Ерлі-зайыпты полицейлер: Балалар дастархан басында бірге отырғанымызды сағынады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында тұратын Елубаевтар жанұясында 5 адам. Құқық қорғау органында қызмет ететін ерлі-зайыптылар төтенше жағдай кезінде күн-түн демей жұмыс істеуде. Ал балаларының үлкені екі інісіне қарап, үйде отырады. Отбасы мүшелері ҚазАқпарат тілшісіне Төтенше жағдай кезіндегі тыныс-тіршілігі мен кәсіби қызметтері жайлы айтып берді.

2007 жылы екі жарты бір бүтін болып қосылған Қайрат пен Жанар 3 ұл тәрбиелеп отыр. Екеуінің өмірлік жолдары да, таңдаған салалары да бір. Бүгінде олар қалалық Полиция басқармасының полиция патрульдік бөлімінде жұмыс істейді.

«Бала күнімнен полиция қызметкері болғым келетін. Аллаға шүкір, сол мақсатыма жеттім. Тәртіп сақшысы атанғаныма да биыл 15 жыл болып қалыпты. Ал әйелімнің құқық қорғау органында еңбек етіп жүргеніне 11 жыл болды. Қазірде коронавирустың таралуына тосқауыл қою мақсатында елімізде Төтенше жағдай жарияланғандықтан бізде жұмыс көбейген. Полицейлер күн сайын 3 ауысыммен қала көшелерін патрульдеуге шығамыз. Тұрғындардың далада себепсіз жүрмеуін қадағалап, шектеу шаралары жайлы түсіндіреміз. Өзім сағат 13.30-да жұмысқа барып, үйге 00.30-да келемін», - дейді Қайрат Елубаев.

Қызмет инспекторы лауазымындағы зайыбы бүгінде «112» нөміріне диспетчер болып уақытша ауыстырылған. Әр қоңырауды тіркеп, тиісті жерлерге хабарлап отырады.

«3 тәулік күндізгі (9.00-18.00), 3 тәулік түнгі (18.00-09.00) ауысымда еш демалыссыз жұмыс істеп жүрмін. Балаларымыз үйде отырады. Әкесі екеуіміз кезек-кезек сабақтарын қаратып, тамақтарын пісіріп береміз. Алтыншы сыныпта оқитын тұңғышымыз Мансұр бауырларына бас-көз болуда. Батыр есімді ортаншы ұлымыз 1-ші сынып оқушысы, ал кенжеміз Алдияр 4 жаста. Мансұр өте ақылды, айтқанды екі етпейтін пысық-ширақ», - дейді Жанар Елубаева.

Отбасы мүшелерінің осындай өзгерістерге еттері де үйреніп қалыпты. Бірақ бәрібір төрт көздері түгел дастархан басында емен-жарқын әңгімелесіп отыратын кездерін сағынатындары рас. Сөз арасында Жанар күйеуімен қалай танысқанын да айтып берді.

«Жұбайыммен студенттік шақта жаңа жыл кешінде таныстық. Содан бері 8 жыл кездесіп жүрдік. Ол әскерге кеткенде сарыла күтіп, сағынышымды хатпен жеткізіп тұрдым. Саламыз бір болғандықтан үнемі бір-бірімізді түсінісіп, қолдау білдіріп отырамыз», - дейді ол.

Отағасының айтуынша, Өскемен қаласының тұрғындары шектеу шараларына түсіністікпен қарауда. Көшеде бейберекет жүргендер азайған.

«Жерлестеріме айтарым үйде отырғаныңыз өзіңіздің денсаулығыңыз үшін. Отбасыңызды, жақындарыңызды ойласаңыз жеке бас гигиенасын қатаң сақтағаныңыз жөн. Біз күні-түні сіздер үшін еңбек етудеміз. Ең бастысы, дүрбелеңге салынбай, сабыр таяғына таяну керек», - дейді Қайрат Елубаев.


Соңғы жаңалықтар