Ерлі-зайыпты Жиенбаевтар шаңырақ көтеруінің 70 жылдық мерейтойын атап өтуде (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысының ардагері, танымал мемлекет қайраткері Сұлтан Жиенбаев пен оның зайыбы Нұрания Әделшина бүгін отау құрғандарының 70 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Олар некесін 1945 жылдың 17 қаңтарында Алматыда тіркеген. Бақытты некенің құпиясы неде деп сұрақ қойғанда, олар былай деп жауап берді: «Әрине, махаббат болуы керек, бірақ күнделікті өмірде ең бастысы - өзара құрметтеушілік, қиындыққа тап болған кезде оны бірге талқылап, бір-біріміздің пікірімізді тыңдаймыз», - деп атап өтті олар.

Сұлтан Сүлейменұлының ойынша, сонымен бірге адалдық пен парасаттылық та маңызды.

«Нұрания Керейқызы үй шаруасына әрқашан жақсы қарады. Барлық достарым мен туған-туысқандарымды менен де қатты сыйлайтын. Қонақтарды әрқашан жылы шыраймен қарсы алатын. Ол - менің жақтасым, кітап жазған кезде, немесе жұрт алдында сөйлейтін сөздерімді дайындағанда әрқашан онымен кеңесемін, өйткені ол өте білімді адам. Менің зайыбым жұмыс істеуге де, үй шаруасы мен балалардың тәрбиесіне қарауға да әрқашан үлгеріп жүрді. Ал мен қызметіме байланысты сыртта, іссапарларда көп жүрдім. Екі баламыз болған кезде, маған Мәскеуде білім алуға ұсыныс білдірілді, ол болса, қалып, мені күтіп жүрді», - деп еске алады Сұлтан Сүлейменұлы.

Ұзақ жасауының құпиясын сұрағанда, ол соғыстан оралған соң, өмір бойы Отан игілігі үшін жұмыс істеуден бақыт тапқанын айтты. Оның басты байлығы - халқының құрметі.

«Барлық балаларымызды өсіріп, тәрбиеледік, тұңғыш баламыз - техника ғылымдарының кандидаты, қызымыз - биология ғылымдарының, ал кенже ұлымыз - заң ғылымдарының кандидаты болды. Үлкен баламыз 68 жаста, біздің алты немереміз, 13 шөбереміз бар, үлкен шөбереміз 19 жаста», - деп атап өтті Н.Әделшина.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы ерлі-зайыпты Жиенбаевтар Қазақстанның Гиннестің рекордтар кітабына ұзақ отбасылық ғұмыр кешуден рекорд орнатты.

«Мен үшін биылғы жыл аса ерекше: шаңырақ көтергенімізге 70 жыл, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мерекесіне 70 жыл толады. Бұл мерекені тағатсыздана күтіп отырмыз, өйткені ол күні тірі қалған майдангерлермен кездесеміз. Бұл ерекше күнді менің жақын достарым - Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов пен Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов көре алмағаны өкінішті. Барлық ардагерлерді келе жатқан 2015 жылмен құттықтаған ел Президентінің зор қамқорлығын тағы бір атап өткім келеді. Бұл жастардың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеу ісінде өте маңызды», - деп түйіндеді Сұлтан Сүлейменұлы.

Соңғы жаңалықтар