+7 (701) 759 90 19
USD 431.07 EUR 485.51
RUB 5.69 CNY 67.47
Jańalyqtar

Ерлі-зайыптыларды 5 ай бойы құлдықта ұстап, сатып жібермек болған - ОҚО

2017 жылғы 1 ақпан 17:22
Бөлісіңіз:
Ерлі-зайыптыларды 5 ай бойы құлдықта ұстап, сатып жібермек болған - ОҚО

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жасы келген ерлі-зайыптыларды қамап ұстап, мал баққызған. Алпысты алқымдаған ел ағасы мен зайыбы Өзбекстаннан жұмыс іздеп келіп, бес ай бойы азапты күндерді бастан өткерген, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қуатбек Нұрымбетов пен Аягөз Шатабаева 2012 жылы Өзбекстаннан қоныс аударған. Ордабасы ауданына жұмыс іздеп барған ерлі-зайыптыны бір кісі екі күн мал бағып бер деп жалдапты. Алайда екі күн бес айға созылады. Осы уақыт аралығында олар құлдықта болып, өміріміз тозаққа айналды деп ашынады.

«Қой бағуға жарамаймын. Инсульт алғанмын. Төлқұжаттарымызды алып қойды, айлығымызды бермеді. Мұздай үй, көмір жоқ. Су жоқ. Қиналдық енді әбден. Небір суықта жаттық», - дейді Қуатбек Нұрымбетов.

null

Сорақысы сол, іздеу-сұрауы жоқ екеуді қожайыны пұлдамақшы да болыпты. Мал иесінің аяздай қарыған ауыр сөздері Аягөз апаның есіне түссе, әлі күнге дейін денесі түршігеді.

«Бізді біреуге 200 мың теңгеге сатпақшы болды. Осының алдында телефон шалды. Ол қорықты ма әйтеуір алмады бізді. Құл қылам, сенің ешкімің жоқ деді. Осы жерде өлесің деді. Аудандағы тәртіп сақшыларының бәрі танысымыз, қолдарыңнан ешнәрсе келмейді, ештеңе істей алмайсыңдар, көші-қон полициясына ұстатып жібереміз деп қорқытты», -дейді Аягөз Шатабаева.

null

Жұмыс істейміз деп әбден қорлық көрген ерлі-зайыптыларға жақсы адамдар кездесіп, қолұшын созған. Кейіннен екеуіне Шымкенттегі «Сана-Сезім» әйелдер бастамалық-құқықтық орталығы көмек көрсетті. Орталықтың әлеуметтік қызметкері Шахло Юсупжанованың сөзінше, көрші елден келген екеудің мүлдем азаматтығы болмай шыққан. Қазір Кеңес дәуіріндегі төлқұжатпен жүргендер еш жерде тіркелмепті. Орталық мамандары қазір Өзбекстан елшігіне сұраныс хат жолдап, құжат жасатудың қамына кірісіп кетіпті.

null

«Ерлі-зайыптыларға қорлық көрсеткендердің тиісті жазасын алуы үшін құқықтың кеңес беріп, құзырлы органдарға арыз жолданды. Бүгінде олардың Қазақстан азаматтығын алу үшін жұмыстар жүргізудеміз. Себебі, бұл кісілер бұрын біздің елдің азаматтары болған да, кейіннен тоғыз жыл бойы көрші елде тұрып келген. Енді бір айдан кейін, олар жеке куәлігін алады. Осылайша, еліміздің толыққанда азаматы болып шығады», - дейді Шахло Юсупжанова.

Орталық мамандарының айтуынша, көп жағдайда адамдар құлдыққа ұшырап, құжаттарынан айырылады. Өткен жылдың алты айында 1500-дей адам осындай мәселемен көмек сұрап келіпті.

Басым көпшілігі Ресей, Корея, Араб Әмірліктері мен Түркия, Португалия елдеріне жұмыс іздеп барып, құлдық өмір сүрген азаматтар екен. Ал, жыл басынан бері құлдыққа салынған 8 адамға орталық тарапынан көмек көрсетілген.

null

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Айнұр Ақбаева

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT