Ерлан Тұрғымбаев «Nur Otan» партиясының алаңында азаматтарды қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Nur Otan» партиясының алаңында азаматтарды қабылдады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тікелей эфирде ведомство басшысына өңірлердегі тұрғындардан бейнебайланыс арқылы көптеген өтініштер түсті. Олар негізінен қылмыстық істерді тергеудің сапасы мен мерзімдерін сақтауға, жоғалғандарды іздеуге, көші-қон заңнамасы мен жұмысқа қабылдау мәселелеріне қатысты болды. Қабылдауға 2019 жылдың қазан айында Теміртау – Нұр-Сұлтан тас жолында жол апатынан қаза болған адамның анасы жазылды. Әйелдің айтуынша, тергеу мерзімі кешіктіріліп, іс бірнеше рет тоқтатылған екен», - деді ресми өкіл ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, зардап шеккен тарап тікелей министрге жүгінуінен кейін министрліктің тергеушілері жүргізген қосымша жұмыстардың нәтижесінде істі сотқа жолдауға мүмкіндік туған. Қорытындысында жүргізушіні бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған.

«Біздің қайғымызға бей-жай қарамағандардың барлығына аналық алғысым шексіз. Менің 10 жасар немерем әкесіз қалды. Мен шындық пен шекпеннің абыройы сіз үшін ең қымбат нәрсе екеніне қуаныштымын!» - деп марқұмның анасы министрге және ІІМ-нің тергеу тобына алғысын білдірді», - деді ол.

Сонымен қатар ресми өкілдің айтуынша, елорда тұрғыны АҚШ-та тұратын келінін құжаттау мәселесі бойынша өтініш білдірген.

Ол Америка Құрама Штатындағы 27 жастағы келіні отбасы мүшесі ретінде уақытша тұратынын және жүктіліктің 9-шы айында екенін жеткізді. Олар Қазақстанның Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығына жүгінген кезде оған жаңа төлқұжат рәсімдеуден бас тартылған. Себебі ол ҚР-ның шет елдердегі мекемелері арқылы жеке басын куәландыратын құжаттар рәсімдеу санатына кірмейді. Әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды, сондай-ақ Қазақстан азаматшасының жағдайын назарға ала отырып, ІІМ Қазақстанның АҚШ-тағы консулымен Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдықта өтінімді рәсімдеу туралы уағдаластыққа қол жеткізді», - деді Нұрділдә Ораз.


Соңғы жаңалықтар