Ерлан Тұрғымбаев Интерполдың Бас Ассамблеясы 89-шы сессиясына қатысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Интерполдың Бас Ассамблеясында Қазақстанның Ішкі істер министрі халықаралық полиция ынтымақтастығы мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркия астанасында халықаралық қылмыстық полиция ұйымының Бас Ассамблеясы – Интерполдың 89-шы сессиясы өтіп жатыр, алқалы жиынға қазақстандық делегацияны Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бастап барды.

Ассамблеяға 160 елдің өкілдері, сондай-ақ Интерполдың ұлттық орталық бюросы, оның ішінде Қазақстан мен халықаралық ұйымдар – БҰҰ, ДСҰ, ХКҰ, Europol, Ameripol, Aseanapol басшылары, Орталық Америка, Мексика және Кариб өңірі полиция басшыларының комиссиясы және т.б. қатысуда.

Ассамблеяда Интерполдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратыны, жалпы қылмыспен күрес саласында қатысушы елдердің ұлттық құқық қорғау органдарының күш-жігерін біріктіру саласында кең мүмкіндіктер беретіні атап өтілді.
Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоған қатысушыларға арнаған сөзінде халықаралық терроризмге қарсы күрестегі халықаралық қылмыстық полиция ұйымының маңыздылығын атап өтті.

– Мен үшін өркениеттер тоғысатын осы қалада Интерпол Ассамблеясын қабылдау үлкен мәртебе. Бұл кездесу бәріміздің еліміздің қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз етуге үлкен үлес қосады деп сенемін, – деп атап өтті Түркия басшысы.

Ассамблея алаңында Ерлан Тұрғымбаевтың Түркия Республикасының Ішкі істер министрі Сойлу Сүлейманмен, сондай-ақ Сингапур, Корея Республикасы, БАӘ және т.б. полиция ведомстволары делегацияларының басшыларымен екіжақты кездесулері өтті.

Шетелдік әріптестерімен кездесу барысында министр халықаралық полиция ынтымақтастығының өзекті мәселелері, соның ішінде трансұлттық қылмыс, есірткі бизнесі, заңсыз көші-қон, адам саудасы, киберқауіпсіздік, қылмыскерлерді ұстау және басқа да мәселелерді талқылады.


Соңғы жаңалықтар