Ерлі-зайыптыларды татуластыруға қосымша уақыт беру керек - сенатор

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенаторлар ерлі-зайыптыларды ажырасу көрсеткіштерін төмендету үшін бірқатар ұсыныстар жасады. Бұл ретте депутаттар Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Әділет министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2016 жылы елімізде 140 840 неке тіркеліп, 51 775 неке бұзылған. 2018 жылы 138 876 тіркеліп, 54 859 неке бұзылған. Жыл сайын ажырасу санының ұлғаю үрдісі байқалады. Отбасы - баланың әлеуметтенуінің алғашқы факторы. Толық емес отбасында, бұл процесс отбасының қалыпты құрылымының жоқтығынан өзгереді. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, кішкентай бүлдіршіндер ата-анасының ажырасуы салдарынан психологиялық зардап шегетіні анықталды. Ерлі-зайыптылардың арасында туындаған кикілжіңдердің салдарынан балалар депрессияға ұшырайды және дамуының артта қалуына бейімді болып келеді. Осылайша, ажырасу фактісі баланы ауыр психологиялық салдарларға (құқық бұзушылыққа, суицидке, өз-өзіне сенімсіздікке) душар етеді. Толық емес отбасының проблемасы - бұл баланың әлеуметтенуінің бұзылу процесі», - деді сенатор.

Оның пайымынша, некенi бұзу туралы талап қою арыздарынан алынатын мемлекеттік баж салығының жоғарылауы ерлі-зайыптылардың ажырасуға деген ниетін төмендету шараларының бірі болары анық. Мысалы, Өзбекстан үкіметі елдегі ажырасу көлемі 10% шамасында ғана екендігіне қарамай, 2018 жылы некені бұзу туралы талап арыздардан алынатын мемлекеттік бажды төрт есеге ұлғайту туралы шешім қабылдады. Егер бұрын ажырасқысы келетін адамдар ең төменгі жалақы мөлшерінің 50%-ын төлеген болса, енді оларға 200%-ын төлеу керек.

«Ал біздің елімізге келсек, Салық кодексінің 610-бабына сәйкес, некенi бұзу туралы талап қою арыздарынан 0,3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 757,5 теңге ғана мемлекеттiк баж алынады», - деді Д. Нөкетаева.

Оның сөзіне қарағанда, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 19-бабының 3 тармағында, ерлі-зайыптылар некені бұзу туралы сотқа өтініш берген күннен бастап бір ай өткен соң неке сот тәртібімен бұзылады делінген. Іс жүзінде соттар ерлі-зайыптыларға татуласуға қосымша уақыт беретін болса, неке бұзылу саны азаяры сөзсіз.

«Жоғарғы соттың бастамасымен «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы 2018 жылдың қыркүйек айынан жұмысын бастаған болатын. Аталған соттың судьялары ажырасу, алимент өндіру сынды тек неке-отбасылық істерді қарауға мамандандырылған. Судья істі қарап қана қоймайды, басты ұстаным ретінде ерлі-зайыптыларды қайта табыстыруға күш салады. Яғни, міндетті түрде сотқа арнайы тартылған психологтың көмегіне жүгінуге кеңес береді. Нәтижесінде, ерлі-зайыптыларды татуластырумен аяқталған істер саны артқаны байқалады. Осы жоба еліміздегі барлық сот жүйесіне енгізілсе, оң нәтижеге қол жеткізетініміз анық», - деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар