


«Астана Опера» әртістері Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қояды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеңіс Күні, 9 мамырда «Астана Опера» әртістері Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қояды.Өнер ұжымының баспасөз қызметінің хабарлауынша, елордалық театр ұлы мерекеге жан-жақты дайындалды, барша труппа - опера, балет солисттері, хор және симфониялық оркестр «Астана Опера» сахнасында өтетін шараларға атсалысады. Мұнымен қатар  әртістер Ұлы Отан соғысына қатысқан Кеңес Одағының Батыры, панфиловшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне тағзым етеді. Гүл қою рәсімі 11:20 өтеді. Қазақстандық батыр, аты аңызға айналған қолбасшы өзінің ерліктерімен әйгілі. Ол Ұлы отан соғысына 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысып, генерал-майор Панфилов басқарған 316 атқыштар дивизиясында болған. Мәскеу түбіндегі шайқаста паш еткен ерлігі үшін оған 1942 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын беру ұсынылды. Алайда бұл марапатқа ол тек қайтыс болғаннан кейін 1990 жылдың 11 желтоқсанында лайықты деп танылды. Театр солистері, отандастарымыздың ерлігін ұмытпаған аса маңызды екенін атап өтті. - Бұл зұлмат соғыс қаншама адамның өмірін қиды. Біздің міндетіміз - бүгінгі аспанымыздың ашық болуына жанын да аямаған адамдарды естен шығармау. Қуанышты мереке барша жұртты - үлкенді-кішіні біріктіреді. Бейбіт өмірге қол жеткізу үшін ерлік жасағандар жайлы естелік ұрпақтан ұрпаққа жеткізіледі, - дейді «Астана Опера» әртістері. Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш Есіл өзенінің жағасы маңындағы, Б. Момышұлы даңғылындағы (Астана қ.) өзінің атымен аталған гүл бақта орналасқан.       


Павлодарда 500-ден аса оқушы салтанатты сап түзеп, әскери әндер шырқады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда Ұлы Жеңістің 71 жылдығын атап өту қарсаңында Конституция алаңында облыстық сап түзеу және ән байқауы өтті. Аталмыш шараның Отан қорғаушылар күні өткізілуінің де өзіндік маңыздылығы зор. Себебі сап түзеу және ән байқауының негізгі мақсаты жастардың бойында елге деген сүйіспеншілік сезімді дамыту, әскери-патриоттық клубтардағы жұмыстарды жандандыру болып табылады. Айта кетерлігі, жыл сайын қатысушылардың саны артып келеді. Мәселен, бүгінде үш қала мен барлық аудандардан он бес топта 540 оқушы өз дайындықтарын көрсетеді. Кейбір жастар биыл киім үлгілерін талапқа сай түзеп, арнайы тапсырыспен тіккізген. Осындай топтардың бірі - Качир ауданынан келген қыздардан құралған команда, - дейді Павлодар облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Саян Мұқанов. Качир ауданындағы «Самал» лагері директорының орынбасары, әдіскер Жанат Алитаевтың айтуынша, былтыр облыстық байқауда бірінші орынға ие болған жас өрендерге биыл аудандық білім беру бөлімі арнайы форма сатып алуға қаржы бөлген. Бүгінгі байқауға келген әрбір оқушыға орташа есеппен алғанда жеті мың теңгедей жұмсалған. Өз кезегінде Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Дмиртий Буцман бірінен соң бірі тізілген командалар арасынан еліміздің нағыз болашақ сарбаздарының келбетін көрсетіп, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарған жеңімпаздарды 13-18 маусым аралығында Қарағанды облысының Спасск ауылында өтетін  республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынына  қатысуға шақырды. Байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орынды Екібастұз қаласы мен Павлодар ауданы иеленді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.       


Қарағандыда кәсіпкерлер Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне өз еріктерімен жәрдемдесуде

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат -  Қарағандылық кәсіпкер Сергей Водько ҰОС ардагері Константин Суминді өз қамқорлығына алды.Жеңіс күні қарсаңында бизнесмен оған жаңа терезе сыйға тартты. «Константин Ивановичке барғанымда ол терезесі ескі,  одан жел соғады деп шағымданды. «Басқа ештеңе керек емес, жаңа терезе қойып берсе деп ем» деді. Біздің компания ардагердің өтінішін орындады. Ең мықты терезе орнатып берді», - деді С. Водько. Кәсіпкер майдангерден соғыс жайлы көптеген тосын әңгімелер естігенін атап өтті. «Ол кісі артиллерияда қызмет еткен. Соғыс жылдарындағы қиындықтар мен қызыққа толы көп оқиғаларды айтып берді», - деді ол.  Компания басшысы кәсіпкерлерді арагерлерге тек 9 мамырда ғана емес, тұрақты көмектесіп тұруға шақырды. «Олар жылдан-жылға азайып келеді. Оларға бей-жай қарамай, жәрдемдесуге ұмтылуымыз қажет. Олардың алғысы мен ризалығы рухани баюыңа жол ашады» - деді. Облыстық ардагерлер кеңесінің деректеріне сәйкес Қарағанды облысында бүгінде ҰОС 246 қатысушы мен мүгедектері, 15 мыңға жуық тыл еңбеккері бар.  майдангерлердің 117-сі Қарағандыда тұрады. Теміртауда - 35. Қарқаралы, Нұра ауданыдарында, Қаражалда бір-бірден ғана қалды.     

Сібірде 111 жастағы майдангер Қапкен Сүлейменовке құрмет көрсетілді

ТҮМЕН. ҚазАқпарат - Жеңіс күні қарсаңында Ресейдің Түмен облысындағы Қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясының президенті Есенғали Ибраев Сібірде тұрып жатқан қарт майдангер, 111 жастағы Қапкен Сүлейменовтің үйіне барды.Автономия басшысы ардагерді құттықтай келе, Түмен қазақтары даңқты жерлестерінің майдан және еңбек жолындағы жанқиярлық еңбегін жоғары бағалайтындығын, халық пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі ретінде мақтан тұтатындығын атап өтті. Айта кетерлігі, пулеметші Қапкен Сүлейменов 1941-1945 жылдары аралығында қан майданда ерлікпен соғысса, бейбіт өмірде 30 жыл бойы кеңшардың малын баққан еді. Бүгінде қарт майдангер Түмен облысының Омутинск ауданына қарасты Русакова ауылында 75 жастағы қызы Мағайшаның қолында тұрып жатыр. Жылжып өткен жылдар оның есте сақтау қабілетіне нұсқан келтірген. Ақсақал ауыл тұрғындарының басым көпшілігін тани бермейді. Алайда, Русаковаға үнемі келіп тұратын қазақ автономиясының жетекшісі Есенғали Ибраевты жақын туысы ретінде таниды. Қапкен ата қонақтарын зор қуанышпен қарсы алып, құрмет көрсетіп, сыйлық бергендері үшін алғысын білдіре келе облыстағы қазақтардың тыныс-тіршілігін сұрап білді. Жалпы, ақсақал күн сайын Қазақстан телеарналарындағы бағдарламаларды тамашалайды, әсіресе, айтысты, домбыра үнін естігенді жақсы көреді. Сол үшін антенна табақшасын да орнатқызып алған. Алайда, өкінішке орай жыл сайын құлақ естуі нашарлап барады. Тіпті, кейінгі кезде есту аппаратының да пайдасы болмай тұр. Бірақ, қазақ қартының қолы қарулы, кезінде  батырларға тән күштің иесі болғаны байқалады. Қызы Мағайша да әкесінің ертеректе аттың үстінде отырып, бір қолымен астық толы қапты алдына еркін өңгеріп алатындығын айтады. Қапкен Сүлейменов 1904 жылы 15 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысының Пресновск ауданына қарасты Баян ауылында болыс билеушісінің отбасына дүниеге келген еді. Ұжымдастыру жылдарында әкесі жер аударылып кете барған. Голощекиннің солақай саясатынан туындаған ашаршылық жылдары отбасы Түмен облысының аумағына көшіп келіп осы жерге қоныстанып қалған. Қапкен Сүлейменов екінші Украина майданы құрамында соғысып, Венгрия, Чехославакия, Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысты. Ол кезекті шайқас барысында ауыр жарақаттанып, Будапешт түбіндегі госпитальде жатқан кезінде Жеңіске жеткендерін естіді. Бұл күндері қазақтың ұзақ жасаған қарт майдангеріне ауылдық, аудандық және облыстық билік өкілдері, мектеп оқушылары  құрмет көрсетуде.      


Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі соғыс ардагерлерін құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне және еліміздегі Отан қорғаушы күніне орай Өзбекстанда тұрып жатқан соғыс және тыл ардагерлерін құттықтады.Кеше елшілік дипломаттары Ташкент қаласындағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының жәрдемімен даңқты қазақ майдангерлеріне бағалы естелік сыйлықтар табыс етті. Мерекелік шара аясында Қазақстанның Өзбекстадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Е.Өтембаев Ташкентте тұрып жатқан Ұлы отан соғысының ардагері, қазақ Шырынбек Оразымбетовпен кездесті. Қазақстан елшісі ақсақалды Жеңіс күнімен құттықтады. «Сізді гитлерлік Германияны жеңген ұлы күнмен құтықтау мүмкіншілігіне ие болғаныма бақыттымын әрі мақтан тұтамын. Сіздер шын мәнінде біздер үшін ең қымбатты жансыздар. Сіздердің ерліктеріңіз бен батырлықтарыз, Отанға деген шексіз махаббаттарыңыз, оның халқына деген адалдықтарыңыз патриотизмнің нағыз үлгісі әрі өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеудің тірегі болып саналады», - деді Е.Өтембаев. Ташкент қаласының 93 жастағы тұрғыны Шырынбек Оразымбетұлы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Алматы әскери училищесінде оқып жүрген кезінде майданға шақырылған. Балтық жағалауы майданына, блокада қалған Ленинградты қорғауға қатысты. Соғыстан кейін Ташкентке білім алуға барған ол тарихшы мамандығын алып шықты. Тарих ғылымынан кандидаттық қорғап, ұзақ жылдар бойы осы елдің жоғары оқу орнында дәріс берді, ғылыми және қоғамдық қызметтерді де қатар алып жүрді. Жасының егде тартқанына қарамастан ақсақал соғыс кезіндегі көптеген жайттарды әлі де біледі. Ұрыс кезінде өз полкының жауынгерлік туын қалай алып жүргенін де айтып берді. Ақсақал жауынгерлік ерлігі үшін «Қызыл ту», 1-ші дәрежел «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ардагер Шырынбек Оразымбетұлы Қазақстан елшілігінің қамқорлығына алғысын білдіріп, ҚР Президенті Н.Назарбаевқа зор денсаулық, Қазақстанды дамытуда зор табыстар, бейбітшілік пен келісімді ақтау ісінде мол қажырлы еңбек тіледі. Айта кетерлігі, бүгін Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі Ташкентте аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен бірге Тәуелсіздік алаңындағы мәңгілік алауға, Ташкентте дүниеге келген қазақ генералы, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысады.     


БҚО ішкі істер департаменті майдангерлерге құрмет көрсетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай БҚО ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Өтеулин мен ішкі істер органдары және ішкі әскерлер ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайлыбай Адаев Ұлы Отан соғысы және сала ардагерлерінің үйлеріне барып, құрмет көрсетті.Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сақшылар алдымен доғарыстағы милиция аға лейтенанты Меңжан Әбдірахмановты құттықтады. Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданы Көздіғара ауылында 1926 жылы дүниеге келген келген ол Забайкальеде 1943 жылдан әуелі курсант, кейін 1945-1950 жылдары шофер болған. 1950 жылдан Жымпиты, Теректі, Приурал (қазіргі Зеленов) аудандарында ішкі істер органдарында еңбек етті. Департамент қызметкерлері құрмет көрсеткен келесі ардагер Сағызбай Серекешев 1925 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Мақат ауданында дүниеге келген. 1942 жылдың қыркүйек айында Ленинград әскери байланыс училищесіне оқуға жіберіліп, бір жылдан кейін Украина жерінде көптеген қала-ауылдарды азат етуге қатысады. Шайқастардың бірінде ауыр жарақат алып, елге оралған С.Серекешев ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарып, 1978 жылы милиция подполковнигі шенімен зейнетке шықты. Ұлы Отан соғысы және ішкі істер органдарының тағы бір ардагері, доғарыстағы милиция полковнигі Қаби Сәрсенғалиев 1942 жылы әскерге шақырылып, 1943 жылдың қазан айынан жан алып, жан беріскен шайқастарға қатысты. Ерлігі үшін көптеген медальдарға қоса үшінші дәрежелі Даңқ және екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды. Ішкі істер органдарына 35 жыл өмірін арнаса, соның 20 жылында басшылық қызметте болды. Ғабделқайыр Қуаншалиев 1925 жылы Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылында дүниеге келген. Брянск, 1-Украина майданы құрамында Ресей, Украина, Чехословакия жерлерімен жүріп өтіп, жеңіс күнін Германияның Дрезден қаласында тойлады. «Қызыл Жұлдыз» ордені, бірнеше медальдармен марапатталған ол Өзбекстан мен Түркменстанда әскери қызметін жалғастырып, елге 1950 жылы оралды. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын Қаратөбе ауданында бастады. 1965 жылы Тайпақ аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып тағайындалып, осы қызметті 14 жыл атқарып, 1979 жылы құрметті демалысқа шықты. Б.Өтеулин майдангерлерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, кейінгі ұрпақ өкілдерінің ардагерлерді әркез ардақтап, бас иетінінен айтса, майдангерлер естеліктерімен бөлісті.        


В. Путин Н.Назарбаевты Ұлы Жеңістің 71 жылдығымен құттықтады

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат -  Владимир Путин Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдавия, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Абхазия, Оңтүстік Осетия көшбасшыларын, сондай-ақ Грузия мен Украина азаматтарын ҰОС Жеңісінің 71 жылдығымен құттықтады. Бұл туралы РФ Президентінің баспасөз қызметі және ақпарат басқармасы хабарлады.Құттықтауда Ресей Президенті Жеңіс күні - туған жері үшін жанын қиып, әлемді фашизмнен қорғап қалған ерлік пен халықтар бірлігінің символы болған қасиетті мереке екені атап өтіледі. Владимир Путин ортақ тарихты бұрмалауға және қайғылы оқиғаның қайталануына жол беруге болмайтынын ерекше атап өтті. Біздің ортақ борышымыз - ҰОС-та қаза тапқандардың жарқын бейнесін жадымызда мәңгі сақтау, аман оралған көзі тірі ардагерлерді құрметтеу, оларға жан-жақты қамқорлық көрсету. Ресей мемлекетінің басшысы сыннан өткен достық пен туыстық қатынас алдағы уақытта да мемлекетаралық қатынастарды нығайтып, еуразиялық кеңістікте интеграциялық үдерістердің дамуына ықпал ететініне сенімін білдірді. Путин барлық ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне алғыс айтты, оларға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.    


Шымкенттік ҰОС ардагері Айтжан Бекназаров 12 рет ажалдан аман қалған

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Шымкенттік қарт майдангер Айтжан Бекназаров соғыста 12 рет ажалмен бетпе-бет келіп аман қалған. Бүгінде 94-ке келген қария «оқ пен оттың ортасынан жарақат алмай, дін аман қайттым», - дейді.  Жеңістен кейін бар ғұмырын сот саласына арнаған ардагер фемида қызметкерлері өткізген «Ұрпақтар сабақтастығы» атты басқосуда жас судьялар мен көпшілікке сұрапыл соғыс жылдары бастан кешкен қиындығы мен Отан үшін опат болған қарулас достарының ерлігі жайлы айтып берді, деп хабарлайды 24.kz. 30 жылдан астам сот саласында еңбек еткен Құрметті судья «Тұғыры биік Тәуелсіздік ұғымын ұлықтау керек», - дейді. 19 жасында қан майданға өзі сұранып аттанған бозбала Тараз қаласындағы №105 қазақ ұлттық атты әскер дивизиясының құрамында болған. Байланысшы мен барлаушы міндетін атқарған ардагер Сталинград ұрысына да қатысқан. Бірде жаудың сұрмергені атқан оқ беліне байлаған су құтысына тиіп, жан сақтапты. Қырағы жауынгер өзіне төнген қауіп-қатерге қарамастан, талай қарулас достарын ажалдан аман алып қалған екен. »Мен сол сақтаушысы бар адамның бірімін деп ойлаймын. Неге? 12 рет тура келген ажалдан аман қалыппын. Молдавияда 4 ай қорғаныста тұрдық. Ботта деген үлкен көл бар. Арғы жағынан бергі бетке оқ жетпейді. Соның бергі жағасындағы қырда, бақылау пунктінде немісті қарап отырамын. Жерді терең етіп қазып снайпер отырғанын көріп қалдым. Біздікілер суға барады. Сосын айқайладым, «суға бармаңдар, мерген отыр» деп. Сөйтіп мен қанша солдатты аман алып қалдым,- деп еске алады Ұлы Отан соғысының ардагері Айтжан Бекназаров.    


Қармақшыда самбодан халықаралық турнир өтіп жатыр - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңіс күніне орай Қызылорда облысы Қармақшы ауданында  Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы самбодан ХХI халықаралық мемориал өтуде. Бұл туралы облыстық әкімдіктің  баспасөз қызметі хабарлады.Бұл турнирдің жалауы осымен 21-ші мәрте желбіреп отыр. Халықаралық мемориалға Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан мен Қырғызстан және Қазақстаннан 200-ге жуық спортшы қатысуда. - Ұлы Жеңістің 71 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы самбодан халықаралық мемориалдың ашылуымен құттықтаймын. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл турнир халықаралық дәрежеге жетіп, елімізде самбо күресінің дамуына септігін тигізіп отыр. Елбасы «Отан үшін от кешкен майдангерлердің көрсеткен ерлігін, қаҺармандық өнегесін жас ұрпақ бойында қалыптастыру ең асыл мақсатқа айналуы тиіс», - деген еді. Баршаңызды тағы да Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, балуандардың бағы мен бабы қатар шауып, шын мықтылардың жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Турнирдің ашылу салтанатына батырдың ұрпақтары да қатысып, Тәйімбет Көмекбаев туралы естеліктер айтты. Сонымен қатар, спортшылардың құрметіне белгілі эстрада әншілері өнер көрсетіп, қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Айта кетейік, турнир соңында қазақ күресінен «Түйе палуан» сайысы өткізіледі. Бас жүлде 10 мың АҚШ  доллары.        


Даниал Ахметов ардагерлерге қаржылай төлем сертификаттары мен пәтер кілтін табыстады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Аймақ басшысы Даниал Ахметов салтанатты түрде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан ҰОС ардагерлеріне бірыңғай қаржылай төлем сертификаттары мен пәтер кілтін табыстады.Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс Күніне арналған салтанатты шара аясында 20-дан астам ардагерге облыс әкімі 500 мың теңге көлеміндегі бірыңғай қаржылай төлем сертификаттарын табыс етті. Жалпы, аймақта тұрып жатқан 438 соғыс ардагері жарты миллион теңге көлеміндегі қаржылай сертификатқа ие болады, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі. - Мен үшін сіздерді осынау айтулы мерекемен құттықтау үлкен мәртебе, - деді аймақ басшысы өзінің құттықтау сөзінде. - Біз арамызда сіздердей адамдардың бар болғанын мақтан тұтамыз. Сіздердің әрқайсыларыңыз еліміздің мақтанышысыздар. Бүгін мен Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындай отырып, Жеңіс күнін отбасыларыңызбен, балаларыңызбен, немере, шөберелеріңіздің ортасында атап өтулеріңіз үшін сіздерге 500 мың теңгенің қаржылай сертификатын табыс еткім келеді. Біз сіздердің алдарыңызда қарыздармыз. Сіздерге денсаулық, бақыт және ұзақ ғұмыр тілеймін. Сонымен қатар, облыс басшысы Өскемен қаласында тұрып жатқан соғыс ардагері Анастасия Светочеваға пәтер кілтін табыстады. - Мен шын жүрегімнен Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтқым келеді, - деді Анастасия Светочева. «Жеңіс күніне орай мұндай сыйлық алам деп күтпеген едім, ҰОС ардагерлерін ұмытпай, елеп, ескеріп жатқандары қуантады. Мемлекет басшысына үлкен алғыс».Фото: Виктор Абакумов       


СҚО әкімі майдангерлер Қасым Жүнісов пен Сергей Пресняковтың үйіне барды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат -  Ұлы Жеңіс қарсаңында ҰОС ардагерлерінің үйіне баруды дәстүрге айналдырған СҚО әкімі  Ерік Сұлтанов Қасым Жүнісов пен Сергей Пресняковты келе жатқан мерекемен құттықтады, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.Қасым Жүнісов 92 жаста. Көз жанарының және құлағының естуі нашарлағанымен ардагерді облыс өмірінің тыныс-тіршілігі қызықтырады. Дегенмен өзге де майдангерлер тәрізді әскери жылдарын еске түсіруді ұната бермейді. Ол соғысқа 1942 жылы тап болды. Курск шайқасына қатысты, пулеметшілер мен көлік взводын басқарды. Екі рет жаралы болды. Лейтенант-полковник Қасым Жүнісов І дәрежелі Отан соғысы орденімен, Қызыл жұлдыз орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, «Құрмет» орденімен марапатталған.  Сергей Пресняков та соғыстың  небір зұлматтарын бастан кешті.  Ұлы Отан соғысы басталған шақта ол небәрі 19 жаста болатын. Оны майданға 1941 жылы шақырды. Тек 1946 жылы ғана елге оралды.  94 жастағы қарт майдангердің де омырауы орден, медальдарға толы.  Олардың арасында  І дәрежелі  Отан соғысы ордені, «Ерлігі үшін»  және «Германияны жеңгені үшін» және өзге де медальдары бар. Ардагерлермен емен-жарқын әңгімелескен Ерік  Сұлтанов оларға мықты денсаулық, бақыт, сергектік және ұзақ өмір тіледі.       


ОҚО-дағы «Ер есімі-ел есінде» салтанатты іс-шарасы «Мәңгілік даңқ» шеруімен басталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған «Ер есімі-ел есінде» салтанатты іс-шарасы өтті. Шара "Мәңгілік даңқ" шеруімен басталды. Қажымұқан атындағы орталық стадион маңынан бастау алып, "Даңқ" мемориалына дейін жалғасын тапқан шеруге 1 мыңға жуық адам қатысты. Мерекелік шара Абай саябағындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасын тапты. Онда қатысушылар майданда қаза тапқан құрбандарды еске алып, оларға тағзым етті.  Өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін және барша оңтүстікқазақстандықтарды Жеңістің 71 жылдығымен құттықтады. «Бұл соғыста біздің азаматтары­мыз ерлік пен қаһармандықтың ең жоғары деңгейдегі үлгісін көр­сетті. Сіздердің көрсеткен ерліктеріңіз бүгінгі ұрпақ үшін нағыз отансүйгіштіктің, көпұлтты татулықтың теңдессіз үлгісі болып тарихта жазылып қалды. Сол мәңгі өшпес өнегелеріңіз жүрегіміздің төрінен орын алды. Болашақта да солай бола бермек»,-деді өз құттықтау сөзінде облыс әкімі. Ұлы Отан соғысына Оңтүстік Қазақстаннан 140 мыңнан астам адам аттанып, олардың жартысына жуығы туған жерге оралмаған.  ІІ Дүниежүзілік соғыста жанқиярлық ерлігі үшін оңтүстікқазақстандық 51 азаматқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, 8 жерлесіміз «Даңқ» орденінің иегері атанды. Жаужүрек қайсарлығы үшін мыңдаған ардагерлеріміз түрлі орден, медальдармен марапатталды. Бүгінде от пен оқтың арасынан елге аман-сау оралған майдангерлердің 325, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер 1204, тылда тынымсыз тірлік жасағандардың 21 мыңнан астамы арамызда бар.  Мемлекеттік саясаттың арқасында ардагерлерді әлеуметтік тұрғыда қорғау, қолдау шаралары жүйелі іске асып келеді. Осы тұста айта кету керек, биыл мереке қарсаңында жергілікті бюджет есебінен ҰОС ардагерлерінің әрқайсысына 212 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берілсе, бір соғыс ардагеріне пәтер кілті табысталды. Сонымен қатар, өңірдегі 6 ардагердің тұрғын үйін ағымдағы жөндеуден өткізу мақсатында олардың жеке есеп шотына қаржы аударылды. Мерекелік шарада Ұлы Отан соғысы және тыл еңбеккерлеріне арналған әскери өмірден театрландырылған көрінісі ұйымдастырылып, дала ботқасы ұсынылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.     


Соғыс ардагерлеріне таксиде тегін жүру сертификаты тапсырылды - Қостанай

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында «Өмір бойы таксимен тегін жүрсін» акциясы ұйымдастырылып, шара аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне таксиде тегін жүру сертификаты тапсырылды.Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қасымхан Алдабергенов пен Михаил Подоляковқа таксиде тегін жүру сертификаты салтанатты түрде тапсырылды. Ардагерлерге қызметті «Такси-CITY» фирмасы көрсететін болады. Бұл жеңілдік ардагерлерге Қостанай қаласында беріледі. Мамыр айының басындағы мәліметтер бойынша Қостанай қаласында Ұлы Отан соғысының 100 ардагері тұрып жатыр, деп хабарлайды egemen.kz.     


Ұлы Отан соғысының ардагері Әдіхам Шілтерхановқа құрмет көрсетілді - ОҚО

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - 9 мамыр - Жеңіс күні мерекесі қарсаңында ОҚО әкімінің орынбасары Ербол Садыр Ұлы Отан соғысының мүгедегі Әдіхам Шілтерхановтың отбасында болды.Облыс әкімінің орынбасары мен соғыс ардагері отты жылдардағы қиын-қыстау кезеңдерді еске алып, емен-жарқын әңгімелесті. Өз кезегінде, Е.Садыр қазыналы қартқа бүгінгідей тыныш заманымыздың болуына атсалысқаны үшін алғысын жаудырып, облыс әкімінің арнайы сыйын табыс етті, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.   Әдіхам Шілтерханов 1925 жылы 27 қазанда Ордабасы ауданы,Төрткүл ауылында дүниеге келген.  1943 жылы наурыз айында әскерге шақырылған жас жігіт Панфилов атындағы 8 гвардиялық дивизияның 23 полкінде автоматты ротада болып, Калининград, Псков, Ленинградты азат етуге қатысқан. 1944 жылы Ленинград блокадасын бұзу шайқасында аяғынан, басынан ауыр жарақаттанып госпитальде ем алып елге қайтқан.  Соғыстан кейінгі жылдары соғыс ардагері Бәйдібек ауданында ұстаз болған, партия қызметінде, комсомол ұйымында еңбек еткен. Одан кейін ұжымшар агрономы, партия хатшысы, ұжымшар бастығы, кейінірек, Қызылқұм ауданында кеңшар директоры, комбинат директоры қызметтерін атқарады. Бүгінде 91 жастың төріндегі қарияның бұл күнге дейін 13 кітабы жарық көрген. Бәйдібек, Отырар ауданының Құрметті азаматы. Қазақстан Жазушылар одағы мүшесінің 5 ұл мен 1 қызынан 16 немере, 19 шөбересі бар.       


Атақты «Огонек» әнінің иесі авторлық құқығын дәлелдей алмай өмірден өткен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сұрапыл соғыс жылдары жауынгерлер көзіне жас алып, ет-жүрегі елжірей шырқаған «Огонек» әнінің авторына қатысты айтыс таяу арада шешімін табуы мүмкін. Қиян-кескі шайқаста көңілге демеу, жанына медеу болған шығармаға сарбаздың жан жарына деген сағыныш сазы алтын арқау болған. Осы лирикалық әннің Израильде тұратын авторы майдангер Михаил Никоненконың отбасы оның авторлық құқығын әйгілейтін құжаттарды тауып, дәлел-дәйектерді жинап болыпты.  «Огонек» әні қан майданда жауынгерлер жатқа айтып, жанына демеу болған шығармалардың бірі болғанын бүгінде тарих көрсетті. Арада 71 жыл өтсе де, сиясы кеппегендей, бір сөзі ұмыт болмай, реті келген жиындардың барлығында орындалады. Сағыныш пен сезімге толы осы әннің нақ композиторы Михаил Никоненко екенін әлі күнде дейін ешкім мойындамаған. Өкінішке қарай, автор өзінің құқын дәлелдей алмай, өмірден өтті.  «Сәуір айында жауынгерлерге соғыс туралы мақала, өлең жазылған баспасөз жетеді. Сонда дәл осы «Огонектің» шумақтары болады. Газет бригада командирінің орынбасары Коротковтың қолына түссе керек, әкеме қарап:«Мына тармақтарды қарашы. Тамаша жазылған екен. Мүмкін осыдан бір әдемі ән шығарарсың», -депті. 1 мамыр күні «Огонек» орындалады»,-дейді ұлы Александр Костеновский. 1943 жылы 57 армияның 173 танк бригадасына Горьков филармониясының әртістері келеді. Огонекты естіген олар Михаил Никоненкодан әннің нотасын сұрайды. Алайда нота танымайтын әуесқой композитордың орнына алғашқы болып туындының нотасын филармонияның концертмейстері жазады. Александр Костеновскийдің айтуынша, соғыс аяқталған соң әннің авторы ізделуде деген хабарлама шыққан. Өзінің туындысы екенін әкем айтпақшы болды. Жай сөз емес, дәлел керек депті. Себебі авторлыққа таласушылар көп болған екен. Бертін келе майдан алаңына барып, әнді нотаға түсірген концертмейстерді таптық. Сол кездесу әсерге толы болды. Өзі нота жазған қағазды осы күнге дейін сақтапты. Ұзақ жылдар бойы Михаил Никоненко авторлық құқығын дәлелдейтін құжаттарды жинаумен өткен. Танымал «Огонек» әнінің шығу тарихы,1943 жылы алғаш рет әннің нотасы жазылған парақтар да осында. Бұлардың әрқайсысы түпнұсқалық сараптамадан өткен. Егер 1966 жылы осы қағаздардың барлығы сотта көрсетілген болса, белгілі әннің композиторы осы күнге дейін белгісіз болып қалмас па еді?" Бастапқыда орындаса, орындай берсін, композиторы менмін деп мақтанғысы келмеді. Авторы кім деп іздей бастағанда өзі жайында мәлімдемекші болды. Уайымдама, онсыз да сені барлығы таниды деп айттым. Оның композитор екенін, 40 шақты ән жазғанын барлығы біледі. Жұбатқанмен, қатты ренжулі болатын. Айғақ заттарды жинағанмен, енді өзі өмірде жоқ. Тек сол «Огонекты» мойындамаулары оның өмірін қысқартты ма деп те ойлаймын»,-дейді жары Раиса Костеновская.  Михаил Никоненко тарихта «Огонек» әнімен қатар мына аккордионды да қалдырды. Қызыл армия тыңшылары тапсырманы орындау кезінде тұтқынмен қатар аспапты да алып келген деседі. Енді майдангердің отбасы араға 50 жыл салып, авторлық құқықты дәлелдемекші. Егер де расталса,«Огонек» әні айтылар кезде сөзін жазған - Михаил Исаковский, әні - Михаил Никоненко деп айтылатын болады. Әзірге туындының композиторы белгісіз болып қала бермек, деп хабарлайды 24. кz.    


Астанада Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу рәсімі барысында жауынгерлер зиратына Даңқ гүлшоқтары мен гүл себеттері қойылды. Жиналған қауым сарбаздар мен оркестрдің маршымен қаза тапқан жауынгерлер зиратының басына барды, деп хабарлайды елорданың ресми сайты.Салтанатты шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов, ҰОС ардагерлері, ҚР Қорғаныс министрлігінің, түрлі конфессиялардың өкілдері, әскери бөлімшелер, оқушылар мен қала тұрғындары қатысты. - Бүгін Отаны үшін жанын құрбан еткен адамдарды еске алу үшін жиналып отырмыз. Ақмола өңірінен 30 адам Кеңес Одағының батыры атанғанын білесіздер. Олар әрқашан да жадымызда. Олар соғыстан аман оралып, еліміздің қалыптасуына да өз үлесін қосты. Біздің жанымызда жүргендеріңіз, бүгінде тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатқанымыз үшін рахмет, жасаған ерліктеріңіз үшін алғыс айтамыз, - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев. Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай жауынгерлер зиратына елорда әкімдігінің, қалалық мәслихаттың, соғысқа қатысқандардың атынан гүл шоқтары қойылды.  - Құрметті жолдастар, бүгін сұрапыл соғыс жылдарын еске алып отырмыз. Майдандас жолдастарымыз әрқашан жадымызда. Аға ұрпақ өз міндетін орындады, ал жастар - Отанымызды қорғау керек. Мемлекет тәуелсіздігін алды. Баршаға бақыт, денсаулық, қуаныш тілеймін! Ұзақ жасаңыздар! - деді Ұлы Отан соғысының ардагері Алексей Фролов. Айта кетейік, ертең 9 мамырда Жеңістің 71 жылдығына орай «Отан қорғаушылар» монументінің жанында Даңқ гүл шоқтары мен гүлдер қою рәсімі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, сағат 12:30 Тәуелсіздік даңғылынан «Отан қорғаушылар» монументіне дейін «Жаужүрек полк» шеруі жүріп өтеді.        


К.Көкірекбаев жамбылдық майдангерді Жеңіс күнімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Ұлы Отан соғысының ардагері Кыбырай Рыспанбетовтың үйінде болып, майдангерді Жеңіс мерекесімен құттықтады. Отан үшін от кешкен қарияға денсаулық, амандық тілеп арнайы сыйлық табыс етті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.Қыбырай Рыспанбетов 1921 жылы Талас ауданы, Көшек ауылында дүниеге келді.  Соғысқа дейін Ленин атындағы колхозда колхозшы болып еңбек етті. 1942 жылы қаңтарда майдан даласына аттанды. Онда  2 запастағы атқыштар полкінде,  1943 жылы 45 - ші атқыштар полкінен Ленинград қаласындағы ұрысқа қатысты.  1945 жылы қыркүйекте 160 - атқыштар полкында болып, жарақаттануына байланысты әскерден босатылды. 1945 жылы елге оралып, Ленин атындағы колхозда колхозшы, ферма меңгерушісі болған 1-ші, 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» және тағы да басқа медальдармен марапатталған. Бар саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған ақсақал бүгінде немере, шөберелерінің қызығын көріп отыр. Қарт майдангер мерейлі мерекеде өзін арнайы құттықтаған облыс әкіміне алғысын білдіріп, жүрекжарды тілегін жеткізді.   


Аудан әкімі майдангерлердің отбастарында болып, мерекемен құттықтады - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазалы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов соғыс ардагерлерінің шаңырағында болып, Жеңіс күнімен құттықтады. 96 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Пірназар Мырзатаевтың отбасына барған аудан басшысы облыс әкімінің құттықтау хатын табыстады. Ардагерге зор денсаулық пен бар жақсылықты тілеп, сыйлықтар табыс етті.П.Мырзатаев 1942 жылдың ақпан айында Қазалы қаласынан соғысқа аттанып, 1946 жылы шілде айында елге оралған. Зайыбы Хадиша екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірген. Ардагер «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30, 40, 50, 60, 65, 70 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Бұдан кейін аудан әкімі Нажмадин Шәкизадаұлы соғыс ардагерлері Тілеуберген Тобабергенов пен Қалеп Бектұрғановтың та үйлеріне барып, сыйлықтар табыс етті. Ардагерлер аудан басшысына қамқорлығы мен ықыласы үшін алғыстарын білдірді. Т.Тобабергенов Жеңісті Берлин қаласында қарсы алған. 1948 жылы елге оралғаннан бастап зейнет жасына дейін теміржол саласында абыройлы қызмет еткен. Қазір немере-шөберелерінің қызығын көріп, бақытты өмір сүруде. Ал Қ.Бектұрғанов соғыс майданынан екі жерден жарақаттанып, елге оралған. Бүгінде 8 ұл-қызынан 22 немере мен 23 шөбере сүйіп отыр. Аудан әкімі сонау сұрапыл жылдары жеңіске өз үлесін қосқан қарт майдангер, Бекарыстан би ауылының тұрғыны Қабақ Смағұлдың отбасында болды.  Ардагерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті. «Соғыс - бұл жазықсыз жандардың көз жасы мен қайғысы. Мен қазіргі жас ұрпақ біз тартқан ауыртпашылық пен бейнетті көрмесе екен деп тілеймін», - дейді Қабақ ата. 19 жасында соғысқа аттанған Қабақ ақсақал Мәскеу бағытындағы Тула қаласының маңында неміс фашистеріне қарсы шабуылға шыққан. Қ.Смағұл көрсеткен батылдығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен, «Қызыл жұлдыз»,  I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30, 40, 50, 60, 65, 70 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Соғыс және еңбек ардагері соғыстан кейін елге оралғаннан бастап есеп саласында 40 жыл еңбек етеді.         


Соғыс ардагері К.Кисляцкихті мерекемен ОҚО әкімінің орынбасары құттықтады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай, ОҚО әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды Ұлы Отан соғысының ардагері Кисляцких Константин Федеровичті облыс әкімінің атынан 9 мамыр мерекесімен құттықтап, сый-сияпат табыстады. Д.Сатыбалды Жеңіс күнін жақындатқан қарт майдангерге бүгінгі бейбіт өміріміз үшін ризашылығын жеткізді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.Кисляцких Константин Федерович 1923 жылы 27 желтоқсанда Омбы облысы, Солдат ауданында, Көлкүл ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін ауыл-шаруашылық техникумын бітіріп, кеңес армиясының қатарына қосылған ол 1942 жылы 7 қарашада Омбыда әскери ант қабылдады және Сталинградты қорғауға атсалысты. Сондай-ақ, 1942 жылғы желтоқсан мен 1943 жылғы ақпан аралығында Сталинград қаласын қоршап алған фашистік күштерді жою үшін үлес қосты. Содан кейін Орловск-Курск иініндегі танкіге қарсы пехотасында шайқасқа қатысты. Қарт майдангер Украина, Польша, Венгрия қалаларын жаудан босатуға атсалысқан. Освенцимда нацистердің қылмыстарын тергеу бойынша комиссиясында жұмыс атқарды. Ол үшін соғыс Австрияда бітіп, сол жақтан ол 1945 жылы 20 қазанда қайта оралды.       


Түркістан қаласында 24 ардагер Жеңіс күнін тойлайды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев өңірдегі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне барып, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Ұлы мереке қарсаңында ардагерлерге барша жұртшылық атынан құттықтау лебізін жеткізген қала басшысы, жеңісті жақындатып, кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған қарт майдангерлердің әлеуметтік мәселелерімен де танысып шықты.Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі күнде Түркістан қаласы бойынша 24 ардагер Жеңіс күнін тойламақ. Оларға қолдау көрсету мақсатында, қала әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары бекітіліп бұған дейін арнайы мерекемен құттықтау рәсімдері жүргізілсе, билік тарапынан біржолғы көмек ретінде азық-түлік, мерекелік сыйлықтар мен қала қазынасынан соғыс ардагерлерінің жеке есеп шоттарына 212 мың теңгеден қаржы бөлінген. Осындай хабарды естіген 101 жастағы Аппаз Құдайбергенов басшылық тарапынан бұған дейін көрсетіліп жатқан қолдауларға ризашылығын білдіре келіп, бейбіт өмірдің берекесі мол екенін көзіне жас алып отырып жеткізді. Сонымен бірге, елімізде енді соғыс болмасын деп көпшілікке батасын берді. Бұл шара 9 мамыр күні таңертең орталық «Жеңіс» саябағындағы «Даңқ» мемориалынан бастау алып, мерекелік бағдарлама аясындағы жоспарлы игілікті істермен жалғасын таппақ. 


Қазалыда Жеңіс күнін 6 ардагер қарсы алды - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазалы халқы «Жеңіс» саябағындағы «Мәңгілік алау» алдына гүл шоқтары қойып, Ұлы Отан соғысында құрбан болғандарды бір сәт үнсіздікпен еске алды.Шараға соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, олардың және соғыстан оралмаған азаматтардың туған-туысқандары жиналды. «Мәңгілік алау» жанында болған жиында аудан әкімі Нажмадин Шамұратов қазалылықтарды мерекемен құттықтады. «Бүгін біз маңызды мемлекеттік мерекелердің бірін - Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс Күнін атап өтудеміз. Бұл Жеңіс бізге оңайға түскен жоқ, бірақ халық ұлы рухтың, кеңес солдаттарының жанкештілігі мен ержүректілігінің арқасында жеңді» - деп атап өтті әкім. Ұлы Отан соғысына Қазалы ауданынан 10 770 азамат майданға аттанса, 6 229 жауынгер ғана аман-есен елге оралған. Олардың жыл артқан сайын қатары азайып, бүгінгі күнде 6 ардагер арамызда жүр.          


Оралда «Майдан әндері» моноспектаклі қойылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында танымал актер, Қазақстан халық әртісі Тілектес Мейрамов «Майдан әндері» моноспектаклінде ойнады.Белгілі жазушы-драматург Роллан Сейсенбаевтың шығармасы бойынша қойылған бұл спектакльдің (режиссері Ұлпан Серікболқызы) ерекшелігі, онда жалғыз актер соғыстан аман оралған сарбаз Садыр Байбарысовтың бейнесін сомдай білген. Бейбіт күнде отыз жылдан астам уақыт бойы ревизор қызметін атқарып келе жатқан Садыр қайда барса да, ішіп алса, майдан әндерін айтады. Түсінде көретіні сол сұрапыл соғыс. Қандыкөйлек досы Григорий Авиловтың оққа ұшқан сәті. Днепрде өткен түндер. Жаралы мерген арқалаған орыс қызының бейнесі, дауысы есінен кетер емес. Үйінде де салатыны сол әндер. Түннің шырқын бұзған майдангердің осы әндерінен әбден запы болған көрші орыс әйелі милиция шақыруға дейін барады. Осы әйелдің дауысы баяғы орыс қызын еске салады. Отан қорғап, от кешкен, талай ауыр сәттерді басынан өткізіп, жүйкесі әбден жұқарған қарт сарбаздың жан дүниесін көп ешкім түсіне бермейді. Моноспекталь соғыс салған лаңның ұзақ уақытқа дейін сейілмейтінін тағы бір ашып көрсетеді. Қойылымды тамашалаған облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан халық әртісі Т.Мейрамовқа Ақ Жайық жұртшылығы атынан ризашылығын білдіріп, алғысхат табыс етті. Айта кетейік, бұл моноспектакль Жеңістің 70 жылдығына орай өткен жылы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қойылған болатын.     


9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін - Ұлы Жеңіске 71 жыл. 1941 жылдың маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға, яғни 1 418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты.Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғынға елімізден аттанғандардың ішінен 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы - қазақтар. Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды. Бұл соғысқа Қазақстан Кеңестер Одағының бір бөлігі ретінде қатысты. Қазақстан соғыс уақытында майдан қажетіне қарай бейімделді. Көптеген әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктері және дербес батальондар құрылды. Қазақстан жауынгерлері кеңес-герман майданының шешуші шайқастарына қатысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 1941 жылғы қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Мәскеуді қорғауда панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Амангелдиев ерлік көрсетті. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Батыс Қазақстандағы темір жол стансалары мен елді мекендер кеңінен тартылды. Курск шайқасында және басқа да майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер болды. Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақстандық жауынгерлер де қатысты. Қазақстандықтар партизан соғысына да белсене қатысты. Ленинград облысындағы шайқастарда - 220, Смоленск жерінде - 270-тен астам, Украина мен Белоруссияда - 3000-дай қазақстандық ерлік көрсетті. Бұлардың ішінде Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздары болды. Партизандар командирлері А.Егоровқа, Н.Зебницкийге және Ф.Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер Квантунь армиясына қарсы шайқасты. Қазақстанның табиғи байлығы Қызыл Армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. КСРО ХКК мен БК(б)П ОК-нің 1941 жылғы 16 тамыздағы қаулысы Қазақстанның 1941 жылдың 4 тоқсаны мен 1942 жылға арналған әскери-шаруашылық жоспарын белгіледі. Осы қаулыға сәйкес республика экономикасы соғыс мүддесіне бағытталды. Республика әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл, висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель, т.б. өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етті. Орал - Ембі мұнайлы аудандарының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39 пайызға арттырды. Электр қуатын өндіру 2 есе дерлік өсті. 1941-1945 жылдары барлығы 460 жаңа өндіріс орны салынды. Бұлардың қатарында соғыс жүріп жатқан аудандарда Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорын қысқа мерзім ішінде орналастырылып, іске қосылды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады. 1942 жылы мал басы 2 млн-ға, егіс көлемі 8 млн гектарға жуық арттырылды. Республика 1941-1945 жылдары 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа азық-түлік берді. Соғыс жылдары республика еңбекшілері майданға киім-кешек, азық-түлік жіберіп, жеке азаматтардың қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтар жасалды. Республика халқының майдан қажетіне ерікті жинаған қаржысы 4 700 млн сом болды. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс күні Қазақстан мен ТМД-да ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де кеңінен атап өтіледі. Бұл жыл сайынғы аталып өтетін мейрамның ерекше және құрметтi орны бар. Біздің болашағымыз үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске түсіру үшін, әрбір қазақстандық бұл мерекені Отанға деген сүйіспеншілігінің нышаны ретінде атап өтеді. Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 71 жылдығы құрметіне елімізде көптеген шаралар өткізілуде. Бүгінде қатары сиреп қалған майдангерлерге деген құрмет ерекше. Республикамыздың түпкір-түпкірінде еске алу вахталары, әртүрлі акциялар, ардагерлермен кездесулер өтіп жатыр. Бүгін Астанада қала жұртшылығы, ардагерлер «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қояды, мерекеге жиналған майдангерлер сарбаз ботқасынан ауыз тиеді, майдандық әндер шырқалады. Сондай-ақ Алматыда дәстүр бойынша 28-панфиловшы батырлар ескерткішіне гүл шоқтары қойылады, қала алаңдарында концерттер өтеді. Мерекелік шерулер халық серуеніне ұласып, кешке Жеңіс отшашуымен аяқталады. Мұндай шаралар республикамыздың барлық өңірлерінде жалғасын табады. 


Ұланбатырда қазақ ұшқышы, Моңғолия әуе күштерінің бас қолбасшысы М.Зайсановты еске алды

БЕЙЖІҢ-ҰЛАНБАТЫР. ҚазАқпарат  -  7 мамырда Ұланбатыр қаласында Қазақстан Елшілігі Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай және Жеңіс күні қарсаңында Моңғолияның атақты қазақ ұшқышы, Моңғолия әуе күштерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мүдәріс Зайсановтың құлпытасына гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.Гүл қою рәсіміне Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Қалыбек Қобландин, Моңғолия Парламентінің депутаттары Тілейхан Алмалық, Бәкей Ағыпар, жазушы, Моңғолияның белгілі қоғам қайраткері Сұлтан Тәукейұлы және Моңғолияның еңбек сіңірген ұшқышы, отставкадағы подполковник Тәштуан Төтейұлы қатысты.   Мүдәріс Зайсанов - Моңғолия қарулы күштерінде қызмет атқарған қазақ азаматы, генерал-майор. 1910 жылы Зайсан өңірінде туылып,  1920 жылдары Монғолияға қоныс аударған. 1932 жылы Орынбордағы  ұшқыштар даярлайтын училищені тәмамдаған. Халхин-Гол шайқасы кезіндегі ерліктері үшін Моңғолияның және Кеңес Одағының  ең жоғарғы наградаларының бірі - «Қызыл ту» орденімен марапатталып, 1942 жылы генерал-майор шенінде  Моңғолия Әуе әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалған. Зайсанов 57 жасында Ұланбатырдағы әскери госпитальда дүние салды.    


Н.Назарбаев В.Путинді Восточный ғарыш айлағынан алғашқы зымыран ұшырылуымен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен Мәскеу қаласында кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі аспектілерін, сондай-ақ күн тәртібіндегі бірқатар өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев В.Путинді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығымен және Восточный ғарыш айлағынан алғашқы зымыран ұшырылуымен құттықтады. - Бүгінде кез келген мемлекет осындай заманауи ғарыш айлағын іске қоса алмайды. Бұл Сіздің қолыңыздан келді. Сіздің ел үшін осы бір тарихи оқиға көптеген ұрпақтың жадында қалатын болады, - деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев биыл Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммиті және ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі өтетінін еске салды. - Биыл күн тәртібінде көп кездесу бар, бағдарлама ауқымды. Қазіргі күрделі кезеңде Еуразиялық экономикалық одақ қалыпты режимде дамып жатыр. Дағдарыс уақытында туындап жатқан қиындықтарды еңсеруге болады, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.  Ресей Президенті Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына арналған парадқа қатысу мақсатымен Мәскеуге келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. - Біздің қарым-қатынасымыз да осылай жақсы әрі жан-жақты дами беретініне сенімдімін. Бүгін Сіз көрсеткен ілтипат ертеңгі күні де өзара сенімді нығайтып, достық байланыстарымыздың бұдан әрі дами беруі үшін жақсы жағдай қалыптастыратыны сөзсіз, - деді В.Путин.         


Қазақстандық дипломаттар Мәскеудегі Ә.Молдағұлова және Б.Момышұлы атындағы мектептерге барды

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі және әскери атташата қызметкерлері Ресейдің Мәскеу қаласындағы Кеңес одағының батырлары Әлия Молдағұлованың атындағы № 402 және Зеленоград қаласындағы Бауыржан Момышұлының атындағы №1912 мектептерге барды. Бұл туралы ҚР-ның РФ-дағы елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.Қазақстандық дипломаттар оқушылардың салтанатты түрде сапқа тұруына қатысып, одан кейін батырлардың бюсттеріне ҚР-ның РФ-дағы елшілігінің атынан гүл шоқтарын қойды.  Шараға Мәскеу қаласындағы соғыс және еңбек ардагерлері, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Мектеп оқушылары қонақтарға мерекелік концерт қойды, одан кейін мектептердегі Әлия Молдағұлова мен Бауыржан Момышұлының мұражайларында экскурсия өткізілді.      


ОҚО әкімі ардагер Анна Шаляны үйіне барып құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Ұлы Отан соғысының ардагері Шаля Анна Федоровнаны Жеңістің 71 жылдығымен құттықтап, шаңырағына барды, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.Ардагер апамызға жылы лебізін білдірген облыс әкімі ІІ Дүниежүзілік соғыста апа-әпкелеріміздің көрсеткен жанқиярлық ерліктері мен жаужүректілігін мәңгі естен шағармайтынын, кейінгіге бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Жеңістің біз үшін маңызы айрықша зор екенін атап өтті.  Өз кезегінде, Анна Шаля сол уақыттағы майдан даласындағы естеліктерімен бөлісіп, бүгінгі ұрпақтан Тәуелсіз Қазақстандағы бейбіт өмірдің қадірін ұғынып, оны қастерлеуін өтінді. Сонымен қатар, ардақты ардагер, аймақ басшысымен әңгімелесу барысында, Елбасыға және жергілікті билік өкілдеріне көрсетіліп жатқан құрмет пен қамқорлықтарына ризашылығын білдірді. Айта кетейік, Анна Шаля 1923 жылы 12 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Вревск ауылында туған. 1941 жылы радиотелеграфист курсын бітірген. Воронежде 40 армия штабында әскери қызметін атқарған. 25 дивизия есебінен 63 байланыс радиорота бөлімінде радист болған. Воронеж-Косторск операциясында алғашқы рет соғыс майданына енген.  1944 жылдың басында Румыния, Венгрия, Чехославакия шекарасынан өтіп, Звенигород, Богуслав, Умань қалаларын азат етуге қатысқан. «Қызыл жұлдыз» орденімен, II-ші дәрежелі «Отечественная война» медалімен және мерейлік медальдармен марапатталған.  1945 жылы елге оралған ардагер 1946 жыл мен 1979 жылдар аралығында білім саласында қызмет атқарып, сол жерден зейнеткерлікке шыққан.  Қазіргі уақытта Анна Федоровнаның жасы 92-ден асып отыр.       


ЕР ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ: ҰОС ардагері Б.Мырзахметов жайлы үзік сыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ер есімі ел жадында мәңгі сақталады. Бұл дәлелдеуді еш қажет етпейтін аксиома. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен ерліктің бірегей үлгісін көрсеткен ата, апаларымыз әр қазақтың отбасында бар. Осы ретте ҚазАқпарат Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 71 жылдық мерекесіне орай майдангер Бақтияр Мырзахметовтың немересі Майра Мырзахметованың атасы жайлы естелігін оқырман назарына ұсынуды жөн көрді.Оңтүстік өңірдің Мақтаарал ауданында үлкен шаңырақ Мырзахметовтар әулеті әу бастан қарапайымдылығымен, ынтымағымен ел ішінде абыройға ие болған. Атамыз Бақтияр Мырзахметұлы сындарлы жылдары халық тыныштығын бұзған фашистермен соғысуға аттанған. Жалпы, атамыз 1939 жылы әскери борышын өтеп жүрген кезінде-ақ КСРО мен Финляндия арасындағы соғысқа қатысқан екен. 1941 жылы фашистік Германия КСРО елдеріне соғысты бастады. Жер-жерден ұлтының қамын ойлаған еркек атаулы, соның ішінде жас өрендер ештеңеден қаймықпастан қанды майданға аттанып жатты. Олардың арасында бұған дейін соғыстың ащы дәмін татқан, небәрі 23 жастағы атамыз Бақтияр Мырзахметұлы да бар еді. Ол 1941-1943 жылдары Шығыс және Батыс майданда, 1943-1944 жылдары 4-ші Украина майданында ерлікпен жауға қарсы соғысты. Өр мінезді қазақ жігітінің ерлігі еленбей қалмады. 1941 жылы КСРО Қорғаныс Халық комиссариатының бұйрығымен лейтенант әскери шенін алды. Жалпы, ол 1938 жылдан бастап, 1946 жылға дейін КСРО Қарулы күштерінің қатарында 3-ші разрядтағы «запастан тыс жауынгер», «отряд командирі», «взвод командирі», «батальон командирі» болып адал, қалтқысыз қызмет етті. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін түрлі медальдар мен ордендерді кеудесіне тақты. Соғыстың аяқталуының 20 жылдығына орай, «КСРО Қарулы күштерінің 50 жылдығы», 1978 жылы «Еңбек ардагері» атты ордендермен марапатталған. 1946 жылы өз еліне амандықпен оралған Бақтияр ата өзі туып өскен Қызылқұм ауылында кеңшар нұсқаушысы болып еңбек етеді. 1954 жылы Ташкент қаласындағы педагогикалық училищенің «дене шынықтыру» пәні мұғалімі мамандығын алып шықты. Сол сәттен бастап сұрапыл майданнан оралған ардагердің қалған ғұмыры ауыл мектебінде ұстаздық етумен, шәкірттеріне тәлім-тәрбие берумен өтті. Батыр атамыз майданнан оралғаннан кейін Қыздаркүл апамызға үйленіп, 5 баланың әкесі атанды. Алайда тағдыр тауқыметімен Қыздаркүл апа ерте дүниеден озып, 5 бала жетімсіреп қалады. Бақтияр ата кейіннен қайсар да ер мінезді Сапарай апаға екінші рет үйленеді. Ардақты апамыз Мырзахметовтар әулетінің ұрпағын жалғастырып, 2 ұл 1 қызды дүниеге алып келді. 1986 жылы Бақтияр атаны сұм ажал бұл фәниден алып кетті. Бүгінде Салиқалы ана Сапарай апамыз әулет ошағының түтінін сөндірмей, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Дәрігер, кәсіпкер, әскери қызметкер, кәсібін игерген балалары бүгінде Қазақстанның түрлі қалаларында қызмет етіп жатыр. Әке жолын қуған марқұм Әлихан атты ұлы әскери қызметкер болып, елінің тыныштығын күзетті. Бүгінде атамыздың 5 ұл, 3 қызынан 33 немере, 35 шөбере өсіп-өніп, өңіріміздегі үлгілі, үлкен отбасыға айналып отыр. «Ер есім ел есінде», демекші қазақтың батыры Бақтияр Мырахметұлы өзі сүрген ғұмырында жасаған ерлігімен артында қалған ұрпағына үлгілі әке, ата ретінде мәңгілік жадымызда сақталып қалады. Ешкім де өмірге батыр болып келмейді, тек бойында намысы, жігері бар азаматтар ғана батыр болып қалыптасады. Сондықтан бүгінгі ұрпақты басымызға күн туар жағдайда еш нәрседен тайсалмайтын жігерлі, өр мінезді етіп тәрбиелеу мақсатымызға айналуы тиіс деп ойлаймын! 


Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда, тылда жанқиярлықпен күреске түскендер айрықша құрметке ие - С.Бекбосынов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендер айрықша құрметке ие. Астана қаласының прокуроры Сабыржан Бекбосынов Жеңіс күнімен құттықтауында осылай мәлім еткен.Елорда прокуроры Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері және жерлестерін Жеңіс күнімен құттықтай отырып, осыдан 71 жыл бұрын адамзат тарихында ең ауыр және қанды соғыстың соңғы оқтары атылды, дейді. «Уақыт алмасады, ұрпақтар өзгереді, бірақ Отанға сүйіспеншілік, қажырлылық, ерлік, жауынгерлік рухымыз өзгеріссіз қалады. Отан қорғаушылар жасаған ерліктер мәңгілік және уақыт ағысымен жоғалып кетпейді. Сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын оның маңызын біз ерекше ұғына түсудеміз. Сондықтан да халық ұзақ күткен Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие, қаза тапқандардың рухына тағзым етеміз», делінген құттықтауда. Бұл алапат соғыстағы Жеңістің бізге қалай келгендігін ұғыну, қаза тапқандарды қадір тұтып, арамызда жүрген ардагерлерге ұдайы қамқорлық көрсету - біздің парызымыз деп санайды Сабыржан  Бекбосынов. «Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі. Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Сіздер жерімізді жаудан сақтап, елімізді тыныштыққа бөлеген, арттағы ұрпағын ойлап қан майданда жан берген ер жүрек дара тұлғаларсыздар. Нағыз патриотизм, қаһармандықтың лайықты үлгісі болып келесіздер. Ұлы Жеңіс үшін, өшпейтін Ерлік үшін шынайы көңілден шыққан алғысымызды қабыл алыңыздар», дейді Астана қаласының прокуроры. Ол ардагерлерге шын жүректен денсаулық, ұзақ ғұмыр, алаңсыз болашақ, зор бақыт, бейбіт өмір мен береке-бірлік жақын адамдарының қамқорлығы мен ықыласын тілейді.      


9 мамыр - Жеңіс мерекесінің Қазақстан тарихындағы орны ерекше

АСТАНА. ҚазАқпарат - Адамзат тарихындағы ең сұрапыл да зұлматты кезеңнің бірі - Екінші дүниежүзілік соғыс. КСРО-да 1941 жылдың маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға созылған соғысқа әлемнің көптеген елдері араласып, 35 млн адам ұрысқа тікелей қатысты. 1 418 күнге жалғасқан соғыстың ақырғы нүктесі 1945 жылдың 9 мамырында қойылды. Кеңестер Одағының фашистік Германияны тізе бүктіруі туралы капитуляция актісіне 1945 жылдың 8 мамырында қол қойылған болатын. Дегенмен, Ұлы Жеңістің мерекесі 9 мамыр күні тойланатын болып шешім қабылданғаны белгілі. Яғни, 9 мамыр - Жеңіске қол жеткен күн!Дүние елдерін шарпыған соғыстан сол тұстағы Кеңестер Одағының құрамындағы Қазақстан да тыс қалған жоқ. Мәліметтерге сүйенсек, сұрапыл соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мың жауынгер майданға аттанған екен. Бұл республика халқының 18-50 жас аралығындағы ересектердің жетпіс пайызын құрады. Қазақстан азаматтары сұрапыл соғысқа қатысып қана қойған жоқ, ұрыстардың алғы шебінде ерен ерліктер көрсетті. Аттанғандардың 600 мыңы немесе тең жартысы соғыстан қайтып оралмады. Қазақстандық 500-ге жуық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы Батыр атағын алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын  Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Н.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды. Мәліметтерге сүйенсек, майдан даласында Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, елуге тақау полктар мен батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанқиярлықпен қорғап, Украинаны, Беларусьты, Балтық жағалауын, Молдованы азат етуге қатысты, тұтастай алғанда қазақстандықтар кеңес-неміс майданының шешуші  шайқастарының басым бөлігіне дерлік атсалысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 1941 жылғы қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста  генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Мәскеуді қорғауда панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Амангелдиев ерлік көрсетті. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Батыс  Қазақстандағы темір жол стансалары мен елді мекендер кеңінен тартылды. Курск шайқасында және басқа да  майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер болды. Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақстандық жауынгерлер де қатысты. Қазақ жауынгерлері партизан соғысына да белсене қатысты. Ленинград облысындағы шайқастарда - 220, Смоленск жерінде - 270-тен астам, Украина мен Белоруссияда - 3000-дай қазақстандық ерлік көрсетті. Бұлардың ішінде Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздары болды. Партизандар командирлері А.Егоровқа, Н.Зебницкийге және Ф.Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер Квантунь армиясына қарсы шайқасты. Қазақстанның табиғи байлығы Қызыл Армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. КСРО ХКК мен БК(б)П ОК-нің 1941 жылғы 16 тамыздағы қаулысы Қазақстанның 1941 жылдың 4 тоқсаны мен 1942 жылға арналған әскери-шаруашылық жоспарын белгіледі. Осы қаулыға сәйкес республика экономикасы соғыс мүддесіне бағытталды. Республика әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл, висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель, т.б. өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етті. Орал - Ембі мұнайлы аудандарының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39 пайызға арттырды. Электр қуатын өндіру 2 есе дерлік өсті. 1941-1945 жылдары барлығы 460 жаңа өндіріс орны салынды. Бұлардың қатарында соғыс жүріп жатқан аудандарда Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорын қысқа мерзім ішінде орналастырылып, іске қосылды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады. 1942 жылы мал басы 2 млн-ға, егіс көлемі 8 млн. гектарға жуық арттырылды. Республика 1941-45 жылдары 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа азық-түлік берді. Соғыс жылдары республика еңбекшілері майданға киім-кешек, азық-түлік жіберіп, жеке азаматтардың қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтар жасалды. Республика халқының майдан қажетіне ерікті жинаған қаржысы 4700 млн. сом болды. Осының өзі Қазақстан үшін екінші дүниежүзілік соғыс, соның ішінде Ұлы Жеңіс ұлт тарихының ерекше парақтары екенін көрсетсе керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та бұл күн еліміз үшін ерекше мән берін, оның айрықша күн екенін ұдайы айтып келеді. «Адамзат тарихындағы ең алапат соғыстағы Ұлы Жеңіске біздің халқымыз өшпес үлес қосты. Майданға аттанған 1 млн 200 мың жерлестеріміздің тең жартысы соғыста ерлікпен қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс жылдарында бүкіл халқымыз тыл жұмысында жұмылып, Жеңіске өз еңбегін сіңірді. Қас дұшпанға атылған әрбір оқта қазақ жерінің үлесі зор», -дейді Елбасы Н. Назарбаев. Сондықтан да, еліміз үшін 9 мамыр мерекесінің орны ерекше. Өйткені, Қазақстан тарихындағы Жеңіс күні - бұл бабаларымыздың ерлігі мен батырлық даңқы айшықталған күн. Сондықтан да, ел басына күн туған сәтте туған жердің намысы үшін майданға аттанып, Отан үшін жанқиярлық ерлік көрсеткен жаужүрек қаһарман бабаларымыздың ерлігін естен шығаруға болмайды. Сол үшін де 9 мамыр  күні -  қайсарлықтың, қайтпас рух пен жалынды жігердің хас үлгісін көрсеткен барша соғыс және тыл ардагерлерінің алдында тағзым етуге тиіспіз. Осы күні болашақ үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске алып, мерекені Отанға деген сүйіспеншіліктің нышаны ретінде атап өтуге де тиіспіз.  


Беларусь еліндегі бауырластар зиратына қазақ жерінің топырағы жеткізілді

 АСТАНА. ҚазАқпарат  - Осыған дейін хабарларымызда Қорғалжын аудандық әскери комиссариатына шақырылып, 1943 жылы Беларусь жерінде қаза тапқан Құлман Бекмағанбетовтің отбасы туралы айтқанбыз. Жауынгердің жақындары атасының қабірін іздеп, 67 жыл сабылып еді.  Ақыры биыл олар Гомель облысындағы бауырластар зиратына алғаш рет қазақ жерінің топырағын апарды, деп хабарлайды 24.kz. Журналист Салтанат Бекниязова бұрынғы Кеңес одағындағы барлық мұрағаттарға, әскери коммиссариаттар мен хатшылықтарға хабарласып, атасы туралы дерек іздейді. Бірақ Құлман Бекмағанбетовтің жатқан жері туралы ешкім ақпарат бере алмаған. Тек 2010 жылы ерікті беларусьтардың іздеу тобынан Қазақстанға жауап келеді. Қорғалжыннан шақырылған, жарының аты Бибіғали, алайда тегі Бекмағанбетов болмай шығады. - Өкінішке қарай, тегі аздап дұрыс жазылмапты. Сонау 1943 жылы екі әріпті ауыстырып не түсіп қалған екен,-дейді Кормянск ауданындағы Ворновск орта мектебінің директоры Сергей Детюков. Барлық әріпті түзу жазуға соғыс кезінде ешкімнің мұршасы болмағаны белгілі. 67 жыл іздеуден кейін ақыры өшкен үміт қайта жанды. Сол уақытта 83 жасқа жеткен Қабыкен ата ұрпағы мен туған жер топырағын алып, әкесінің зиратына жетті. Беларусь елі отанды жаудан қорғау жолында қаза тапқандарды ешқашан ұмытпайды. Беларусь жері үшін жанын қиған боздақтардың ұрпағын мұндағы жұрт туғанындай құшақ жайып, қарсы алады."Беларусь халқына ризашылығымыз шексіз. Бұл жерде қазақтар да, орыстар да жатыр. Олардың бәрі - бір майдан шебінде құрбан болғандар"-дейді қаза тапқан жауынгердің ұрпағы Назым Бекмағанбетова.  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің доценті Салтанат Бекниязова   жүрек толғанысын былайша жеткізді: «Мына ауыл жүрегімнің бір бөлшегіне айналды. Себебі, мұнда менің атам жатыр».  Беларусь достары дайындаған тосынсый бұл ғана емес. Құлман Бекмағанбетов «Жауынгерлік қызметі үшін» медалімен марапатталған екен.    


Соғыс жылдары Қырым медициналық институтының 21 профессоры Қызылорда облысында еңбек етті

 ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - 1941 жылы 10 қазанда Халық комиссарының орынбасары С.И.Миловидов басқарған эвакогоспитальдер бас басқармасы құрылса,  Қызылорда да эвакогоспитальдер жұмыс істеді.  Облыстық партия комитетінің шешімімен Жаңақорған ауданындағы 3980 госпиталі, қаладағы 3978,3979 госпитальдері жөндеуден өтті. Қазақстан бойынша 6400 орындық эвакогоспиталь болса, кейін тағы 5800 адамға орын дайындалды       Қызылорда қаласында №3978, №3979, №229, емдеу госпитальдарында Қырым медициналық институтының профессорлары жұмыс істеген. №1581, №2061, №2103 Арал, Қазалы, №3980 Жаңақорған аудандарында бір-бірден госпиталь, ал Қармақшы ауданында үшеу болды. Оның біреуі психоневрологиялық аурухана базасы болып жасақталды        Қызылорданың педучелищесі Қазалыға қосылып, ғимараты 250 орындық госпитальға;  Сырдарияның аудандық атқару комитеті КАз-Риске көшіріліп, ғимараты 100 орындық госпитальға; Сауда техникумы базасында 300 орындық госпитальға; Мальков көшесіндегі №6 мектеп, Сталин атындағы 7 мектепке біріктіріліп, оның орны 300 орындық госпитальға ауыстырылды.  Қазіргі «Жібек жолы» сауда орнына қарама -қарсы жерде қалалық емхана болған, 557 жауынгер емделген;  Қорқыт Ата Университетінің №1 оқу ғимаратына қарсы жерде тағы бір госпиталь орналасқан; Жаңақорғандағы госпиталь базасы кейін (емдік батпағының нәтижесінде) ауруларды «қалпына келтірумен» (реабилитация) айналысып, кейін санаторий қалыптасты; Жаңа  Қазалыда 300 орындық госпиталь ашылды.          Қызылордаға көшкен Қырым медициналық институтында 21 профессор және толық құрамдағы оқытушылары мен 530 студенті болды.  200 студентті Қызылордадан қабылдап, 4 жылдың ішінде 800 студентті шығарды.  Институт емдеу-хирургиялық госпиталі ретінде де көмектесті.  Жаралыларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер Қазақстанда өндірілсе, Қызылорда, Алматы, Орал ет комбинаттарында витаминдар (гемотаген) шығарылды.           Жаңақорғандағы №3980 госпиталі жаралыларды емдеп қана қоймай, кейін сауықтырумен айналысты. Мысылы, 1942 жылдың 1 қаңтарынан-1 қыркүйекке дейін 796 хирургиялық ем алған жауынгерді балшықпен емдеп, 188 ғана госпитальде қалған. Олардың 30 пайызы қайтадан майданға аттанды.         Сол жылдарда госпитальге түскен жаынгерлердің  55,5 пайызы қайтадан әскерге алынған. Соғыс біткенен кейін Қызылорда облысындағы госпитальдер қайта көшіп, тек Жаңақорған санаторий статусын алып қалды.    


Қазақстан Жеңіс күнін атап өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Бүгін Қазақстанның әр түпкірінде тарихи, маңызды мереке - Ұлы Жеңіс күнін мерекелеуде. 1941 жылдың маусымында басталып, 1 418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты.«Бабаларымыз бен әкелеріміздің жауынгерлік ерлігі - қазақстандық отбасылар үшін теңдессіз мұра. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнінің қатарласып келуі ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі іспеттес», -деп атап өтті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік концертте сөйлеген сөзінде. Нұрсұлтан Назарбаев соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері ерекше алғыс білдіруге, құрметтеуге лайықты жандар екенін мәлімдеді. Президент Ұлы жеңіс - «барлық қажыр-қайратын, күш-жігерлерін келер ұрпаққа баянды болашақ сыйлау жолына арнаған ерлеріміздің ерліктерінің, қаһармандықтарының символы» екеніне сенімді.  «Сіздерге жасалып жатқан қамқорлық, құрметті ардагерлер,   сұрапыл соғыс жылдарында жанқиярлықпен отанды қорғаған айқастарыңыз үшін бүгінгі ұрпақтың сіздерге көрсеткен құрметінің кішкене бөлігі ғана. Сіздердің жауынгерлік ерліктеріңізді Қазақстан жері мәңгі жадында сақтайды. Ұлы Жеңіс сыйлап, ерлік көрсеткен барша ардагерлерге басымды иемін және алғыс білдіремін», - деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы. 1941-1945 соғыс жылдарындағы оқиға Қазақстанда тұратын әр отбасыға ауыр тиді. Сондықтан да бұл мерекенің әр қазақстандық үшін маңызы аса зор. Ұлы Отан соғысы жылдары майданда 1 млн 800 мың қазақстандық шайқасты. Жүз мыңдаған отандастарымыз орден, медальдармен марапатталды. 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Айқастарда жараланып, қаза тапқандар, хабар-ошарсыз кеткендер бар, тұтқыннан 630 мың адам оралмады. Қазақстан жауды жеңу үшін Кеңес әскеріне  барлық қажетті мүмкіндікті қамтамасыз етуде орасан зор үлес қосты. Қазақстанда Жеңіс күні мемлекеттік мереке және демалыс күні деп жарияланды. Жеңістің 71 жылдығы құрметіне соғыста қаза тапқандар мен аман оралған батырлар, тыл еңбекккерлеріне арналған көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің деректеріне сәйкес қазіргі уақытта қарттар мен мүгедектерге арналған  медициналық-әлеуметтік мекемеде 304 адам тұрып жатыр, олардың төртеуі ҰОС қатысушысы, 16-сы - олармен теңестірілген тұлғалар, 34-і тыл еңбеккерлері. ҰОС Жеңісінің 71 жылдығын мерекелеу қарсаңында жергілікті атқарушы органдар ардагерлерді қолдау, оларға құрмет көрсету шараларының жоспарын іске асыруда. 2016 жылға арналған жергілікті бюджетте ардагерлерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін 2,6 млрд. теңге қарастырылған.     


МАЙДАННАН ХАТ: «Бес рет айқасқа шықтым, әзірге жарақат алған жоқпын»

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат -   Соғыста хабар-ошарсыз кеткен ұлы Байделдинов Сайынқұмардың майданнан келген соңғы хатын анасы 1975 жылы Шығыс Қазақстан тарихи-өлкетану мұражайына табыс еткен болатын. Биғайша апа ұлынан қандай да бір жаңалықты естімей кетті.Құжатты мұражайға оның туысқан ағасы Абылай Мәкенов берді. Өңірдің тарихи-өлкетану мұражайының қорларында соғыста  қаза тапқандардың да, аман оралғандардың да жазған хаттарының түпнұсқалары мен көшірмелері сақталған. Алғашқы хатын Сайынқұмар екінші жеке мотоциклет полкында қызмет етіп жүрген Дрогобыч қаласынан Ұлан ауданы Манат ауылына жазған. Әскерге 1939 жылы шақыртылған. Каменец-Подольск облысында әскери қызметін атқарды. Фин соғысына қатысты. Екінші хатта күні 1941 жылы 26 шілде деп көрсетілген. Түпнұсқа хат қазақ тілінде жазылған. Оны орысшаға аударумен 1975 жылы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ғылыми кеңесінің мүшесі Құсайын Жаманбаев айналысты. «Құрметті анашым, аға, ауылдықтар, ыстық сәлемімді қабыл алыңдар, бес рет айқасқа шықтым, әзірге жарақат алған жоқпын. Бізді уайымдамаңдар. Кеңес әскері қатарында жүріп, абыроймен Отанымызды қорғаймыз. Басты мақсатымыз - фашистердің көзін жою. Біздің жер - ең шұрайлы мекен. Еліміз   - ең қымбат. Өлімнен еш қорықпаймыз. Елімізде бейбітшілік болсын. Сау болыңдар, туыстарым, көршілерім. Сайынқұмар». Хатта досы Жанғазыдан айырылып қалғанын хабарлаған. Бірге айқасып жүрген Рақымбай, Ақаш Рамазанов жайлы жерлестері жайлы айтып кеткен. Хатта жеңіске деген сенімділік айқын аңғарылады. Жерлестерінің де Жеңіске сенуін тілейді. Сайынқұмар Байделдинов кеңес әскерлері Днепрге шегінген кезде хабарсыз кетті. Соғыстан кейін туыстары көп іздеді, бірақ еш  нәтиже болмады.         


СҚО әкімі Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

 ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат -   Ұлы Отан соғысындағы Жеңісті мерекелеу қарсаңында СҚО әкімі Ерік Сұлтанов 314-ші атқыштар дивизиясы  мен Даңқ  ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл туралы өңірдің баспасөз қызметі хабарлады. 314-ші Атқыштар дивизиясы сарбаздарының ескерткішінде - 6637 әскери бөлімінің әскери қызметшілерінен құрметті қарауыл. Жүздеген петропавлдықтар мен қала қонақтары аты аңызға айналған, негізінен осы өңірдің тұрғындарынан құралған дивизияны еске алуға жиналды. Ескерткішке қойылған қызыл қалампыр - Жеңіс, ерлік, өжеттілікті паш етіп тұрғандай. Даңқ ескерткіші негізіне  айқас алаңынан әкелінген топырақ салынған.  Оны 314-ші атқыштар дивизиясының ардагерлері, Польшадағы, Чехословакиядағы айқасқа қатысқандар әкелді. ҰОС ардагерлері, сарбаздар, еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйым өкілдері мен мектеп оқушылары ескерткішге гүл қойды. Жиналған қауым елдің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін қасық қанын төгіп, өмірлерін қиған сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды.     


«Естелік вахтасына» қатысушылар ШҚО ауылдарында болды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - ШҚО Ұлан ауданының  Герасимовка, Украинка, Саратовка, Донское, Восточное және   Таврия  ауылдарында мұражай-қорық  ұйымдастырған «Естелік вахтасы» акциясы өтті. Мұражай қызметкерлерімен бірге патриоттық турға «Есте сақтаймыз және мақтан тұтамыз!» жылжымалы фото көрмесі мен «Орыс әні» хоры аттанды. Сапар барысында мемориалдық-сәулет нысандары - ҰОС қатысқан ауылдықтарға орнатылған ескерткіштер мен зираттардың болуы мен сақталуы, оны іздеу жұмыстарына жастар  қаншалықты қатысатыны  жайлы ақпараттар жиналды.  «Естелік вахтасы» ұйымдастырушыларын әр ауыл жылы қарсы алды. Тұрғындар фото көрмемен танысты, концерт тамашалады. Соғыс, тыл ардагерлері естеліктерімен бөлісті. «ҰОС жеңісі халықтың бірлігінің арқасында келгенін ұмытпауымыз қажет. Елінің патриоты болу арқылы, жұмыла бірігу арқылы еліміз - Қазақстанның гүлденуі жолында қойылған мақсаттарға қол жеткіземіз!», - деп атап өтті Восточное ауылы  әкімдігінің өкілі А. Самбұсынов.          


Алматы көшелерімен «Мәңгілік полк» жүріп өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған кезекті «Мәңгілік полк» атты азаматтық шара өткізілді.Оған  қатысушылар - әр түрлі жастағы мыңдаған адам нөсер жауынға қарамастан «Астана» алаңына жиналып, одан  28 Панфиловшылар атындағы саябаққа дейін жаяу жүріп өтіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Бұл шараға қатысқан алматылықтар қолдарына Ұлы Отан соғысына қатысқан өздерінің әке-аталарының, туған-туыстарының портреттерін зор мақтанышпен ұстап жүрді. Ауған соғысы ардагерлерінің үйлестіруші кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров бұл шараның биыл осымен үшінші рет өткізіліп отырғандығын және жыл сайын оған қатысушылар саны көбейіп жатқандығын атап өтті.    «Бүгін бұл жерге Ұлы Отан соғысына қатысып, отан үшін қан төккен атап-бабаларымыздың ұрпақтары келді. Бұл акция сол аға ұрпақтың ерліктері ешқашанда ұмытылмайтындығын және бүгінгі ұрпақтың бейбітшілікті, Қазақстаның өсіп-өркендеуін қалайтындығын паш етеді», - деді ол.   Оның айтуынша, бүгінгі шараға 20 мыңдай адам қатысты. «Мына суретте менің атам бейнеленген. Ол соғысқа алғашқы күндерден бастап - Кеңес-румын шекарасында кірісіп, 1945 жылы 9 мамырға дейін шайқасқан. Ол бейбіт заманда дүние салды. Мен бұл акцияға екінші рет қатысып жатырмын. Адамдарды осылайша отанға деген зор сүйіспеншілік сезімнің біріктіріп жатқаны мені ерекше қуантады», - деді қолына әкесінің портретін ұстаған алматылық азамат Александр Соколов.  13 жастағы Борух Шамаё да бабасының портретін ұстап, осы маршқа қатысқанын мақтаныш тұтатынын айтты. Оның бабасы 1945 жылғы 9 мамырда Венада қарсы алған екен.   Айта кетелік, «Мәңгілік полк» азаматтық акциясы 2012 жылы Ресейдің Томск қаласында бастау алған болатын. 2013 жылы бұл шара 120 қалада, ал 2014 жылы жеті елдің 500 астам қаласында ұйымдастырылды. Оған жарты миллионнан астам адам қатысты.                 


Алматы әкімі ҰОС ардагерлері мен қала тұрғындарын Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 28 Панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алау алдына 1941-1945 жылдар аралығында болған Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 71 жылдығына  арналған мерекелік шара өткізілді. Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін және қала тұрғындарын осы ұлы мерекемен құттықтады. «Ардақты ардагерлер, құрметті қауым! Баршаңызды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығыменен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі қасиетті Жеңіс күні халқымыз үшін ерекше, мерейлі күн! Бұл Жеңіс соғысқа аттанған қайсар рухты майдангерлердің қайтпас ержүректілігі мен елдегі тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің жемісі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Ұлы Жеңіс бізге аталардың қанымен, аналардың терімен келді. Біз батыр бабаларымызды ұлықтап, есімдерін ұрпақ жадында қашанда жаңғырта беруіміз керек», -  деді Б. Байбек. Осыдан кейін Қазақстан Республикасының әнұраны орындалды. Одан соң, жиналған қауым алдынан құрметті қарауыл ротасы салтанатты сап құрып жүріп өтті. Артынша, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі басталды. Құйып тұрған жаңбырға қарамастан, Бауыржан Байбек бастаған Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, Қазақстан қарулы күштерінің, Ауған соғысының ардагерлері, дипломатиялық корпустың өкілдері, Генералдар кеңесі Төралқасының мүшелері, Алматы қалалық жастар ұйымдары мен басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, қолдарына соғысқа қатысқан ата-бабаларының портреттерін ұстаған қала тұрғындары әскери оркестрдің сүйемелдеуімен лек-легімен жақындап келіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етті. Толассыз жауған жаңбырға қарамастан гүл шоқтарын қою рәсімі әлі де жалғасуда.                     


9 мамыр -ұлтына, жеріне, діні мен тіліне қарамастан бірге тойлайтын ортақ мереке - Астана әкімі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков  қала тұрғындары мен қонақтарын 9 мамыр- Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды  astana.kz. «9 мамыр - адамзат баласы ұлтына, жеріне, діні мен тіліне қарамастан бірге тойлайтын ортақ мереке. Бүгінгі бейбіт заманда кеудесін оққа тосып, Отан үшін аянбай еңбек еткен әкелеріміз бен аталарымыздың ұлы ерліктерін мақтан етеміз. Қан майданда қаза тапқан майдандас достарының аманатын арқалап, елге пана, Отанға қорған болған ардагерлердің ерен еңбегі тарихта алтын әріптермен жазылды. Ерлік іс ешқашан ұмытылмақ емес. Аспанымыз әрқашан ашық болғай! Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!», делінген құттықтауда.     


Қызылордада Жеңіс күні мерекесі кең көлемде аталып өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылордада Жеңістің 71 жылдығына арналған «Қаһарман ұрпаққа мың тағзым» атты митинг және гүл қою рәсімі өтті. Шараға ҰОС және тыл ардагерлері бастаған Сыр жұртшылығы қатысты.Жиналған жұртшылық алдымен қан майданнан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастап ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Екінші дүниежүзілік соғысқа Сыр өңірінен 70 мың сарбаз аттанса, соның тең жартысына жуығы елге оралған жоқ. Қазір 64 майдангердің ғана көзі тірі.  - Ұлы Отан соғысы отаны мен тарихи әділдік үшін жан қиюға дайын қаһарман халқымызды күллі әлемге танытқан қасиетті майдан болса, Ұлы Жеңіс Сіздердің ерліктеріңізді мәңгілік ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Бұл Жеңіс болмағанда, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан да болмас еді. Сондықтан да Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан әрбір ардагерге кейінгі ұрпақ атынан мың мәрте алғыс айтамыз. Сіздер сияқты жеңімпаздардың ұрпағы, халықтар арасындағы достық пен бірлікті қастерлеген аға буынның жалғасы екенімізді әрдайым мақтан етеміз. Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын, - деді Қ.Көшербаев. Мұнан соң Жасампаз жасақ шеруі өтті. Бұл жоба биыл қатарынан төртінші жыл жүзеге асып отыр. Ерікті заматтардан құралған  шеру сапында Ұлы Отан соғысында шейіт болған, елге оралып қайтыс болған, Семей - Невада, Чернобыль апаты, Ауған соғысы ардагерлерінің  ұрпақтары, батыр аналар, жастар бар. Бұл бүгінгі ұрпақ зұлмат соғыста кеудесін оқ пен отқа тосқан жауынгер бабаларын ұмытпайтындығының бір көрінісі. Салтанатты шарада қонақтар мен соғыс және еңбек ардагерлері арнайы дайындалған шатырларда  сарбаз ботқасынан дәм татты.         


Н. Назарбаев Мәскеуде Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған әскери парадқа қатысты

 МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына арналған әскери парадқа қатысты. Қызыл алаңда парадты ашқан Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин соғыс ардагерлері мен қатысушыларды, сондай-ақ қонақтарды Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Парадқа 10 мыңнан астам әскери қызметші, 135-ке жуық жауынгерлік машина, 71 ұшу аппараттары (1945 жылғы 9 мамырдан бастап жылдар саны бойынша) қатысты. Биыл бұл  жаңа әскер мен күш ведомствосы өкілдерінің (Әуе-ғарыш күштері және Ұлттық гвардия) алғашқы қатысуы болмақ. Сондай-ақ  алаңнан бірінші рет РФ Қорғаныс министрлігі Әскери универститетінің және Хрулев атындағы Әскери материалдық қамтамасыз ету академиясының филиалы - Вольский әскери институтының тәрбиеленушілері - әйел әскери қызметшілер жүріп өтті. Мәскеу астанасы орталығынан дәстүрлі түрде ондаған ұшақтар мен тікұшақтар ұшып өтті. Содан соң Ұлы Отан соғысы сарбаздарының портреттерін көтерген «Мәңгілік полк» акциясының қатысушылары жүріп өтті. Қызыл алаңдағы әскери парадтан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Белгісіз солдат бейітіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.                     


Астанада «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою салтанаты өтті (ФОТО, ВИДЕО)

АСТАНА. ҚазАқпарат -  9 мамыр Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің  71 жылдығына арналған мерекелік шаралар елімізде кең көлемде аталып өтуде.Бүгін Астанада «Отан қорғаушылар» монументіне Даңқ гүл шоқтарын қоюдың салтанатты шарасы болып өтті. Салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрі Кәрім  Мәсімов, ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов және басқа да мемлекеттік орган басшылары, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері қатысты. Шараға сонымен қатар, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандықтарды еске алу үшін Астана тұрғындары, елорда қонақтары да қатысты. Олардың арасында құрметті қонақ ретінде Ұлы Отан соғысының 45 ардагері де болды. Айта кетерлігі, жыл өткен сайын елімізде соғысқа қатысқан, тыл еңбегімен Жеңісті жақындатқан ардагерлер қатары азайып барады. Сондықтан да, қалың жұртшылық, әсіресе жастар қаһарман ардагерлердің деніне саулық тілеп, олардың ерлігіне тәнті екенін жеткізді. Астанадағы «Отан қорғаушылар» ескерткіші жанындағы салтанатты шара барысында халық Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, ерлікпен елін қорғаған ерендерді бір минут еске алды. Айта кетерлігі, ҰОС Жеңісінің 71-жылдығын мерекелеу қарсаңында жергілікті атқарушы органдар ардагерлерді қолдау, оларға құрмет көрсету шараларының ауқымды жоспарын іске асыруда. 2016 жылға арналған жергілікті бюджетте ардагерлерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін 2,6 млрд. теңге қарастырылған. Айта кетерлігі, Астанада дәл қазір Тәуелсіздік даңғылының бойындағы  «Astana Mall» СОО жанында Жеңіс күніне арналған «Мәңгілік полк» шеруі басталды. Іс-шара соңында қатысушылар Отан қорғаушы алаңында гүл шоқтарын қояды. Сонымен қатар, бүгін «Астана Опера» театрында «Көк орамал» мерекелік концерті өтетіні жоспарланған. Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары сондай-ақ сағат 18:00-де «Астана Опера» театрының үлкен залында Арам Хачатуряннің «Спартак» атты балетін тамашалай алады.                                

Ақмолалықтар Жеңіс күнін атап өтуде

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалықтар Ұлы Жеңістің 71 жылдығын сән-салтанатымен атап өтуде.Мерекелік шара «Абылай хан» алаңында бастау алып, одан әрі  «Мәңгілік алау» ескерткішінің маңындағы митингпен және Тәуелсіздік алаңында мерекелік бағдарламамен жалғасын табуда. Онда осынау мерекені тойлауға шыққан мыңдаған ақмолалық «Еңсесі биік Ұлы Жеңіс күні!» атты театрландырылған қойылымды тамашалады.   Әскери киім киген жастар би билеп, ән айтып, мерекенің мәнін одан сайын аша түсті. Бұдан кейін облыс әкімі Сергей Кулагин,  облыстық мәслихат депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, соғыс және еңбек ардагерлері, облыстық және қалалық кәсіпорын-ұйым, мекемелердің басшылары үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Даңқ аллеясы бойымен жүріп өтіп, «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл дестелерін қойды. Салтанатты митингіде өңір басшысы Сергей Кулагин құттықтау сөз алып, елімізді зұлым жаудан қорғап қалған ардагерлердің атына ізгі тілегін жолдады.  «Соғыстың аяқталғанына жетпіс бір жыл уақыт өтсе де, бұл мереке сарбаздардың ерлігі мен қайсарлығы, отбасыларына оралмаған жауынгерлерді еске алу күні ретінде тарихта мәңгі сақталады. Сұрапыл  соғыста біздің азаматтарымыз қаһармандықтың ең жоғары үлгісін көрсетті. Отанымыздағы бейбітшілік, кейінгі ұрпақтың азат елде бақытты, тыныш  өмір сүруі үшін ерлік көрсеткен қазақстандық  батыр ұлдар мен ер жүрек қыздардың есімдерін мақтанышпен еске аламыз, олардың алдында басымызды иеміз»,- деді облыс әкімі.   Митингте соғыста шейіт болған жандарды бір минуттік үнсіздікпен еске алып, Көкшетау техникалық институтының курсанттары ұрыс даласынан оралмаған жауынгерлер рухына арнап аспанға қарудан оқ атты. Осы күні ақмолалық батырлар Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне де гүл шоқтары қойылды.   Мерекелік шара жергілікті шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасы мен түнгі от шашуды тамашалауға ұласпақ.                   


Батыс Қазақстанда Жеңіс күні кеңінен тойлануда (ВИДЕО,ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов 9 мамыр күні майдангер Мұхтар Әжіғұловтың үйінде Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс мерекесімен құттықтады.Мерекелік дастарханға бұл күні майдангерлер Иван Гапич, Хамза Сафин, Қалам Сүйіншәлиев, Меңжан Әбдірахманов жиналды. Өңір басшысы ардагерлерге ұзақ өмір, мықты денсаулық тіледі. Отанды қорғап қалған аға буынның ерлігі арқасында бүгінгі ұрпақ бақытты ғұмыр сүруде. Жасы ұлғайғанына қарамастан, олар облыстың қоғамдық-саяси өміріне, жас ұрпақ тәрбиесіне белсене араласып келеді. Дастархан басында Алтай Көлгінов пен Мұхтар Әжіғұлов домбыра шертсе, майдангерлер естеліктерімен бөлісіп, бейбіт өмірге ештеңе жетпейтінін атап өтті. Соғыс жылғы әндер шырқалып, ақ тілектер айтылды. Жеңіс күні Мәңгілік алауға, басқа да ескерткіштерге гүл шоқтары қойылып, қалалық мәдениет және демалыс саябағында сарбаз ботқасы ұйымдастырылды. «Ерлікке тағзым» шарасына қатысушылар Жеңіс үшін қан төгіп, жанын да аямаған ата-бабаларының суреттерін ұстап, қала көшелерімен жүріп өтті. Майдан әндерін айтып, Жеңіс алаңына дейін барып, Мәңгілік алау жанында аты-жөндері жазылған соғыс құрбандарына тағзым етті. Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған шаралар облыстың барлық ауданында өткізілді.           


Ержүрек қазақ офицері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Отан қорғау жолында жан алысып, жан беріскен қан майданда көрсеткен бірнеше қаһармандық ерлігі көпшілікке үлгі, адалдықпен әрі жауапкершілікпен атқарған істері жұртшылыққа өнеге, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер, бейбіт өмірде де бірнеше жауапты қызметтер атқарып, артына мол мұра, өскелең ұрпақ қалдырған ел ағасы туралы ағайындары ғана емес, барша қазақстандықтардың да білуі, оған лайықты құрмет көрсетуі - заңдылық деген болар едік. Біздің кейіпкеріміз - соғыс және еңбек ардагері Ошақбай Ілебайұлы Апбасов соғыстан аман-есен оралып, Шолпан Шайдарбекқызымен отбасын құрып, тату-тәтті өмір сүріп, өмірге сегіз бала әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіреді. Бүгінде Ошақбай Ілебайұлының ұрпақтары ардақты әке, асыл ана атына сөз келтірмей, ел қатарлы қызмет атқарып, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Өмір деген сынаптай сырғып өте береді екен-ау! Мынау бес күндік жалған дүниеде Ошақбай Апбасов сынды ардагер, абзал азамат та артына із тастап, 1972 жылы 19 сәуірде өмірден озды. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да осы уақытта балалары киелі шаңырақта бас қосып, әке әруағына Құран бағыштап, туған-туыс, ағайын-тумаға ас берді. Шолпан апа болса, өмірлік серігі болған Ошақбай Ілебайұлының есімі ұмытылмай, өзі бірге жаққан шырағданы сөнбегеніне іштей мың мәрте тәубе етеді. Десек те, соғыс ардагерінің ерлік шежіресін жас ұрпаққа дәріптеу, есімін есте қалдыру, туған өңірінде, ауылында, облыста үлгі тұту жұмыстарын жүргізу - біздің абзал міндетіміз. Ардагер туралы деректер тым аз. Қолымызда бары - ұрпақтары жергілікті архивтен алған марапаттау қағазының көшірмелері және кезінде Қазақстан Коммунистік партиясы Жамбыл облыстық комитетінің сектор меңгерушісі Р. Емкуловтың қолымен берілген анықтама ғана. Бұл сарғайған құжаттарда ардагердің өмірбаяндық деректері, сондай-ақ наградаға ұсынылғанда жазылған, майданда көрсеткен ерліктері қысқаша, құжаттама күйінде, ресми тілмен баяндалған. Дегенмен, оның барына да қанағат деуіміз керек. Әйтпесе, ерлігі ұмыт қалып, есімі аталмай, жоғалғандар қатарында, іздеусіз кеткендер қаншама! Дүниені дүр сілкінтіп, қаншама елді қайғы-қасіретке душар етіп, барша адамзатты басқыншылар табанына салып, таптатуға аз-ақ қалған екінші дүниежүзілік соғыс қасіреті ешқашан ұмытылмақ емес. Ендеше, зұлмат соғыста жеңіп шығуға үлесін қосқан майдангерлер туралы әңгіме ешуақытта да бітпеуге тиіс. Анықтамада көрсетілгендей, Ошақбай Ілебайұлы елге оралысымен, еңбекке бел шеше араласып, партия ұйымдарында бірқатар жауапты қызметтер атқарады. Атап айтқанда, 1947 жылғы қаңтар - қараша айларында Қазақстан Компартиясы Жамбыл аудандық комитетінде хатшының көмекшісі, ал осы жылғы қарашадан 1948 жылдың 16 қарашасына дейін ұйымдастыру-инструкторлық бөлімінде нұсқаушы болып еңбек етеді. Бұл қызметін бір жылдан астам уақыт атқарады да, 1950 жылдың  ақпан айының басына дейін Жамбыл облыстық партия комитетінің партия бөлімінде нұсқаушы, кәсіподақтар және комсомал органдарында жауапты жұмыстар істейді. 1950 жылдың ақпаны мен қыркүйегі аралығында ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, одан кейін Қазақстан Компартиясы Меркі аудандық комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарады. Өз ісіне мығым, ортасына сыйлы еңбек ардагері партия қызметінде де үлкен абыройға бөленгені анық. Сондықтан да өз мүддесінен халық мүддесін жоғары қоя білетін партия қызметкерлеріне ол уақытта үлкен сенім артылып, беделді деген қызметтерге, білімін жетілдіру курстарына жіберіліп отырған. Осы орайда, Қазақстан Компартиясы облыстық комитеті бюросының шешіміне сәйкес, Ошақбай Апбасовқа 1952 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы үш жылдық республикалық партия мектебіне жолдама беріледі. Ол партия мектебін 1955 жылы аяқтап, сол кездегі Гурьев облысына партиялық жұмысқа жіберіледі. Білімді басшы, шебер ұйымдастырушы, ең бастысы, қоғам мүддесіне жауапкершілікпен қарайтын маман қай жерде де қат емес пе?! Онда төрт жылдан астам уақыт табысты еңбек еткен О. Апбасов 1959 жылдың наурыз айында өсіп-өнген ауылына, кіндік қаны тамған туған жеріне оралады. Содан 1963 жылдың қыркүйек айына дейін Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы сол кездегі Сталин атындағы кеңшарда партия бюросының хатшысы, Жамбыл атындағы кеңшардың, Жуалы ауданының Ленин атындағы кеңшарының төрағасы болып абыройлы қызметтер атқарған. Бейбіт күнде де бір тыным таппаған еңбек ардагері, партия қызметкері Ошақбай Апбасовтың бар қажыр-қайраты, қабілет-қарымы, білімі мен тәжірибесі туған елін көркейтуге, экономикасын еселеуге, өзіне жүктелген қыруар тапсырмаларды белсенділікпен атқаруға жұмсалғаны шүбәсіз.                     Архивтік деректерге жүгінсек, 1923 жылы дүниеге келген Ошақбай Ілебайұлы Апбасов 1942 жылдың 19 қаңтарында Жамбыл облысы, Жамбыл аудандық әскери комиссариаттан соғысқа шақырылған. Майданда жүріп, түрлі әскери амалдарды меңгеріп, қысылтаяң кездің өзінде қырағылық танытқан сержанттың жауды қапыда қалдырған іс-қимылы жайлы аз-кем тоқталып өтпекпіз. Алдымен, 1944 жылдың 23-27 маусымында майданда көрсеткен жанқиярлық әрекеттері Үкімет тарапынан қолдау тауып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады (№30674078 жазба). Бұл медальға ұсынылған марапаттау қағазында 1-дивизионның 2-батареясының есептеу бөлімшесінің командирі, гвардия сержанты Ошақбай Апбасовтың 1944 жылдың 27 маусымында жасаған алғашқы ерлігі жайында баяндалады. Дәл осы күні сағат 11-де Бешенковичи ауданынан қозғалып бара жатқан кеңестік әскерлердің колоннасына бір топ неміс солдаттары Верховье селосында шабуыл жасайды. Кескілескен ұрыс кезінде О. Апбасов он бес немістің көзін жойып, сегізін тұтқынға алады. Сөйтіп, тұтқынға түскен жау солдаттары бірден қолбасшылыққа жеткізіледі. Ал, 1944 жылдың 23 маусымында гвардия сержанты О. Апбасов берген нақты деректердің арқасында, Шумилино ауданында жаудың екі батареясы табанда жойылған. Міне, осылайша қазақ сарбазының ұрыс даласында көрсеткен табандылығы мен қырағылығын, жаудан сескенбес қайсарлығын, ақылдылығы мен білгірлігін жоғары бағалаған 1-дивизионға қарасты 2-батарея командирі, гвардия капитаны Угрюмов үкіметтік наградаға лайық деп тапқан. Бұл әскери құрылым Белоруссия жерін азат ету майданына белсене қатысқанын архивтік деректер айғақтайды. Қазақ жерінен аттанған майдангерлердің қай қайсысы да елден жырақ, қан майданның қақ ортасында жүріп, туған жер, кең байтақ Отанын басқыншылардан азат ету жолында бар қабілетін, білімін жұмсап, жау қолында қалған қалалар мен ауылдарды босатып алуда әрбір қарыс қадам үшін кескілескен ұрысты бастан кешіп, ерліктің үлгісін көрсеткені ақиқат. Олардың алдыңғы сапында гвария сержанты Ошақтай Апбасовтың болғанына тарих куә. Тағы бір архивтік мағлұматқа көз жіберелік. Бөлімшенің 1944 жылдың 23 қыркүйегіндегі №68 бұйрығында (архив ЦАМО, қор 33, хаттама 690155, сақтау бірлігі 6243, жазба №35454998) гвардия сержанты Ошақбай Ілебайұлы Апбасовтың «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылғаны жөнінде толық мәлімет келтірілген. Марапаттау қағазында баяндалғандай, Витебск бригадасы 1/37 гвардиялық армиясы зеңбірек артиллерия басқармасы бақылаушылар взводының аға барлаушысы О. Апбасов 1944 жылдың 13 қыркүйегінде біздің әскерлеріміздің шабуылдауы кезінде жаудың артиллериялық-минометтік, зеңбірек оқтарының сүйемелдеуімен, жаяу әскерінің күшті шабуылына қарамастан, өзінің өміріне қауіп-қатер төніп тұрса да, қаһармандықпен жау шебіне бақылауын жүргізген. Қазақ барлаушысының жауып тұрған оқтың астында қалып, батыл әрі жедел іс-әрекетінің нәтижесінде жаудың 2/105 мм. батареясы мен 3/75 мм. батареясының орны анықталып, Балдон ауданында дұшпанның жаяу әскерінің танкке шоғырланып жатқаны туралы мәліметі дер кезінде қолбасшылыққа жеткізіледі. Соның нәтижесінде біздің артиллеристер жаудырған оқтың астында қалған жаудың 2 батареясының тас-талқаны шығады. Сондай-ақ, неміс басқыншыларының жаяу әскер батольоны жауындай себелеген зеңбірек оғынан тоз-тозы шығып, жан-жаққа бытырай қашады. Сөйтіп, қарсылас жақтың бір машинасы табанда істен шығады. Аға барлаушы Ошақбай Ілебайұлы осы ерлігі үшін 1-барлаушылар дивизионының бастығы, гвардия аға лейтенанты Тюхов пен бригада командирі, гвардия майоры Кулиштің ұсынуымен жоғары марапатқа - «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болады. Бұл майдангердің ұрыс даласында елін қорғау жолында көрсеткен жанқиярлық ерлігіне көрсетілген үлкен құрмет екені сөзсіз. Әрине, оқ пен оттың астында, толарсақтан саз кешіп, ел мен жердің азаттығы үшін күші басым, айлалы жаумен алысқан жауынгерлердің бәрі де қолынан келгенше аянып қалмағаны белгілі. Қай майдангер де жеңіске жету үшін кескілескен майдан шебінде бірінші болып басқыншыларға тап беріп, жусатып салуға ұмтылатынын әр ардагердің әңгімесінен естіп, ұғып жүрген жоқпыз ба?! Сол себепті кейіпкеріміз Ошақтай Ілебайұлының біз сөз еткен істері де басқа майдангер серіктестерімен бірге жүзеге асырылған сәтті операциялардың бірі екендігінде еш күмәніміз жоқ.    1945 жылдың сәуірінде неміс басқыншылары жеңіліске ұшырап, Кеңестер Одағының аумағынан өз жерлеріне қарай тықсырылып, кеңестік армиясының жеңіске қол жеткізе бастаған кезі еді. Бұл уақытта кіші лейтенант әскери шешін алған Ошақбай Апбасовтың тағы бір ерлігі үшін 1945 жылдың 9 сәуірінде дивизион командирі, гвардия майоры Малышевтің ұсынуымен,  оған II дәрежелі «Отан соғысы» ордені беріледі. Гвардия кіші лейтенанты О. Апбасов бұл жолы қандай ерлік жасады дейсіз ғой?! Енді соған тоқталайық. Бұл кезде Кеңес әскерлерінен күн-түн санап, сағат санап, сәт санап үлкен шығынмен, зор күшпен ығысқан неміс басқыншылары әрбір сүйем, әрбір орам үшін жанталаса тойтарыс беруге тырысқаны тарихтан аян. Әсіресе, Кенисберг қаласы үшін шайқас жүріп жатқан кез еді. Ошақбай Апбасовтың осынау шайқаста көрсеткен ержүрек іс-қимылы жөнінде марапаттау қағазында гвардия майоры Малышев былай деп нақты әрі сүйсіне жазады: «Кенисберг қаласы үшін болған шайқаста өзін ержүрек офицер ретінде көрсетті. Жаяу әскер қатарында жүріп, жаудың батареяларын, ДОТ, ДЗОТ орнын анықтауды ұйымдастырды, осылайша 4 артиллерия батареясын, ДОТ, 6 ДЗОТ-тын байқаған. Бір өзі 2 артиллерия батареясын, 3 миномет батареясын және 4 ДЗОТ-ты тапты. Батареяның оқ атуына түзетулер жасау арқылы жаудың артиллериялық батареясының көзі жойылды, 2 ДЗОТ-ы мен жаяу әскер взводына дейін талқандалды». Міне, нағыз ерлік деген осы болар, сірә!.. Осылайша Ошақбай Ілебайұлының жаудың берік бекінісін дөп басып, анық танып, артиллериялық, минометтік батареяларының орналасуы жөнінде аса құнды деректерді алуы арқасында, олардың көзі жойылып, әскерлерімізге жеңіспен алға жылжуына жағдай жасалып отырған. Архивтерде қатталып, осы күнге дейін құнды құжат ретінде сақталып келген фактілер бізге батыл барлаушы, қайсар майдангер, қаһарман қазақ офицері жайында осылайша сыр шертеді. ...Содан бері қаншама уақыт өтіп, тіпті, алып империя ыдырап, екінші дүниежүзілік соғысқа деген ұрпақтар көзқарасы алуан өзгерісті бастан кешсе де, тарлан-тарих Ошақбай Апбасов сынды батырларымыздың ерліктерін ешқашан ұмыттырмайды! Сенбесеңіз, архивке үңіліңіз, кеңес әскерлерінің даңқты жолы, өшпес ерліктері тіл қатып, соғыс шындығын, соғыс қасіретін, Жеңістің қаншалықты термен, майдангер-боздақтардың, ардагер аға буынның қасық қанымен келгенін күні кешегідей көз алдыңа әкеліп, жадыңа салады! Ол деректер көкейіңде мәңгілікке жаңғырып тұрмақ! Архивке үңіліңіз, жас ұрпақ! Ардагерлер ерлігі ешуақытта да ұмытылмайды, қаһармандар есімдері ешқашан өшпек емес. Дәуір өзгеріп, заман желі қай жақтан соқса да, аға буынның даңқы жыл өткен сайын асқақтай бермек.        


Көкшетауда Жеңіс мерекесі аясында «Мәңгілік жасақ» акциясы ұйымдастырылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Ұлы Жеңістің 71 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара барысында «Мәңгілік жасақ» акциясы ұйымдастырылды.Шеруге облыстың әр ауданынан келген Ұлы Отан соғысы мен тыл және еңбек ардагерлері, майданда шейіт болғандардың туған-туыстары қатысты. Акция барысында барлық қатысушылар соғысқа қатысқан туысқандары мен ата-бабаларының суреттерін қолдарына ұстап шықты. Айта кетейік, бір ғана Ақмола облысынан соғыстың алғашқы алты айында 37 мың адам, ал соғыстың барлық кезеңінде 80 мыңнан астам адам шақырылған. Олар барлық майдандардағы шайқастарға, яғни, Мәскеу, Сталинград, Курск доғасы тәрізді өзге де ұрыстарға қатысқан 66 ақмолалықтың Кеңес Одағының Батыры атанғаны, оның ішінде 13 адам Даңқ орденінің толық иегері болғаны ақмолалықтардың ерліктерінен хабар бергендей.          



Талдықорғанда соғыс ардагерлері сарбаз ботқасынан дәм татты

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Талдықорғанда Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 71-жылдығы құрметіне мерекелік шара дәстүр бойынша қаланың орталық саябағынан басталды.Құрметті қарауыл ротасы салтанатты түрде өтіп, Даңқ ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, бір дүркін оқ атылды. Салтанатты жиынға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты. Мереке «Жастар» саябағында жалғасты. Ол жерде далалық асхана ұйымдастырылып, шатырлар құрылды. Ардагерлер мен олардың туыстары алғашқы боп майдан ботқасынан дәм татты.  І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен салтанатты бөлім мерекені жандандыра түсті. Алматы облысының әкімі Амандық Баталоы құттықтау сөз сөйледі: «Құрметті ардагерлер! 9 мамыр - Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осынау мерекелі көктем күні жеңімпаз сарбаздарды, Отан қорғау жолында қаза тапқан батырларды еске алып, оларға басымызды иеміз. Тыл еңбеккерлеріне алғыс білдіреміз. Батырлар туралы естелік әрқайсымыздың жадымызда мәңгілік сақталады. Көзі тірілеріне қамқорлық көрсетіп, қолдау біздің ізгі борышымыз». Шара концерттік бағдарламаға ұласты, онда соғыс жылдарындағы танымал әндер шырқалды.              


Елбасы Мәскеуде Белгісіз солдат бейітіне гүл шоқтарын қойды

 АСТАНА-МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына арналған әскери парадқа қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.Нұрсұлтан Назарбаев Қызыл алаңдағы әскери парадқа барды, сондай-ақ Белгісіз солдат бейітіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Мәскеудегі әскери парадқа 10 мыңнан астам әскери қызметшілер мен 100-ден аса заманауи қару-жарақ және әскери техника қатысты.      ФОТО KREMLIN.RU 


Алматыда кешкі концерт пен мерекелік салюттің уақыты өзгертілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда кешкі концерт пен мерекелік салюттің уақыты өзгертілді.Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Астана» алаңында сағат 19:00-ге жоспарланған кешкі концерт жауын-шашынға байланысты ерте басталатын болды. Бұл концертке эстрада жұлдыздарымен қатар, Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі қатысады.    Ал кешкі мерекелік салют сағат 21:30-ға ауыстырылды. Айта кетелік, салют «Астана» алаңы мен «Көктөбе» саябағынан атылады.      


Астана көшелерімен «Жаужүрек полк» жүріп өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеу аясында Астанада «Жаужүрек полк» ауқымды акциясы өтті.Шараға Ұлы Жеңісті ұлықтайтын және бейбітшілік пен жеңісті сыйлаған аталарының жанқиярлық ерлігін құрметтейтін барша қала тұрғындары мен азаматтары, әскери қызметшілер қатысты, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі. Акцияға қатысуға мыңдаған адам ниет білдіріпті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға 5000-ға жуық адам қатысты. Олардың ішінде отбасы мүшелерімен, балаларымен келген азаматтар көп. Қатысушылар «Astana mall» сауда, ойын-сауық орталығынан бастап Тәуелсіздік даңғылымен «Отан қорғаушылар» монументіне дейін барлығы 1,8 км қашықтықты жүріп өтті. Олар қолдарына Ұлы Отан соғысында қаза болған аталарының портреттерін ұстап, соғыс жылдарындағы әндерді орындай отырып, үлкен мақтанышпен жүріп өтті. Одан кейін «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойды. Айта кетейік, «Жаужүрек полк» акциясы әлемнің 600 қаласын қамтыды. Жылдан жылға шара бұқаралық сипатқа айналуда. Астанада аталған акция өткен жылы 8 мамырда алғаш рет ұйымдастырылды. Онда қала көшелерімен 1500 адам жүріп өтті.          


Отан қорғаушылардың ұлы ерлігі ұмытылмайды - Қарағандыдағы минтинг-реквием (ФОТО, ВИДЕО)

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда «Мәңгілік алау» мемориалында ҰОС Жеңісінің 71 жылдығына арналған митинг-реквием өтті.Ауа райының суықтығына, жаңбырға қарамастан мыңдаған қарағандылықтар бүкілхалықтық мерекеге жиналды.  «Мұнда айтулы, ұлы мереке - Жеңіс күнін атап өту үшін жиналып отырмыз. Отанымыздың еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында күрескен батырларымыз бізге бейбіт өмірді аманаттап кетті. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, қанды беттер жабылған уақыттан бастап 71 жыл өтіпті. Бірақ Отан қорғаушылардың ұлы ерлігі, қаһармандығы мәңгілік ұмытылмайды», - деді Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков өзінің құттықтау сөзінде. 94 жастағы ҰОС ардагері жерлестеріне сөз арнады. «Басқа халықтармен бірге бейбіт күн үшін фашизммен күреске қазақстандықтардың қосқан үлесі орасан. Майданда біздің көптеген қарағандылықтар ерекше ерлігімен танылды. Ондаған жерлестеріміз Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Мыңдаған сарбаздар орден, мальдармен марапатталды», - деп атап өтті 19 жасында соғысқа аттанған майдангер. Жиналған жұртшылық бір минут үнсіздікпен және бір дүркін оқ атып ҰОС-та қаза тапқандарды еске алды. Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілері алаңнан шеру маршымен жүріп өтті. Облыстық ардагерлер кеңесінің деректеріне сәйкес Жеңіс күнін 246 ҰОС қатысушысы мен мүгедектері қарсы алды.                   


Отан үшін өз еркіммен соғысқа аттанғаныма ешқашан да өкінбеймін - С. Минаева

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін 9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні. Осыған орай, «ҚазАқпарат» тілшісі Ұлы Отан соғысының ардагері, кезінде Ленинград майданында жекелеген зениттік-артиллериялық дивизион құрамында қаланы қорғауға қатысқан артиллерист Серафима Минаевадан сұхбат алған еді.- Серафима Федоровна, туып-өскен жеріңіз жайлы мәлімет бере кетсеңіз. - Мен 1924 жылы Ресейдің Чита облысындағы Кыринский ауданының «Любовь» деп аталатын кен орнына жақын маңдағы селода тудым. Бұл кен орнында алтын өндірілетін. Кейін біз отбасымызбен сол аудандағы Мордой елді мекеніне көшіп бардық. Мен сонда 4 сыныптық мектепті бітірдім. Басқа мектеп жоқ болғандықтан, әрі қарай білімімді жалғастыра алмадым. Оның үстіне соғыс та басталып кетті. - Ұлы Отан соғысына өз еркіңізбен аттандыңыз ба? - Иә. Бір күні, аудандық партия комитетінен бір кісі келіп, Қызыл армия қатарына еріктілерді тіркей бастады. Мен әкемнің, шешемнің рұқсатын алып, өз еркіммен майданға аттандым. Төрт сыныптық қана білімім болса да өте белсенді комсомол едім. Өлем деп ойлағаным жоқ. Қасық қаным қалғанша отаным үшін соғысуға бел будым. Біздің селодан 6 бойжеткен соғысқа аттандық. - Майдандық жолыңыз қалай басталды? - Бізді алдымен 1942 жылы қыс мезігілінде машинамен Иркутск қаласының маңына алып келді. Сол жерде бірнеше ай жүргізушілік курсты оқыдық. Кейін, барлығымызды тағы да топтарға бөлді. Мен артиллериялық топқа ендім. Құрбыларым басқа топтарда қалды. Осылайша, көп ұзамай 37 мм автоматтық зениттік зеңбіректің атқышы болып шыға келдім. Осы қарудың қыр-сырын меңгердім.  - Соғыста қай майданда шайқастыңыз? - Мен Ленинград майданында 308-ші жекелеген зениттік-артиллериялық дивизион құрамында жауға қарсы шайқастым. 37 мм зениттік зеңбірекпен атқылап, жау ұшақтарын Ленинградқа өткізбеуге күш салдық. - Серафима Федоровна, есіңізде қалған ең бір сұрапыл шайқас жайында айтып бере аласыз ба? - Соғыс жылдары әлі де көз алдымда ғой. Ол ешқашан да естен шықпайды. Бір күні, тапа-тал түсте ішінде бомбылаушы ұшақтары бар жаудың 26 ұшағы Ленинградқа беттеп ұшып келе жатқаны туралы шұғыл хабар келіп түсті. Ондағы мақсаттары - қаладағы алып машина жасау зауытын жойып жіберу. Бір кезде жаудың ұшақтары да көрінді. Бомбылағанына қарамастан бүкіл дивизион атқылауға кірісті. Қанша уақыт өткенін білмеймін. Бір қарасам, біздің зеңбіректің оқпаны қып-қызыл болып ысып кетіпті. Сол бір жан түршігерлік шайқаста біздің зеңбірек тобы 6 бірдей ұшақты атып түсіргені есімде. Ленинградқа өте алмасын білген жау ұшақтары бомбыларын бей-берекет тастай сала кейін серпілді. Біз осы бомбылаудан құдай сақтап, аман қалдық. Бірақ, бірде-бір ұшақ Лениградқа өте алмады. - Соғыста әйел затына ер азаматтармен қатар жүріп, ауыр снарядтар тасып, артиллерист болу ауыр екені белгілі... - Иә, соғыс әйелдердің тірлігі емес екені о бастан түсінікті жайт. Бірақ, мені сүйікті отаныма деген шексіз махаббатым алға жетеледі. Қиындықтарға мойымадым. Оның үстіне мінезім де нағыз еркектердің мінезіндей болатын. Соғыстың ауыртпалығын ер азаматтармен бірге көтердік. Екі тонналық зеңбірегімізді студебеккерге тиеп алып, Ленинград түбінен бастап, сонау Кенигсберг түбіне дейін жүріп өттік. Бұл зеңбіректе негізі жеті жауынгер қызмет атқарады. Ал бізде бес-ақ қыз болды. Олар: оқтаушы, дәлдеуші, снаряд жеткізуші, нысанаға дейінгі жылдамдық пен қашықтықты анықтаушы және биіктеу бұрышын анықтаушы.  Мұндай құдыретті қарумен минутына 160-170 рет оқ атуға болады. Барлығымыз зеңбірекпен оқ атуды жетік меңгердік. Керек кезінде бір-бірімізді ауыстыра алатын едік. Ұлы Отан соғысында жау ұшақтары көбінесе 37 мм зеңбірекпен атып түсірілген. - Соғыста неше рет жарақаттандыңыз?        - Екі рет, бірінші рет бомбылау салдарынан болды. Біз отырған жертөлеге бір сәтте жау ұшағының бомбасы келіп түсті. Топырақпен бірге аспанға көтеріліп бара жатқаным ғана есімде. Бір уақытта есімді жисам, қасымдағы құрбым: «Сима, Сима» - деп айқайлап жатыр екен. Түк естімеймін. Сөйтсек, екеуміз де топырақ пен кірпішке көміліп қалған екенбіз. Алдымен, әрі-бері қимылдатып, әрең дегенде басымымызды аршып алдық. Кейін, басқа жауынгерлер келіп, бізді құтқарып алды. Ал жертөленің есігінде тұрған старшина мен медбике сол жерде қаза тапты. Ал бомбаның жарықшағы оң көзіме келіп тиген екен. Госпитальда жатып шыққан соң, тағы да өз полкыма келіп, соғысқа кірісіп кеттім. Екінші рет түнде күзетте тұрғанда «қаңғыған оқ» келіп, оң иығыма тиіп, жауырынымды «өртеп» өтті. Онда да госпитальға жатып шығып, жарақатымды таңып алып тағы да соғысқа аттандым. - Жеңісті қай жерде қарсы алдыңыз? - Кенигсберг түбіндегі орман ішінде қарсы алдық. - Соғыстан кейін туған жеріңізге оралдыңыз ба? - Иә, туған жеріме оралдым. Кен орнында жұмыс атқардым. Кейін 1946 жылы ағам Василий Кузнецовтың шақыруымен отбасымызбен Алматыға көшіп келдік. Ағам ұшқыш болатын. Госпитальда жатып, болашақ жарымен танысады. Ал ол Алматыдан болатын. Содан біз де Алматыға келген соң, мен 1948 жылы тұрмыс құрдым. Күйеуім Леонид ұшқыш болатын. Ол Ұлы Отан соғысына және Жапон соғысына да қатысты. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бірге 50 жыл бақытты ғұмыр кештік. Қазір қызыммен бірге тұрамын. - Бүгінгі ұрпаққа қандай тілек айтар едіңіз? - Бүгінгі жастар ешқашан да сұм соғыстың аждаһадай азынған дыбысын естімесе екен деп тілеймін. Дендеріне саулық тілеймін. Жастар Қазақстанның бақытты болашағы, бейбітшілігі үшін жан аямай еңбек етулері қажет. Өйткені, Отан оттан да ыстық! Ал отанды ер азамат болсын, әйел азамат болсын қашанда қорғауға дайын болуы керек! - Әңгімеңізге рахмет!   Айта кетелік, Серафима Минаева «Кенигсберг қаласын азат еткені үшін» медалі, «Жеңіс» ордені, «Отан соғысы» ордені, «Георгий Жуков» медалі және басқа да орден-медальдармен марапатталған.        


Соғыс қаһармандары. Батырлар есімдері ешқашан ұмытылмайды (ФОТОРЕПОРТАЖ)

 АСТАНА. ҚазАқпарат - Адамзат тарихындағы ең сұрапыл да зұлматты кезеңнің бірі - Екінші дүниежүзілік соғыс. Кеңес Одағында 1941 жылы басталып, 4 жылға созылған соғыста 35 млн адам ұрысқа тікелей қатысты. 1 418 күнге жалғасқан соғыстың ақырғы нүктесі 1945 жылдың 9 мамырында қойылды.Дүние елдерін шарпыған соғыстан сол тұстағы КСРО құрамындағы Қазақстан да тыс қалған жоқ. Сұрапыл соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мың жауынгер майданға аттанған. Қазақстан азаматтары ұрыстардың алғы шебінде ерен ерлік көрсетті. Аттанғандардың 600 мыңнан астамы немесе тең жартысы соғыстан қайтып оралмады. Қазақстандық 500-ге жуық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды.                                                



В. Путин Н. Назарбаевқа Ұлы Отан соғысындағы қазақ халқының ерлігі жайлы жазылған газеттерді тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей Президенті Владимир Путин 9 мамыр қарсаңында Қазақстан көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа  Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ халқының ерліктері туралы жазылған газеттерді тапсырғандығы туралы айтты.«Кеше кешке мен сол кезеңдегі  қазақ халқының Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі ерліктері жайлы айтылған газеттерді  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырдым. Сіздің біздің арамызда қонағымыз болып отырғаңызға үлкен рахмет   айтқымыз келеді», -деді Путин Жеңіс күніне арналған салтанатты қабылдауда, деп хабарлайды РИА Новости. Путин 1941 жылы жауға қарсы көпұлтты Кеңес одағының халқы тұтастай қарсы тұрғанын еске салды. «Жеңіс - бұл  біздің мызғымас бірлігімізді сынамақ болғысы келетіндерге үлкен ескерту. Біз халық тұтас көтерілген жағдайда мұның отан соғысына айналатындығын білеміз. Ерлікке толы және қасіретті 1941 жылы тап  солай болды. Жаумен шайқасқа көпұлтты Кеңес одағының халқы тұтастай көтерілді»,-деп атап өтті Владимир Путин.     


Жеңіс күні мыңнан астам тараздық «Мәңгілік полк» шеруіне қатысты

ТАРАЗ. ҚазАқпарат  -  Таразда 9 мамырда  Ұлы Жеңістің 71 жылдығы құрметіне «Мәңгілік полк» шеруі өтті.Мыңнан астам Тараз тұрғындары патриоттар қатарында  Ұлы Отан соғысында жаумен шайқасқан өз ата-бабаларының портреттерін көтеріп,  сап түзеді.   «Мәңгілік полк» шеруі  Жамбыл облысының тумасы, Александр Матросовтың ерлігін қайталаған Ағаділ Сухамбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою салтанатымен басталды. «Мәңгілік полк» шеруіне қатысушылар  Абай даңғылы бойымен «Атшабар« гүлбағына қойылған Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жамбылдықтар монументіне бағыт алды. Оларды  соғыс жылдарындағы әндерді орындаған әскери оркестр сүйемелдеді. Бүгінде Жамбыл облысында 174 майдангер мен Ұлы Отан соғысының мүгедектері тұрады, ал Таразда -91. Айта кеткен жөн, барлық ветерандар мен ҰОС мүгедектерге 150 мың теңгеден берілді.        


В Брюссельде Бельгияны азат ету жолында мерт болған кеңес жауынгерлерінің зиратына гүл шоқтары қойылды

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат -  Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығы құрметіне Брюссельдің орталық зиратында Бельгияны азат ету жолында мерт болған кеңес жауынгерлерінің және бельгиялық Қарсы тұру қозғалысына қатысушылар қабірлеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.Салтанатты шараға Брюссель мэрінің өкілдері, сондай-ақ ТМД елдерінің дипломатиялық корпусы және антигитлерлік колицияға қатысқан кейбір мемлекеттердің, журналистер мен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.     



Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы самбодан дәстүрлі халықаралық мемориал аяқталды - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - 8-9 мамыр күндері Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына арналған Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаев атындағы самбодан халықаралық мемориал өтті.Биыл қатарынан 21-ші мәрте ұйымдастырылған дүбірлі бәсекеге Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 16 команда, 200-ге жуық спортшы 9 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медаль және қаржылай сыйақымен марапатталды. Бәсекенің екінші күні қазақ күресінен «Түйе палуандар» сайысы өткізілді. Оған 22 палуан қатысып, үздіктері анықталды. Айтулы сайыста қазақстандық палуандар бас жүлдені сарапқа салды. Бірінші орынды еншілеген Еламан Ерғалиевке 10 мың АҚШ доллары берілді. Екінші орын иегері Ұлан Рысқұлға  1 млн, үшінші орынды қанағат тұтқан Мақсат Исақабыловқа 500 мың теңге ақшалай сыйақы табысталды. Самбодан халықаралық мемориалда жеңімпаз және жүлдегер  атанған спортшылар: 52 келі салмақта: I орын Қайырберді Айдынбай (Атырау обл.) II орын Айдос Мырзағалиев (Қызылорда обл.) III орын Дінмұхаммед Серіков (ОҚО) III орын Саят Аленов (Алматы қ.) 57 келі салмақта: I орын Парасат Жұмабай (Атырау обл.) II орын Әділет Саяжанов (Қарағанды обл.) III орын Аманжан Абу (Атырау обл.) III орын Қуаныш Тәтімбетов (Қызылорда обл.) 62 келі салмақта: I орын Айдос Ахметов (Қарағанды обл.) II орын Дархан Сержанов (Қызылорда обл.) III орын Ерболат Байбатыров (БҚО) III орын Нұрдәулет Қасымжан (ОҚО) 68 келі салмақта: I орын Ғалымжан Абдрахманов (Қызылорда обл.) II орын Мақсат Нұрәлиев (Қызылорда обл.) III орын Қайрат Жалғасбаев (Қызылорда обл.) III орын Есет Қуанов (Ақтөбе обл.) 74 келі салмақта: I орын Артур Әлдешов (Атырау обл.) II орын Нұрбол Серіков (БҚО) III орын Жәнібек Айдарбек (ОҚО) III орын Жандос Иманбаев (Атырау обл.) 82 келі салмақта: I орын Жайдарбай Есенов (Қызылорда обл.) II орын Батыр Мұқатаев (Қызылорда обл.) III орын Алмат Тайбағаров (Қызылорда обл.) III орын Ержан Абдуллаев (Қызылорда обл.) 90 келі салмақта: I орын Нұрсұлтан Төрен (Жамбыл обл.) II орын Мейрамбек Барах (Алматы қ.) III орын Саят Шәмшиев (Алматы обл.) III орын Ұлан Искаков (Атырау обл.) 100 келі салмақта: I орын Әділхан Қозыбаев (Қызылорда обл.) II орын Мақсат Исақабылов (Қызылорда обл.) III орын Шухрат Бобоев (Өзбекстан) III орын Максим Стихин (Қырғызстан) +100 келі салмақта: I орын Нұржан Бекарыстанов (Ақтөбе обл.) II орын Ұлан Рысқұл (Алматы обл.) III орын Александр Заалишивили (Грузия) III орын Еркебұлан Сапарғали (Астана қ.)     


Солтүстікқазақстандықтар «Мәңгілік полк» акциясына үш рет қатысты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда Жеңістің 71 жылдығын мерекелеу күні «Мәңгілік полк» акциясы өтті. Мыңдаған солтүстікқазақстандықтар бейбіт уақытта жарақаттан, кәріліктен қаза тапқанр ардагерлерді еске алып, қаланың орталық көшесінде шеру ұйымдастырды.Петропавлда «Мәңгілік полк» акциясы үшінші рет өтуде. Қатысушылар саны жыл санап артып келеді. Қатарда 5 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтар болды. Олар қолдарына Жеңіс үшін өз өмірлерін қиған әкелері, аталары мен бабаларының суреттерін алып шықты. «Мәңгілік полк» шеруі Мәңгілік алаудан басталып, Пушкин көшесі бойынша жалғасты. Шеру мәдениет және демалыс саябағындағы Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен аяқталды.           



Қарағандыда «Жаужүрек полк» бұқаралық шеруі өтті (ФОТО, ВИДЕО)

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда Жеңістің 71 жылдығын мерекелеу барысында мыңға жуық адам «Жаужүрек полк» шеруі қатарында жүріп өтті.Қаладағы Гоголь көшесіндегі шеруге шыққандар «Мәңгі алау» мемориалы қасында келп тоқтады. Оған қатысқандардың көбі соғыста із-түссіз кеткен туған-туыстарының аты жазылған қағаз немесе суретін тіпті үлкен портреттерді қолына ұстап жүрді. Митинг соңында азаматтық акцияға қатысушылар Мәңгі алауға гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін де бұқаралық шараға қатысуышлар тарқап кетпей, суретке түсіп, сырнай сазымен қосылып соғыс әндерін шырқады.            


Қазақстандық дипломаттар Сабыр Рахымовтың Ташкенттегі бюстіне гүл шоқтарын қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан Елшілігінің өкілдері Ташкенттегі Жеңістің 71 жылдығы мен еске алу және құрмет көрсету күніне арналған салтанатты шараларға қатысты.Өзбекстандағы  ҚР Елшілігінің хабарлауынша, Жеңіс күніне арналған шаралар 8 мамырда басталды, сол күні Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімов өзбек үкіметінің және дипломатиялық корпустың мүшелерімен бірге Ташкенттің орталығындағы Еске алу алаңында орнатылған «Азалы ана» монументіне гүл шоқтарын қойды. Сол күні Волгоград мемориалдық қорымындағы «Бауырластар зираты» кешенінде Жеңістің 71 жылдығына арналған гүл шоқтарын қою салтанатты шарасы өтті. Шараға дипломатиялық миссиялардың басшылары, ресми және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың және БАҚ өкілдері қатысты. Сол жерде қазақстандық дипломаттар Кеңес одағының Батыры, тұңғыш қазақ генералы Сабыр Рахымов бюстіне гүл шоқтарын қойды. Құрмат Самархан     


9 мамыр - жарқын болашаққа батыл қадам жасаған Тәуелсіз Қазақстанның мерейлі мейрамы - Бейбіт Атамқұлов

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен облыс тұрғындарын Жеңіс күнімен құттықтады. «Сіздерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтаймын! 9 мамыр - әрбір төртінші азаматын соғысқа аттандырған қазақстандықтардың және жарқын болашаққа батыл қадам жасаған бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның мерейлі мейрамы», делінген өңір басшысының құттықтауында. Соғысқа Оңтүстік Қазақстаннан 140 мыңнан астам адам аттанып, олардың жартысына жуығы туған оралмадған. ІІ Дүниежүзілік соғыста жанқиярлық ерлігі үшін оңтүстікқазақстандық 51 азаматқа Кеңес Одағының батыры атағы берілсе, 8-і «Даңқ» орденінің иегері атанды. «Ерлік - елге мұра, ұрпаққа үлгі. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның қайсарлығы мен төзімділігі бүгінгі ұрпақтың санасында нағыз отансүйгіштіктің үлгісіндей болып қала бермек. Сан қатпарлы тарих қойнауына еніп кеткен ақтаңдақ жылдардағы ел азаматтарының жан аямас жаужүректілігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектеріне біз әрдайым құрметпен бас иеміз. Бүгінде от пен оқтың арасынан елге аман-сау оралған майдангерлердің 325, тылда тынымсыз тірлік жасағандардың 21 мыңнан астамы арамызда бар. Мемлекеттік саясаттың арқасында ардагерлерді әлеуметтік тұрғыда қорғау, қолдау шаралары жүйелі іске асып келеді», дейді облыс әкімі. Бейбіт Атамқұлов соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. «Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Сіздер, Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп, соғыстан кейін де аянбай еңбек еттіңіздер. Жеңіс күні - көңілдеріңізге нұрлы шуақ ұялатып, жарқын қуаныштар әкелсін. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Тәуелсіз Қазақстанның аспаны әрқашан ашық болсын!», делінген құттықтауда. 


Алматыдағы М.Мәметова мен Ә.Молдағұлова атындағы саябақта Жеңіс күні атап өтілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысы Алмалы ауданы әкімдігі М.Мәметова мен Ә.Молдағұлова атындағы саябақта Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталуының 71 жылдық мерейтойына орай мерекелік шара ұйымдастырды, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.28 гвардияшылар-панфиловшылар атындағы саябақтағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоятын салтанатты рәсімге Алмалы ауданының ардагерлері Алматы қаласының «OldTime» ретро-автокөліктер клубының  автокөліктерімен құрметпен жеткізілді, сондай-ақ, автоклуб мүшелері ардагерлерді төл мерекелерімен құттықтап, Ұлы Жеңіске арнап гүл сыйлады. Жаңбырлы әрі бұлтты ауа райы айбынды жеңімпаздардың ұрпақтарына ұрыс даласынан оралмағандарға құрмет ретінде Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюға бөгет бола алмады. Жеңіс күнін тойлау Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова атындағы саябақта жалғасты. Ұлы Отан соғысының батыры, генерал Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова көзі тірі ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтап, аты аңызға айналған 28 гвардияшылар-панфиловшылар дивизиясының ержүрек қаһармандығы - бұл ешқашан да тарих беттерінен өшпейтін халықтың мақтанышы мен естелігі екендігін атап өтті. Ауданның шығармашылық ұжымы қатысқан концерттік бағдарлама қойылды. Сахна төрінде соғыс жылдарындағы әндер шырқалды. Одан басқа, дәстүрлі әскери ботқа  пісірілген дастархан жайылды. Шараға Ұлы Отан соғысы мен  тыл ардагерлері, Ауғанстан мен жергілікті соғыс ардагерлері шақырылды. Бүгінгі таңда  Алмалы ауданында 128 Ұлы Отан Соғысының қатысушылары мен мүгедектері, соғысқа қатысқандардың 5 отбасы, 19 қоршауда болғандар, 16 концлагерь тұтқындары, 3749 тылда еңбек еткен жандар тұрады.            


Елші С.Әбдікәрімов Прагада Кеңес сарбаздары мемориалына гүл шоқтарын қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 9 мамырда Ұлы Жеңіс күніне орай Қазақстанның Чехиядағы Елшісі С.Әбдікәрімов, Чех Республикасының басшыларымен бірге, ТМД елдерінің дипломатиялық миссиясы басшыларымен, қоғамдық ұйымдармен, «Ольшаны» қалалық зиратында Кеңес сарбазы мен Чехословакия жауынгерлері мемориалына гүл шоқтарын қойды.Аталған шараға чех тарапынан Парламент Сенатының төрағасы М.Штех, Парламент депутаттары палатасының төрағасы Я.Гамачек, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері, чехословакияны жаудан азат еткен соғыс ардагерлері, сондай-ақ ЧР мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдардың басқа да өкілдері қатысты. Салтанатты шарадан кейін құрбан болған жауынгерлердің құрметіне отшашу жасалды. ҚР Елшілігінің қызметкерлері және Кеңес Одағының батырлары старшина М.Жүнісов, сержант Т.Зайнуллин, қатардағы жауынгерлер Ж.Әжімов, Б.Нұржанов, М.Сапарбаев, А.Баев жатқан қазақ жауынгерлері зиратына жеке гүл шоқтары қойылды. 


Ержүрек майдангерлерімізді, тылда тынбай жұмыс істеген азаматтарымызды ардақ тұтамыз - А.Баталов

 

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімі Амандық Баталов соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін және облыс тұрғындарын 9 мамыр мерекесімен құттықтады.Өңір басшысы 9 мамырдың әрқайсымыздың жүрегімізден ерекше орын алған жалпыхалықтық мереке екендігін атап өткен. «Біз ерліктері мен еңбектерінің даңқы ғасырларға жалғасқан ардагерлерімізді, ержүрек майдангерлерімізді, тылда тынбай жұмыс істеген азаматтарымызды ардақ тұтамыз», дейді Амандық Ғаббасұлы. Мерейлі мереке күні майдангер аталарымызды ардақтай отырып, бүгінгі бейбіт заманда мемлекет мүддесінің, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігінің күзетінде тұрған ерлерге құрмет көрсетілуі тиіс, деп санайды облыс әкімің. «Құрметті соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері! Сіздердің өнегелі өмір белестеріңізді үлгі тұтқан, өткен тарихынан сабақ алған жас буын экономиканы дамытуға, заманауи мемлекет құруға, жемісті еңбек етіп, балаларды елжандылыққа тәрбиелеуге белсене атсалысып келеді. Бейбітшілік жолындағы бейнетті жылдарда көрсеткен батырлықтарыңыз үшін, алаңсыз бүгініміз бен ашық аспанымыз үшін сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз. От пен оқтың ортасында жарқын болашақ үшін жан аямай күрескен ерлік шежірелеріңіз қашанда отансүйгіштіктің жарқын бейнесі болып ғасырдан ғасырға жете бермек. Сіздерді Ұлы Жеңіс Күнімен тағы да құттықтаймын. Отан қорғаушыларға мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларына бақ-береке тілеймін! Әрқашан еліміз аман, заманымыз тыныш болсын!», делінген облыс әкімінің құттықтау сөзінде.   


«Жаужүрек полк» акциясына 1,5 мың павлордарлық қатысты

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Жеңіс күніне арналған сахналық қойылымды орталық алаңға жиналған облыс тұрғындары тамашалады. Соғыс жылдарындағы әндерге билеген жас әртістер бес қойылымда соғысқа дейін және соғыс кезіндегі тарихты бейнеледі.«Жаужүрек полк» акциясына ержүрек панфиловшылар, Кеңес одағының батырлары да сап түзеді, акцияға 1,5 мың павлордарлық қатысты. Олар өздерінің майданға қатысқан аталарының, туған-туыстарының суреттерін көтеріп жүрді.  Шара «Бейбітшілік жаршылары» атты флешмобқа ұласты, әуеге мыңдаған түрлі түсті шарлар жіберілді. Бұдан кейін жиналған қауым алдында облыстағы өнерпаз ұжымдар концерт қойды.             



Бакуде қазақстандық дипломаттар Жеңіс күнін мерекелеуге қатысты

БАКУ. ҚазАқпарат - Бүгін Бакуде Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігінің ұжымы отбасыларымен бірге елші Бейбіт Исабаевтың басшылығымен Жеңістің 71 жылдығына орай өткізілген шараға, сондай-ақ жыл сайынғы дәстүрлі бауырластар қорымына гүл шоқтарын қою шарасына қатысты.Іс-шара Жауынгерлер даңқы мемориалында өтті. Салтанатты шараға Әзербайжанда аккредиттелген ТМД елдерінің елшілері, қоғам өкілдері, парламент депутаттары және соғыс ардагерлері қатысты. Соғыс жылдары қиыншылыққа қарамастан әзербайжандық мұнайшылар жанқиярлықтың үлгісін көрсетіп майданды жанармаймен қамтамасыз етіп тұрды. Әзербайжан госпитальдерінде 1,5 млн-нан астам жаралы адамды емделді. Салтанатты шараға Әзербайжанның Президенті Ильхам Әлиев те қатысты. Мемлекет басшысы екі мәрте Кеңес  одағының батыры, генерал-майор Әзи Аслановтың  ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. И.Әлиев Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен және жиналған қауыммен кездесті.    


Соғыс қаһармандары. Батырлар есімдері ешқашан ұмытылмайды (ФОТОРЕПОРТАЖ)

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Адамзат тарихындағы ең сұрапыл да зұлматты кезеңнің бірі - Екінші дүниежүзілік соғыс. Кеңес Одағында 1941 жылы басталып, 4 жылға созылған соғыста 35 млн адам ұрысқа тікелей қатысты. 1 418 күнге жалғасқан осы соғыстың ақырғы нүктесі 1945 жылдың 9 мамырында қойылды.Дүние елдерін шарпыған соғыстан сол тұстағы КСРО құрамындағы Қазақстан да тыс қалған жоқ. Сұрапыл соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мың жауынгер майданға аттанған. Қазақстан азаматтары ұрыстардың алғы шебінде ерен ерлік көрсетті. Аттанғандардың 600 мыңнан астамы немесе тең жартысы соғыстан қайтып оралмады. Қазақстандық 500-ге жуық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды.                                                               


Алматы: мерекелік отшашу (ВИДЕО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына орай мерекелік салют ұйымдастырылды.Қала тұрғындары мен қонақтары құбылмалы ауа райына қарамастан көшелерге шығып, қаланың екі жерінен: «Астана» алаңы мен «Көктөбе» саябағынан аспанға атылған отшашуларды тамашалады.  Еске сала кетсек,  Бүгін Алматыда 28 Панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алау алдына 1941-1945 жылдар аралығында болған Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 71 жылдығына  арналған мерекелік шара өткізілді.  Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін және қала тұрғындарын осы ұлы мерекемен құттықтады.      



Сегіз жыл соғысқан сарбаз - Сүлеймен Ибрагимов жайында

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сұрапыл соғысты көздерімен көрген әкелеріміз бен аталарымыздың ерлігін бүгінгі жас ұрпаққа айтып отырмасақ, ертең кеш болады. Кешегі соғыс ардагері - Сүлеймен Ибрагимов жайындағы шағын дерек-әңгіме осы мақсатта жазылды, деп жазады Шығыс Қазақстан облысының газеті «Дидар». - Мен 1919 жылы ақпан айында Үржардың «Қызыл қазақ» ауылында туғанмын, - деп бастаған өзі туралы ардагер аға. - Жиырма жасымда әскер қатарына алынып, Житомир облысының Богуния деген жерінен бір-ақ шықтық. Елден ұзап шықпаған адамға қиын екен. Қатаң тәртіпке бойсұна алмай ұзақ қиналдым. Алда не күтіп тұрғаны белгісіз. Сөйтіп, жауынгерлік өмір де басталып кетті... Өткелде қалған сүреңсіз күндерін ойша парақтаған Сүлеймен аға соғыс басталар алдында Кеңес Одағы әскерлерін батыстан бөліп тұрған Беларусь елінің батыс шекарасындағы Буг өзеніне таяу Люболь қалашығында болғандығын, осы жерде оқу-жаттығу сабақтарын өтіп, тактикалық соғыс әдістерін меңгергендігін айтады. - Бұл - біздің әскери базамыз еді. Батыстан төнген қауіптің ызғары ма, біздің күнделікті жаттығуымыз да қиын болды. Әскери қатаң тәртіп бізді қанша шыңдағанымен, қорқыныш сезімі бойыңды билей береді екен. Соғыс өртінің жалыны жақындап келе жатқаны күн сайын сезіліп тұрды. Мен соғысты осы жерде қарсы алдым. Әрине, алғашында күші басым жаудың тегеурініне шыдай алмадық. Жан алып, жан беріскен шайқастар басталып та кетті. Бомбаның қатты жарылысы мен ысқырған оқ арасында жүріп бойың да үйренеді екен. Бастапқыдағы қорқынышты да ұмытып кеттік. Житомир, Киев қалаларының қорғанысына қатысып, оларды жау қолына қалдыруға мәжбүр болдық. - Сіз майданда танкист болыпсыз, бұл әскери техниканы қалай, қашан меңгергенсіз? - 1941 жылдың қысында мені басшылар Горький қаласына жіберіп, ондағы автомобиль жасау заводында жаңадан құрастырылып жатқан «Т-60» және «Т-70» танкілерінің техникалық мүмкіндіктерін үйреніп, жаңадан жасақталған 196-шы жеке танк бригадасының құрамына кірдік. Осы бригадамен Калинин майданында Ржев қаласының маңында жүргізілген кескілескен ұрыстарға қатыстым. Ол жер қара топырақты болып келеді екен. Шоғыр-шоғыр орман арасындағы елді мекендерді жаудан тазарту өте қиынға соқты. Танктің қозғалуға мұршасын келтірмей, жау снарядтары танкілерді бірінен кейін бірін істен шығара берді. Бір танк бригадасынан тек менің экипажым ғана аман қалды. Алайда, Бураково қыстағы үшін соңғы шайқаста біздің де танкіміз зақымданып, өзіміз снаряд қазған орға түсіп аман қалдық. Шабуылдап келе жатқан жаяу әскер болмағанда, біздің де денемізді өлілер қатарынан табар ма еді, кім білсін. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз адам өлмейді» деген осы шығар деп, өздерінің сол жолы қалайша аман қалғандарына осы күнге дейін қайран қалатын ардагер бір сәт тағы да үнсіз қалған. Ақсақалдың ойын бөлмеуге тырысып, мен де үндемедім. Сәлден кейін әлдене есіне түскендей: - Осы шайқастан кейін механигім беларус жігіті Т.Мулев екеуміз «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталдық. Бұл менің алғашқы наградам болатын. Осыдан кейін көп ұзамай Бураково-2, Колесниково, Деминово, Ханика елді мекендері мен Симашко демалыс аймағын жаудан тазарттық. Әсіресе, Ханика елді мекені үшін болған ұрыс біздің күшімізді әлсіретіп-ақ жіберді. Көп шығынға баттық. Алайда, жеңіске деген құлшыныс жігерімізді жани түсті. Жаудың жаяу әскері бекінген қыстақ маңында жеті-сегіз күн арпалыс болып, ақыры оны да жау қолынан азат еттік. Осы ұрыстан кейін мен екінші рет «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталдым. Толарсақтан саз кешіп, қыстың аязында, жаздың жаңбырында ашық далада жатқан күндерімізді ойласам, жаным түршігеді. Сөйтіп жүріп, күн артынан күнді, ай артынан айды өткіздік. 1942 жылдың қараша айында екінші Украина майданының алтыншы танк армиясының 22-ші танк бригадасы құрамында взвод командирі болып, Ұлы Отан соғысындағы ірі шайқастардың бірі - Яссы-Кишинев шайқасына қатыстым. Қатты ұрыста қынадай қырылған адамдардың денесінен танкпен өту былай тұрсын, аяқ алып жүрудің өзі оңай болмады. Күнәміз болса, бір құдай өзі кешірер, шынжыр табанның астында кім қалғанын ажыратып, пайымдауға мүмкіндік жоқ еді. Қайсыбірін айта бересің... - Соғыстың арқасында біраз елдің азаматтарымен дәмдес-тұздас болып, бірталай жер көрген шығарсыздар? - Оның рас. Атойлап, жауға ұрыс сала жүріп, батыстың да біраз жеріне табанымыз тиді. Қаншама жігіттің төресі мерт болды десеңші. 1945 жылы сәуір айында жараланып, дала госпитальіне түстім. Алайда, көп ұзамай жарақатымнан сауығып, соғысқа қайта кірістім. Бұған дейін үнемі шабуылдаушы танк бөлімшесінде болушы едім. Бұл жолы менің экипажымды біраз уақыт барлаушы танк бөліміне ауыстырды. Бірде өзім басқарған барлау взводымен Чехославакияның өте ірі Ивань елді мекені үшін болған ұрыста жаудың екі жүк машинасы мен бес танкісін, екі артиллерия қондырғысы мен үш минометін, бір жеңіл машинасын, басқа да бірнеше техникасын құртып, 120-дан астам жауынгерлері мен офицерлерін тұтқындадық. Селодан шығатын негізгі жолды бақылауға алып, төрт күн ұстадық. Жаудың төрт реткі қайта шабуылын тойтардық. Бізден адам шығыны болмады. Біз осы жолы бүкіл дивизияның алға жылжуына мүмкіндік жасағанымызды артынан білдік. Осы операциядан кейін мені командирлерім «Кеңес Одағының Батыры» атағын беруге ұсынған еді. Алайда, белгісіз себептермен ол атақ берілмей, маған үшінші рет «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордені табыс етілді. Бұл кезде жеңістің туы желбіреген қуанышты хабар бүкіл майдан даласына тарап жатты. Біз жеңіс тойын Прагада тойладық. Соғыс аяқталды дегенімен, мен үшін мазасыз күндер мен түндер әлі алда екен. Мамыр айының аяғында біздің бригада жедел жиналып, ауыр техникаларымызбен шығысқа қарай бет түзедік. Алғашында ештеңе ойламаған біздер, тек Орал тауынан өткеннен кейін ғана бағытымыздың Қиыр Шығыс екенін, Жапонияға қарсы екінші майданға бет түзегенімізді түсіндік. Моңғолия жеріне келген соң, Жапониямен соғысу үшін жасақталған шығыстағы Забайкал-Амур майданының құрамына енетін алтыншы танк армиясы 22-ші танк полкінің құрамында 8 тамыз күні түнде Моңғолия арқылы Үлкен Хинган тауын кесіп өтіп, Манчжурия жеріне ендік. Біздің шабуылымыз Шаньчунь, Харбин, Мугден, Порт-Артур бағыттары бойынша жасалды. Осы қалалар үшін болған шайқастағы ерліктерім үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденін алдым. Ерліктер ұмтылмайды екен. Мен Чита қаласында орналасқан өз полкіміздің туын алып жүру құрметіне де ие болдым. Сөйтіп, батыста басталған соғыстың алғашқы күнінен соңына дейін қатысып, шығыстағы жеңістің туын еліме желбіретіп қайттым. Соғыс жылдарындағы көрсеткен ерліктерім үшін Будапешті, Венаны, Праганы азат еткені және Германияны, Жапонияны жеңгені үшін медальдарын кеудеме тақтым. Бас қолбасшының қолынан 16 рет алғыс алған екенмін. Елге тек 1947 жылы маусым айында ғана оралдым... Біз соғыста не көрмедік. Жанымызды да бердік, қан да кештік. Бүгінгі ұрпақ оны көрмесе екен. Тек еліне, жеріне, Отанына деген патриоттық сезімдері жоғары болса деген тілегім бар. Мен оған сенемін де. Ғұмыр болса көрерміз... Сүлеймен ағаны «Батыр аға» - деуші едік. Өмірден өткеніне он шақты жыл болса да, осы бір адамның тарамыстай тартылған тұлғасындағы өрлік пен ерліктің, өн бойындағы қайсарлық пен төзімділіктің ізі әлі суымағандай. Күні бүгінге дейін бітім-болмысы көз алдымнан кетпейді. «Кутузов», «Богдан Хмельницкий» орденді 22-ші гвардиялық, Қызыл Тулы Порт-Артур танк полкінің 2-ші батальоны, танк взводының командирі, гвардия лейтенанты Сүлеймен Ибрагимовтың артында қалған деректерін ақтара отырып, қаламыма арқау болған ерлікке толы бірер тұстарын ғана қағаз бетіне түсірдім. Аты аңызға айналған аға осыдан тура 10 жыл бұрын, Ұлы Жеңістің 60 жылдығы мерекесін тойлауға шамалы ғана күндер қалғанда дүниеден озды.  Әбен Разуев, Ә.Найманбайұлы мұражайының меңгерушісі ШҚО, Үржар ауданы     



Жадымызда мәңгі сақталады!

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қашанда ер есімі - ел есінде болуы қажет. «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» дейді Президентіміз Н.Ә.Назарбаев. Өйткені осындай ел басына күн туған, ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен алмағайып заманда Отаны үшін отқа түсіп жан алысып, жан беріскен атақты тұлғалардың ғибратқа толы өмір жолы - жастарымызға үлгі-өнеге әрі мақтаныш. Ал олардың ел қорғаудағы ерліктерін жастар санасына, халық жадына берік ұялату - бүгінгі  ұрпаққа сын.Сол батыр әкелерімізді бұл күнде қалай мадақтап, оларға арнап қандай игі іс-шаралар ұйымдастырсақ та, көптік етпейді деген оймен Отаны үшін өмірлерін қиған екі әкеміз туралы айғақты жариялап отырмын. Кешегі өткен сұрапыл соғыс қаншама шаңыраққа қайғы әкелгенін баршамыз білеміз. Сұрапыл жылдар әлі есімізде. 1939 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, №19 Ауыл кеңесіне қарасты Тұмалыкөл колхозынан бір күнде ағалы-інілі екі жас жігіт әскерге аттанды. Бұлар бірі Аманғали жасы 23-те, інісі Мырзағали, жасы 21-де болатын. Әкелері Айжан колхоздың сиырын бағатын бақташы, анасы Ақілгек фермада сауыншы еді. Олар төрт ағайынды Бибіш, Аманғали, Мырзағали, Мерғали. Мерғали менің әкем. Ағалары әскерге кеткенде әкем 12 жастағы бала екен. Аманғали мен Мырзағали әскери борыштарын өтеп жүргенде соғыс басталып, бірден майданға қатысады. Әжем Ақілгек әскерге кеткен екі баласын көп айтатын.Екеуінің өжет, алғыр бауырмал болып өскенін, бір-бірімен тату болғанын, адалдықтарын жиі есіне алып отыратын еді. Аманғали 1942 жылдың шілде айында хабар-ошарсыз кетеді. Содан 1945 жылы тірімін деген хат келеді, Амандық болса соғыс бітуге жақын қалды, елге барып қалармын, - деп жазған екен. Соңынан хат-хабар келмей қалады. Әкем Мерғали соғыс бітіп ел есін жиғасын, ағаларын іздестіріпті. Үлкен ағасы Аманғали 1945 жылы соғыс бітуге аз қалғанда Германия­да бір ұрыста қаза тапқанын біледі, ал кіші ағасы Мырзағали хабарсыз кетті деген хабар алады. Аманғали Айжанов 1945 жылы Германия­ның Эрхнер қаласынан 2 шақы­рым жердегі Хессел - Ванкель посел­кесінде 30 сәуір күні кеудесінен жарала­нып, үш күннен соң 3 ­мамырда №196 далалық госпитальда қайтыс болды деген дерекке кезіктім. Денесі сол жердегі №3 зиратқа жерленген. Аманғали 438-атқыштар полкінде соғысқан. Әскери шені кіші сержант осы атқыштар полкінің бөлімше командирі болған. Ал Мырзағали 1942 жылы тамыздың 25-і күні хабар-ошарсыз кеткен, бұл оқиға Украинаның Харьков облысының Балка Ходовая деген жерінде болған. Кейіннен Мырзағали Кетиков 1943 жылы 2 маусымда Украинада Харьков облысы, Савинский ауданы,Украинка деревнясында ішіне тиген снаряд жарықшағынан №489 госпитальда қайтыс болды деген дерек таптым. Денесі сол жерге жерленген. Мырзағали 20-гвардиялық атқыштар дивизиясында соғысқан. Әскери шені сержант болған, 55-гвардияның атқыштар полкінің бөлімше командирінің көмекшісі болыпты. Мен бұл деректерді интернет арқылы Подольскдегі орталық архивтен (ЦАМО) кезіктірдім. Аманғали да, Мырзағали да комсомол мүшесі болған. Екуінен де Айжан атамның атына «қара қағаз» келген екен, бірақ белгісіз себептермен қолына тимеген. Атам мен әжем дүниеден өткенше екі ұлын келер деген үмітпен жүрді. Ер есімі мәңгі ұмытылмайды, аруақ­тары риза болсын. Қай заманда да, қай қоғамда да жекелеген тұлғалардың жөні бөлек болған. Ондай елім, жерім деген ерлердің заманның қысылтаяң тұстарында қандай ерлік жасағанына тарих куә. Туған елімізден аттанып, Отан соғысынан оралмағандарға ескерткіш белгі қойып, есімдерін ұлағаттау - өмір қажеттілігі деп ойлаймын. Олардың өшпес ерлігі біз үшін қашанда қымбат. Осы ардақты есімдерді жарқырата паш етіп, ұлтымыздың мақтанышына айналдыру -парыз.     


Финляндияда қазақстандық дипломаттар Жеңіс күніне орай кеңес әскерлері монументіне гүл шоқтарын қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылғы 9 мамырда Финляндиядағы Қазақстан, Ресей, Беларусь елшілігі ҰОС Жеңісінің 71 жылдығына орай кеңес әскерлері монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.Финляндиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі, бар деректерге сәйкес, Финляндия аумағындағы соғыста қаза тапқан Қазақстанның 300-ге жуық тумасының сүйегі жатқанын мәлімдеді. Порккала-Удд кеңестік әскери-теңіз базасының әскери зираты Киркконумми (Оңтүстік Финляндия) қаласына жақын орналасқан.      


Қазақстан Президенті мен халқына бар жақсылықты тілеймін - Мәскеудегі парадқа қатысушы, соғыс ардагері Е. Чусов

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат -  Ұлы Отан соғысындағы  Жеңістің 71 жылдығы құрметіне  соғыс ардагері, отставкадағы генерал-майор Евгений Николаевич Чусов Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан халқына өз құттықтауын арнады.Е. Чусов 3-ші Беларусь майданында соғысқанын, онда Қазақстанның көптеген сарбаздарын кезіктіргенін айтып берді. «Қазақтар өте көп болды», - деп атап өтті ол. Ардагер Қазақстанды шын жүректен құттықтап, Президентке және күллі Қазақстан халқына бақыт, жетістік тіледі. «Ұлы Отан соғысында кеңес халқының Жеңіс күні Қазақстан Республикасын шын жүректен құттықтаймын. Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқына тек жақсылық тілеймін. Бақыт пен жетістікке жете беріңіздер», - деді Е. Чусов.     



Мәскеудегі парад: Қазақ сарбаздары соғыста өздерін лайықты көрсете білді - ардагер Михайлик

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Кеңес әскери қайраткері, Александр Невский орденінің иегері, отставкадағы генерал-лейтенант, майдангер Дмитрий Иванович Михайлик ҰОС Жеңісінің 71 жылдығына арналған парад жайында және фашизмге қарсы шайқасқа қатысқан қазақстандықтар туралы өз пікірін білдірді.«Соғыстың, жеңістің не екенін жақсы білемін», - деді ол. Ол соғыс тарихын, оның ішінде панфиловшылар ерлігін бұрмалау әрекетін айыптады. «Тарихты бұрамалғандардың әрекетін түсінгім келмейді», - деп атап өтті Д. Михайлик. Ардагер өзінің қазақтармен иық тіресіп айқасқанын, олар сарбаз ретінде өздерін лайықты көрсете білгеніне баса тоқталды. «Ротада, батальонда барша Кеңес одағының әскерлері болды, қазақтар  да бар. Олар өздерінің мықты екендіктерін лайықты көрсете білді. Қазақтармен бірге ел қорғауда бір болғаныма қуаныштымын. Бүгін де міне, парадқа Қазақстан Президенті қатысып отыр», - деген ойымен бөлісті ол.     


В.Жириновский: Батыр панфиловшылардың ерлігін жоққа шығару әрекеті - зиялы қауымның жаңылысуы

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат -  Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына қатысқан РФ Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасында   РЛДП (Ресей либералдық-демократиялық партиясы) фракциясының депутаты Владимир Жириновский 28 панфиловшының ерлігін жоққа шығару әрекетін зиялы қауымның жаңылысуы деді.Атап айтқанда, бұл мәлімдемені 2015 жылғы маусымда Ресей Мемлекеттік мұрағаттың бұрынғы директоры Сергей Мироненко жасаған. Ол батыр панфиловшылардың ерлігін аңыз деп атаған болатын.  «Зиялы қауым өкілдері де жаңылысады. Оларға міндетті түрде анықтама қажет. Майдан желісі болмағанын түсінесіңдер ме. Барлық жерде кеңес сарбаздарының мүрдесі жатты. Сондықтан мұны түсіне алмайтын дарақылар бар. Әрине, ерлік болды. Генерал Панфилов болды ғой. Оның тұтас дивизиясы, 316-шы атқыштар дивизиясы болды», - деді ресейлік саясаткер.     



Павлодарда Кеңес Одағының Батыры Қ. Сұрағановқа көше аты берілді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат -  ҰОС қатысушысы, Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Мағзұмұлы Сұрағановтың (1921-2008) құрметіне  Павлодарда көше аты берілді. Шараға Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, қала жұртшылық, ардагердің туған-туыстары қатысты. «Батыр атына көше беру - алғыстың белгісі, бейбітшілік сыйлап, сұрапыл соғыста жан беріп күрескен бабаларға, атаға, әкеге деген құрмет», - деп атап өтті өңір басшысы. Құдайберген Сұрағанов 1921 жылы 25 мамырда Сұлуағаш ауылында дүниеге келген. Ол педагогикалық училищені тәмамдап, мұғалім болған. 1940 жылы қазанда әскерге шақыртылды. 1941 жылы кіші лейтенанттар курсын аяқтап, 1942 жылдан бастап соғысқа аттанды. 1945 жылы сәуірде аға лейтенант Сұрағанов 1-ші белорусь майданының 33-ші әскерінің 142-ші зеңбірек артиллериялық бригадасының батарея взводын басқарды. Берлин операциясы кезінде ерекше көзге түсті. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1946 жылғы 15 мамырдағы жарлығымен аға лейтенант Сұрағанов Кеңес Одағының Батыры жоғары атағын алды. Құдайберген Сұрағанов I дәрежелі ҰОС орденімен, екі Қызыл Жұлдыз  орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін Қ. Сұрағанов Алматыда педагогикалық институтты аяқтап, сонда жұмыс істеуге қалды.     


Өскемен әкімі ардагерлерде қонақта болды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменнің әкімі Ерлан Аймұқашев қалада тұратын ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтап және оларға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  атынан жарты миллион теңгенің сертификатын табыстады.Кездесу  Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығы қарсаңында өтті. Алдымен Ерлан Аймұқашев соғыс ардагері Таиф  Фаизовтың үйіне барды. Майдангер 94 жаста. Ол Солтүстік-Батыс, Ленинградтық, 3-інші Прибалтикалық, 2-інші Беларусь майдандарында саперлер взводының командирі шенінде соғысты. Польшаны, Олива қалаларын, Данциг, Кенигсбергті азат етуге қатысты. Эльбада американдықтармен кездесті. 1945 жылдың мамырынан 1946 жылдың мамырына дейін Германия мен Францияның шекарасында қызмет етті. Сондай-ақ әкім Ұлы Отан соғысына қатысушы, барлаушы  Василий Сазоновты да мерекемен құттықтап, президенттік сертификатты тапсырды. Қала  басшысымен әңгімеде майдангер өзінің әскердегі жастық жылдарын еске алды. Оның айтуынша, бала кезден барлаушы болуды армандаған. Әскери училищені үздік бітірген соң соғысқа аттанған, дайындықтан соң барлау дивизиясының бастығы болып тағайындалған. Үш рет жараланған соң үйіне қайтарылған. «Қызыл Жұлдыз» және «I дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ардагер Вячеслав Мамаев армияға 1944 жылы шақырылып, сүңгуір қайығында қызмет етті. Жеңіс күнін Владивостокта қарсы алды. «II дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Әкіммен әңгіме барысында майдангер  құттықтағандығы үшін алғысын білдірді.     


Саяхатшылар Жеңіс күнінің құрметіне Эльбрус шыңын бағындырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық саяхатшылар Жеңіс күнінің құрметіне әлемдегі ең биік шыңдардың бірін бағындырды, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.Эльбрус - Еуропаның ең биік нүктесі. Соғыс жылдары кескілескен ұрыстың ошағы болатын. Бұл күні альпинистер шығатын шыңға айналған. - Адамдар әсіресе, мамыр айында көп келеді. Жеңіс күнінің құрметіне биік шыңға шығады, дейді құтқарушы Владимир Жантеміров Эльбруске шығуға екінің бірінің жүрегі дауаламайды. Сай-сүйектен өтер суық ауа райы талайдың меселін қайтарған. Үздіксіз буырқанған жел үнемі тосқауыл. Сондықтан дауылдан кейінгі тыныштықты күту керек. 1942 жылы осы аумақта Кавказ үшін жан алысып, жан беріскен айқас болды. Гитлердің атқыштары батыс шыңға туларын тікті. Қыс ортасында фашистік әскер қуылып, ол ту құлады. Бейбіт күннің ұрпағы Эльбрус шыңына әртүрлі елдің жалауын қадауды дәстүрге айналдырған.       



Таразда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз зиратында Успения Божией Матери шіркеуінің діни қызметкері Георгий әкей марқұмдарға дұға оқыды.Әлемдегі православ сеніміндегілер биыл 1 мамырда болған Пасхадан кейінгі екінші сейсенбіде Радоницаны атап өтеді.   «Радоница» - «радость» (қуаныш) сөзінен шыққан, - деді діни қызметкер Георгий. - Радоница күнінде қаза тапқандарды еске алады. Бұл күндері барлық православ шіркеулерінде  марқұмдарға дұға оқытылады. Дәл осы күні адамдар зиратқа барып, қаза болғандарды еске алады». Жуырда Ұлы Отан соғысы жылдары жарақаттану салдарынан Жамбыл қаласының госпитальдерінде қаза тапқан Кеңес әскерінің 11 жауынгеріне мемориал орнатылған ескі қалалық зиратта тағы 73 жауынгердің мәйіті жерленген бейіт табылды.   ҰОС кезінде ауыр жарақат алғандарды майданнан тылдағы қалаларға арнайы санитарлық пойыздармен жеткізгені белгілі. Жамбылда (қазіргі Тараз)  госпитальдер теміржол ауруханаларында және мектептерде орналастырылған, онда жараланғандарды емдеп, майданға жіберген. Қайтыс болғандарды қалалық зиратқа жерлеген.         

Қазақстандық дипломаттар Румыния жерінде қаза тапқан Шернияз Аяғановтың бейітіне гүл шоқтарын қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71-жылдығын мерекелеу шеңберінде Румынияда бірқатар салтанатты іс-шаралар өтті. Бұл туралы Қазақстаннның Румыниядағы Елшілігі хабарлады.6 мамырда Қазақстанның Румыниядағы Елшісі Дәулет Батырашев Бухарест қаласындағы Хэрэстрэу саябағында (Parcul Herăstrău) кеңестік жауынгерлер жерленген мемориалдық кешенінде гүл шоқтарын қою салтанатты рәсіміне қатысты. Іс-шарада соғыс ардагерлері, дипломатиялық корпус басшылары мен қызметкерлері, румын астанасының жергілікті өкімет пен қоғамдық-саяси ұйымдары басшылары, Румынияның Ұлттық қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. 9 мамырда Қазақстанның Елшілігі Ресейлік ғылым және мәдениет орталығымен ұйымдастырылған және Бухарест қаласында алғашқы рет өткен «Мәңгілік полк» азаматтық акциясына өзінің үлесін қосты. Қатысушылар Ұлы Жеңіске өз үлесін қосқандардың барлығын еске алды. Румындық «Мәңгілік  полкінің» тізімінде жүзден астам майдангерлердің есімдері,  соның ішінде Қазақстаннан жауынгерлер мен офицерлері де бар. 10 мамырда қазақстандық дипломаттар Яссы уезінің Струнга ауылының әкімдігі басшылығымен бірге  Екінші Дүниежүзілік соғыстың қатысушысы қазақстандық Шернияз Аяғановтың бейітіне гүлдерін қойды. Ескерткіш 2009 жылы орнатылды. Вице-мэр Иоан Агафицеймен өткен кездесу барысында, аталмыш ескерткішті жергілікті әкімшілік өзінің қорғауына алатындығы жөнінде келісілді.  Тіркелген деректерге сәйкес, Румыниядағы 171 кеңестік әскери зираттарында 56 мыңға жуық кеңестік әскерлер мен соғыс құрбандары жерленген.          



Қызылорда облысында Жеңіс күніне арналған 71 шақырымдық веложарыс өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі мемлекеттік мекемесінің қызметкері азаматтық қорғау майоры Өндірей Жандәулет Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнін атап өтуге арналған 71 шақырымдық веложарыс ұйымдастырды. Бұл туралы ОТЖД баспасөз қызметі хабарлады.Веложарыс Шиелі жолымен Көкжиде ауылынан басталып, «Мәңгілік алау» ескерткішінде  мәреге жетті.Азаматтық қорғау қызметкерлерімен бірге «КАМ» ЖШС қызметкері Қуаныш Сыздықов, облыстық әкімшіліктің бағдарламашысы Юрий Кожушный, «Заң ЗАҢҒАР» компаниясының президенті Рауан Есбергенов, 70 жастағы зейнеткер Ким Александр қатысты.«Неге мен веложарыс ұйымдастырып отырмын? Бұл менің соғысқа қатысқан,  біздің бейбітшілік үшін, біздің еліміз үшін өз өмірін қиған адамдарға  құрметім», - дейді Өндірей Жандәулет.Веложарыстың тағы бір мақсаты, салауатты өмір салтын насихаттау болды.     



Аршалы ауданында жауынгер батырларға арналып ескерткіш орнатылды - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Аршалы ауданында жауынгер батырларға арналып ескерткіш орнатылды.Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады. Аталған ескерткіш Жеңістің 71 жылдығына орай Жалтыркөл аулында тұрғызылды. Тарихи ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Азамат Тайжанов оны тұрғызуға атсалысқан азаматтар мен ауыл тұрғындарын құттықтап, алғыс білдірді. «Біз Отан үшін от кешкен әкелеріміз бен аталарымыздың ерлігін ешқан ұмытпаймыз. Бұл ескерткіш олардың ерлігінің мәңгілік символы болады», - деді аудан әкімі. Сонымен қатар,  шараға қатысқан генерал-лейтенант Бахытжан Ертаев пен ауыл ақсақалдары да жылы лебіздерін білдірді.      


Көше суретшілері Бауыржан Момышұлының бейнесін салды - ОҚО

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент көшелерінің біріндегі биік қабырғада Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының бейнесі пайда болды. Патриоттық рух беретін стрит-арт стиліндегі дүниені жергілікті қылқалам шеберлері салған, деп хабарлайды otyrar.kz. Суретшілер осымен үшінші жыл бұл қабырғаға патриоттық рухтағы суреттерді бейнелеп келеді. Алайда туындының авторлары өздерін насихаттаудан бас тартады. Өйткені олар билік айыппұл сала ма деп қорыққан. Ал жергілікті әкімдік көше суретшілерін үш жылдан бері ешкім іздемегенін, егер туындылары патриоттық сипатта болса, ешкім айыппұл салмайтынын айтып отыр. Суреттің ұзындығы - 12, ені 4 метрді алып тұр. Қабырғадағы батырдың суретінің жанына «Өршіл рухтан өлмес ерлік туады» деген рухты сөзі де жазылған. Суретшілер өткен жылы жеңістің 70 жылдығында Рақымжан Қошқарбаевтың рейхстагқа ту тігіп жатқан сәтін салған екен. Одан бұрын қабырғаға қазақтың қос батыр қызының бірі Әлия Молдағұлованың суретін бейнелеген.    



Ақтөбе облысында ардагердің немерелері мектепке оқу сыныбын сыйға тартты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңіс күні аудан орталығы - Алға қаласында әдеттен тыс оқиға болды. №1 мектепке заманауи станоктарымен, жұмыс үстелдерімен, төс, шкафтарымен және қажетті аспаптар жиынтығымен жаңа еңбек кабинеті сыйға тартылды.Мұндай әдеттен тыс сыйлықты осы мектепте 40 жылға жуық уақыт еңбек пәнінің мұғалімі болған Ұлы Отан соғысына қатысушы Қотырбай Тайбөкеновтің немерелері жасады. «Биыл біздің атамыз 100 жасқа толар еді. Ол қиын жылдары өмір кешті, соғысқа қатысты, одан кейін өмір бойы Алғада мұғалім болды. Әжемізбен бірге жеті баланы тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі де өмірден өз орнын тапты. Біздер, немерелері, өсіп жетілдік және атамыздың 100 жылдығын лайықты атап өтуге ұйғардық. Әртүрлі нұсқаны ойластырдық. Спорт турнирін өткізуге болады еді, ол біржолғы шара, жылдам  ұмытылады. Сондықтан да атамыз өмір бойы балаларды еңбекке баулығандықтан оның ісі жалғасын табуы тиіс, деген шешімге келдік», - дейді Қотырбай ағаның үлкен немересі Жеңіс Тайбөкенов.   Тайбөкеновтер отбасының бұл ізгі ісі үлгі тұтарлық. Олар алдымен бөлмеге күрделі жөндеу жүргізіп, есік-терезелерін жаңартты, жаңа жұмыс үстелдерін, шкафтарды, төс, станоктар орнатты. Ресейлік өндірісте жасалған он бес шақты станокты Жеңіс Мәскеуге арнайы тапсырыс беріп алдырыпты. Бұл тамаша сыйлыққа немерелер 7 миллион теңге жұмсап, Ұлы Жеңіс күні мектепке тарту етті. Шеберхананың ашылуы салтанатында символдық лентаны аудандық білім басқармасының меңгерушісі Марат Төлеуов пен Жеңіс Тайбөкенов қиды. «Мен де еңбек пәнінің мұғалімімін, сондықтан да балаларды жақсы жабдықтарда оқытудың маңызы зор екенін жақсы білемін. Мұндай шеберхана біздің ауданымыздағы бірде-бір мектепте жоқ. Тайбөкеновтерге осынау қоғам үшін пайдалы сыйлығы үшін алғыс айтамын», - деді Марат Төлеуов. Шеберхананың ашылу салтанатына Қотырбай ағамен көп жыл бойы бірге жұмыс  істеген әріптестері де келді. Одан кейін мектеп асханасында ас берілді, оған білім беру ісінің ардагерлері шақырылды, оның үстінде Қотырбай Тайбөкенов жайлы көптеген жылы лебіздер айтылды.       


Оралда Кеңес Одағы және Ресей Батыры Қ.Майдановты еске алуға арналған турнир мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Орал қаласында 13 мамыр күні Ұлы Жеңіс мейрамына, Кеңес Одағының және Ресей Батыры, полковник Қайыргелді (Николай) Майдановты еске алуға арналған грек-рим күресінен 2000-2002 жылғы жасөспірімдер арасында VІІ халықаралық турнир мәреге жетті.Дәстүрлі жарысқа Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен БҚО-ның Бөрлі, Зеленов, Қазталов, Теректі, Шыңғырлау аудандары және Орал қаласынан барлығы сегіз команда құрамында 150 балғын балуан қатысып, 13 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Турнир қорытындысында жалпыкомандалық есепте Орал қаласының балуандары бірінші орынды иеленді. Салмақ дәрежелеріне қарай Жандарбек Елекенов (32 кг), Әділжан Есенгелдиев (35 кг, екеуі де Теректіден), Мерланбек Амангелдиев (38 кг), Азат Мұхамадиев (42 кг), Ақжол Нұрымұлы (46 кг, бәрі де Оралдан), Ернұр Салауатов (50 кг), Бақтияр Қадырғалиев (54 кг, екеуі де Қазталовтан), Сағынбай Құшақбаев (58 кг, Маңғыстау), Нұрберген Бақберген (63 кг, Ақтөбе), Төлеген Тілепқалиев (69 кг, Теректі), Әлішер Бакесов (76 кг, Бөрлі), Әлихан Сартов (85 кг, Шыңғырлау), Қуаныш Дәулетов (100 кг, Орал) чемпион атанды.               


ОҚО-да атлетикадан эстафетаға мыңдаған адам қатысты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Таяуда облыстық «Южный Казахстан» газеті мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жүлдесіне жеңістің 71 жылдығына және облыстық дене шынықтыру және спорт комитетінің бірінші төрағасы М.Николаевты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан эстафета өтті.ОҚО әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1937 жылдан бастау алған бұл шара, тіпті соғысы жылдарында да тоқтаған емес. Жалпы саны 1100 спортшы қатысқан шараға қала, аудандардан 5 колледж, 3 жоғарғы оқу орындарының студент жастары, 90-ға жуық мектеп оқушылары мен спорт және басқада ұйымдарының қызметкерлерінен құралған командалар жұмылдырылды. 79-шы рет ұйымдастырылып отырған эстафетада қатысушылар 10 деңгей бойынша Қонаев даңғылы бойымен 5200 метр қашықтықты жүгіріп өтті. Мектеп оқушы командалар арасында 1-ші орынды № 23 орта жеңіп алса, колледж студенттері арасында «Парасат»колледжі, Жоғары оқу орындары мен ұйымдар арасынан М. Әуезов атындағы ОҚМУ-командасы жеңімпаз атанды. Жүлделі орынға ие болған командалар «Южный Казахстан» газетінің бағалы сыйлықтарымен, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының кубогімен марапатталды.       




Ұлы Жеңіс: Германияда қаза тапқан Б.Жүсіпбаевтің бейітін ұрпақтары 70 жылдан кейін тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғыны Тұрғанай Жүсіпбаева әкесі Бәкір Жүсіпбаев майданға аттанғанда анасының ішінде небәрі жеті айлық нәресте болатын. Өмірге шыр етіп келгенде, әкесі қолына алып, құшырлана сүйе де алмады. Себебі ол кезде сұм соғыс өзінің шырқау шегіне жетіп, Ұлы Отан соғысының ең ауыр кескілескен ұрыстары енді басталып жатқан шақ еді...Қызылорда облысының тумасы Бәкір Жүсіпбаев қан майданға 1943 жылы аттанып, Украина, Беларусь, Польша үшін болған шайқастарға, Германия жеріндегі алғашқы майдандарға қатысты. Тумысынан сөзге де, іске де берік Бәкір майданда да асқан шебер ұйымдастырушы қабілетімен көзге түсіп, қатардағы жауынгерден взвод командиріне дейін көтеріледі. Өзінің қол астындағы жауынгерлерді талай мәрте өзі бастап, кеудесін оққа тосқан Бәкір ата үш мәрте жараланған екен. Дегенмен жазылар-жазылмастан, соғысқа қайта аттанып отырды. Ел намысын, ұлт мүддесін биік ұстаған арда ердің, қазақтың батыр ұлының ісі осындай болса керек... Отан үшін от кешкен Бәкір Жүсіпбаевтың ғұмыры 1945 жылдың 27 наурызында, Ұлы Жеңіске 40 күн қалғанда қиылып, туған қызын құшпастан, Германияның Рейтвейн елдімекенінде ерен ер қапыда қара жермен қауышты. «1945 жылдың 24 наурызына дейін хаттар үздіксіз келіп тұрған», - деп еске алады Тұрғанай апа. - Кейін хаттар күрт тыйылғанда, үйіміздің іші бір қайғының болғанын сездік. Себебі әкем, қолы қалт еткен кезде майданнан хат жіберуді еш ұмытпайтын. Елге, туыстарына деген сағынышын солай басатындай көрінетін. Біз де оның хатын ерекше күтетінбіз...». 1943 жылы армияға алынған Бәкір бірден қан майданға аттандырылады. Елдің батыс бөлігін, Украин жерін неміс басқыншыларынан азат ету керек болды. Сол жорықта КСРО әскері жаудың шебін шегеріп, біраз елдімекендерді босатқан. Ал 1944 жылы кіші лейтенант атағын алып, взвод командирі атанған Бәкір ата өз хаттарында Беларусь еліне кіргенін жазады. «1944 жылдың тамыз айы, біз Минскіге кірдік», - делінген хаттардың бірінде. Төрт айдан соң оның дивизиясы Польшаның Люблин қаласына енеді. Өз хаттарында жауынгер Бәкір Жүсіпбаев Польшадағы соғыста қиян-кескі ұрыс болғанын баяндайды. «Әрбір көше, әрбір үй үшін кескілескен ұрыс жүріп жатыр. Солдаттардан шығын көп, бірақ кеңес әскері мойымайды, жаудың бетін асқан ерлікпен түріп тастауда», - деп жазды ол. Бәкір ата өз хаттарында Кеңес әскерінің әрбір қадамын жазуға тырысады. Мүмкін елдің азат етілуі алыс емес, жеңіс біздің еншімізде болатынын жеткізу арқылы көңілі уайымға толы халыққа медеу бермек те болған шығар. «1945 жылдың 21 қаңтары, госпитальдан шықтым. Суретімді салып отырмын, үлкейтіп қоярсыздар», - дейді енді бір хабарында әлденебір жамандықтың жақындағанын сезгендей. 1945 жылдың 10 наурызында келген хатында суыт күдік тағы білінеді: «Фашистерді өз босағасында жаншып тастау үшін аттанып барамын, бұл соңғы шайқас болса керек. Жуковтың командованиесі. Одер жағасы бойындамын». Қарап отырсақ, жауынгерлер бұл шайқастың соңы үлкен шығынмен аяқталатынын сезген де, білген де болуы мүмкін. «Мен аманмын, фашистерді жеңеміз, оған сенімдімін», - дейді 1945 жылдың 22 наурызында кескілескен соғыстан аман қалған Б.Жүсіпбаев. Ал 24 наурызда жазған өзінің ең соңғы хатын взвод командирі Бәкір Жүсіпбаев мынадай сөздермен аяқтайды: «Майданның жеңістері жалғасуда, ақ жол болсын елге, аман-сау оралуға жазсын деп тілеймін». Дегенмен... оған аман-есен оралу маңдайға жазбапты... Соғыстың аяқталуына 40 күн қалғанда, 1945 жылдың 27 наурызында ол оққа ұшып, Рейтвейн поселкесінің қасынан өтетін  Одер өзені маңында жантәсілім етеді. Ал 1945 жылдың 1 мамырында Рейхстаг басына Кеңес Одағының қызыл туы тігіледі... Содан бері әкесінің жүзін өмірінде көрмеген Тұрғанай апа жан тыныштығын таппай әкесінің қабірін іздеумен өтіп келеді. «Сол хаттар арқылы әкемді іздестірумен болып келемін. 1977 жылы Қызыл Крест қоғамынан төмендегідей хабар келді: «1908 жылы туған Жүсіпбаев Бәкір. Қызметі - Гвардиялық атқыштар дивизиясының №79 гвардиялық атқыштар полкінің №220 атқыштар взводының командирі. 1945 жылы 27 наурызда қаза тапты, Германия. Бранденбург провинциясы Рейтвейн поселкесі. Бірақ оның қай жерде жерленгені белгісіз болатын», - дейді Тұрғанай апа.  Тек бір жыл бұрын «Фронтовик» порталынан мынадай бір қызық деректер табылады. Онда: «Рейтвейн поселкесінде Кеңес Одағының бауырластар қабірінде жерленген кеңестік жауынгерлердің тізімі. Барлығы - 3 000 жауынгер, олардың тек 719-ының аттары белгілі. Мұнда Юсупбаев Бакир жерленген», - деген сөздер бар. Германияда Рейтвейн ауылындағы ескерткіште Бәкір батырдың есімі тұр екен. «Әкем хаттарды үздіксіз жазып отырды. Бізге қатты алаңдап жүрді. Сондықтан да болар өзінің жауынгерлік ерліктері туралы, соғыстағы болған ауыртпалықтарды жаза бермейтін. Үш рет жараланғанын да айтпапты. Екі рет Украинада, бір рет Польшада жараланған. Иә, соғыста денесі үш рет жараланса да, жазылысымен көп кешікпей қан майданға қайтадан шығып отырған. Ол өмірі қиылғанға дейін хаттарды жазуын тоқтатпаған еді. Ауыр айқастан кейін, сәл тыныштық орнағанда қолы қалт етсе, окопта жатып, хат жазатын. Майданнан ол кезде хат уақытында жететін. Соғыс кезінде пошта қызметінің жанқиярлығы таңқалдырады. Ол взвод командирі болды және өзінің жауынгерлерімен бірге Бранденбург түбінде Одер өзенінде болған алапат шайқаста көз жұмды», - деп еске алады батырдың қызы.  «Күйеуінен жиырма жасында қол үзіп қалған Зинекүл анам әкемнің жоқтығын білдіртпей, жоқшылықты көрсетпей өсірді. Қолынан іс келетін, өте шебер кісі еді. Қызылорда облысы Жалағаш аудандық тұрмыс комбинатында ұзақ жылдар бойы тігінші болып қызмет істеді. Сол кездері социалистік жарыстардың үздігі болып, бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің құрмет грамоталарымен марапатталған. Газет бетіне де жиі шығарып тұратын. Анам соғыс кезінде майдан үшін жылы киімдер тігіп, таңды таңға жалғап, еңбек еткендерін жиі еске алушы еді. Бейбіт күндері өзінің немерелеріне «жалқау болмаңдар, еңбек етіңдер, таза, адал еңбек қана адамға несібе болады» деп отыратын», - дейді Тұрғанай апа. Тұрғанай апайдың бұл өмірде тек жалғыз арманының орындалмай қала ма деген күдік-сезігі күні-түні маза бермейтін көрінеді. Ол - әкесінің қабіріне туған жердің бір уыс топырағын салып қайту. Әке жылуын сезінбесе де, ерлікпен қаза болар алдында жазған хаттарын оқып, оның жылуын алуға тырысатын. Бала жастан адамдардан теперіш көрмесе де, тағдырдың тәлкегімен әкеден жетім қалған Тұрғанай апа бүгінде батырдың қабіріне туған жердің бір уыс топырағын жеткізуді жоспарлап отыр. Абырой болып жатса, Германияның Рейтвейн ауылына барып, әкесіне тағзым етуді арман етеді. «Мен әкемнің жалғыз ұрпағымын, менен басқа баласы, туысқандары да жоқ. Қазір жасым 70-тен асты. Әкемнің жатқан жеріне немереммен бірге барып, топырақ салып қайтуыма Алла жәрдемін жасаса деген жалғыз тілегім ғана бар», - дейді Бәкір Жүсіпбаевтың соңғы тұяғы Тұрғанай әже.   



Мәншүк Мәметованың пулеметі туған жеріне жеткізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оралдағы мемориалдық музей үйінің қызметкерлері Невель қаласынан олжамен оралды.Музейдің басшысы, көп жылдан бері сұрапыл соғыстың түп тарихын зерттеп жүрген Светлана Бектенова бұл жолы Мәншүктің пулемет бөлшектерін батыр туған топыраққа алып келіпті, деп жазады 24.kz. Қарудың ұңғысы мен қалқаны және өзге де ұсақ-түйек бөлшектері жақсы сақталған. «Ерлікпен қаза тапқан қайсар қыздың көп заты қазір музейде тұр. Бірақ бұл жолғы жәдігердің жөні бөлек», - дейді мамандар.  «Бүгін біздің музейіміз үшін үлкен жаңалық, сенсация. Мәншүк музейіне осындай Мәншүктің пулеметі келді. Оны Невель қаласынан таптық. Патриоттық «Гвоздика» отряды бізге қолымызға берді», - дейді  Мәншүк Мәметова атындағы мемориалдық музей үйінің директоры Светлана Бектенова.   



Қызылордада «Қазақстандықтар - Ұлы Жеңістің Батырлары» кітабының таныстырылымы өтті

 

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде  «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Жеңістің 71 жылдығына орай шығарылған «Қазақстандықтар - Ұлы Жеңістің Батырлары» атты екі томдық кітаптың таныстырылымы болды.  Тұсаукесер рәсіміне ҰОС ардагері Ыдырыс Қалиев, облыстық қорғаныс істер жөніндегі департаментінің бастығы Әлімжан Қанағатұлы, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директорының орынбасары Мырзахметова Бақытнұр Тәңірбергенқызы, облыстық ардагерлер кеңесінің комиссия төрағасы Арғын Садықұлы, майданда құрбан болған азаматтардың есімдерін ұлықтау мақсатында облыста «Жасампаз жасақ» акциясын ұйымдастыруға бастамашыл болған азамат, облыстық мәслихат депутаты Шәкизада Әбдікәрімов, жасотандықтар, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.       Партияның «Ардагерлерді ардақтайы» жобасы аясында өткен салтанатты шараны облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Дүйсенбайұлы Құттықожаев жүргізіп, аталмыш туындының мазмұны мен маңыздылығын таныстырды. Ол «бұл туынды Ұлы Отан соғысы батырлары мен халық қаһармандарының ерліктері туралы мәліметтерді жариялау үшін ғана жазылған жоқ. Оның басты мақсаты - жас қазақстандықтар үшін өз елінің батырларының ерліктерін еске сақтау, олардан үлгі алу, Отанды қорғау, қазақстандық отансүйгіштікті тәрбиелеу сынды тарихи дәстүрлерді жалғастыруды насихаттау екенін» атап өтті.       Шара барысында жиылғандар сұрапыл соғыс жылдарындағы ата-баба ерліктерін еске алып, Тәуелсіз еліміздің құндылығы мен қымбаттылығы туралы ойларын ортаға салды. Партия бастамасымен жарық көрген аталмыш туындының маңыздылығын ескеріп, барлық оқу орындарында, әрбір шаңырақта болуы керек деген ұсыныстарын да жеткізді.  Айта кету керек, екі томдық туынды партияның Қоғамдық саясат институтының «Интеллект Орда» халықаралық әлеуметтік гуманитарлық зерттеулерді интеграциялау институтымен бірлескен жұмысының нәтижесі болып табылады.      



«Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» деректі фильмі халықаралық фестивальде жүлделі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы түсірген толықметражды «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты деректі фильмі Севастопольде 14-19 мамыр аралығында өткен деректі фильмдер мен телебағдарламалардың «Бірге жеңдік»  ХІІ  халықаралық кинофестивалінде жүлделі болды.«Қазақфильм»  баспасөз қызметінен хабарлағандай, фильмнің режиссері Сатыбалды Текеев фестивальде картинаны өзі таныстырды. Туынды Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералының өмірінен сыр шертеді. Деректі фильмдер мен телебағдарламалардың халықаралық кинофестивалі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдердің ортақ жеңісін мәңгілік есте қалдыру үшін 2005 жылы Қырымда тұратын Кеңес Одағы батырларының бастамасымен құрылған болатын.   Фестивальға 24 елден 150-ге жуық туынды жіберілді, оның ішінде Қазақстан, Канада, АҚШ және Қытай сияқты елдер де бар.     



Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атанған қазақстандықтардың саны 615-ке жетті - С. Мәжитов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Таяуда Астана қаласында қоғамды елең еткізген «Қазақстандықтар - Ұлы Жеңістің батырлары» атты екі томдық кітаптың тұсауы кесілген болатын. Оның жарыққа шығуына «Нұр Отан» партиясы тікелей қолдау көрсетті. Алайда, өкінішке қарай денсаулығына байланысты тұсау кесер рәсіміне осы екі томдық ғылыми еңбектің ғылыми жетекшісі әрі редакторы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық «Интеллект Орда» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді ықпалдастыру институтының бас директоры Саттар Мәжитов қатыса алмаған еді. Ұлы Отан соғысының бүкіл кеңес халқына қасірет әкелгендігін, Ұлы Жеңістің нағыз халықтық жеңіске айналғандығын, оны бөлуге, меншіктеуге болмайтындығын айқындап, ашып берген бұл тарихи еңбектің маңызы өте зор екені даусыз. Сондықтан, осы ауқымды еңбектің маңызы, бүгінгі ұрпаққа берері, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде алар орны және басқа да қырлары жөнінде «ҚазАқпарат» тілшісі Саттар Фазылұлымен әңгімелескен еді.- Саттар Фазылұлы, қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы жайлы осынау кешенді жұмысқа қалай кірістіңіздер? - Бұл жұмыс 2014 жылдың күз мезгілінде «Нұр Отан» партиясының қолдауымен қолға алынды. Кезінде Елбасы өзінің халыққа арнаған үндеуінде қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы жайлы тыңнан зерттеу жүргізу керектігі туралы бастама көтерген болатын. Сол кезде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің тікелей араласуымен екі жобаға - Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған 70 сериялық деректі фильм мен осы кітапты шығаруға бастама берілді. Фильм жарыққа шықты. Бастапқы кезде мен оның ғылыми кеңесшісі болдым. Енді міне, «Қазақстандықтар - Ұлы Жеңістің батырлары» атты еңбек те оқырмандарға жол тартты. Оның жарыққа шығуына көп еңбек сіңірілді. 2014 жылдан бастап, Ұлы Отан соғысының батырлары мен Даңқ орденінің кавалерлері жайында, жер-жерден, мұрағаттар мен әскери комиссариаттардан мәліметтер жинай бастадық. Ресейдің тиісті сайттарының материалдары пайдаланылды. Оларға сілтемелер жасалды. Өйткені, тарихи еңбекке тазалық, тиянақтылық керек. Бұл нағыз ұжымдық жұмыс болды. Алғашқыда «Нұр Отан» партиясының Әлеуметтік саясат институтының электрондық базасында Ұлы Отан соғысының батыры атағын алған 500-ден астам қазақстандықтың есімі болды. Бірақ, зерттеу барысында кейбір адамдардың фамилиялары белгілі себептерге байланысты қайталанып кеткендігін анықтадық. Мысалы, бір адамның фамилиясы Семей қаласында да, Өскемен қаласында да кездеседі. Тіпті бір адамның фамилиясы үш облыста жүрген жағдайлар да болды. - Мұндай зерттеу бұған дейін Қазақстанда жүргізіліп пе еді? - Иә, Қазақстанда дәл осындай кітап соңғы рет 1968-1969 жылдары қазақ тілінде екі том, орыс тілінде екі том болып жарық көрген. «Қазақстандықтар - Кеңес Одағының батырлары» деп аталады. Бұл кітап сол кеңестік идеологияға үндестік тұрғысында жазылды. Қазақ елінің мемлекет ретіндегі ерекшелігі көрсетілмеді. Әр облыстан қанша адамның батыр атағын алғаны жайлы мәлімет берілмеді. Міне, содан бері 50 жылға таяу уақыттан бері бұл тақырыпқа ешкім үңілмепті. - Қазіргі таңда қоғамда: «Екінші дүниежүзілік соғысты Ұлы Отан соғысы, ондағы жеңісті Ұлы Жеңіс деп әспеттеудің керегі жоқ» деген секілді пікірлер айтылып жүр. Бұған не айтар едіңіз? - Біз тарихқа сол тарихи кезең тұрғысынан, сол тарихи кезеңнің көзқарасымен қарауымыз керек. Сондықтан, сол заманда өмір сүріп, соғыста отан үшін қан төккен ата-бабаларымыздың рухы үшін «Ұлы Отан соғысы» деп атауымыз керек. Тарихты бұрмалауға болмайды. Міне, соғыстан кейін төртінші-бесінші ұрпақ өсіп келеді. Біреулер: «Ойбай, фашизм жеңсе, бүгінде қазақтар Бавария сырасын ішіп отырар еді, өркениетті ел болар еді» - дейді. Бұл бекер сөз. Бұлайша, жастардың санасын улауға болмайды. Қазір, бүкіл әлемде Ұлы Жеңісті меншіктеп алу, өздерінің қосқан үлестерін көтермелеп көрсету үдерісі белең алып жатыр. Мысалы, Париждегі екі қабатты әскери музей ғимаратының тек бір бұрышында ғана Кеңес одағының екінші дүниежүзілік соғыстағы үлесіне қатысты санаулы ғана экспозиция қойылған. Ал қалған жәдігерлердің барлығы Еуропа елдері мен АҚШ-тың жеңісіне арналған. Бұл ойландыратын жайт. Бұдан басқа, екінші майдан басталған, Францияның солтүстігіндегі Канн қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа арналған 150 мұражай бар! Сол мұражайлардың бірінде кезінде бізге деректі фильм көрсетілді. Онда Кеңес халқының еңбегі тіптен айтылмайды. Міне, сондықтан, біз өз беделімізді төмендетпеуіміз керек. - Сіздер бұл кітапта жалпы қанша адамның тағдырын зерттедіңіздер? - 1968 жылғы кітапта 418 ғана адамның аты жазылған ғой. Ал онда бір адамның аты-жөні қате берілген. Ол тіпті соғысқа қатыспаған, батыр болмаған адам. Сондай-ақ, 8 адамның Қазақстанға мүлдем қатысы жоқ болып шықты. Сонымен, зерттей келе кітапқа 615 батырдың есімін енгіздік. Тұңғыш рет бұл басылымға 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін Халық қаhарманы атағы берілген 9 адамның өмірбаяны енгізілді. Олар: Ресей батыры Бейсекбаев Бақтыораз (өлгеннен кейін), Доспанова Хиуаз (Хыйуаз), Қайсенов Қасым, Қалмырза (Халмурзаев) Мәулен Реметұлы, Қошқарбаев Рақымжан (өлгеннен кейін), Кулаков Алексей Карпович, Кеңес Одағының батыры Нұрмагамбетов Сағадат Қожахметұлы, Таипов Мурдин, Капорин Александр Емельянович. - Кеңес Одағының Батыры атанған қазақстандықтар әр өңір бойынша жіктеліп көрсетілді ма? - Бұл кітаптың ерекшелігі де осында. Жаңағы 615 батырдың ішінде - 606 адам Қазақстанның әр түрлі өңірлері бойынша берілді. Ал қалған 9 адам Өзбекстан, Ресей, Украина секілді елдерде тұрып келген отандастарымыз. Сонымен, Ақмола облысынан шыққан Кеңес одағы батырларының саны - 40,  Ақтөбе облысы - 35, Алматы облысы - 58, Атырау облысы - 9, Шығыс Қазақстан облысы - 104,  Жамбыл облысы - 28, Батыс Қазақстан облысы - 40, Қарағанды облысы -  35, Қостанай облысы -  41, Қызылорда облысы -  17, Маңғыстау облысы - 4, Павлодар облысы - 27, Солтүстік Қазақстан облысы - 50, Оңтүстік Қазақстан облысы - 50,  Астана - 10, Алматы - 58. Барлығы - 606 адам. - Қазақ ұлтынан шыққан батырлардың санына қатысты қандай өзгерістер енгізе алдыңыздар?   - Кітап әзірленіп жатқан кезде оған түзетулер өте көп енгізілді. Көп адамның туған жылы, аты-жөні қате жазылып кеткен. Кейбіреуінің аты-жөндерін екі нұсқада беруге тырыстық. Біз ең алдымен марапаттау қағаздарына сүйендік. Бұрынғы кітапта 14 ұлттың өкілі ғана көрсетілген болса, қазіргі кітапта 18 ұлттың өкілі бар. Бұл жерде орыс ұлты өкілдерінің саны - 381, қазақтар - 109, украиндықтар - 84, татарлар - 13, өзбектер - 8, белорустар - 3, мордвалар - 3, башқұрттар - 2, немістер - 2, ұйғырлар - 2, армян - 1, кәріс - 1, лезгин - 1, литвалық - 1, молдаван - 1, тәжік - 1, шешен - 1, эстон - 1.  Барлығы - 18 ұлт. Бұл жерде қазақтардың санына келер болсақ, күні бүгінге дейін Кеңес Одағының батыры атағын алған қазақ батырларының саны - 97 болып келді. Қазір, олардың саны - 109-ға жетті. Бұл жерде олардың қатарына Халық қаhарманы атанған 6 қазақтың есімін қостық. Бұл жаңа көрсеткіштер біз үшін өте маңызды. Өйткені, Кеңес одағы деңгейімен есептегенде біз бір сатыға жоғары көтерілдік. Бұл үлкен жетістік. - Кезінде Бауыржан Момышұлы секілді батырлыққа ұсынылса да көзінің тірісінде ол атақты ала алмаған қазақстандықтардың саны қанша болды? - Біз кезінде Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған, бірақ күні бүгінге дейін сол атағын ала алмаған 14 қазақстандық майдангерді анықтадық. Күні бүгінге дейін тек бір майдангерге ғана Халық қаhарманы атағы берілді. Ал қалған 14 адамға әлі берілген жоқ. Солардың ішінде әзірге Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия құрамында шайқасып, ерлікпен қаза тапқан Атырау облысының тумасы Григорий Постольниковтің марапаттау қағазын таппай отырмыз. - Саттар Фазылұлы, олардың ерліктерін бағалау үшін қазір қандай да бір шаралар атқарылып жатыр ма? - «Нұр Отан» партиясы тарапынан бұл адамдар 2015 жылы «Халық қаhарманы» атағына ұсынылған. Бірақ, өкінішке қарай әлі берілген жоқ. - Ал олар не үшін батыр атағын ала алмады? - Енді олар кезінде ерлік жасады. Атаққа ұсынылды. Марапаттау қағазы бар. Бірақ, олар да Баукең секілді ала алмай жүрген адамдар еді ғой. Бұл жерде бірқатар себептер бар. Біріншісі, қанша жерден батыр болсаң да қуғын-сүргінге ұшыраған туыстарың болса, батырлық атақ алу қиын. Тағы бір себебі - соңында іздеушілері болмағандығы. Мына кітаптағы адамдардың өмірбаянына қарап отырып, қайсысының іздеушісі бар, қайсысының іздеушісі жоқ екендігін бірден байқауға болады. - Кеңес одағының батыры атағына ие болған Қазақстанның әйел азаматтары бойынша жаңа деректер бар ма? - Біз бұрын әйелдер арасында Кеңес Одағының батыры атағы берілген Әлия мен Мәншүк апаларымызды ғана білетінбіз. Ал бұл кітапқа бес әйелдің есімін енгіздік. Төртеуі - Кеңес Одағының батыры, ал біреуі - Халық қаhарманы. Олар: Мәметова Мәншүк Жиенғалиқызы (Батыс Қазақстан облысы), Молдағұлова Әлия Нұрмұхамбетқызы (Ақтөбе облысы), Ковшова Наталья Венедиктовна (Солтүстік Қазақстан облысы), Хоружая Вера Захаровна (Қарағанды облысы). Қазақстан Президентінің 2004 жылғы 7 желтоқсандағы №1487 Жарлығымен Доспанова Хиуазға (Жарлықтың мәтінінде - Хыйуаз деп жазылған) айрықша белгілер - Алтын жұлдыз бен «Отан» орденімен бірге Халық қаhарманы атағы берілді. Хиуаз Доспанова - қазақ халқының Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз ұшқыш қызы. Бұдан басқа, біз бұрын Кеңес Одағының батыры атағына екі мәрте ие болған 4 қазақстандықтың есімін білетінбіз. Олар әрине даңқты ұшқыштар: Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Сергей Луганский және Иван Павлов. Ал біз оларға қоса тағы 3 адамның есімін енгіздік. Солардың бірін айтар болсам  - әскери ұшқыш Кравченко Григорий Пантелеевич. Ол Қытай мен Халхин-голдағы ерліктері үшін 1939 жылы бір жыл ішінде екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағына ие болған. Тағы бір жерлесіміз  - әскери ұшқыш Воробьев Иван Алексеевич. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында жасаған ерліктері үшін екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған. - Қазір, елімізде көзі тірі Кеңес Одағының батырлары бар ма? - Біз шыны керек, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында көзі тірі батырларымыздың ішінен тек Иван Васильевич Косенковты ғана айтып жүрдік қо. Сөйтсек, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлап жүргенде 7 батырымыз әлі тірі болған екен! Олар Ақмола облысынан Киселев Яков Митрофанович, Шығыс Қазақстан облысынан Борозенец Степан Николаевич, Косенков Иван Васильевич, бұрынғы Семей облысынан Зарудин Юрий Федорович,  Торғай облысынан Суриков Эмиль Иванович, Көкшетау өңірінен Рой Алексей Хрисанфович және Қарағанды облысынан Григорьев Николай Михайлович. Өкінішке қарай, алты адамның аты аталмай қалды. Біреуі тіпті сол күні - 2015 жылы 9 мамырда қайтыс болыпты. Ол - Жезқазған қаласының тұрғыны Николай Григорьев. Тағы бір мәлімет бойынша биыл 2 ақпанда Алексей Рой дүние салыпты. - Саттар Фазылұлы, зерттеу барысында сізді ерекше елең еткізген, таң қалдырған жайттар болды ма? - Мені қатты таң қалдырған нәрсе, ол әр тұлғаның өзі туралы белгі беретіндігінде болды. «Мынаны ұмытып бара жатсың ғой» дегендей қандай да бір жолмен аян береді немесе түсіңе кіреді, әйтеуір сездіреді. Сонда «мына кісінің туған жылы, аты-жөні дұрыс жазылды ма екен?», - деп мазасызданып, кітаптың сол бетін ашып қалсаң, шынында жоқ екенін көріп, таң қалған кездеріміз көп болды. Бұл менің басымда ғана емес, менімен бірге істескен ғалымдардың да басында болды. Мен осыған таң қалдым. «Өлі риза болмай тірі байымайды» дейді ғой. Бұл сондай сауапты да жауапты іс болды. Біздің басты мақсатымыз - жастарды шынайы тарихты негізге ала отырып, патриоттық рухта отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ұлы Отан соғысы бұрынғы кеңес халықтары үшін ортақ тарих. Оны бөліп қарауға, Ұлы Жеңісті меншіктеуге болмайды. - Кітаптың электрондық нұсқасы бола ма? - Иә, болады. Оны алдағы уақытта арнайы сайтқа саламыз. «Нұр Отан» партиясының сайтынан да оқуға болады деп ойлаймын. Дегенмен, кітапты қолға алып, оқығанға не жетсін!    - Саттар аға, алдағы уақытта бұл кітаптың жалғасы бола ма? - Біз осы кітапқа енгізу үшін 60 беттен тұратын аймақтық тізім  дайындап едік. Сол енбей қалды. Бұл оқырман үшін өте пайдалы болар еді. Сонымен қатар, мұның ішіне тарихи анықтама кірген жоқ. Өйткені, бұл кітап энциклопедиялық анықтама іспетті ғой. Монография емес. Мен енді осы тақырып бойынша ғылыми монография жазсам деймін. Тағы бір айтылмай кеткен мәселе, ол мына Панфилов дивизиясы жайында. 1968 жылғы нұсқа 28 панфиловшыдан басталған. Ал біз ол нұсқадан кеттік. Иә, Мәскеу түбіндегі Дубосеково жол айрығында ғаламат ерлік болды. Бірақ, жауынгерлердің саны 28 емес, кем дегенде 100-ден астам еді. Бұл тарихи шындық. Ал 28 - ол жай метафора. Сол заманда халықтың рухын көтеру үшін керек болды. Енді бұл тақырып туралы еңбек алдағы уақыттың еншісінде. - Әңгімеңізге рахмет.     


ҚР Президенті Телерадиокешенінің деректі фильмі «Бірлесіп жеңдік» фестивалінің арнайы дипломына ие болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті  Телерадиокешенінің «Отан үшін отқа түс!» деректі фильмі «Бірлесіп жеңдік» деректі фильмдер мен телебағдарламалардың XII халықаралық кинофестивалінде арнайы дипломға лайық деп танылды. Байқауға 150 жұмыс ұсынылған.  Фильм авторы - белгілі журналист Назгүл Әбутрапова.Картина екі бөлімнен тұрады. Фильмнің бірінші бөлімі - Ржев түбіндегі шайқаста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер, сонымен қатар ұлы Отан соғысының Батырлары Бауыржан Момышұлы және Қасым Қайсенов жайлы. Екінші бөлімі - Сталинград шайқасының батырлары, тарихи әділдіктің орнауы, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағанбетов, Рақымжан Қошқарбаев және Ұлы Отан соғысында туған жері үшін жанын пида еткен мыңдаған қатардағы жауынгерлердің батырлығын мойындау туралы, деп хабарлады ҚР Президентінің  ТРК.   2005 жылдан «Бірлесіп жеңдік» деректі фильмдер фестивалі жыл сайын өткізіліп келеді. Бастаманы Қырымда тұратын Кеңес Одағының Батырлары көтерді. Бұл жолғы шығармашылық байқауға әлемнің 24 елінен жұмыстар жіберілді. Солардың ішінде АҚШ, Куба, Канада, Қытай, Қазақстан, Ресей және Достастықтың өзге де елдері бар.       


Ақмола облысында ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі С.Нұрмағамбетовке ескерткіш орнатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Қазақстан Республикасының көрнекті мемлекеттік және әскери қайраткері, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің мүсінінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.«Біз әкеміздің құрметіне орай ол кісінің туып-өскен жерінде ескерткіш орнатылғанына алғыс білдіреміз. Бүгін ол 92 жасқа толар еді. Әкеміз адамдарға ұдайы қамқорлық және жомарттық танытатын. Ол жалынды патриот, өзінің ұстанымдарына берік, ғұмырын Отанға қызмет етуге сарп еткен өз ісінің кәсіпқойы болатын. Жас ұрпақтың еліміздің дара әрі ұлы тұлғасына қазығушылық білдіріп, үлгі алатыны қуантарлық жәйт», - деді әскери қайраткеріміздің қызы Айсұлу Нұрмағамбетова. «Аты аңызға айналған генералдың өмірлік жолы - бұл көптеген әскери қызметшілер үшін Отанға шексіз адал еңбек ету мен ерліктің жарқын үлгісі.  Біз барлығымыз Қарулы Күштеріміз құрылған сол күрделі, қиын-қыстау кезеңді жақсы білеміз. Ол шынымен өзінің тағдырын әскери қызметпен байланыстырған әрбір адам үшін үлгі тұтар азамат болды», - деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов. Салтанатты іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылары, ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшылары, жергілікті әскери басқару органдары, әскери қызметшілер мен  «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысты.  Атаулы іс-шара 68665 әскери бөлімінің құрмет қарауылы ротасы мен армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі тәрбиеленушілерінің салтанатты сап түзеуінен басталды.      


Елордада ардагерлердің үйлеріне олардың есімдері жазылған тақтайшалар ілінеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының Сарыарқа ауданы Ардагерлер кеңесінің өкілдері Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері жазылған тақтайшаларды орната бастады. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеу қарсаңында Астана қаласының мәслихаты мен қалалық ардагерлер кеңесі тиісті шешім қабылдаған болатын, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.Қазіргі кезде ауданда 67 соғыс ардагері тұрып жатыр. Олардың үйлерінің іргесіне тегі, аты және әкесiнiң аты жазылған тақтайша орнатылады. - Өтіп бара жатқандардың барлығы мұнда кім тұратынын біліп жүрсін деген ниетпен тақтайшаларды қабырғаға ілеміз. Бұл ардагерлердің ерлігін ұмытпау үшін жасалады. Мұндай акциялар жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге септігін тигізеді, - дейді Астана қаласының «Сарыарқа» ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ебенғаппас Ахметов. Ең бірінші атаулы тақтайша ардагер Фролов Алексей Федоровичтің тұрғын үйіне орнатылды. Қария өз үйінің ауласында қонақтарды қуана қарсы алды. - Әуелі әкімдіктерге, мәслихат мүшелеріне және ардагерлер кеңесіне көрсеткен қамқорлықтары үшін алғысымды білдіремін. Елімізде «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» жобасы қолға алынған. Патриоттық тәрбие беруге баса көңіл бөлініп жатыр. Осы жағдайды пайдалана отырып, жастарға оқуға және жақсы әскери білім алуды тілеймін, ешқашан да сағымыз сынбасын, - деді ҰОС ардагері Алексей Фролов. Қалалық және аудандық Ардагерлер кеңестері Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне белсенді қолдау көрсетуде. Атаулы тақтайшалар ардагерлер тұрып жатқан барлық тұрғын үйлерде орнатылады.     

 

Соңғы жаңалықтар