Ерлан Тұрғымбаев: Туристік полиция штатын ұлғайту жоспарлануда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен жол қозғалысы мәдениетін арттыру мәселесі бойынша жиын өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сондай-ақ, аталған жиында ІІМ басшылығы туристік полиция штатын ұлғайту және шетелдік азаматтар жиі болатын жерлерде оның жаңа пункттерін орнату туралы ұсыныс жасады.

«Қауіпсіздік саласында азаматтардың мүдделеріне қызмет көрсету, стандарттарды өзгерту және қоғаммен өзара іс - қимылды жақсарту үшін полицияның сервистік жұмыс моделіне көшуіне байланысты ішкі істер органдарының жұмысы түбегейлі қайта қаралды», - деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.

Полиция бөлімдерінде «фронт-офистер» құрылуда - азаматтарды қабылдау үшін қолайлы үй – жайлар белгіленіп, халықты қабылдау және кеңес беру кабинеттерден тыс-көшелерде, алаңдарда және аулаларда жүргізіледі.

Ел Президенті сондай-ақ, Қазақстанның туристік әлеуеті мен инвестициялық ахуалын арттыру бойынша міндет қойды.

Осыған байланысты барлық ірі қалаларда көші-қон орталықтары құрылды, ал шетелдік қонақтар мен туристермен жұмыс істеу бойынша полицияның жекелеген бөлімшелері мамандандырылып, олардың қызметі елдің көрнекті орындары мен курорттарында, мәдени объектілерде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, хабардар етуге, оларға кеңес беруге бағытталған.

«Осыны ескере отырып, туристік полиция штатын ұлғайту және шетелдіктер жиі баратын жерлерде оның жаңа пункттерін орнату жоспарлануда. Сонымен қатар осы қызметті материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту мәселесі қарастырылуда» - деді Ерлан Тұрғымбаев

Министр Алматыны мысалға келтіре отырып: «Егер қала бойынша алсаңыз, онда осындай полиция пунктін күн сайын жүзедеген шетелдіктер келіп түсіп жататын халықаралық әуежай аумағында орналастыру қажет. Олардың кейбірі полицияның білікті көмегін қажет етеді, сондықтан полицейдің шет тілдерін еркін меңгеруі және көмек көрсетуге құзырлы болуы өте маңызды»- деді.

Бүгінде Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарында туристік полиция жұмыс істеуде.

Еске салсақ, жыл басында Қазақстанда туристік полиция құрылған болатын.

Соңғы жаңалықтар