Ерлігі ұмытылмайтын 10 тұлға

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында қазақ жерінен майданға аттанған 1,2 млн жауынгердің 99-ы Совет одағының батыры және Қазақстанның Халық Қаһарманы атақтарын алды. ҚазАқпарат солардың ішіндегі ең даңқты 10 тұлғаның ерлігіне қысқаша шолу ұсынады.

Екінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан халқы үшін ХХ ғасырдағы төртінші нәубет болатын. Жирымасыншы және отызыншы жылдардың басындағы ашаршылықтан ес жимай жатып, саяси репрессия қаһарына мінді де, ұлттың ел басқарып, қол бастауға татитын ерлері атылып, сотталып жатты. Соғысты демографиялық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да зор шығынмен қарсы алған қазақ халқының рухы сонда да өлмеген еді. Оны 4 жылға созылған қан-қасап майдан көрсетті. Олжас Сүлейменов «Ұлы даланың жеті қыры» атты конференцияда Мәскеудің осы соғыс тұсында Орталық Азия халықтарының жауынгерлік жігерін көтеру үшін Кенесары ханның рухын «уақытша тірілтуге» нұсқау бергенін нақты деректермен дәлелдей отырып айтқан болатын. Қысқасы, соғыс кімнің кім екенін көрсетті. 100 мыңнан астам қазақстандық жауынгер майдандағы ерлігі үшін түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды. Марапатқа ұсынылмастан, ерлігін өзімен бірге жер қойнына алып кеткен боздақтар қаншама?! Дегенмен, ерлікті ел ұмытпайды. Сондықтан да Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтың жауынгерлік рухын танытқан, бағзыдағы Күлтегін мен кешегі Қабанбайлардан қалған ерліктің арқауын бүгінгі ұрпаққа үзбей жеткізген тұлғалардың есімі ұлт тарихынан ойып тұрып орын алды.

1.Бауыржан Момышұлы (1910-1982). 1941-1945 жылдары Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі, соғыстың соңғы жылдары аталған дивизияның командирі болды. Мәскеу түбіндегі шайқаста 1073 атқыштар полкінің батальон командирі ретінде бес рет қоршауды жарып шығып, жалпы саны 27 рет қол бастап ұрысқа кіріп, соғыс тарихында болмаған тактикалық маневрлер жасап, әскери өнерге жаңалық енгізген. 1990 жылы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлыққа қол қойылды.

2. Қасым Қайсенов (1918- 2006). 1941-44 жылдары қаһарман Қайсенов жау тылына төрт рет десантпен түсірілген. Әуелі 1941 жылы Украинаға, 1943 жылы Молдавия жеріне, 1944 жылдың басында Румынияға, соңғы рет 1944 жылы маусымда Карпат тауына парашютпен тасталған. 1995 жылы Президент Жарлығымен тәуелсіз Қазақстанның ең жоғарғы наградасы – «Халық қаһарманы» атағы берілді.

3.Талғат Бигелдинов (1922-2014). Кеңес Одағының екі мәрте Батыры атағын иеленген жалғыз қазақ. 1942-1945 жылдары әскери тапсырмамен 305 рет әуеге көтеріліп, 7 жау ұшағын атып түсірген, көптеген техниканы жойған. 1944 жылдың 26 қазанында лейтенант Талғат Бигелдиновке Знаменка, Кировоград қалаларын босату кезінде 4 жау ұшағын атып түсіргені үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1945 жылдың 27 маусымында эскадрилияны шебер басқарып, Краков, Оппельн, Катовице, Бреслау, Берлин қалалары үшін шайқастардағы әскери ерлігі үшін Талғат Бигелдинов екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.

4. Әлия Молдағұлова (1925-1944). 1943-1944 жылдары мерген болып, жау әскерінің 30-дан астам сарбазы мен офицерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында фашистермен ұрыста қаза тапты. 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталған.


5. Мәншүк Мәметова (1922-1943). 1942-1943 жылдары пулеметшілер құрамында Бурцево бекінісі мен Изоча стансасы үшін шайқаста ерлігімен көзге түсті. 1943 жылдың 15 қазанында Изоча станциясын жау қолынан босату кезінде шегінген кеңес әскерінің соңында тоқсауыл ретінде қалған батыр қыз «Максим» пулеметімен жүздеген немістің көзін жоя отырып, ерлікпен қаза тапты. Арада 6 ай өткен соң Кеңес одағының батыры атағы берілді.

6. Хиуаз Доспанова (1922-2008). 1942-1945 жылдары Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысып, қан майданда 300-ден аса жауынгерлік операция орындап, аса маңызды жау шебін талқандайды. Соғыс кезінде ұшақтан 14 рет құлап, төрт мәрте ауыр жарақат алған. 2004 жылы Хиуаз Доспановаға еліміздегі ең жоғары марапат – «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» белгісі тапсырылды.

7. Рақымжан Қошқарбаев (1924-1988). Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетіп, 30-сәуірде жауынгер Григорий Болатовпен бірге Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті. 1999 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді.

8. Нұркен Әбдіров (1919-1942). 1942 жылы 17 жасында майданға араласып, 17 шайқаста жаудың 18 танкісін, 28 жүк көлігін, оның ішінде оқ-дәрі тасыған 18 көлікті, жанармай құйған 3 цистернаны, үш зеңбіректі, бес зенит қондырғысын, бірнеше жабық атыс ұясын талқандаған. 1942 жылы 9 желтоқсанында соңғы 17-ші жауынгерлік тапсырманы орындауға ұшып, өртенген ұшақтың ішінде қарсы тараптың әскері шоғырланған орынға құлайды. Осы ерлігі үшін Нұркен Әбдіровке 1943 жылдың 31 наурызында «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.

9. Сағадат Нұрмағамбетов (1924-2013). Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, «Халық қаһарманы».

1945 жылы 17 қаңтарда Нұрмағамбетов Польша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы ержүректiлiкпен орындап, Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 жау әскерін, 12 пулеметтің көзін жояды. 1945 жылдың 27 ақпанында Кеңес одағының батыр атағы беріледі.

10. Мәлік Ғабдуллин (1915-1973). 1942 жылы Мәскеу түбіндегі шайқастарда стратегиялық маңызы зор Бородино селосын жаудан аластау кезінде ерлігімен көзге түседі. Кескілескен ұрыста жаудың екі танкісін гранатамен жарып, 12 сарбазын тұтқынға алады. Ұрыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының жарлығымен 1943 жылдың 30 қаңтарында Мәлікке «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.


Соңғы жаңалықтар