Ерлі-зайыптылардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова сақтандыру нарығына қатысты заң жобасын талқылау кезінде бірлескен ерлі-зайыпты зейнетақы аннуитеті туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.

Заң жобасының негізгі мақсаты – сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту. Ол үшін жаңа өнімдер енгізу, қызметтерді цифрландыру, тұтынушылар мен инвесторлардың құқығын қорғау, заңнаманы үздік халықаралық практикаға сәйкес келтіру талап етіледі. Заң жобасында үш кодекске және 27 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

«Заң жобасының бірінші блогы сақтандыру секторын кешенді дамытуға бағытталған. Сақтандыру секторы сақтандыру активтерінің тұрақты өсуін және жоғары қаржылық орнықтылықты көрсетіп отыр. Нарық активтері соңғы үш жылда 76 пайызға өсіп, 1,7 трлн теңгені немесе ішкі жалпы өнімнің 2,3 пайызын құрайды. Заң жобасында жинақтаушы сақтандыруды дамыту үшін жаңа әлеуметтік маңызды сақтандыру өнімдерін енгізу көзделеді. Бұл мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі ауқымында жинақтаушы сақтандыру және бірлескен ерлі-зайыпты зейнетақы аннуитеті», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, білім беру жинақтаушы сақтандыру өнімі баланың жоғары оқу орнында оқуына ақы төлеу үшін ақшаны кепілдікпен жинақтауға мүмкіндік береді. Бұл өнім қосымша сақтандыруды қамтамасыз етеді

«Екінші өнім - бірлескен ерлі-зайыпты зейнетақы аннуитеті. Бірлескен

аннуитет ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстарының зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік береді. Егер ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы жинағы жетпей, ал екіншісінде артық болса, олар зейнетақы жинақтарын бірге қосып, зейнетақы аннуитетін сатып алады. Сонымен бірге, төлемдерді өмір бойы алуға мүмкіндік алады», - деп түсіндірді агенттік басшысы.


Соңғы жаңалықтар