Ерлан Тұрғымбаев заманауи жабдықталған ауылдық полиция бекетімен танысты

None
None
РОДИНА. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Ақмола облысына қарасты Родина ауылындағы заманауи жабдықталған полиция бекетінің жұмысы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінс қоғамдық тәртіп пен бақылау заманға сай құралдармен жабдықталған ауылға арнайы келдім. Ауыл ішінде 145 бейнебақылау камерасы орнатылған. Полицей планшет арқылы тәулік бойы тұрғындардың қауіпсіздігін бақылап, қамтамасыз етеді. Яғни, ауыл тіршілігі толықтай бақылауда деген сөз. Соның дәлелі - бұл жерде соңғы 5 жыл ішінде 27 қылмыстық оқиға тіркелген. Ал биыл бір де бір қылмыстық оқиға тіркелмеген. Бұл ауылдың қоғамдық тәртіпті сақтау және бақылау тәжірибесі - көпке үлгі. Сондай-ақ заманауи полицейдің жұмысын көріп отырмыз. Одан бөлек, бұл жерде тәртіп сақшыларының жұмысында қоғам мен мемлекеттің қолдауы көрініс тауып отыр», - деді Е. Тұрғымбаев.

Министрдің айтуынша, Родина ауылындағы заманауи полиция учаскесі басқа өңір-аймақтарға үлгі болуы тиіс.

«Бұл - Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалуы. Сол сияқты құқық қорғау қызметінің қолжетімді болуы да маңызды. Сондықтан алдағы уақытта бұл ауылдың қоғамдық тәртіпті бақылау тәжірибесін басқа өңірлерге насихаттаймыз», - деді ол.

Жергілікті тәртіп сақшысының мәлімдеуінше, ауылдағы қоғамдық тәртіпті одан әрі қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камерасының саны артады.

«Жеке инвестордың есебінен бүгінде Родина ауылында 145 бейнебақылау камерасы орнатылған. Алдағы уақытта тағы 100 бейнебақылау камерасымен толықпақ. Ауыл көлемінде бейнебақылау камерасы өткен жылы орнатылды, соның нәтижесінде биыл ешқандай қылмыстық оқиға тіркелмеді. Мен Родинадан бөлек, жақын маңдағы тағы 2 ауылда учаскелік полицей қызметін атқарамын. Басқа ауылға шыққан кезде өзіммен бірге планшет болады, сол арқылы жедел әрекет ету оратылығын басқарып, бақылап отырамын», - дейді Родина ауылының учаскелік полицейі Қайрат Әлібеков.



Соңғы жаңалықтар